Ауыз әдебиеті – халық қазынасы

1152

Туыстас түркі халықтарының ішінде, әсіресе қазақтар мен қырғыздардың тарихи тағдырында тонның ішкі бауын­дай болып кеткен тұстар көп. Бұл екі халықтың туысқандығы, көршілес отырғандығы ғана емес, ұлттық мақсат-мүдделерінің ортақ болуына байланысты рухани өмірлері де екі ел мәдениетінің басты ерекшеліктерінің бірі болып қалыптасқан. Осыған орай ғасырлар бойы олардың мәдениетіндегі жетекші орынды иеленген фольклорында да ортақ типологиялық нышандар жеткілікті. Әсіресе қазақ-қырғыз фольклорында ортақ сюжеттер көп. Алайда «ортақ тұстар» фольклор атаулының басты қасиетінің бірі болғандықтан, ол сипатты көрсетуде неліктен бірлі-екілі халықтың шығармашылығымен шектелу қажет деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Бірақ мұндағы мәселенің жөні бөлек. Өйткені қазақ-қырғыз фольклорындағы типологияның мәдени алмасулардың нәтижесінде көбірек қалыптасқаны аңғарылады. 

Фольклортанушылар тарихи, генетикалық және мәдени деп жіктейтін типология түрлерінің соңғысының пайда болуының тарихи негіздері айқынырақ болады. Сондықтан қазақтар мен қырғыздардың халық шығармаларындағы ортақ тұстардың алмасу мерзімі мен себептерін нақтырақ көрсетудің мүмкіндіктері мол. Бұл, әсіресе сюжет мәселесінде айқынырақ көрінеді.
Қос халықтың эпикалық мұрасында ортақ сюжеттердің дені шығармашылық алмасулардың нәтижесі екенін айқындау көп қиындық туғызбайды. Фольклорлық алмасулардың нәтижесіне үңілер болсақ, сан алуан фольклорлық пішіндердің қазақтардан қырғыздарға көбірек ауыс­қандығы аңғарылады. Оның өзіндік се­бептері де жоқ емес. Біздіңше, оның бір­неше себептері бар. Біріншіден, бұл қа­зақтардың қырғыздарға қарағанда ислам дінін ертерек қабылдауымен байланысты. Исламды қабылдаған соң түркілердің мәдениеті қайта өңделді. Осы өңделу үдерісінің хронологиялық ретімен мәдени алмасу бағыты да сәйкесіп отырған. Қазақ ұлтының негізін қалаған ру-тайпалардың көпшілігі ислам мәдениетін ертерек қабылдаған Сыр бойындағы қалалармен байланысты болды да, ал қырғыздардың исламнан шалғай Енесей бойынан қазіргі Алатау маңына қоныс аударғаны белгілі. Екіншіден, көптеген тарихи ахуалды қазақтар қырғыздан бұрынырақ бастан кешірді. Мәселен, отаршылдық езгінің тақсіретін қырғыздардан бұрынырақ татты. Қырғыздар өз бастарына түсер нәубетті қазақтардың кешіп отырған күйінен алдын ала білді. Бұның жарқын мысалын қос халық поэзиясындағы зар заман сарынының ерекшелігінен-ақ байқауға болады. Осы мәселені зерттеген ғалым Б.Омаров «Қазақ-қырғыз қасіретнамасы» атты еңбегінде: «Қырғыз ақындарына тән бірінші ерекшелік, олардың жырларында қазақ ағайындарының жер-су атаулары, екі елдің ұқсас әдет-ғұрыптары жиі аталады. Олардың заман зарын айтқан өлеңдерінің ортақ түйіні қырғыз-қазақ қор болдыға саяды. Көршілестігі де, еншілестігі де бір елдің бірлігі мен татулығын, заман тауқыметін бірдей көргендігін ашына жырға қосқан солар. Ал қазақтың зар ­заман ақындарында ол жоқ» дейді. Бұдан қырғыз ақындарының назары қазақ тағдырына көп ауғандығын көреміз. Үшіншіден, қырғыз халқында эпикалық дәстүрдің басым бөлігін «Манас» жыры алды десек болады. Олар манасшылдыққа көбірек ден қойды. Сондықтан кейінгі ғасырларда шағын жырларды жырлаушы қырғыз жыршыларының қазақ фольклорынан үйренгені көп болды. Міне, осындай жағдайларға байланысты, қазақтардан қырғыздарға сюжеттер мен шығармалар басымырақ алмасты. Қазақ фольклорының қырғыздарға әсер ету үдерісін екі кезеңге бөліп қарауға болады. Оның алғашқысы – екі халықтың бір хандық құрамында болған ХV-ХVІ ғасырлар болса, екіншісі – екі ел арасында бейбіт қатынас орнап, мәдени байланыстар күшейетін ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі.
Қазақ фольклорынан қырғыздарға ауысу үдерісінің алғашқы кезеңінде барған эпикалық пішін түрлері көбірек «Манас» эпопеясының құрамына еніп, оның мазмұнын байытты. Қырғыздың әйгілі «Манасындағы» қазақ эпикалық дәстүріндегі жырлардың кейіпкерлері, сюжеттері осыны көрсетеді. Атап айтсақ, мұндағы Ер Қосай, Алманбет, Жаңбыршы, т.б. ноғай батырларының қазақ фольклорынан ауысып барғандығын көптеген зерттеушілер күмәнсіз мақұлдайды. В.М.Жирмунский «Түркі қаһармандық эпосы» еңбегінде Тахир және Хақназар хан тұстарында қырғыз бен қазақ тығыз қарым-қатынаста болып, біртұтас елге айналғандығын, бірақ 1580 жылы Хақназар дүниеден өткеннен кейін бұл байланыс үзілгендігін айта отырып, осы кезең аралығында қазақ-ноғай эпосында кездесетін тарихи тұлғалардың «Манас» жырында да көрініс тапқанына ден қояды. В.М.Жирмунский Ш.Уәлихановтың: «Манастағы» Ер Көкше – қазақтың ханы, Айдар ханның ұлы және жекпе-жекте Манастан жеңілген Қамбар ханның ұрпағы. Қазақ эпосындағы Ер Көкше Қамбар ханның ұлы, ол қарақыпшақ Қобыландымен соғыста өледі» деген пікірін негізге ала отырып, «Манас» жырындағы қазақ пен қырғызға ортақ кейіпкерлерге тоқталады. Қазақ эпосындағы Ер Қосай мен «Манастағы» басты кейіпкерлердің бірі Кошай есімдерінің ұқсастығының жайдан-жай еместігіне көңіл бөледі. Сонымен қатар ғалым Манастың жарының есімі Қаныкей екеніне зер салып, бұл аттың қазақ жырларында бас қаһарман олжалап алатын жау елдің ханының қыздарына тиесілі болып келетінін көрсетеді. Сөйтіп, қазақ-ноғай эпосы қаһармандарының тарихилығына үңіліп, олардың «Манас» жырынан орын алуына екі халықтың көршілестігі әрі рухани байланыстылығы себеп болғанын баса көрсетеді.
Қазақ ғалымдары да бұл мәселеге әрдайым көңіл бөліп отырған. «Манастағы» қазақ тақырыбын зерттеген академик Рахманқұл Бердібай «Эпос мұраты» атты еңбегінде: «Манас» эпосында осы секілді тайпалардың екінің бірінде-ақ тізбектеліп айтылып отыратыны кездейсоқ болмауға тиіс. Ол ерте кезде түркі руларының дербес күн кешіп, бір-бірімен қанаттас жатқан кезінің елесі тәрізді әсер қалдырады. Мұны кейінгі жыршылар әдейі қосқан дегенге көңіл иланбайды» дей келе, жырда қазақ руларымен бірге көне ру-тайталардың да аттары аталатынын айтады.
Майкөт пен Жамбылдың таратқан жырлары негізінен бір жыршылық мектептің, яғни Оңтүстік Қазақстан мектебінің жырлары. Майкөт – сол кездегі оңтүстікте айтылған жырлардың бәріне жуық дерлігін білген ақын. Өкініштісі, оның көптеген жырлары жетпей қалды. Мұнымен қоса, Майкөттің ұлы Арқабай да қырғыздар арасында көп жүріп, әкесі жырлаған жырларды қырғыз арасына ол да жеткізген. Ал Жамбыл оңтүстікке жас шағында сапар шегіп, оңтүстіктің ірі жыршылары Құлыншақтан қазақтың төл эпикалық дәстүрлерін, Майлықожадан шығыстық сарындағы жырларды үйренген.
Бұл – Құлыншақ, Майлықожалардың шығармашылығының әбден кемеліне келген шағы. Осыдан кейін Жамбыл олардан үйренген жырларын ұзақ уақыт айтпай кеткен. Өйткені 1922 жылы Жетісу облысындағы Қосшы одағының съезіне қатысқан он тоғыз ақынның репер­туарына, өміріне қатысты тілші-ғалым Шамғали Сарыбаев жариялаған деректе Жамбыл жырлаған жырлардың тізімінде «Шора батыр» да, «Қыз Жібек» те жоқ. Бірақ «Көрұғлы» бар (Сарыбаев. Ш. Қазақ әдебиеті, оны жинау жолдары // Тәрбие, білім, әдебиет жайындағы материалдардан терме. Ташкент, 1925. 19 б.). Жамбыл репертуарынан бұл кезде «Шора батыр» мен «Қыз Жібектің» шығып қалуының басты себебі жергілікті халық сұранысына байланысты деп білеміз. «Сүйікті жырды тыңдау дегеннің де себептері болады. Халық әдетте өздерінің құлағына канықты, белгілі дәрежеде елдің өткен тіршілігіне, тарихына, шежіресіне азды-көпті қатысы бар әңгімелерді көбірек қалайды» дейді Р.Бердібай бұл зандылық жөнінде. Ал Жамбыл өмір сүрген Жетісу өңірінде халық сұранысы қаһармаңдық эпосқа емес, тарихи жырларға көбірек болғандығын фольклор зерттеушілері талайдан бері айтып келеді. Тіпті өзінің қызықты сюжетімен Қазақстанның барлық өңіріне кең тараған «Көрұғлыньң» өзін Жамбыл аз айтқан көрінеді. Бұл эпосты сирек орындау себебін Қазақстандағы жыршылық мектептерді зерттеген А.Бұлдыбаев ақынның жергілікті халық тілегі бойынша «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты тарихи жырларды көп айтқандығынан деп түсіндіреді. 1922 жылдардың өзінде ұмыта бастаған жырларды кейінгі саяси науқандар кезінде Жамбылдың тіптен айтпайтындығы өзінен-өзі түсінікті.
Осы секілді себептермен қырғыздар арасында көп қазақ жырлары айтылған. Оның қатарында айрықша бөліп айтатын «Шора батыр», «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек», «Қыз Дариха» секілді жырлар. Осының ішіндегі кеңінен тараған – «Шора батыр» жыры. «Шора батырдың» қырғыздардан жазып алынған екі нұсқасы Қырғыз Ұлттық Академиясының қолжазба қорында сақтаулы. Оның бірін Сырдыбаев Тұрсалыдан Ботаяров Қамбаралы деген кісі жазып алған. Көлемді 5200 жол шамасында. Екінші қолжазба да 1970 жылы қағазға түскен. Қағазға түсірген жырлау­шы Сооронбек Чойбеков. Сырдыбаев Тұрсалы нұсқасы бұрынғы нұсқалардан өзгешелігі бар. Бұл екі нұсқа кейіннен қырғыз фольклорының «Ел әдебиеті» деген көптомдығының 11 томына енген.
«Шора батырдың» қырғызша нұсқасының біреуі «Нәрікбай» деп аталады. Нәрікбай деп аталатын себебі, мұнда Шораның ерліктерінен гөрі Нәрікбай жөніндегі баяндаулар көбірек айтылған. Негізінен алғанда, бұл туындыларды Майкөт жырлаған нұсқадан ­бастау алғаны көрініп тұрады. Өйткені Майкөттің жырлауынан Ә.Диваев жазып алған үлгі жартысынан астамы ғана жазылған. Шора батырдың Қазанға барғаннан кейінгі ерліктері жөнінде негізгі бөлім жазылып алынбай қалған. Себебі я уақыт тапшылығы, я басқа жағдай, ол жағы бізге белгісіз. Ә.Диваевтардың ықпалымен нақты қағазға кім түсіргені белгісіз осы қолжазба кейіннен жыршылардан жаттап алып «Шора батыр» жырын халықтың арасына таратуына негіз болған деп ойлаймыз. Сондықтан негізгі бөлігі Нәрік туралы болғандықтан, бұл жырлардың көбі кейіннен «Нәрік» деген ат алып кеткен болса керек. Қырғыздарда да бұл жырлардың «Нәрікхан», «Нәрікбай» деп аталу себебі осы Майкөт нұсқасының ықпалынан бастау алуы тиіс. Бірі – Майкөт ақын арқылы болса, екіншісі – оның ұлы Арқабай арқылы келген секілді.
Қырғыздар арасына қазақтардан барған деп кәміл айтуға болатын тағы бір жыр – «Мұңлық-Зарлық». Бұл туынды өзінің шығу дәуірі жөнінен көне бол­ға­нымен, оның таралу ауқымы кең емес. Оның да өзіндік себептері бар. Бірақ ол басқа бір тақырыптың өзегі, сондықтан біз оған бұл жерде тоқталмаймыз. «Мұңлық-Зарлық» жыры қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтары арасында сақталған. Қазақтар арасында таралған нұсқа әуел баста Жүсіпбек Шайхисламұлының Қазан қаласында 1896-1916 жылдар аралығында бірнеше рет кітап етіп шығарған жарияланымынан бастау алған. Қырғыздарға қазақ нұсқасының ықпал еткендігін Кәрам жырау айтқан қарақалпақ және қазақ нұсқаларын салыстыру арқылы көз жет­кізуге болады. Қарақалпақтардың нұсқа­­сында кейіннен енгізілген деуге тұрарлық көптеген тың эпизодтар, сарындар бар.
Қос ел фольклорындағы сюжеттік алмасу тек бір бағытта, яғни қазақтардан қыр­ғыздарға қарай жүріп отырды десек, қателескен болар едік. Бұған кері үдеріс те жүре бастады. Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңдерінде «Манастың» ­жекелеген тарау­ларын қазақ ақындары да айта бастаған болатын. Бұның мысалы ретінде Кенен Әзірбаев­тың «Төкетай мен Мәнікерін» айт­сақ та жеткілікті. Алайда бұл үдеріс жазу мә­де­­ниетінің кең өрістеуімен, ғылым-білімнің дауымен байланысты, жал­пы фоль­клорлық заңдылықтарға сай тоқырады.
Қазақ-қырғыз фольклорындағы ортақ сюжеттердің басым бөлігі тарихи-мәдени типологияның жемісі деп қарауға тұрарлық. Ол екі халықтың арасындағы әрі туыстық, әрі көршілестік, әрі тарихи тағдырластықтың себебінен, өзге туыстас елдермен салыстырғанда, анағұрлым айқынырақ көрінді.

Болат ҚОРҒАНБЕКОВ, 
Л.Н.Гумилев атындағы 
Еуразия ұлттық университеті
қазақ әдебиеті кафедрасының 
профессоры, филология 
ғылымының кандидаты




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *