Сәке болыс

201

Сәке болыс дүниеге келген сәт – елге бейқұт заман, мамыражай тіршілік орнаған бір әдемі кезең екен. 
Әкесі Ниязбек Сұраншы батырмен құрдас әрі оның сенімді сарбазы болып жауға да, дауға да бірге аттанып жүріпті. Ниязбек осындай сапарда жүргенде әйелі ұл тапқанда сүйіншілеп келгендерге: 
– Баламның аты Сәттібек болсын. Сәтті уақытта өмірге келді. Енді оның өмірінде бәле-жәле, соғыс, шайқас деген болмасын! – деп сәлем айтып жіберіпті. 
Сәттібек алғыр, өжет әрі жақсылардың жанында көп жүретін, алқалы жиынға жиі қатысып, би-шешендердің сөзін тыңдауды ұнататын зейінді, зерделі болып өсіпті. Оған алғаш көзі түскен Екейдегі Сарыбай би екен. Әкесіне айтып өзіне атқосшы-көмекші етіп, алыс өңірлерге бірге шығып, ірі-ірі дау-шарларда қасына алып отырады. Бала молдадан оқып, ерте хат таниды. 
Жол-жөнекей бірге жүргенде бала Сәттібек Сарыбай биге «Би аға, кешегі билер кесімі былай болғаны жөн сияқты» деп жөн-жосық айтып, өз пікірімен аты Алашқа кеткен Сарыекеңді таңғалдырады.

Сарыбай би он бес жасар баламен үш рет билік айтар кезде ақылдасып, жеке ой-пікірін біледі.
Ақыры Лепсі өзенінің жағасында жаз айында бүкіл иісі Үйсін-Найман бас қосқан жиында Сарыбай Айдосұлы – Жетісудың төбе биі былай депті:
–Мынау Сәттібек Ниязбек баласы – менің жанымда үш жыл жүріп, билік айтудың жай-жапсарын, жөн-жосығын әбден біліп алған, оқыған-тоқығаны көп көмекшім болды. Енді, міне, он алтыға шығайын деп отырған Сәттібекті дуалы ауызды әділ би болатындығына бек сеніп, Сіздерге таныстырып отырмын. Оны бала демей, Сәттібек демей, «Сәке» деп атаңдар. Ел-жұрттың қамын жейтін, атадан нағыз ұл болып туған оған ақ батамды беремін! – деп бәріне қол жайғызып, оң батасын беріпті.
Содан бері Сәттібекті ел «Сәке», «Сәке» десіп төрге шығарып, төрелік айтқызып, жас та болса абыз ақсақалдай тауып айтар шешендігіне, тура айтар көсемдігіне тәнті болыпты. Содан Сәке атанып кетіпті.
***
Әйгілі Сұраншы батыр Іле бойына келген 20 казак орыстарды суға түсіп жатқан жерінен күтпеген жерден басып ұстап, тұтқындап Үлкенсазға алып кетіпті. Ел-жұрты «Олжа аламыз» деп солай ағылыпты. Олжа деп тұтқындарды сұрап алып, Жібек жолында ары-бері өткен кіреші-керуеншілерге сатып жібереді екен.
Сарыбай би мен Сәке екеуі мұны естісімен солай асығыс жолға шығыпты. Жол-жөнекей екеуі ақылдасып, кеңесіп бір тоқтамға келіпті.
Талаптының тақымы тасқа шеге қағады емес пе!
Үлкенсазға жетісімен Сарыбай қасында Сәкені алып Сұраншы батырмен үшеуі ұзақ сөйлеседі. «Бұл орыстарды маған бер. Қара топандай бұлармен жауласып, кектенсек түбіміз жақсы болмайды» деп батырды әзер көндіреді.
Сарыбай би күнде бір сиыр сойып беріп, әлгі қолға түскен жиырма орысты бөлек күтеді. Жиырма шақты күн Сәке де орыстармен әбден араласып, зерек жігіт орысша үйрене бастады, бауыр басып қалады. «Іленің арғы бетінде зеңбіректері бар мұздай қаруланған қалың орыстар келе жатыр» деген хабарды естіп, Сарыбай тұтқындағы казактарды тұтас өз киімін кигізіп, қарсы алуға аттанады.
Бұлар жеткенде барабанын дүңкіл­де­тіп, кернейлеткен орыс солдаттары бергі бетке өтіп, бекініс жасап, зеңбіректерін оқтап, әзірейілдей дайындалыпты.
Сонда Сарыбай қасына Сәкені алып, тұтқындағы арасында бір офицері бар үш казакты ертіп, қасқайып қарсы барыпты. Аналар аң-таң дүрбімен қарап тұрыпты.
Үш казак орыстарға жетісімен жылап көрісіп, енді дереу Сарыбай мен Сәкені көрсетіп, істеген жақсылықтарын айтыпты.
Сарыбай да қосынына қайта келіп қалған 17 тұтқын орысты және олардың түйеге артылған бүкіл қару-жарағын әкеліп түгел тапсырыпты.
Орыс ұлықтары бұларды Қапалға алып жүріп, ерекше күтіп, сый-сияпат беріп қайтарыпты. Сарыбай Айдосұлының бұл игі ісін дереу Орынборға генерал-губернаторға тәптіштеп жазып жіберіпті.
Міне, содан бастап Сарыбай Айдосұлы қазақ даласына кеңінен еніп келе жатқан патша ұлықтарымен етене араласып, айтқанын өткізетін әйгілі биге айналады.
– Не тілегіңіз бар, бәрін орындаймыз, – дегенде, бытырап тарап кеткен Екей елін жинап, өз жеріне қоныстандыруды сұраған екен. Сарыбай би осы көрегендігі мен қайрат-жігерінің арқасында жан-жақтан іздеп, сұрап жүріп жиырма бір ата Екей елін жинап, Алатау бөк­те­ріне көшіріп әкеп, жер кесіп беріп қоныстандырады.
Сарыбай би – Жетісудағы төрт төбе бидің біреуі еді. Ол кездері Жетісуға Аягөзден Ыстықкөл, Таласқа дейінгі алқап түгел қарайтын. Тайторы Сәке ­Сарыбай бидің сенімді серігі, оң қолы ­болып, қасында жүріп, көп үйренеді.
***
Сәке нағыз жігіт шағында Сұраншы батыр сарбаздарымен бірге Ұзынағаш шайқасына қатысып, қоқандықтарды орыстармен бірге қуып соғысып Тоқмақ, Меркі, Сайрамға дейін бірге барады.
Сұраншы Сайрамда жау қолынан қайтыс болғанда, одан әрі кек алып оларды Ташкенттен де қуып шығып, бүкіл оңтүстікті азат етіп қайтуға қатысты. Бұл майдан жорығы Сәкені көп есейтті, талай-талай елі мен жері үшін құрбан болған замандастарын жерлеп тұрып, жауларына деген кегі қатайды. Жасынан қоқан бектерінің істеген небір зұлымдық, қоқан-лоқыларын көріп-естіп өскен ол бұл жорықта Сұраншыдай айбынды батыр ағасынан, көптеген баһадүр боздақ бауыр, достарынан айырылып қайтты. Соңғы демі үзілгенше сол ел-жұрты үшін шейіт болғандарға арнап үнемі құран бағыштап, дұға оқып отыратын болды.
***
Жасынан ауызы дуалы айтулы би Сарыбай Айдосұлы 1890 жылы көкек ­айында қайтыс болып, келесі жылы жазда Үлкенсазда алты Алашқа сауын айтқан атақты асы беріледі.
Ендiгi бiр келелi әңгiме – Сарыбайдың асына Майкөт ақынның келуi және оның Жетiсудың жетпiс жетi игi жақсыларына сәлем берген атақты өлеңi, ел-жұртқа көңiл айтқан жыры хақында болмақшы.
Қазақстанның халық ақыны, тоқсанның төрiне келген Әсiмхан Қосбасаров бұл жөнiнде былай деген едi:
– Атақты Сарыбайдың асынан бiр жыл бұрын Жетiсудағы Сәт болыс Майкөтке асқа келер-келмесiн, келсе, Жетiсудың барша саңлақтарына өлеңмен сәлем беруге қалай екенiн сұрап хат жазады. Көп ұзамай-ақ Майкөттен бұл ықыласты қабыл алатыны, асқа келсе сәлем беруге дайын екендiгi туралы жауап хат та келедi.
– Бұл хатты жазу себебiм, екi жаққа пайдалы iс болайын деп тұр. Сондықтан мен үшiн ғана емес, өзiң үшiн де керек. Аста мынадан бастап мынадан аяқтайсың айтатыныңды. Бегзадалығы, байлық мырзалығы мынадай. Ата тегi мен қазiргi ел арасындағы беделi мынадай, – деп тiзiп екiншi хатты және жiбередi.
Майкөт қорқор тартатын, өте сыпайы, киiмдi талғап киетiн талғампаз, оқуы жетiк, бiлiмдар ақын болған. Руы – Ысты.
Сонымен, атақты Сарыбайдың асына жиналған бүкiл игi жақсылар алдында өлеңмен сәлем беретiн оңтайлы сәттi тосқан Майкөт, атқұмар қазақ сәйгүлiгiн күтетiн бәйге төрде Сәт болыстың айтуы бойынша жұптап келген өлеңiн бастап кеп жiбередi:
Ойлап ем ауыл жақтан келейiн деп,
Сәлемiн пайғамбардың берейiн деп.
Жиынын Сарыекемнiң есiткен соң,
Отырмын бiраз өлең төгейiн деп.
Шәрiмiз Әулиеата, Меркiде едi,
Өлеңге молда Майкөт еркiн едi.
Жиынын Сарыекемнiң есiткен соң,
Бұл Майкөт сонша жерден жетiп едi.
Қорғасын ауырындай салмақтары,
Бабамның көтере гөр, аруақтары.
Жүрмiсiң есен-аман, күйлi-жайлы,
Отырған Жетiсудың саңлақтары?
Өлдi деп Сарыбай би хабар барды,
Туғандар ол жақтағы хабарланды.
Бесбайдың аманбысың, Аршабегi,
Бұл жақта Шапыраштының қаракөгi.
Шынжыры жетi атаңның үзiлмеген,
Майкөттiң әдейi iздеп келген жерi.
Сәкесi Тайторының аманбысың,
Сен-дағы қатарыңнан озған жансың.
Жүзiңдi жақсы ағалар көргеннен соң,
Сөйлейдi алдарыңда бұлбұл құсың, – деп бүкіл Жетісудың игі жақсыларына өлеңмен сәлем береді, әрқайсысының игі істерін айтады.
Өлеңді саралап отырған Жаныс Сәт болыс Майкөт өлең-жырын аяқтағанда қасқа мен жайсаңдардың ортасынан кербездене көтеріліп:
–Осында отырған Жетісудың саңлақтары! Мені жалғыз атты жарлы Сәт дейді. Қараша үйім бар. Жаңбыр жауса, тамшы сорғалап тұрады. Аздаған дәулетім бар. Ол да осы тілегі түзу ағайынның достығы арқасында құралған, сол достық үшін жиналған. Алыстан ат арылтып кеп қапсың ақын. «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды» деген, мынау сәлеміңе атағаным. Ауылға жүріп, түстеніп аттанарсың, – дейді де, салмақты сабырмен ғана жүз теңгені ортаға тастай салады. Сонда бір қойдың бағасы отыз тиын тұрады екен.
Сәттің әуелден қолы ашықтығын білгенмен, мынадай орасан мырзалық жасайды деп қапелімде ешкім ойламаса керек. Айқым руының дәулеттісі Тоқшабай тұрып: – Мына қызыңды ұрайын Сәт бір қылықты қылды-ау, – деп күбір ете түссе, оның қасында отырған Тілеуғабыл Үсенбай болыс: – Қылықты қылды дегенше, шу түсірді демейсің бе, – деп орнынан тұрып кетіпті.
Мырзалықтан мырзалық асырмаса, қазақ қазақ болған ба? Айқым Тоқшабай өз жігітін дауыстап шақырып алып, елдің көзінше:
–Қара нардың үстіне қара кілем ­жауып, Майкөттің алдына тоғыз тарт. Өзі үйден шай ішіп, жеңгелерінің мырзалығын көріп аттанар, – дейді. Мұны естіген байлар мен бектер қайтіп шыдап отырсын. Мырзабек Құдайберген қызба мінезді адам екен:
– Әлгіге айт, сары айғырдың үйірін айдап әкелсін. Майкөттің сәлеміне ­тартуым, – депті.
Сонда Тайторы Сәке дүйім жұрттың алдына шығып:
– Сарыбай би ағаның батасын алып, көп жақсылығын көріп едім. Майкөт аға сізді ауылыма арнайы шақырамын, келіп қонақ болыңыз. Өзіңізге ішіндегі жиһазымен бір үй және бір үйір жылқы беремін, – депті.
Бұл асты Қосай шешен басқарып, айтқандарын жазып, хатқа түсіріп алыпты. Сәке Қосай шешенге көмектесіп, ас біткенше тік тұрып қызмет етіпті.
Майкөт өлгенше былай деп айтып жүріпті: «Сарыбай тірлігінде де мырза еді, асында да маған мол олжа әкелді. Қызыр қонған, қыдыр шалған қасиетті қызыл жолбарысты би ғой ол».
Бұл астағы ат бәйгесiне 300-ден аса жүйрiк қосылды. Аспанқораның арғы бетi, Көктөбеде сөре белгiлендi. Қорым тастар жиналған «Сарыбай сөресi» бұл жайлауда әлi тұр.
Бәйге аттары Жауырдан, қазiргi Қасым­бек ауылынан жiберiлiп, сол Көктөбеде күтiп алынған.
Сөреге бiрiншi болып Сарыбайдың Бозтанауы келе жатқанын көрiп, қырғыз манабы Шәбден айғай салыпты:
– Оу, көзің тіріңде Сарыеке, бас бәйгенi қашан бересiң дегенде, «Менiң асымда аласың» дегенiң қайда? Аруақ! Аруақ! Аруақ! – деп үш рет айғай салғанда сөреге қырық құлаштай ғана қалған Сарыбайдың Бозтанау жүйрiгi сиырдың жапасына тайып жығылып, тұра алмай қалыпты. Бiрiншi болып Шәбден манаптың Қарақасқа жүйрiгi келген. Бас бәйгеге алдына атан түйе бастатқан төрт түлiк малдың әрқайсысынан тоғыздан және тайтұяқ сары алтын берiптi.
Міне, осы бәйгеде Сәкенің екі жүйрігі қатарласып екінші, үшінші болып келіпті.
Елу атқа бәйге берiлiптi, ең соңғы елуiншi болып келгенге тана бұйырыпты. Жалпы бұл өңiрде бұған дейiн осындай ұлан-асыр ас, бәйге берiлмептi.
Сәке осы бәйгеде алған олжаны түге­лімен Тайторы еліне тұтас бөліп бергенін ел әлі күнге дейін аңыз қылып айтады.
***
Сүйінбайдың мына бір ауыз өлеңі Сәкені ерекше бағалайтынын танытады.
Ұл тумас Тайторының Сәкесіндей,
Ақ нардың тіп-тік біткен өркешіндей.
Қатарынан мойны озық, сөзі дәмді,
Мың қойды жалғыз бастар серке­сіндей, – деп Сүйінбай ақын Сәкенің ел үшін істеген шапағатты істеріне сүйсініп жырына қосыпты.
Жамбыл атамыздың Сәке Ниязбек­ұлы­ның қадір-қасиетін ерекше бағалайтынын Сапарғали Бегалиннің мына жазбасынан анық көруге болады:
«Жамбылдың Шапырашты, Дулат табынан түсіп тағы бір көзге көрінгені Тайторы руынан шыққан Сәке деген кісі өте қадірлі адам болады. Сәкенің өзі болыс болып, бұрын бытырап кеткен аз ата Тайторының басын қосып, Жиренайғыр өзеніне әкеліп орналастырыпты. Тегінде, ол жер өздерінің ата қонысы екен. Есқожа руынан шыққан Мырзабек, Кәшке сияқты жуандар өздеріне зорлық істеп қоныстарын алып қояды. Сол қонысты Сәке айтысып жүріп алады.
Сол Сәкенің ағасы Садырбек деген кісі өліп, соған ас береді, қонақ алады, даяшы болып қызмет істейді.
Осы аста Жамбыл Сәкенің қасына еріп Садырбекті жоқтап жыршылық етеді. Асқа қырғыз Шәбден, дүнгеннен Бұлар батыр келіпті. Қасына кару-жарағы бар он жасауыл ертіп, әнші, жыршымен келіпті.
– Садырбекке ат шапты,
Суықтөбе бауырында.
Кырғыз, қазақ бас қосты,
Сәке болыс аулында.
Қатарлап үйді тіктіріп,
Қамбалап қазан қайнаттың.
Желілеп бие байлаттың.
Сауын айтып ас беріп,
Ақындарды сайраттың, – деп жырлаған Жамбыл осы аста. Бұл жырды бізге айтқан – Мұстафа Дөненұлы деген кісі. Ол қазір Қоғамшыл колхозында, жасы 1944 жылы 56-да. «Бұл аста мен 13-14 шамасында едім» дейді. Бұл аста Жамбылдан басқа да көп ақын болды, бірақ Жамбылды Сәке өте қадірлеп өз қасында ұстайды. Және алыстан келетін сый кісілердің алдынан Жамбыл барып жыр айтып, әкеліп түсіріп отырды дейді.
Бұл асқа аса бөлек салтанатпен келген кісі Сәкенің Райым деген інісінің Ырғайты еліне (бұл Дулат елі бұрын Пішпекке қараған ел) ұзатқан Гүлшаш деген қызы болыпты. Қыздың барған жері де аса бай жер болса керек. Күйеуі Ұрақ Ноғайбай баласы деген өте сері жігіт екен. Асқа келгенде Гүлшаш қасына екі қыз, 8 жігіт ертіп, өзге елден бөлек келген.
Екі қыз бен Гүлшаш үшеуі көмірдей үш қара көк арғымақ мініп келген. Ал сегіз жігіт бір түсті ылғи ала аяққара ат мініп келген. Сегіз жігіттің басына кигендері сары мақпалмен тыстаған қара бұйра бөрік, үстеріне қара мақпалдан бешпет киген.
Гүлшаш өзі басына шеттігін маржанмен желбіршектеген аққұндыз салып, шашының ұшына ылғи ақ меруерт тізіп, сексен тал ғып өріп, үлде мен бүлде киіп және бастарына қолшатыр ұстап кепті.
Гүлшаштың алдынан түстік жерден шығып жыр айтып алып келген. Оған да барып жыр айтқан Жамбыл болған.
Жамбылдың осы аста айтқан жыры ел аузында жатталып, әсіресе Тайторы сияқты аз ел Мырзабек, Кәшкелерден теңдік алдың деген жерге өте арқаланып және Гүлшаштын сәнді келісін келістіріп айтуы елге ұнайды. Ас 8 күнге созылыпты. Екі күндей балуан күресі болып қырғыз, қазақ болып күресіп, бас палуан сол ­Тайторы руының өзінен шыққан ­Дарыбай Шымырбай баласы шығып, сайысқа қырғыздан Тістеуікпен сайысып, қазақтан тағы Тайторының өзінен Оразалы деген шығып, о да Тістеуікті түсіріпті.
Қасқарау руынан келген атақты Ноғайбайдың күрең аты бас бәйгені алыпты. Қалған бар бәйгені ас берген рудың өздері алғанына Тайторы руы аса ырым етіп қуанса керек.
Сонда жасы 80-ге келіп калған ­Салтанат деген бәйбіше (Қоржымбай ­деген кісінің әйелі):
«Телекең мен Жүзекең,
Сәкеге жақын ақылды.
Сол үшеуің бір тұрсаң,
Ит қаппайды тақымды,– депті. Бұл Салтанат айтқан сөз де күні бүгін мәтел болып қалыпты. Өстіп тату тұрсаңдар, бар бәйге өзіңдікі болады дегені болса керек. Салтанат жөнінде ел аузында көп әңгіме бар көрінеді. Осы Салтанат сол ағасы өліп, басын көтермей жатқанында Сәкеге айтқан көңілі мынау екен:
Аққу ұшып көлге кетті.
Ақ сұңқар ұшып шөлге кетті.
Балаңызға, батыр Сәке, қайғырма,
Бәріміз баратұғын жөнге кетті.
Қайың едің, қайыспа,
Болат едің, майыспа.
Арғымақ болдың ардақты,
Тай, құнанмен енді жарыспа! – депті. Бұл аста үлгілі сөз болып, Сәкеге ел ­Салтанат бәйбіше айтқандай деп тоқтау айтыпты, мен де сондықтан қосып отырмын». (С.Бегалин. «Жамбыл». Алматы, Жалын. 73-74 беттер).
Сәкенің болыс болуы жайлы ел ­аузында да, мемлекеттік мұрағатта да деректер жеткілікті. Тәуелсіздік алғаннан кейін ел-жұрты Сәке Ниязбекұлы жайлы іздене, зерттей бастады ғой. Сәке болысқа, ­Шымырбай әулиеге арналған және Тайторы бабаға ескерткіш тұрғызған астарды ел-жұрты басқарып беруді маған сеніп тапсырып еді. Қоғамшыл ауылында Бірімқұл деген арғы-бергі тарих-шежірені көп білетін ақсақалдың үйіне баяғыда аудандық газетте істеп жүрген кезімде бір түн түнеп, әңгімесін жазып алған едім. Ол қарияның баласы Тұрсынбай Бірімқұлов та Тайторы және одан тараған ардақты азаматтары жайлы көп біледі, естіп-білгендерін кітап етіп шығарды. Тұрсынбай ағамен де ағалы-інілі болып, жақсы сыйласып көп әңгімелесеміз.
Міне, осы кісілер Сәке жайлы, оның қалай болыс болғаны туралы жырдай ғып әңгімелейтін.
Сәкенің ел басқару ісіне араласып, атқа мінуі отыз жасында Күншығыс Қастек болысына старшындыққа сай­лан­ған уақыттан басталады. Әділдігі­мен, қарапайым халыққа деген қам­қорлығымен бірден-ақ көзге түскен ол көп ұзамай ел алдында зор дәрежеге ие болып, құрметке бөленген.
Сәкенің жас кезінде Тайторы елі он бес-жиырма жылдай уақыт өз алдына болыс болуға қолы жетпей, Мырзабек-Кәшке еліне қараған екен. Кісіге қараған­ның күні белгілі емес пе?! Осының салдарынан, кейбір кеудемсоқ, озбыр билер Тайторы балаларына тісін батырып, көп қиындық көрсетсе керек.
Бұлар жайлы Мәлік Кішібай деген азамат мынандай деректер келтіреді:
– Тайторы болысын құрған атақты Сәке болыс. Сәке Ниязбекұлы Күнбатыс Қастек болысының басқарушысы ­Аршабек Бесбайұлымен сыйлас, көңілі жақын дос болған. Екеуі бірде Күнбатыс Қастек болысын екіге бөліп басқарған жөн болар деп шешіпті. Орысқа қараған ­заман ғой, оязсыз түк бітпейтін болған соң, Аршабектің інісі Шалғымбайдан ақыл сұрапты. Шалғымбай орысша оқыған, сауатты кісі екен. Өзі Верный қаласында, ояздың тілмашы болыпты. Сонда ол: «Патша үкіметінің заңы бойынша, 460 түтіннен кем болса болыс құруға рұқсат жоқ» депті. Содан Сәке, ыдырап жүрген Тайторыны жинау үшін Текестің арғы бетінде өмір сүріп жатқан Тайторының бір атасы – Асан балаларына арнайы барып, көшіріп әкелген екен. Кейін оның үстіне Қошқар мен Қасқарау Енем балаларын қосып түтін санын толтырыпты. Сөйтіп, Сәке 1897 жылы жаңадан құрылған Тайторы болысына болыс болыпты.
***
Қырғыздың атақты Жантай ханының баласы Шәбден манап бірде Сәке болысты кекетпек болып дүйім елдің алдында:
– Сәке қанша балаңыз бар? – депті.
– Құдайға шүкір өсіп-өніп жатырмыз. Тайторының бар баласы менің балам. Тайторы балалары өз алдына бір бөлек болыс болды. Үш өзеніміз бар, ел де, мал да судың тұнығын ішіп, жырғап жүр, – депті.
Шәбден үндемей отырып қалыпты. Қырғыз-қазақ дауында орыстың үлкен ұлықтары араласып, Сәке болыс бар комиссия шығып, Шу өзенінің бергі бетіндегі жердің бәрін қазақтарға картаға салып, кесіп беріпті. Шудың арғы бетіне көшкен қырғыздар Алатаудың күнгейінде құлдырай аққан үш өзенді, көкорай шал­ғынды жайлауын аңсап, қанша қуда­ланса да үлгіге түскен жері қазақтарға беріліпті.
Шу жағалай Дәулет, Бәйтелі, Жәпек, Қаумен балалары көшіп барыпты. Бұлардың барлығы да әйгілі Қарасай батырдың тас жұтқан жаужүрек батыр да батыл ұрпақтары. Олар Шудан бері тышқан да өткізбей, әуелі қырғыздарға анда-мұнда барымта жасап, күш көрсетіп қояды екен.
– Атасы да, әкесі де, панасы да болып жүрген Сәке болысы бар Тайторы бақыт нұры жауған ел екен. Балаларыңыз өсіп-өніп, көбейе берсін Сәкежан, – деп Шәбден манап батасын беріпті.
***
Қырғыздың атақты ақыны Тоқтағұл Сатылғановты жалалап, соттатып, Сібірге каторгаға жіберді. Өршіл рухты ақын сол каторгадан қашып келіп, еліне бара алмай Жамбылдың жанында алты ай паналайды. Сонда Жамбыл Тоқтағұлды ертіп апарып Сәкеге аманаттап, тапсырыпты. Тоқтағұл ақынды бес ай бағып күтіп, қырғыз манаптарымен келісіп, еліне аман-есен қайтарыпты.
***
Шәбден манаптың әкесі – Жантай ханға 1912 жылы қырғыздар ұлан-асыр ас берді.
Осы асқа Жамбыл, Үмбетәлі Кәрібайұлы, Мақыш Райымбекұлы секілді ақындар, дәулеті мен сәулеті шалқыған Мырзабек Құдайберген мен Тайторы Сәке болыс барды.
Сәке болыс осы аста бастан-аяқ қатысып, Қордайдан келген әнші ақын Кенен Әзірбайұлы, қырғыздың бұлбұл ақыны Тоқтағұл Сатылғанов және басқа да атақтары Алатаудың күнгей-теріскейінен асып кеткен талай марқасқа адамдарының өнерін тамашалап, әңгіме-дүкен құрды.
Мақыш Райымбекұлы балуан қырғыздың Тістеуік сайыскерін жер қаптырып жеңгенде Қордайдағы Мәми болыс екеуі балуанды қолтықтап аттан түсіріп, жеке үйге күтіп, ерекше сый-сияпат жасады. Мақышпен өмірінің соңына дейін сыйласып, жақын жегжат, айырылмас дос болып кетті.
***
Ал 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Тайторы Сәке Ниязбекұлы ақ сақалы желбіреп, көзінен алты тарам жасы ағып, ел жұртының алдында тебірене, егіле сөйледі, ақсақалдық абыздық ірілік танытты.
–Біз бірде-бір жанды соғысқа бер­мейміз. Тірі болсам жеріміз бір, өлсек кө­ріміз бір ел-жұртыммен қашанда бір­гемін, – деді ақалтеке айғырының мой­­нын қаздай иілтіп, үстіне ақ шапан киіп, алғашқы күннен ауыл-ауылды аралап кетті.
Жан-жақтан дүрліккен, үріккен жұрт қатты сасқанда ел бастар адамдарына қарайды. Бүкіл Қараарша, Шиен, Бұғымүйіз, Бесмойнақ ақсақалдары Сәке шаңырағына жиналып, мәжіліс құрды.
«Үшқоңырда Бекболат Әшекеұлы қол жинап, өліспей беріспейміз дегендер осында жетсін» деген хабар ду ете түсті.
Сәке сайдың тасындай жігіттерді бар қару-жарақ, мініс аттарымен топтап, өзі бастап Үшқоңырға аттанды.
Үшқоңырда жиналған жұрт ­Бекболат Әшекеұлы ақсақалды ақ киізге отырғызып, хан көтерді.
Үшқоңырға келіп, Бекболат Әше­ке­ұлын құшақтап тұрып Сәке былай депті:
– Беке! Ұлтарақтай болса да – ата қоныс жер қымбат. Ат төбеліндей болса да туып-өскен ел қымбат. Мұндай кезде тыныш жата алмадым. Міне, 300 жігітке кебінін кигізіп, өзімнің асыл тұқымды жылқыларымнан ұстап мінгізіп, бір сапқа тұрғызып, алып келдім. Еліміз үшін жан қисақ көріміз бір, жеңіп шықсақ шығар ­тауымыз бір деп қол астыңа келіп отырмыз – дегенде Бекболат батыр тебіреніп кетіпті:
Сені Сәке – дана дейді,
Ел-жұртына пана дейді.
Жауға салса батырымсың,
Дауға салса ақылымсың.
Елі үшін жанын тіккен,
Асыл ер жақынымсың.
Сәке болыс, Сәке би, Сәке батыр деген даңқың бар. Соңында қарақұрым тыңдайтын халқың бар. Ер айтса – ел айтқаны, елдің қамын жеп айтқаны. От ішінде туғандар өрттен қорықпайды. Қайран асыл ерлерім қырандай ұшып келген екенсіңдер ғой. Жау жеңетін жігітті – жарағынан танисың. Дау жеңетін жігітті – талабынан танисың. Әне Жамбыл жырау, Үмбетәлі ақындар күндіз-түні ат үстінен түспей жырларын айтып, жігіттерді шарболаттай шыңдап, қайрады. Қордайда Әли батыр қол бастапты, Қарқара түгел көтеріліпті. Белің бүгілсе де елің бүгілмесін. Кел қасыма оң жағыма отыр. Кеңесіп-пішер ақылдасар жайттар көп, – деп жанына әкеп отырғызады.
Қастектегі Тілеу, Жарылғапты бастап, Сатай Көбегенов, Екей балаларын жинап Мақыш Райымбекұлы келіп қосылды. Сай ішінде ұсталар қылыш, найза жасауға кірісті, жігіттер соғыс өнерін үйрене бастады. Беймағлұм аласапыран қиын-қыстау күндер жылдай созылып өтіп жатты.
***
Хамза қажы Екейбаев деген шежіре көңіл, дария жыр білетін, өз ауылында зәулім мешіт салған асыл ақсақалдың жанында көп жүріп, сыр сандық ағамыздың талай әңгіме жырларын жазып алған едім. Хамза аға бірде мені ауылына шақырып алып:
– Түсіме Бекболат батыр кірді. Аруақты да атақты кісі ғой, азаттық деп мына Үшқоңырға ту тіккен ақсақал жайлы зерттеп, жазып әкелші, – деп тілек айтты.
Ол кезде музей директорымын, қасыма екі ғылыми қызметкер алып, мемлекеттік архивке бардым. Архив директоры Марат Хасанаев деген Мәскеуде білім алған өте білімдар әрі кішіпейіл жан екен. Бізге 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісі жайлы бүкіл құжаттарды қарап шығуға рұқсат берді. Біз бір айдай архивте болып, Бекболат Әшекеев және ол бастаған Үшқоңырдағы көтеріліс жайлы мол мағлұмат, деректер жинап алдық.
Хамза аға екеуміз «1 май» тұрғындары атынан бұл ауылға Бекболат есімін беруді сұрап хат жаздық.
Бұл хатты Астанаға, сол кездегі Мемле­кеттік хатшы, жазушы Әбіш Кекілбаевқа өз қолыммен апарып бердім.
«Егемен Қазақстан» газетінде Үш­қоңыр көтерілісі жайлы мақалам жарияланды.
Ақыры Алматы облысы Қарасай ауданы «1 май» ауылына Бекболат есімі берілді.
Хамза қажы «Бекболат» деген обелиск белгі орнатты, ауылда үлкен конференция өткізді. Он киіз үй тігіп, Бекболат Әшекеевке арнап ас берді.
Марат Хасанаев, Хамза Екейбаев, Әлімқұл Жамбыловтарды ертіп, ­Бекболат Әшекеев және оның серіктерін дарға асқан Боралдай жотасына әдейі барып, құрбан шалып, құран оқытты.
Келер жылы Қарғалыдағы Сәт мешітін күрделі жөндеуден өткізіп, қайта ашылуына орай өткізілген салтанатта мен баяндама жасадым. Жетісудағы бұл көне мешітті жөндеткен көптеген игі істердің басы-қасында жүретін асыл азамат Қайрат Сатыбалдыұлы еді.
Жаныс Сәт Бекболат батырдың ақылшысы, кезінде болыс болған айтулы тұлға. Қарғалыдағы осы мешітті өзі салдырған дәулетті жан болған.
Міне, Бекболат Әшекеұлы мен Сәт ­болыспен бірге Сәке де көтеріліске бастан-аяқ қатысады.
Көтерілісшілер сатқындардың кесірінен жеңіліске ұшырайды. Біразы қырғыз асып, Қытайға жөңкіледі. ­Бекболат батыр мұздай қаруланған патша әскеріне жалғыз қасқайып келіп:
– Бәрін жасаған мен. Жігіттердің еш­қайсысының жазығы жоқ. Мені жаза­лаңдар, басқаларға тимеңдер, – деген ғой.
Алдап қолға түскен батырды тоғыз серігімен Боралдайда дарға асады, тау-тасты тіміскілеп бәрін қойдай айдап, абақтыға қамады, қаншасын атады.
Сәке де Қырғызға, Қытайға кетіп қалуына болатын еді, жоқ өз еркімен тұтқынға түседі. Шахворостың Қарғалы­дағы шұға комбинатының қоймасын абақты жасап, ұсталған көтерілісшілерді сонда қамай берген. Сатқындардың айтуы бойынша басшы, белсенділерді Верныйға күзетпен жаяу айдаған.
Сәке болысты да осында қамап, сұрақ­қа алып, Верныйға айдаймыз дегенде:
– Сәт мешітінде құран оқып шығайын. Соған рұқсат беріңдер, – деген ғой.
Орыстың тілмашы Сәке ақсақалды бұрыннан таниды екен, казактарға айтып түсіндіріп, рұқсат алып береді.
Жетпіс бес жастағы ел абызы, Тайторы елін жинап, «Тайторының бар баласы – менің балам» деп өткен ер Сәке мешітте құбылаға қарап құран оқи бастайды.
Бүкіл өз еліндегі о дүниелік болғандар­дың рухына, күні кешегі көтеріліс кезінде шейіт болған боздақтарды атай келіп, еліне болашақта бірлік, құт, жақсылық тілеп, білегін көтеріп, бетін сипап, дұға­сын бітіреді.
Күзетіп тұрған патшаның екі солдатына қарап:
– Мені туған еліме жерлесін! – деген бойы қисайып, жантая кетіп, жүріп кетіпті.
Сәке болыс Сәт мешітінде – Құдайдың құттыхана үйінде осылай мәңгілікке көз жұмыпты.
Абыр-сабыр болған патша жендеттері оны өтірік өліп қалды ма деп теуіп, сілкілеп әуре-сарсаңға түсіпті. Қайран асыл азаматтың денесін ағайын-туғандары алып, қастерлеп Суықтөбе тауының бөктеріне апарып жерлепті.
Тұрсынбай Бірімқұлов аға бұл жайлы былай дейді: «Сәке атамыз 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысқан, Жетісу жерінде оны басқарған Бекболат Әшекейұлы, Сатай Көбегенұлы, Мақыш Райымбекұлы сынды ерлерге сенімді серік, берік сүйеніш болған ерлердің бірі. Соңғы екеуі оның ертеден аралас-құралас болған сыралғы достары екен. Азаттық жолындағы күрес бұларды одан сайын жақындатса керек. Көтерілісшілер көп қарумен қаруланған патша әскеріне төтеп бере алмай жеңілген соң, ел үркіп, Шеттік тауына қарай қашады. Сәкені қасындағы інісі Иманқұлдың баласы Керімбек пен ағасы Сәдірмектің баласын қашырып жіберіп, өзі ұсталып қалса керек. Сәкенің қол-аяғын байлап, Қарғалыға қамап алып келеді. Сонда Тайторы елі оны жоқтап:
Тайторы жылда шығар жайлауына,
Тұрады үш жүз құлын байлауына.
Бас болған Тайторыға қайран Сәке,
Приставтың кеттің бе айдауында, – деп күңіреніпті.
Сәке атамыз патша түрмесінде жатып азапталғанда, Бекболат секілді: «Көтерілісті басқарған да, ұйымдастырған да өзім» деп айтқан сөзінен қайтпай отырып алыпты. Сөйтіп, көп мехнат шексе керек. Сәке атамыздың болыстық мөрі қолында екен. Соны түрме бастығына көрсетіп: «Соңғы тілегім болсын, маған жұма намазын мешітке барып оқуға рұқсат бер» деп сұрапты. Содан орыс солдаттарының айдауымен мешітке барған соң: «Жаратқан Ием, маған ақ өлім бер» деп жалбарыныпты. Сол заматта-ақ тілегі қабыл болып, намаз оқып біткенде бақилық болыпты. Мешіт имамы татар Рахматулла қасында болып, осыны өз көзімен көрген екен. Сәке осы мешітте дүние салған жетінші адам болыпты. Бұл әңгімені Сәкенің сүйегін алуға Жабдықбай інісі Мұстапаға айтқан екен деп көнекөз қариялар Мырзамәди, Тәжібай, Әбдіқайым, Олжабайлар айтып отыратын. Сәке болыстың сүйегін Жабдықбай мен Шалабай ат арбамен әкелген соң, ел-жұрты оны туған жері Суықтөбе бауырына арулап қойыпты».
Еліміз егемендік алғаннан кейін ел-жұрты, ұрпақтары Сәке болысқа арнап ас беріп, күмбезін тұрғызды. Алматыдағы бір көшеге Сәке батыр есімі берілді.
Сәке болыс осы өлкеде асыл тұқымды жылқылар өсірген, жүйрік ұстаған, жақсы тұлпар көрсе сатып алмай қоймайды екен. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Сәке болыстың мың жарым жылқысын алып, 1918 жылы Дегерес жылқы зауы­тын құрған. Осы өлкедегі Қырбай сал, Құдайберген бай сол Сәке берген асыл тұқымды арғымақтарды баптап мінген. Сәке болыстың көзі тірісінде де, кейін де ол өсірген жүйріктерінің тұқымдары қырғыз-қазақта бас бәйгені бермейтін сәйгүліктер болыпты. Тайторы елінде ат десе жанын беретін атбегілер, көкпаршылар әлі күнге дейін көп. Қара сөзге ұста шешен, дауға түссе көсем, досқа берік мырзалығымен аты шыққан Сәке өзендерден тоспа жасап бел-белеске арық тартып, су шығарып, егіншілік кәсіпке елін үйреткен.
***
Сәке болыстың ерен еңбегі – жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен елін атақонысына жинап, әл-ауқатына көмек­тесіп, үлкен жеке болыс еткендігі жалпақ жұртқа аңыз болып тұрады.
Сәке болыс ғұмыр бойы елім, жерім деп өткен ер. Сарыбай бимен бірге бүкіл шапыраштының сыртқа кеткен аға­йын­дарын жинап, Алатау бөктеріне көшіріп әкеліпті.
Әсіресе аз түтін Тайторының қанатын жаздырып, басқа аталармен теңестіріп, ел алдына шығарған осы Сәке.
Ақылман дана, еліне пана болған Сәке Ниязбекұлының артында аңыз, ғибрат болып қалған билік сөздері, шешендігі, көсемдігі, әділдігі бүгінгі ұрпаққа да үлгі, өнеге. Өршіл рухтан өлмес дана туады. Сәке былай деп айтқан екен:
Белің бүгілсе де елің бүгілмесін,
Ер-азаматтан жұртың түңілмесін.
Іргесі берікті жау да, дау да алмайды,
Ағайын араздығы ешуақ білінбесін.
***
Елге ел қосылса – құт,
Елден ел айырылса – жұт.
Өзіңнің жақын ағайыныңды,
Ақ патшадай күт!
Елді ер теңестіреді,
Осыны есіңе тұт.
***
Ұлтарақтай болса да,
Ата-қоныс жер қымбат.
Ат төбеліндей болса да,
Туып-өскен ел қымбат.
Араздассаң – кетпейтін,
Айтқанды екі етпейтін,
Артық істі сөкпейтін,
Ағайын, туған ел қымбат,
Бауырларым, сен қымбат!
Жұмабай Тәжібаев, Талғат Кәдірұлы деген текті ұрпақтары Сәке болыс ­Нияз­бек­ұлы жайлы архивке кіріп, фото­су­реттерін тапты, деректер жинастырды.
Тайторы Сәке болыстың есімі мен игілікті ісін ел есінде қалдыруда әлі атқарылар істер көп-ақ.
***
Ел тұтқасы болған Сәке Ниязбекұлы­ның туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай ел-жұрты, ұрпақтары Сәкенің ел үшін атқарған игілікті істерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу жолында игі шаралар белгілеуде.
Елім, жерім деген ардақты тұлға Сәке Ниязбекұлы есімі ел есінде мәңгілік сақталатыны хақ.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *