Ақын кітабы оқырманға жол тартты

555

Жуырда «Айғаным» баспасынан белгілі ақын Жарас Сәрсектің «Жан – арымның жарығы» атты жыр жинағы оқырманға жол тартты. Жыр кітабында ақынның әр жылдары жазылған өлеңдері топтастырылған. Сыршыл қаламгер қай шығармасында да оқырманымен ашық сырласып, жан дүниесін тебіренткен ой-толғамдарымен бөліседі. Заман мен қоғам, адамгершілік пен азаматтық, уақыт тынысы мен кісілік келбеті, жаһандану, ауыл тағдыры, ұрпақтар сабақтастығы, рух пен мінез тәрізді тақырыптар ақын туындыларына арқау болған.

«Кардиограмма», «Байтағым – бағым», «Ертегіден келген қыз», «Ұмытпаңдар мені» бөлімдеріне енген өлеңдері өзінің шынайылығымен, табиғилығымен, жүрек қылын шертетін лирикалық толғаныстарымен баурайды. Көңілпернесін дөп басып, жыр тілімен әдемі өрнектеп, кестелейді.

«Жан әлемі» атты бесінші бөлімде қаламгердің әдеби өмір төңірегіндегі ойлары ұсынылып отыр. Мұнда автор әдеби өмір құбылыстары, өлең мен сөз өнерінің қадір-қасиеті туралы оқырманымен емін-еркін сырласады. Пайым пен парасатқа толы көзқарастарын әсерлі жеткізеді. Әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған сұхбаттары да руханият пен әдебиет төңірегінде ойларымен өріле отырып, ақынның жеке шығармашылығы жайынан да көптеген мағлұматтар береді.

Поэзия кітабы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көріп отыр.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *