Қай қазақ қайыр сұрап еді?

462

Айтпайын-ақ деп едім. Тараздың орталық алаңынан әріде, Абай көшесімен оңтүстікке қарай жүрсеңіз, жанарын жерден алмай, алдындағы қағаз қорапқа телміріп үнемі екі-үш адам отырады. Қара қарғаның миын қайнатардай аптап ыстықта да, ызғырығы бойыңды билетпей бүрсең қақтырар қыстың суық күнін­де де сол бір көрініс. Қашан көрсең де қаңтарылған аттай, қимылсыз қарап отырғаны. Ары-бері өткен жүргіншілердің де бұған көзі үйреніп, еті өліп кеткен бе дерсің. Бірлі-жарымы болмаса, қалтасын қарманып жатқаны аз. 

Осы жерден өткен сайын ойға шомамын. Пендешілік са­наның үстемдік құрып тұр­ға­нын іштей мойындағанда, бойыңды дәрменсіздік билейді екен. Барлық кінәні кеңестік кезең­дегі теңгермешілік, біркелкілік секілді құбы­лыстардың, «Үкімет өлтір­мейді» деген жалпақ ұғымның салдарынан із­дейтін әдет қой баяғы. Әйтпесе, аяқ-қолы бүтін, дені сау адамның кісіге қол жай­ғаны – қайбір оңған тірлік дейсіз. Бірақ…
Олардың жанына үңіліп көрген кім бар? Бәлкім, бірде ащы, бірде тәттісін алма-кезек ұсынар тағдырдың сынына төтеп бере алмай, морт сынған болар. Әлде, барар жер, басар тауы қалмады ма? Мүмкін, қиналғанда демейтін, қысылғанда қол ұшын беретін жан таба алмады ма? Оңай жолмен нәпақасын айырғанды жөн көретіндер де жоқ емес шығар. Жарға жыққан – қайратсыздығы ма екен? Осындайда хакім Абайдың он жетінші қара сөзі еске түседі. Бүгінде кей пенденің ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстай алмауы – ғылымға, яғни білуге, үйренуге деген құштарлықтың аздығынан ба?
Қайратсыздық дегеннен шығады ғой, ерік-жігері мықты адам кез келген қиын­дықтан шығар жолды табуға ұмтылады емес пе? Сондай қажыр-қайраты мол жан осы көшенің қарама-қарсы бетінде, аялдаманың артқы жағында отырады. Ұлты басқа, арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жанның кәсібі – ескі кітаптарды сату. Оған бұл іске көмектесетіндер де бар шығар. Әйтпесе, бір өзіне осы жерге кі­таптар тиелген арбаны итеріп әкелудің өзі оңайға соқпайтыны анық. Ол кітаптарын қолжетімді бағаға саудалайды. Әлем әдебиетінің көптеген классиктерінің туындыларын, орыс жазушыларының көп томдықтарын 5-6 мың теңгеге сатып ала аласыз. Қол жайып, қайыр сұрамай, тіршілігінде тірнектеп жинаған том-том жауһарларды сатылымға шығарып, табыс табады.
Қайыр сұрау – мәжбүрліктен туатын әрекет десек те, мұндай құбылыс қазаққа жат. Қилы-қилы кезеңдерді бастан өткерсе де, туыстық, рулық қарым-қатынасты берік ұстанған хал­қы­мыз ешқашан жетімін қаңғыртып, жесірін жы­лат­паған еді. Қара су ішіп, бөстек төсеніп жатса да, еңбекке жалданып, нәпақасын айырған. Бү­гін­гідей қол жайып, дала кезіп кеткені жоқ еді. Қайран қазаққа бұл бөтен «мінез», бөгде «қы­лық» қайдан жабысты? Осының бәрі ұлттық ру­хы­мызды жоғалтып алғанымыздың кесірі емес пе? Рас, дамыған мемлекеттердің өзінде қайыр­шылар көп. Дерекке сүйенсек, жер шарында 100 миллионға жуық қайыршы бар көрінеді. Олар, әсіресе үлкен қалаларды көп паналайды. Тіпті әлемді аузына қаратқан АҚШ-та да қайыр сұрайтындар қаптап жүр. Кейбір дамыған елдерде өктем топтар қайыршылықты бизнес көзіне де айналдырып алған. Қол жаюды кәсіп санайтын ұлттар да жоқ емес. Біздің барлық кесір мінезді келмеске кеткен кеңестік кезеңге телитін әдетіміз ғой. Ал сол Кеңес одағы кезінде қайыр сұрау – пайдалы еңбекпен айналысудан жалтару, арамтамақтық ретінде деп саналған еді. Бұл үшін олар әкімшілік жауапкершілікке де тартылатын.
Бұл тақырыпты қозғап, айтпайын деп едім. Бірде сол маңнан өтіп бара жатып, ақсақалды қарияның қайыр сұрағаннан еңсесін тіктей алмай, жанарымен жер шұқып отырған әйелдің қасына барып, мұндай күйге қалай тап болғанын сұрап жатқанын байқадым. Жүрісімді баяулатып, әңгімелеріне құлақ түрдім. Оның не деп жауап бергенін естімедім. Бірақ қарт кісінің: «Осылай отыра берсең, ауру табасың. Денсаулығың ауыр жұмыс істеуге жарамаса, арнайы мекемелерге барып, кеңес алып, өзіңе қолайлы іспен айналыссаңшы. Еңбекпен тапқанның берекесі бар» деген қамқор үні құлағымда көпке дейін шыңылдап тұрып қалды.
Иә, қоғам түзелген сайын пен­дешілік сана да кейін ысырылар. Барлығы санаға байланысты.

Ардақ Үсейінова




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *