Момыш бұлағы

Момыштың бұлағы – Бауыржанның кіндік қаны тамған жері. Ол жерге бір белгі қою ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәліұлының арманы. Оның бұл мәселені көтеріп келе жатқанына биыл 12 жыл болыпты. Баукеңнің 100 жылдығында облыс әкіміне шығып, Момыш бұлағына апарар жолдың бойына еңселі сілтеме тақта орнатқызды (Көлбастау мен Талапты ауылдарының ортасында орналасқан).

Алатаудың етегінде орналасқан Момыш бұлағына талай рет респуб­ликадан, облыстан келген басшылар барып, Мыңбұлақтың тамаша табиғатына сүйсініп, саф таза ауасын тамсана жұтып, бал татыр бұлағынан су ішті. Сол арада Аманжол Дүрәліұлы демеушілердің күшімен жасатқан бас жоспарын көрсеткенде: «Ғажап стела. Бұл жерді туристік орталыққа айналдыру керек. Тамаша жер, керемет көрініс. Қарияның мына жобасы іске асса зиярат жасауға келетіндер көп болады. Мұны міндетті түрде жүзеге асыру керек» десті. Бірақ мәселе қаржыға тірелгенде, солардың дені сылтау айтып: «Жер жекенікі. Бюджет қаржысына сала алмаймыз. ­Алдымен жерді жергілікті әкімдіктің меншігіне алу керек» деп, мәселе кейінге шегеріле берген-ді.
Дегенмен, А.Дүрәліұлы алған бетінен танбады. Бұл тығырықтан да жол таба білді. Жан-жаққа хат жазып, қақпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмады. Сөйтіп жүріп, аумағы екі гектарды алып жатқан жерді, егесі, ­Талапты ауылының тұрғыны Мақан Сәрсеқұловтан басқа жерге айырбастап алды. Жерге мемлекеттік актісін жасатып, Мыңбұлақ ауылдық округінің меншігіне өткізді. Сол күні бізден келіп сүйінші де сұрады.
– Сүйінші, – деді есіктен кіріп келген Аманжол аға баяғысынша дауысын көтере жарқылдап.­ ­– Мені құттықтауларыңа болады. Мен ақыр түбінде жеңіске жеттім. Жердің көк қағазын алдым.
Біз құтты болсын айттық. Ол кісі ағынан жарылды.
– Көк қағазды ала ­салып, Баукең­нің келіні Зейнеп Ахметоваға қоңы­рау соғып сүйінші сұрадым. З.Ахметова қуанып, там салу үшін жер ала алмай жүргенін айтып, таңданысын жасыра алмай, «Сүйіншіңді түйіп қойдым, барғанда ала барамын» деді. ­Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов «көктемде бұлақтың айналасына тал егейік. Сол кезде қоршап та берерміз» деп мені қуантып тастады. Әрі менің жобама біраз өзгерістер енгізіп, жолды түзеп қайта салайық, бастау басына бөгет тұрғызайық деген ұсыныстарын жеткізді. Әкімге шын риза болып шығып келе жатқан бетім еді, – деді.
«Баукеңе стела тұр­ғызуды бастасаңыз айтыңыз. Біз қолымыздан келгенше құры­лысына демеушілік көрсетеміз дейтін елімізге бел­гілі азаматтар көп. Солардың қатарында ұстаз, академик, бауыржантанушы Мекемтас Мырзахметов те бар» деген Аманжол Дүрәліұлы, бұл істі «Баукеңнің рухы үшін, аруақтардың разылығы үшін, Алла үшін жасадым. Ендігі іс ұрпақтардың еншісінде» деп әңгімесін аяқтады.
Басты жұмысты Әбекең аяқтап беріп отыр. Енді қалғаны көппен бітетін тірлік. Алла нәсіп етсе, алдағы жылдарда (мүмкін Баукеңнің 110 жылдығына қарай) Баукеңнің кіндік қаны тамған ­Момыш бұлағының басына биіктігі көкпен таласқан стела тұрғызылуы бек мүмкін.

Марат Құлибаев

Жамбыл облысы
Жуалы ауданы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *