1,3 мың елді мекенге жоғары жылдамдықты интернет тартылады — Дәурен Абаев

280

2020 жылға қарай ауылды жерлерде 20 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілері орнатылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.

«Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ең маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігімен саладағы өндірісте және қайта өңдеу үдерістерінде көптеген ІТ-шешімдер ұсынылды. Бұл шешімдер іске асқан жағдайда бизнеске жол ашылады, еңбек өнімділігі артады, ұсақ фермерлік шаруашылықтар ірі агроқұрылымдарға дейін өсетін болады. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылға жоспарлап отырған шаралары арқылы агроөнеркәсіп кешендерінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен ашықтағына қол жеткіземіз. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламамен анықталған негізгі бағыттардың орындалуын тездетуге мүмкіндік болады», — деп тоқталды Дәурен Абаев.

Министрдің атап өтуінше, Мемлекеттік бағдарлама аясында өнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беретін шараның бірі — ауылды елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясының көмегімен кең жолақты интернетпен қатамасыз ету жобасы.

«2020 жылға қарай 20 мыңға жуық шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнатып, 1249 елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қатамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бүгінгі таңда «ЭКСПО-2017» көремесінің бір нысанында IT- стартап халықаралық технопаркін ашу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жоба өнеркәсіп кешендерінде арнайы ІТ-шешімдерді шығаруға мүмкіндік береді», — деп нақтылады ведомство басшысы.

Агроөнеркәсіп саласына ақпараттық-технологияларды енгізуді жылдамдату аса маңызды іс екеніне тоқталған Д. Абаев, «Бұл бағытта оң қадамның бірі — ауыл шаруашылығы мамандарын цифрлық технологияларға жаппай оқыту болып отыр. Қазіргі кезде базалық-цифрлық бағыт бойынша оқыту әдістемесін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешендерін цифрландырудағы жобаларды іске асыруда Ауыл шаруашылығы министрлігі жанында цифрландыру кеңсесі жұмыс істейді», — деді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *