Қазіргі беташар дәстүрі қандай?

Қазақ қашанда той десе, ішкен асын жерге қойған  қонақжай, тойшыл  халық. Халқымыздың тойға байланысты жөн-жоралғылары мен салт-дәстүрлері көп және осы күнге дейін жалғасып келе жатқандығы қуантады. Солардың бірі – беташар.  Беташар келін түскен отауда  жасалатын дәстүр. Келінді қайынжұртына көрсетіп, күйеуінің отбасымен, туыстарымен таныстырып, сәлем салғызу. Қазір әр қазақ отбасы той жасарда мұқият дайындалып, тіпті несие алса да, ұл-қызын ешкімнен кем қылмай  үйлендріп, ұзатуға тырысады.  Дәстүр бойынша халқымыз  келіннің бетін ер адамдарға, ақындарға, суырып-салма жырауларға ашқызған.  Ертеде келіннің беташарына қайынжұрты, көрші-қолаң ғана қатысқан және беташарды көп ұзатпай, сол күні өткізуге тырысқан. Өйткені келіннің беті ашылмай, оның үлкендер алдына шығуына тыйым салынған.  Ал қазір ше?.. Бәріміз тойларда беташар рәсімінің куәсі болып жүрміз. Бүгінде беташар дәстүрі көбінесе келін жаңа отауға оң аяғымен аттаған күні емес, той болатын күні мейрамханада жасалады.  Мейрамханада келіннің қайынжұртымен қоса, оның әке-шешесі, өз туыстары да жиналады.  Келінді көпшіліктің ортасына ақ жаулық жаппастан  алып шығып, бетіндегі фатасын аша салады. Жақында сондай бір тойдың құрметті қонағы болып, беташар рәсімін көрдік. Асаба беташарын айтып, соңында ақ келіннің бетін өз енесіне ашқызды. Қазақтың көп тойларында келіннің бетін енесіне аштыру сәнге айналған екен.  Басқаларға қайдам, бірақ бізге  ерсі көрінді.  Ал кейбір отбасылар беташарды бір ай емес, бір жылдан кейін өткізіп жүр. Тіпті өмірге сәби келгеннен кейін беташар жасаған отбасыларды білеміз. Бірнеше мәрте табалдырық аттаған келіннің беташарын көргенде, тіптен таң қалдық.  Кейбіреулер тағдырдың жазуына шара жоқ, екінші рет бағы ашылсын деп топшылайтын шығар. Бірақ беташар дәстүрін екінші рет келін атанған кезде жасау – ерсілік. Осындай «әттегенайларды» қазақтың көп тойларынан байқап жүрміз. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырғалы отырған әке-шешелер осындай кемшіліктерге жол бермесе екен, салт-дәстүрлерімізді ардақтаса екен деген тілек бар.  Әр отбасы – жеке мемлекет. Оның «саясатына» араласуға ешкімнің хақысы жоқ та шығар. Дегенмен халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін құрметтеп, «қаймағын бұзбау» өз қолымызда.  Той жасамастан бұрын, той иелері әулеттің үлкендерінен, немесе жөн білетін адамдардан ақыл-кеңес сұрап, дарақылыққа жол берілмесе, осындай жаға ұстататын жағдайлар болмайтын еді.  Қазақтың тойы бітпесін!




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *