Көзбояуы жоқ көріністер

518

Өлең шіркіннің бет-пердесі ашылып кетті-ау деймін. Қағидасы күшті социализм кезеңінде бәріне қатаң қарайтынбыз. Өлең өз орнын тауып жататын, қара сөз де сәлем салған келін­шектей бір идеямен иіліп тұратын. Қазір бәрі басқаша, әркім егінін өзі егіп, өзі баптауда.
Қасы-көзі қиылған әріптес келіншек қасыма тақап кеп:
– Ағай, сіз өлең шығара аласыз ба? – деді үміттене қарап.
– Қайдағы, бізге бұйырғаны қара сөз ғой.
– Қап-ай, ә! Мен сізді шығара алады екен десем…
– Ұқсаймын ба?
– Ұқсамағанда…
Мекемедегі жалғыз ақын Аманхан­ды нұсқадым. Бір ­мезет ұзын дәлізден поэзияға адал ақынның шаптыққан үнін естідім.
– Мен өмірі арнау өлең жазған емеспін, жазбаймын да… Оны жазатын­дарға ақша төлеп жазғызып ал, – деп, желкесі күжірейіп, бір өзі сөйлеп бара жатты.
Келіншектің перзенті төрт жасқа толады екен. Соған өлеңмен арнау жасамақ болған ана жүрегі қарс ­айырылды.
Өлеңнен гөрі дүкеннен бір ойыншық сатып әперсе қайтер еді.
Сірә, өлең сыйлықтың қасындағы қосымшасы болар.
Осылайша өлеңнің бағасы арзандап бара жатыр. Шала ұйқасқан жылы лебіз қоғамның сәніне айналды.
Келіншек те ұзын дәлізді кесіп өтті.
Әдеби мекемеден бір ақын шық­паға­нына әрі таңғалып, әрі ренжіп бара жатқан сияқты.
***
Көне астанадағы Құрманғазы көшесімен төмен қарай күнде ерте жұмысқа жаяу шығамын. Кілең сарғылт желең жамылған көше сыпырушылар. Бәрі қазақ. Басқа ұлт өкілдері емге жоқ.
Бүгін бір көрініске таң-тамаша қалдым. Сарғылт желеңділер қолдарына сыпыртқысын төмен қарата ұстап, сап түзеп келеді. Дәл бір әскердегідей. Алдындағы «офицер» қолындағы қағазына шұқшия қарап, нұсқау беріп қояды. Тілі қазақша. Соңынан ергендер де қазақша сөйлеп, бір-біріне қазақша әзіл айтады. Әуелі намыстансам да, кейін риза болдым. Намыстанғаным – көшені қазақтан басқа ешкім сыпырмай ма деген ұлттық сезім. Бойым­ды шымырлатқан жақсылық – «өз елі – өлең төсегінде» ана тілінде сөйлесіп бара жатқандарды көру. Мемлекеттік деп жүрген тіліміз көше сыпырушылардың ғана тілі ме деп те ішім ашыды. Қарап тұрмын, бір-бірімен әзіл-қалжыны жарасқан топ сыр-сыр еткізіп табан астын сыпыруға кірісті. Әп сәтте жүргінші жолы айнадай жарқырады. Жалбырап түсіп жатқан кейбір сары жапырақтар айтқанға көнбей көлбей ұшса, оны да бір мезетте көзді ашып-жұмғанша ұясына қондырып қойды. Жиырма жылдан бері қарай қатар тізілген Абай, Құрманғазы, ­Шевченко көшелерінің бойында қазақша тіл қатқан ешкімді көрмеппін. Тіпті тәуелсіздік тізгінін қолға алғаннан кейін көшеде кездескен кейбіреулер асаусып, жер тарпып кеткен сыңайы бар. ­Танауын көкке көтерген өзге ұлт өкілдері бұлардың да тілі бар-ау деп ойламайды. Олар өз жерін тазалыққа мансұқтап, аянбай жүрген аға-қарындастарыма күліп те қарайтын шығар. Олар өз жерін таза ұстағысы келеді. Бірімен-бірі тек өз тілінде сөйлеседі. Әуелде намыстансам да, өз тілімді естігенде егіліп кеттім.
Көріп жүрміз ғой талайды.
Мына көріністің сұрқы бөлек.
***
Дәл Достық үйінің алдында қарғы­бауын ұзын қып ұстаған бір қабаған ит кетіп бара жатқан қаракөз сәбиге арс ете қалды. Жүрегі ұшып қорыққан сәби бір орнында шырылдап тұрды да қалды. Көзі бозарған иттің мына арсылынан екіқабат әйел баласын тастап, еркекпін дегеннің өзі тұра қашуы кәдік. Көк көзді иттің иесі «Ничего, не плач. Почему плачем, это собака» деп ұрсып сөйлеп, жөніне кете берді. Қыздың қолынан ұстаған шешесі ме, әпкесі ме, әйтеуір біреу үн-түнсіз бұртиып тұр.
Тереңіне барсақ, медицинада көп­теген жазылмас ауру (мысалы, қоян­шық) осындай қорқынышты тосын оқиғалардан басталады екен. Сәби өмірлік сырқат алмаса болғаны.
Тарихқа үңілсек, Октябрь Революциясынан бері (тіпті онан бұрын) иттің басымызға шыққаны шыққан. Әйтпесе, қазақтың Достық Үйі итпен қыдыратын орын ба? Достарымыз бұрыннан осындай.
Осыны көріп тұрған қазақтар: «Өзбек болса, не армян мен грузин болса, итті бауыздап тастап, иесін аузынан бір қояр еді» деп, күбір-күбір сөз ғып барады. Дауысын шығара алмайды. Олар күбірлеп айтуға үйренген.
Өзімізге етене Бішкек пен Ташкенде, алыста жатқан Тбилиси мен Ереванда жүргінші жолында итпен қыдырмайды. Таш­кеннің орыстары «собака» деген сөзді орысша айтуды ұмытып та кеткен шығар.
Неге мұсылмандыққа жат нәрсе­нің бәрін несібемізге үйіп-төгіп берді екен?
Көне астананың кеткені кеткен.
Жаңа астана қандай екен?
***
Социализмнің сәбиге жасаған қам­қор­лығы көп еді. Бала 3 жасқа толғанша «молочная кухнядан» сүт пен сүзбе алып тұратынбыз. Аузы кемсеңдеп ішіп болғаннан соң бөтелкесін дереу өткізіп, жаңасын алатынбыз. Осының бәрі тегін еді. Қазір сол сүт пен сүзбені ақша­мызға таба алмай шарқ ұрып қалдық.
Іші өткен немереңді дәрігерге апар­саң: «Не ішіп еді?» дейді қабағын түйе қарап. Сол жеке дүкеннің сүті мен сүзбесін айтасың. «Тамақ сапасыз, құрамында микробы бар» деп бәріміздің мазамызды кетіреді. Бар ақшамызды сарп етіп микроб сатып алғанбыз ба деп біз тұрмыз. Оның бағасы қандай. Адам­ды сеспей қатыратын удай. Бірақ ұрпа­ғымыз үшін неден де болса аянбаймыз.
Енді қайда барамыз? Ұрпағымыз ағарған деп аузын ашып отыр. Қой мен сиыр ұстайтын ата-ана болса өмірден өтіп кеткен. Момын қой мен мүйізді сиыр «сендерден қалмаймыз» деп соңдарынан еріп кетті. Анда-санда сақалы жалт етіп тоқал ешкі көрініп қалады. Ешкінің сүтін ішкен бала іші қатып, қаныпезер болады. Заман бұларды туғаннан қаныпезер қып қарсы алды. Оған уақыт кінәлі.
…Баяғы «молочная кухняның» тұ­сынан өтсем, маңдайшасында ағыл­шынша жазу тұр. Бұл бізге түсініксіз. Жақын жерде аудандық прокуратураның зәулім кеңсесі. Бұл жазудың не екенін солар білмесе, біз білмейміз. Біздің білетініміз – сәбиге сапалы сүт пен сүзбе керек. Ағарған атамның асы емес пе?!
***
Шаһмардан Есеновтің 90 жылды­ғын туған жері – Сыр өңірі бір кісідей атап өтті. Қаныштай алып тәрбиелеген біртуардың 30 жасында министр, 34 жасында Лениндік сыйлық алған Одақ­тағы жалғыз тұлға екендігі мінбеде қайта-қайта айтылып жатты. Әсіресе Маң­ғыстау облысын Түркіменстанға қо­самын деген Бас хатшы Хрущевке дәлелді сөз айтып, әрбір тасы мен жыл­ғасы тұнып тұрған байлық екендігін, оны Қазақстан ғана игере алатындығын Саяси Бюрода дәлелдеген ғұламаны көз­көргендер емірене еске алып, кейін­гі­лер бас шайқап аруағына тағзым етіп отырды. Осының бәрі Қызылорда мен Шиелі мінбесіне шыққандардың аузымен айтылып, диафильмдер арқылы көрсетілді.
Әр нәрсенің ақыры бар. Жиынның жабылу салтанаты болды. Мінбеге ел-жұртқа алғыс айтпаққа ғұламаның 60-ты алқымдап қалған перзенті көтеріліп, сөзді орысша бас­тап, орысша аяқтады. Сексеуілі мен жыңғылы селдіреп қалған құмды даланың адамдары ана тілінде бір ауыз сөз күтті, бірақ түр-түсі мен тұлғасы ғұламадан аумаған перзент өз тілін өзекке теуіп, мінбеден түсті.
Әрине, бұған қоғамды жазғы­рамыз. Бірақ қаны қазақ кім болса да осындай кезде аруақ үшін екі ауыз сөзді күндіз-түні күбірлеп отырып жаттап алуға болмай ма? Еңкейіп, еңсесі түскендердің кескінінен осыны байқадым.
Айтпаса да аржағы көрініп тұр.
Ұлының ұрпағы осындай бол­ғанда басқалар қандай болмақшы?
Жиналыс тарқап, мінбе бос қалды.
Мінбеге бәрібір. Ол өз қызметін атқарды.
Осы көріністерге уақыт шіркін не дер екен?
***
Республика сарайының алды мен Абай бабаның тас мүсінінің арты тұмылдырықты итпен қыдырған өзге ұлт өкілдері екенін, ақын ескерткіші басқа ұлт балаларының белсебетпен «сальто» жасайтын спорттық тұғырға айналғанын қызыл тілім сайрап талай айтқанмын. Енді сол алаңқайға шығып, баспалдақтың беткейінде ағаш тақтаны жайып тастап, бір топ қазақ жігіттері сарт-сұрт еткізіп қарта соғып жатыр. Ұялмай-қызармай қастарына бардым. Король мен дама, валет боп тізілген қызылала қартаны ақ тақтаға аямай ұрып, «31»-дің көрігін қыздырған екен. Тілдерінде мүкіс жоқ, небір ұсталмаған сөздер ауыздан аяусыз шығуда. Маған көзінің астымен қарап қойып, ере­сектеуі еркін сөйледі:
– Аға, преферанс сызасыз ба?
– Жоқ, қалтам бос.
– Сызатын адамға ұқсайсыз, шығыныңыз 10-ақ теңге.
– Преферанс үшін қағаз бен қалам керек қой…
– Біз ауызша ойнаймыз. Біздің ауыз бәріне жетіп жатыр…
Бұлардың ішіне кіре түскім кеп, біраз тұрғасын бұл жерде неғып жүргендерін сұрадым. ­Република ­сарайында концерт қоятын әншілердің билет сатушы делдалдары екен. «2000 мен 20000-ның арасы» деп бағасын да бірден айтты. Қазақтар келіп, билет алып жатыр. Жаңа жыл қарсаңында болатын кәдімгі эстраданың бас ауыртар «жұлдыздарын» көргенше көңіл шіркінде желік бар.
Бұлар болса оп-оңай табыс тауып, құмар ойынның көрігін қыздыра түсуде.
– Аға, енді келгенде қалтаңызға 10 теңге сала келіңіз. Сіз ұтасыз. Түріңіз айтып тұр, – деп, мені де сөзбен қарық қып тастады.
Сол кезде бәрі «мент» деген шартты хабарламамен лездемде орын-орнына барып иіліп тұра қалды. Бірақ «менттің» бұлармен ісі жоқ. Әпсәтте кіп-кішкентай лейтенанттан бастап, өзін маңғаз сезінген майорға дейін бұл маңда өмірі көрмеген «мент» қаптап кетті. Сөйтсек, тәуелсіздік мерекесіне орай қала әкімі келіп ­жиналыс өткізеді екен.
Ағаш тақта сол күйі ашық қалды. Оны ешкім орнынан қозғамады. Құмары қанбағаны көрініп тұр. Осының бәрін Абай баба көкірегімен сезіп, бұрылып бір сөз айтуға қиналып тұрғандай.
***
Бұрын әдебиет пен өнер деп қосып айтылатын. Қазір ол мәдениет пен өнер боп орын ауыстырды. Кеше «Біздің сұхбат» хабарында бір депутат ханым рухани жаңғыруға орай әңгімеде әде­биетті аузына алмады. Жалпы, халық қалаулысы «Бұл дер кезінде қабылданған шешім, халық көкейіндегі ой еді» дегеннен артық жаңалық әкелмеді. Менің айтпағым – социализм кезіндегі әдебиет пен өнер деген тіркестен әдебиет неге түсіп қалды? Өнер – мәдениеттің құшағына сыйып кететін төл перзенті емес пе? Сол кезде Мәдениет министрлігі өнер мұраттарын жүзеге асырып жататын. Қазір де Мәдениет және спорт министрлігінің бел баласы өнер емес пе? «Мәдениет таусылған жерде өркениет пайда болады» деген рас сөз-ау деймін.
Әдебиет пен өнер деген тіркестен әдебиет неге сызылып, қол үзіп қалды? Халық қалаулысы ханымнан осыны сұрайын деп едім, тікелей телефоны болмады. Ұядағы «ұялысын» да айтпады.
«Әдебиет – әдеп» деп бір ғұлама айтқан екен. Әдепті бала мо­мын келеді. Қарны ашқанын білдірмейді. Тоқшылық заманда бір үйдің балдарының біреуі аш, біреуі тоқ жүргені түр-түсінен белгілі боп қалмай ма?
«Аш бала тоқ баламен ойнамайды» дейді халық даналығы. Осы мәтелді уа­қытқа сай «тоқ бала аш баламен ойнамайды» деп өзгертіп айтсақ қалай болар еді? Өйткені қалам иелерінің бұ­рынғы жеген тамағы – бір кезде алған қаламақысын бір-біріне армандап айт­қан­нан басқа не қалды? Оны да жан-жағына жалтақтап, жасқанып айтады. Тәуел­сіздікке жасқаншақтық жараса ма? Осыны «ң»-ды «н» деп айтып отырған халық қалаулысы ханымға білдіру керек еді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *