Жаңа форматтағы АӘК аясында 100 мыңға жуық әлеуметтік келісімшартқа қол қойылды — Т. Дүйсенова

ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова халыққа ұсынылатын әлеуметтік қолдаудың бұрынғы түрлерінен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің айырмашылықтары туралы айтып берді.

 Тамара Дүйсенова атап өткендей, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек кешенді көмек түрлерінен тұрады.

«Әрбір аз қамтылған отбасы бұрынғысынша ақшалай төлем түрінде көмек алады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі болса, онда қосымша пакет ұсынылады – жұмысқа орналасуға, білім және мамандық алуға, несие алуға, субсидияланатын жұмыс орнымен қамтылуға (мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін), жастар практикасынан өтуге (колледждер мен университеттердің түлектері үшін), еңбек ресурстарына қажеттілік бар өңірлерге қоныс аударуға мүмкіндік беріледі», — деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларға жаңа форматтағы АӘК әлеуметтік келісімшарт негізінде ұсынылады.

«Біз қазірдің өзінде 100 мың әлеуметтік келісімшарт жасастық. Онда жергілікті билік органдарының міндеттері белгіленген, олар уақытылы қаржылық көмек көрсетіп, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуі қажет, сондай-ақ, отбасының еңбекке жарамды мүшесіне білім алуға немесе еңбекпен қамтылуына көмектесуі керек», — деді министр.

Тамара Дүйсенова егер отбасы мүшелері мұндай келісімшарт жасасудан бас тартса, онда еңбекке қабілетті отбасы мүшелері АӘК алушылар тізімінен автоматты түрде шығарылатынын түсіндіріп өтті. Әлеуметтік келісімшарттың талаптарын бұзған жағдайда, еңбекке қабілетті отбасы мүшесіне берілетін ақшалай төлемдер 50%-ға азайтылады немесе мүлдем берілмейтін болады. Дегенмен, ана мен 18 жасқа дейінгі балаларға толық ақы төленеді.

Ақшалай төлемдер отбасы мүшелерінің қалауы бойынша ай сайын немесе алты айдың төлемі бірден берілуі мүмкін. Соңғы жағдайда, отбасының өзінің жиналған ақшасын жеке ісін ашуға жұмсауына мүмкіндігі болады.

Мүмкіндіктері шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру жүйесіне де өзгерістер енгізілді.

«Бүгінде әрбір кәсіпорында мүгедектігі бар адамдарға арналған квота бар. Әр аймақ экономиканың құрылымына байланысты осы квотаның көлемін өздігінше белгілейді. Биыл мүмкіндіктері шектеулі жандарға арнайы арнап жаңа жұмыс орындарын ашатын кәсіпкерлерді субсидиялау жұмыстары басталады. 2018 жылы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 780 жұмыс орнына арнап, 119 млн теңге қарастырылған», — деді министр, журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенованың мәлімдеген ақпаратына сәйкес, 2018 жылы еліміздің солтүстік өңірлері оралмандарды қоныстандыру квотасы аясында 622 отбасын қабылдауға дайын. Квоталардың тағы бір түрі — көшіп келушілерге арналған аймақтық квоталар, яғни, еңбек ресурстарының қажеттілігі бар аймақтарға еңбек артықшылығы бар аймақтардан көшуге дайын адамдарға арналған квота. Биыл Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстарына 1 706 отбасын көшіру жоспарланып отыр. Бұл аймақтар жұмыс орындары мен тұрғын үй мәселесіне қатысты ақпараттарын берді.

Ақпарат көзі:Primeminister.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *