Қазақстаннан Өзбекстанға шекара арқылы тауар алып өту жеңілдеді

77

Жаңа жылдан бастап, Өзбекстанның шекара бекеттерінде кедендік декларация толтыру міндеттелмейді. Яғни қалтаңыздағы қаржыңыз 2 мың АҚШ долларынан аспаса бұрынғыдай құжат толтырып, бас ауыртып жатпайсыз.

Тіпті қолыңыздағы жүгіңіз коммерциялық сипатта болмаса емін-еркін өте бересіз. Бұған дейін көрші елдің аумағына кірер кезде кез келген азамат декларация толтыратын. Онда бала-шағадан бастап, ұялы телефонға дейін жазуға тура келетін. Шекарадағы жеңілдік қағазбастылықтан арылтып ғана қоймай, уақытты үнемдеп отыр дейді кеденшілер. Одан бөлек Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара өткелдерін жаңғыртуға қатысты ортақ жол картасы да жасалған. Бұл бекеттердің әлеуетін арттырып, жаяу жүргіншілер мен автокөліктердің жылдам әрі ыңғайлы қозғалуына мүмкіндік береді. Соның негізінде ең ірі бес шекара бекеттің бірнешеуі тәулік бойы жұмыс істеп тұр.

Эльзара Маликова, Өзбекстан Республикасының азаматы: 

— Шекара бекетінде ешқандай қиындық жоқ. Тез өттік міне. Алдында сағаттап, кезекте тұрушы едік. Қазір тіпті 5 минутқа жеткен жоқ  шекараны өте шықтық. 

Сайдазым Мурадов, Кедендік бақылау инспекциясының бас инспекторы: 

— Қазіргі таңда «Ғышт-Көпрік» шекара кеден бекетінде жаяу жүргіншілер мен автобустар және жеңіл көліктерді жылдам әрі тез өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Бекетте құжаттарды барынша тез әрі жылдам рәсімдеу жағы қарастырылған. Көлік кептелісі болып қалмас үшін орталықта автобустар мен машиналарды бірден тексеріп өткізетін арнайы рентген аппараты орнатылды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *