Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туған күні

76

Бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 106 жыл толды.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарған Д.Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматыда дүниеге келген.

Дінмұхамед Ахметұлы 1936 жылы Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтын бітіргеннен кейін Қоңырат кенішінде еңбек жолын бастады, бұрғылау станогінің жұмысшысынан бастап цех бастығы, бас инженері, директоры қызметіне дейін көтеріледі. Қоңырат кенішіндегі еңбегі үшін Д.Қонаев 1938 жылдың шілде айында «Ерекше еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1939 жылы Қонаевты партия Риддер кен басқармасының директорлығына ұсынады. 1942-1952 жылдары Қонаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет еткен уақытта Қазақстан ғалымдарының зор сеніміне ие болып, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның басшысы болып сайланады. Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған кезеңде Дінмұхамед Қонаев Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. Партияның 23 съезінде ол СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелігіне үміткер, ал 24 съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды. 1986 жылы Колбин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына келгеннен кейін Қонаев орнынан босатылады. Дінмұхамед Қонаев 1993 жылы тамыз айында 82-ге қараған шағында өмірден өтті.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *