Қыз өссе – елдің көркі ме?

266

Қазақта «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөз бар. Ертеректе үлкендер қыз тәрбиесіне үлкен мән беріп, оның  жүріс-тұрысын, әдебі мен әдетін, сыртқы  келбетін қатты қадағалаған. Қызы шалыс басқан ата-аналар өздерін жұртқа қара бет болдық деп санаған,  халық оларды айыптаған. Ал қазір ше?

Қазір заман өзгерген сайын, қоғамдық құндылықтар да өзгешелеленіп, адамдардың оларға қатысты ойы да әркелкі бола бастағандай.  Бұл, әсіресе, қазақ қыздарының қылықтары  мен сыртқы келбетінен, өмірге деген көзқарастарынан анық байқалады. Барлық қазақ қыздарын айыптау дұрыс емес. Дегенмен, соңғы кездері елдің ашуына тиіп, «әттеген-ай» дегізетін қыздар да арамызда жүр.  Еліміздің танымал телеарнасындағы  халық көп көретін, әрі рейтингі жоғары  орыс тілді бір бағдарламада қазақ қыздарының тәнін жалаңаштап, суретке түсуі, оларды әлеуметтік желілерде жүктеуі жайындағы көрсетілімі болды.  Қатысушылар мен кейіпкерлер арасында қызу пікірталас өрбіп, қыздар өз әрекеттерін еш ерсі көрмейтіндіктерін айтып, тән сұлулығын күллі елге көрсетуді мақтаныш ететіндіктерін және өздерін керемет санайтындықтарын дәлелдеуге тырысып бақты. Еш қымсынбастан, суреттерін көрсетіп, өздерін сондай сенімді, маңғазданып ұстады. Ал бағдарлама соңында бір топ өрімдей жап-жас қазақ моделдері іш киім үлгілерінен сән көрсетіп, алдарында отырған қария кісілерден қымсынбастан мың бұралып, ортаға  шыға келді. Осы сәтте ибалылық пен инабаттылықтың үлгісі саналып келген барша қазақ қыздарының атына күйе жағылғандай болды.  Бағдарлама жасалған сәтте белгілі-бір саяси астар көзделген  шығар деп те ойладық. Бағдарлама ұжымы мен жүргізушісін кінәлап, соларды жауапкершілікке тартуға да болатын еді. Бірақ кейіпкерлерді ешкім мәжбүрлеп қатыстырмағаны айдан анық. Бұл қазіргі кейбір қазақ қыздарының саналы түрдегі таңдауы, өмірлік  ұстанымы мен жеке пікірі болса керек.  Мыңдаған көрермені бар бағдарламаны олардың әке-шешелері, туыстары, балалары да көрді емес пе? Демек, қыздардың анайы қылықтарын отбасылары қолдап, қолпаштап отыр.

Ал жақында Алматыдағы белгілі түнгі клуб иесі қыздарға жалаңаштану сайысын ұйымдастырып, ақша үшін тәнін жалаңаштаған қаракөздер  жұрттың жағасын ұстатқан еді. «Атың шықпаса, жер өртенің» керін жасап жүргендер  болашақта өз қыздары  осындай әрекеттерге барса, қолдар ма екен? Олар болашақта жар, келін, ана болатындықтарын ойлайды ма?   Сірә, бұл сұрақ олардың ойына кіріп-шыққан емес.

«Қызым үйде, қылығы түзде» деген жақсы мақал бар. Қыздардың тәрбиесіне ең алдымен аналары жауапты. Бірақ адамда сана болмаса, қанша жерден тәрбиелесе де, нәтижесі болмайтыны белгілі. Көбінесе Батыстық идеологияны, шет елдің әсерін кінәлау дағдыға айналған. Сондықтан қыз тәрбиесін қолға алуды балабақшадан бастаған жөн болар. Мектептерде имандылық сабақтарын енгізіп, телеарналардағы кейбір сенсация көздеген бағдарламалардың жұмысына шектеу қойылса, немесе қадағаланса, дұрыс болатын еді. «Бір елді соғыссыз жаулағың келсе, әйелдерін азғыр» деген екен. Әйел бұзылса, қоғам да бұзылады. Қыздарымыз үшін сан соғып, «әттеген-ай» дегізетін күй кешпеудің амалдарын қоғам болып мықтап қолға алуымыз тиіс.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *