ТАҒЫЛЫМДЫ ТАЛҚЫЛАУ

535

Аманкелді МҰҚАН,
өнертану кандидаты

Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың бұл күнделігінде музыкатанушылар мен театртану мамандары үшін де, өнерді қадірлейтін жалпы жұртшылық үшін де аса құнды мәліметтер бар. Осында баяндалған талқылау Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 1958 жылғы 12-23 желтоқсан аралығында Мәскеу қаласында өткен декадаға апаратын опера спектакльдерін сараптан өткізіп, көркемдік кеңеске тапсыру кезеңінен хабардар етеді. Автор әр кеңес мүшесінің декадалық спектакль жайлы айтқан ойларын жан-жақты қамтып, нақтылап беруге тырысқан.
Алдымен талқыланған «Дударай» операсы – алғаш рет 1953 жылы 30 мамырда театр сахнасында тұсауы кесілген, композитор Е.Г.Брусиловскийдің шығармашылығында маңызды орын алатын, тақырыбы, стилі, өзіндік қолтаңбасы айқын көрінген опералардың бірі. Бұл қойылымды екінші декадада өзекті тақырып – қазақ-орыс достығын жырлайтын шығарма ретінде көрсету ұсынылады. Кеңес мүшелерінің айтқан ойларынан операның драматургиялық олқылықтары жайлы қатал пікірлердің басым болғанын анық көреміз. Музыка мамандары мен театр басшылығының сыни пікірлерінде либреттоны жөндеу, қайта қарау керектігі жайлы тиімді ұсыныстар айтылғанымен, автор кезекті редакциялау жұмысын жасауға келіспейді. Репертуарда бес жылдай жүріп жатқан опера спектаклінің декадаға арнайы дайындалмағаны, көркемдік сапасына байланысты сын пікірлердің басым болуы себепті, көпшілік дауыспен Мәскеуде көрсетуге дайын емес деген шешім шығарылады.
1958 жылы 26 мамырда өткен осы талқылауға қатысқан қазақ өнері мен мәдениетінің көпке танымал­ тұл­ғаларымен бірге кеңестің отырысында пікір айтқан кейбір мамандар мен орындаушылар туралы мәлімет бере кетейік:
1) М.О.Әуезовтің «Дударай» операсы жайлы пікірінде аты аталған опера әншісі Епонешникова Эра Ивановна (1927-1977) – Қазақ КСР халық артисі, талантты әнші-актриса. 1952 жылы Алматы консерваториясын жеке әнші мамандығы бойынша бітірген. Театр репертуарындағы меццо-сопрано дауысына келетін көптеген басты партияларда өнер көрсеткен. Қазақ тілін жақсы меңгергенінің арқасында театрдың қазақ-орыс труппасының репертуарындағы партияларды еркін орындады.
2) Сулимов Мар Владимирович (1913-1993) – Қазақстанның халық артисі,театр режиссері, суретші, педагог.Комиссаржевский атындағы Ленинград драма театрының көркемдік жетекшісі, ЛГИТМиК профессоры. 1957-1959 және 1969-1974 жылдары Алматы қаласында тұрған. М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жағын басқарған. 
3) Дұғашев Ғазиз Ниязұлы (1917-2008) – Қазақ КСР халық артисі, дирижер, педагог. Музыкалық білімі алуды және дирижерлік қызметін Алматыда бастаған. Біраз жылдар бойы Мәскеудің Үлкен театрында дирижерлік еткен. КСРО Мәдениет министрлігі тарапынан 1957-58 жылдары қазақ өнері мен мәдениетінің екінші декадасын дайындау үшін Алматыға арнайы іссапармен жіберіліп, белсенді жұмыс істеген. 
4) Гольдблат Моисей Исаакович (1896-1974) – Қазақ КСР халық артисі, белгілі режиссер, актер. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан 60-жылдарға дейін қазақ театр өнерімен тығыз шығармашылық байланыста еңбек етті. 1951-1959 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының (қазіргі М.О.Әуезов атындағы театр) көркемдік жетекшісі және осы кезеңде М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының қоюшы режиссері қызметін атқарды.
5) Жұмин Райхан Жұмаұлы (1905- …) – Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Өткен ғасырдың 30-60 жылдары республиканың мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан, ірі өнер ұжымдарында басшылық қызмет атқарған. Абай атындағы ҚМАОБТ директоры қызметіне екі рет (1947, 1961) тағайындалған.
6) Кеңес мүшесі М.Гольдблат­тың «Абай» операсы туралы пікірінде аты аталған Османов Тұрғыт Садуақасұлы (1927-1987) – Қазақ КСР халық артисі. 1957 жылы Мәскеу консерваториясының опера-симфония дирижері класын бітіріп, опера театрына жұмысқа қабылданған. 1974 жылдан бастап театрдың бас дирижері қызметін атқарды. Репертуардағы «Абай», «Біржан-Сара», «Еңлік-Кебек», т.б. көптеген опералардың музыкалық жағына жетекшілік еткен талантты дирижер.
7) Чернышева Лидия Демьяновна (1912-1975) – КСРО және Қазақ КСР халық артисі, хореограф биші. 1955-1970 жылдары аралығында Қазақстанда жұмыс істеді. Ұлттық музыка, ән мен би өнерін тоғыстырып, қазақ мәдениетін кең насихаттаған өнер ұжымы – Қазақ мемлекеттік ән-би ансамблін (бүгінде «Салта­нат» мемлекеттік би ансамблі) ұйым­дас­тырып, көркемдік жетекшісі болды.
Е.Брусиловский өз операсы жайлы айтқан: «Иван Сусанин», Барон Розен… 3 актіден кейін «Дударай» допқа айналды» деген пікірінде ойын толық тарқата алмаған секілді. Композитор жан-жақтан жауған сыни пікірлер мен ұсыныстардан кейін либреттоны өзгерту алғашқы авторлық ойды түбегейлі басқа арнаға бұратынын жақсы түсінген.Операға үшінші редакция жасалған. Бұдан әрі редакциялауды басы артық деп тапқан композитордың ұстанымы анық. Бірнеше рет жөнделген дүниені қайтадан қопсытқанша, жаңа опера жазу анағұрлым жеңіл шаруа деп, шығарманы қайта қараудан бас тартады. Осы жерде композитор М.Глинканың орыстың алғашқы ұлттық операсы – «Иван Сусанинді» жазу барысында кездескен кейбір келеңсіздіктерін мысалға келтірген.Заманының Н.Кукольник, В.Соллогуб, В.Жуковский секілді белгілі қаламгер тұлғалары М.Глинканың алғашқы салмақты операсының либреттосын жазуға келіскенімен, алдын-ала жазылып дайындалған музыканың әр алуан характері мен ырғағына сәйкес сөз ұйқастарын құрау, ырғақтық ерекшеліктеріне сай диалогтарды беру кезінде қиындықтарға тап болып, алғашқы шешімдерінен бас тартуға дейін барады. Осы жерде «әмбебап» шығармашылық қырларымен танылған Барон Розеннің жұлдызы жанады. Е.Брусиловский Барон Розен мен«Иван Сусанин» жайлы айтқанда, дайын өлең жолдарын суырып бере білген шығарманың авторлық ой-идея мен көркемдік сапаны сақтауға сеп болмайтынын назарда ұстаған болса керек.Ал талқылау кезіндегі көп сынға сай өзгерту жасалар болса, «Дударай» операсы да ­бас-аяғы шашыраңқы, көркемдік тұтастығынан ажыраған «допқа» айналатынын меңзеген. 
Күнделіктегі З.Қабдоловтың екінші операның мән-жайынан хабардар ететін жазбасы А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» туындысына (либреттосы М.Әуезовтікі) қатысты. Бұл опера 1944 жылдан бері сахнада қойылып келе жатқан болатын.
С.Мұқанов «Спектакльдің аяғы «Б.С.» жоқтауын қайталайды» дегенде, декадаға екі операның бірі болып баратын М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының финалындағы Аналықтың жоқтау сахнасы «Абай­дағы» Ажардың жоқтауымен ұқсастығын айтып отыр.
М.Төлебаевтың сөзіндегі «Абай, айтыс» ұғымдары арқылы 2 актідегі билер соты сахнасына мән беріледі. Ш.Аймановтың «бірінші актідегі қашу-қуу» дегені Ажар мен Айдардың елден қашуына және қуғыншы Жиренше тобының ұстап алатын бірінші суреттегі сахнасына қатысты. Сонымен қатар ол Абайдың үйінде өтетін 2-суреттегі сахна туралы сөз қозғаған. Енді бірді-екілі музыкалық термин­дерге тоқтала кетсек: Е.Брусиловскийдің пікірінде «Кастаньетта (оркестрдегі) керексіз» деген сөз бар. Дұрысы – Кастаньет (каштан ағашынан ортасын қуыстап ойып жасалатын, музыка мен ән орындаушы өзіне сүйемел жасайтын ұрмалы музыкалық аспап. «Кармен» операсында Кармен өзінің танымал «Хабанерасын» осы кастаньет аспабының сүйемелі арқылы орындайды. Испан, итальян, Латын Америкасы музыкасының ұлттық бояуын беру үшін оркестрге қосады. Бұл аспаптың бояуы қазақ музыкасында орынсыз болатындығын меңзеген секілді.
Л.Чернышеваның: «Би нашар екені рас. Дивертисмент» деген пікірінде 3-актідегі той сахнасындағы мерекелік билердің көркемдік тұтастығы жоқ жеке-жеке би номерлерден түзілгендігі айтылған.
Пургон («фургон») – көрсететін спектакльге керек-жарағын салып алатын үсті жабық арба – ортағасырлық көшпелі театрдың негізгі көлігі. 
Жалпы алғанда, бұл күнделіктегі деректер екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі қазақ мәдениетінің қол жеткізген табыстарын Мәскеу жұршылығына таныстыруға арналған саяси мәні бар жауапты ірі іс-шараның мәнін ашады. Сондықтан ұлттық өнердің негізін қалаған осындай майталмандардың қызу жұмыс сәтін қағаз бетіне түсірген Зейнолла Қабдоловтың бұл жазбасын үлкен олжа, таптырмас дереккөзі деп бағалаймыз. Бұдан алпыс жыл бұрын жазылған осы шағын күнделік – өнертанушылар мен мәдениеттанушылар үшін әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған дүние.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *