Астананың 20 жылдығы аясында 80-нен астам ірі мәдени-спорттық шара өтеді — А. Мұхамедиұлы

484

Астананың 20 жылдығына орай елімізде бірқатар шаралар өтеді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында еліміздегі туризм мен оның даму перспективалары туралы өткен брифингте ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды  Primeminister.kz

 Министрдің айтуынша, «Астананың 20 жылдығы — әлемнің 20 астанасы» халықаралық астаналар шеруі ұйымдастырылады.

«Қазір Үкімет қаулысымен бекітілген қызықты бағдарламамыз бар. Мәселен, бірлескен қойылымдар премьерасы болады. Атап айтқанда, Астана опера театры Пекин ұлттық опера театрымен бірлесіп «Турандот» операсы арқылы көпшілік назарына еуразиялық аймаққа тікелей қатысы бар тарихи кезеңді паш етпек», —деді сала басшысы.

Әлем жұлдыздары қатысатын «Voice of Astana» халықаралық эстрадалық ән фестивалі де осы айтулы мерекенің көркін аша түспек. Сонымен қатар Ұлыбритания, Испания, Италия, Ресей, Франция елдерінен келген өнерпаздардың қатысумен ІІ бүкіләлемдік театр фестивалі, XIV «Еуразия» халықаралық кинофестивалі, халықаралық хор, би, суретшілер, балалар фестивальдері өтеді.

А. Мұхамедиұлы әйгілі ұжымдар арнайы демеушілер қаражаты есебінен шақырылатынын жеткізді.

«Олар — Нью-Йорк балеті, Вашингтон симфониялық оркестрі т.с.с. Бұл шараларды өткізу кезінде біз бірінші кезекте, Экспо көрмесін ұйымдастырудағы тәжірибемізге сүйенетін боламыз», — деп нақтылады министр.

Елорданың елеулі мерекесі аясында Канн халықаралық фестивалінде қазақ киносы күні өтіп, әлем жұртшылығының назарына ұлттық өнер жақұттары ұсынылады. «Денис Тен мен оның достары» шоуы мен «Әлем барысы» турниріне де оза шапқан әлем дүлдүлдері қатысады деп күтілуде.

Шара аясында түрлі көрмелер де көрермендер көзайымына айналады. Оның ішінде Британ мұражайы қоры, Франция ұлттық мұражайлары, Третьяков галереясы өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылады.  Ал өнерсүйер қауым республикалық драма театрларының фестивалін тамашалай алады.

Мәдениет және спорт министрі Астананың 20 жылдығы аясында барлығы 80-нен астам ірі шара ұйымдастыру жоспарланып отырғанын атап өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *