ШОУ-БИЗНЕС МАҚСАТЫ ҚАРЖЫ ТАБУ ҒАНА МА?

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Музыка – көне грек тілінде өнер Құдайы атанған музадан бастау алатын киелі құндылық. Яғни ол – көркем образ арқылы өріліп, сазды ырғаққа түскен дыбыстар жиынтығы. Қазақша әуен, саз, ән секілді ұғым-түсініктер де соған саяды. Олардың өнердегі қатынас құралы ретінде құлаққа естіліп, көңілге қонуының өзінде де сол қасиеттілік жатқан жоқ па? Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, арысы Бах, Моцарт, Прокофьев, Свиридов, өзіміздің Құрманғазы, Абай, Ақан, Біржандар, берідегі Шәмші, Нұрғиса секілді композиторлардың ән-күйлеріндегі адам жанын тәрбиелеп, көңіл-хошымызды келтіретін құдіретке неге бас ­имеске?..

Міне, осындай музыканы даң-дұң, у-шуға айналдырып, құ­лақ жарғағыңды жарып жіберіп, миыңызды ашытатын «қазіргі музыканы» тыңдағанда, айдалаға қашып кеткің келеді. Олардың кең етек алғаны соншалықты кез келген алыс ауылдағы және алып қаладағы көлік жүргізушілер өздерінің радиоқабылдағыштары мен магнитофондарын барынша қосып қойып, қоғамдық орынды «музыка базарына» айналдырып жіберетінін қайтерсің. Ал мейрамхана мен кафелердегі демалуға барған ел-жұрттың бір-бірінің әңгімесін естірмейтіндей етіп у-шуға бөлеп жіберетін музыка туралы өзінше бөлек әңгіме қозғау керек. Бұлар – әлдебіреулер үшін музыка, музыка болғанда жаңаша етек алған рок немесе поп-музыка. Жөн-жосығына қарап тілге тиек етсек, кезінде Малайзия өкіметі қоғамдық орындарда даңғаза музыкаға тыйым салған. Ал біздің Үкімет болса экономиканы алға тартып, тобырлық музыканың зияндығын елеп-ескермейді. Жалпы бұзылған экономиканы түзеу оңай, ал аяқасты етілген рухты қайта қалпына келтіру – қияметтің қайымы.
Қоғам әлеуметтік-моральдық дағдарысқа ұшырағанда, болмаса ұшырауға бет алғанда алдымен жас­тары бүлінеді. Оны ел-жұрт бұзар ­саясаткерлер мен миссионерлер жақсы пайдалана біледі. Бір кезде басшылар коммунистік, социалистік моральды алға тартып кейбір өнердегі келеңсіз жайларға жол бермейтін болса, бүгінде ол ой мен ерік еркіндігін, сондай-ақ сөз бостандығын барынша малданып, олардың асығы алшысынан түсіп тұрған жайы бар.
Жалпы рок-музыка, шоу-бизнес – ешқандай заңмен қудаланбайтын, ешкім тыйым салмайтын «есірткінің» бір түрі. Ол – қара нәсілділердің діни-наным сенімдерін насихаттайтын ән-күйлерден өрген құбылыс. Сонымен бірге онда мистикалық әдеп-ғұрыптың пұтқа табынушылық рәсімдерінен бастау алып, қан қоздыратын, сезім қатқылдандыратын, сондай-ақ адамды ақыл-естен айыратын қадір-қасиетінің барлығы да тағы белгілі. Мұндай рок және поп музыка алдымен адамның физиологиялық (адам ағзасы), эмоциялық (көңіл-күй), интеллектуалдық (ақыл-ес, психология, сана-сезім) және рухани адами-моральдық болмысына әсер етеді. Әсіресе олар әлі де болса өмірлік ұстанымы мен көзқарастары қалыптаспаған жастарға ерекше ықпалын тигізеді. Оларды «музыкалық есірткі» деп атауының өзінде идеологиялық және медициналық мән бар. Құлақ тұндырар у-шу жас адам бойындағы сезімталдықты өлтіріп, рухани керең етеді де, жүйке ауруына ұшыратады.
Сөйтіп, рок-мәдениет атауымен өмірге тобырлық өнер келді. Соның басты көрсеткішінің негізі – дыбыс жазу және дыбыс шығарушы, сосын, дыбыс күшейткіш жан-жақты жетілген техника. Оның арты бүгінде шоу-бизнеске айналды. Яғни ол адам сана-сезімінің тазалығына кері әсер ететін «рухани индустрия» қалыптастырды. Сөйтіп, өркениет басталған тұстан «мәдениет шегінедіге» саятын қағида іске асып, классикалық музыканың басына қатер төнді. Соңдықтан бүгінде саз әлемінде кім, сосын не көп деген сауал алдымызға жиі-жиі тартыла береді. Әрине, «эстрада жұлдызы» атанған әнші мен поп-ұжымдар көп. Оларды дайындап сахнаға, сондай-ақ телерадиоарналарға шығару оңайға айналды. Тек, қалта толы қаржың мен байланысың болсын. Мұндай жағдайда сөзсіз талант екінші кезекке шеге-ріледі. Бұл – өнерге жолдан қосылған дилетанттарға жасыл көше ашылды деген сөз.
Дыбыс жазу және дыбыс шығару, сосын, дыбыс күшейткіш, одан да жақсысы компьютер арқылы кез келген дауысты реттеп, кез келген әншісымақты «эстрада жұлдызына» айналдыруға болады. Бұл – қазіргі тілмен айтқанда, компьютерден ­дауысты «сорып» алу. Сөйтіп, өзіңді-өзің жасанды әнші санатына қосу. Сосын, фонограммаға құлақ тігіп, соның «жетегінде» жүре бер. Бірақ ол «жетектегі тазы аң алмайтынның» кері ғана болып қалады деп жүрген ешбір продюсер жоқ. Қазіргі телерадио арналарынан беріліп жүрген «Фабрика звезд», «Народный артист» хабарлары – соның айғағы. Шоу-бизнестің қатерлілігі де сонда. Ол талап-талғам бұзады. Музыка сазы мен қозғалысы қатқылданып, ол сахнада жын-ойнаққа айналады.
Ол туралы кезінде Амери­каның музыка зерттеушісі Пол Уинтер: «Корни у рок-н-ролла и у джаза одни – оба восходят к выражению негритянской души. Но джаз – это поиск музыкальный, а рок-н-ролл больше связан с так называемой «сексуальной революцией». В «роке» музыкальная основа не так важна» деген. Осынау сөздің жаны бар. Шынында да, бүгінде «Диско-бар» атанып жүрген кафелер мен мейрамханаларға барса, өздерінің қайда және кімдермен отырғанын ұмытып кетіп, рок және поп-музыканың ырғағына бар жан-тәнімен қосыла, денесі мен сезіміне ие бола алмай есірткі шегіп алғандай көңіл-күйге түсетіндерін білмей қалатын жастарымыз аз ба?! Сондықтан да сырт көзге олар музыка ретінде зиянсыз көрінгенмен, ол – есірткі. Қазіргі жастардың рухани азғындауы да осындайдан. Мысалы, бізде хабарлары таратылатын орыс радиосын алыңыз. Онда Қазақстан немесе Қазақ тарихы туралы еш уақытта ештеңе айтылмайды. Ол тек қана сол рок және поп-музыкамен бірге Еуропа, содан соң орыс әуендерін ғана береді. Қазақтың сазды да сырлы әндеріне онда ешқандай орын жоқ. Болуы мүмкін емес те. Өйткені олар үшін ұлттық қадір-қасиеттегі кез келген әуен мен саз қатерлі. Себебі олар – тұтынушылар. Ал тұтынушылардың Отанға және туған ел-жұртқа деген сана-сезім мен болмыс-бітімдері нарық талап-тілектері және бағыт-бағдарында қалыптасып, жалаң сөзге айналады. Олардың ұлтшылдарды жек көретіні де сондықтан. Ұлттың жадын өшіріп, сана-сезімін улайтын бірден-бір жолды таңдаған тұтынушылардың басты құралы сол – Рок және Поп.

Жалпы жастарымызды осындай ес тандырып, сана-сезімнен айыра жадын өшіріп, жанын жабайыландыратын музыкадан арашалайтын заң қабылдайтын уақыт жеткен сияқты. Бүгінде радио және телеарналардағы жоспарсыз беріліп жататын «жабайы ­музыканы» да жөнге қоятын уақыт жетті.

Бұл – ұлттың ән өнеріне берілген үлкен соққы. Қазір әйгілі әнші Қайрат Байбосыновты жұтып қойғысы келіп жүргендер де, сол шоу-бизнес өкілдері. Олар үшін ұлттық өнер архаизмге айналған сияқты болады да тұрады. Қазақстандағы телерадиоарналардың тұтынушылық қуатының негізін қалаушылар да сол шоу-бизнесті насихаттаушылар. Тіпті «шлягер» атанып жүрген сөз тіркесінің өзі XVIII ғасырда Австрия мен Америка саудагерлерінің сауда-саттық және өздерінің тауарларын жақсы бағамен өткізген кездегі пайдаланатын қарым-қатынастарындағы ұғым-түсініктен өрген сөз. Олар үшін ұлттық музыка деген ұғымның болмауының да сыры сонда. Сондықтан мәдениеттегі ең қауіпті нәрсе – сауда-саттыққа негізделген өнердің ұлт арасында кең етек алуы.
Шоу-бизнестің мақсаты – қаржы табу. Сөйтіп, олар киелі де қасиетті музыканы «өтімді мүлікке» айналдырады. «Музыка – мүлік» басталған тұстан тыңдарманның, әсіресе жастардың эстетикалық-этикалық талғам-таразысы бұзылып, «қояншық» ауруға ұрынған жандай күй кешеді. Жалпы тынымсыз дене қозғалысы ән сазын бұзып, әнші даусының жасандылығына ұрындырады. Міне, осы тұстан ұлттық рух қалыптастыратын музыка әлеміне ши жүгіріп, өнердегі үрдіс бұзылады. Оны айтасыз, бүгінде әнді қарасөзбен айтатындар пайда болды. Ән мәтіні сын көтермейді. Ол туралы жақында «Ана тілі» газетінде жазылды. Оған алып, қосарымыз жоқ. Реті келгенде айтайық, осыдан біраз уақыт бұрын бір басылымда «Кино деген ең алдымен бизнес» атты мақала жарық көрді. Осы мақаланы оқып отырып біздің ойлағанымыз – музыкадағыдай кино өнері де «индустрияға» айналған екен. «Кино – алдымен бизнес» деген ойын мақала авторы «киноиндустрия» өнерінің дамуымен түсіндіреді және байланыстырады. Жалпы өнерді техникалық жағынан қамтамасыз етіп, оны дамыту бар да, оның шығар­машылық қадір-қасиетін арттыратын құндылықтар бар. Кейбіреулер осы бір-біріне қарама-қайшы екі ендіктегі айырмашылықты білмейді. Музыканы немесе киноны техникамен жабдықтайды, ал оны әуелі Алла, сосын табиғат беретін қасиетпен жаңылыстырмау керек. Жалпы қай өнер болсын, ол – алдымен ел-жұрттың кескін-келбеті, мазмұн-мәні, рухани-мәдени болмысы мен бүгінгі уақытпен үндескен тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-сана сезімнің көрінісі. Сондықтан музыка да, кино да – ешқандай бизнес емес. Ал ол автор мырзаның айтып отырғаны – мәдениетті алып-сатардың сөзі. Яғни өнердегі өзіңнің кем ­немесе бейталанттылығыңды блокбастер («Көшпенділер» фильмі – соның нақты мысалы) секілді ұғым-түсініктермен бүркемелеу. Ондай киноның да, музыканың да ғұмыры қысқа.
Музыкатанушы Г.Никишев рок және поп музыка жөнінде өзінің ойларын: «Медицинскими исследованиями установлено, что громкая ритмическая музыка вызывает резонам клеточных структур организма. Возникает «звуковое опьянение», по субъективным ошущениям аналогичное одурманиванию наркотикам или алкоголем. Более того, при постоянно слушании этой музыки развивается наркотический эффект, появляются аномалии в характере человека, растет число нервно-психических заболеваний, резко ухудшается слух» деп білдіреді. Шынында да, кейбір кезде құлақтарына музыка тыңдайтын тетікті (наушник) тығып алып, айна-ласындағылардың барлығын ұмытып отырған жастардың аяқ-қолдарымен бірге бастары селкілдеп отырғанын көргенде Никишев мырзаның сөзінің растығына көз жеткізесің. Бұл жүйке-психологиялық аурудың бірден-бір көрінісі емес пе?
Жалпы жастарымызды осындай ес тандырып, сана-сезімнен айыра жадын өшіріп, жанын жабайыландыратын музыкадан арашалайтын заң қабылдайтын уақыт жеткен сияқты. Оның негізгі бір тармақтарында қоғамдық орындарда қойылатын музыканың, онда демалып отырған адамдардың мазасын алмауы керектігі баса көрсетілуі тиіс. Сонда ғана жастарымызды теріс жолға түсуден сақтап қаламыз. Мейрамханалар мен кафелерде ұлттың болсын, адам жанын тәрбиелейтін классикалық музыкаға жол ашатын басты-басты шараларды да іске асыру елдің мәдени өміріне ықпал ететін саладағы қызметкерлерді ойландыруы тиіс. Солай етсек қана, біз шын мағынасындағы өркениетті де мәдениетті елдің қатарына қосыламыз. Бүгінде радио және телеарналардағы жоспарсыз беріліп жататын «жабайы музыканы» да жөнге қоятын уақыт жетті.
Әрине, олар бүгінде Қазақстанның радио және телеарналарында, сондай-ақ күнделікті қатынас құралы саналатын автокөліктер, алып қалалардағы мейрамхана мен кафелер, оны айтасыз, алыс-жақын облыс және ­аудан деңгейіндегі мәдениет орындарында ешқандай заңмен қудаланып, тыйым салынбайтын дәрежеде дамып отыр. Біздің қасіретіміз де сонда. Аталғандай «жабайы музыкаға» келгенде немқұрайдылық танытып, жалпақшешейлік көрсетеміз. Сол арқылы болашақ ұрпағымыздың қаншамасының сана-сезімі мен адами-моральдық қасиетін бұзып жүргенімізді ескермейміз. Ұлтты сүю – қазақ боп, қазақ тілінде сөйлеу ғана емес, оның ең басты көрсеткіші бойымыздағы немқұрайдылықтан арылу. Сонда ғана біз Еуропа елдері кемсіте-кеміте қарайтын «үшінші әлем» атауынан құтылып, шын мағынасындағы тәуелсіз мемлекеттер санатына қосыламыз. Ол үшін тәрбиелеудегі өнердің, оның ішінде музыканың ерекше екенін жан-жақты түсінуге тиіспіз.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *