Балаңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?

405

Соңғы  15 жылда балалар арасындағы психикалық ауытқулар саны күрт өскен.

Қазіргі кезде тіршілік қамымен және жұмысбастылықпен жүрген  ата-аналардан  балаларына көңіл бөліп, сөйлесетін  уақыттың жоқтығын жиі естиміз. Баланың тән денсаулығына ғана емес, жандүниесінің жағдайына да үңіліп, көңіл бөлу қажеттілігін ата-аналардың көбі ұмытып кеткен. Ал отбасындағы ата-ана тәрбиесінің жеткіліксіздігі бала келешегіне балта шабатынын ескереміз бе?

Ата-аналардың басым бөлігі  бірінші кезекте балаларының материалдық жағдайын ойлап, керекті киім-кешекпен, ойыншықтармен, түрлі демалыс лагерлеріне жолдамалармен қамтамасыз етеді. Ал оның психологиялық жағдайына, мінез-құлқына, көңіл-күйіне назар аударуды жөн санамайды. Сол себепті бала мектепте болып жатқан жаңалықтарды, өзімен жасты құрбыларымен арадағы қарым-қатынасын, ішкі уайымдарын бөлісе алмай, іштей тынып, мұның соңы күйзелістерге алып келеді.  Баласымен жақын араласып, сырласа алатын әке мен шеше қазіргі қоғамда сирек кездеседі.

Психологтардың айтуынша, соңғы жылдары 10-14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында күйзеліс пен өзіне қол салу көрсеткіштері бірнеше есеге артқан.  Бұған ғаламтор немесе ортаның жағымсыз әсері кәнәлі емес. Ата-анасына сырын ақтарып, кез-келген мәселеде еркін бөлісе алатын балада ешқашан өзіне қол салу  немесе өзгеге зиянын тигізу туралы ойлар болмайды.

Бұрын біздің бос уақытымыз мүлдем болмайтын. Үй шаруасын ата-анамызбен бірге атқаратынбыз. Өйткені  ол кезде тәртіп сондай еді. Түрлі үйірмелер тегін болатын, ата-аналардың да уақыты қазіргідей тығыз емес, балаға көп көңіл бөлінетін, ғаламтор жоқ, яғни ата-ананың да бала-шағаның да бір-бірімен араласатын  мүмкіндігі еш шектелмейтін. Бала іш пысу дегеннің не екендігін білмей өсетін. Қазір барлығы да басқаша. Қарбалас тіршілік, уақыттың тығыздығы ата-ана мен бала арасын алшақтатып жіберді.  Балғын балалық шақ балаңыз үшін бақытты болсын десеңіздер, мына кеңестерге назар аударыңыздар:

  1. Баламен теңдей араласыңыз. Араларыңызда сенімді қарым-қатынас орнатыңыз. Балаңыз сізге әңгіме айта бастағанда телефонға немесе басқа шаруаларға алаңдамай, оны соңына дейін тыңдаңыз. Қонаққа барғанда өзіңізбен бірге ертіп жүруге тырысыңыз.
  2. Балаңызды  ол қалаған нәрселермен емес, оған қажет нәрселермен қатмтамасыз етуге тырысыңыз. Егер де балаңыз белгілі-бір нәрсеге мұқтаж болмаса, оның өтінішінен бас тартудан қорықпаңыз. Тек  мұндай шешіміңізді дөрекі түрде айтпай,  жаймен түсіндіріңіз.
  3. Дастархан басындағы кешкі астарыңыз гаджеттерсіз өтетін болсын. Аптадағы бір күніңіз отбасына арналатын болсын.
  4. Күн сайын баланы үй шаруасына бейімдеңіз. Ол өз міндеттерін атқара білуі керек.
  5. Ас ішкенде, дүкенде, көлікте, қонақта гаджет қолдануын шектеңіз.
  6. Түрлі техникалар мен ғаламтор қолдануына кетіретін уақытын азайтыңыз, бірақ мүлдем шек қоймаңыз. Өйткені ол балалық шақтың әуестіктерін білуі керек. Бұл оның өзімен жасты құрбыларымен тіл табысып, қарым-қатынас орнатуына оң ықпал етеді.
  7. Балаға ата-аналық махаббаттарыңызды білдіріп, оның тұлға екендігін көрсетіңіз. Жеке өміріне, достарының қызығушылықтарына ықыласпен қараңыз. Бірақ өзіне тиесілі жұмысты ол үшін атқармаңыз. Бала өскен кезде сіздің көмегіңізге үнемі мұқтаж болмауы керек.
  8. Балаңызды әр түрлі үйірмелерге бейімдеңіз. Бірақ тым шектен шығып, қатты шаршартпаңыз. Өзі қалайтын және қызығатын нәрселермен араласқаны дұрыс. Баланың сізбен араласуына да уақыт қалдырыңыз.

Ең бастысы, ешқандай материалдық құндылықтар мен қызықты әуестердің ата-ана қамқорлығы мен мейірімін алмастыра алмайтынын естен шығармаңыз.

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *