Сартай батыр және «Мың бала»

919

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ­2017 жылы 20 сәуірде Қазақстандағы белгілі қаламгерлермен кездесуінде айтқанындай «Ең бастысы – қазақтың ауыз бірлігін сақтау». Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып, осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп тағзым етеміз. 
Осы мақалада қолбасшы, батыр әрі би, бір ғасырлық өмірін дерлік Қазақ мемлекетінің тұтастығына және ұлтының дамуы мен тәуелсіздігі үшін күреске арнаған Сартай Байжанұлының «елін бөлген – ер оңбайды, жерін бөлген – ел оңбайды» деп, қиын-қыстау кезде ұран салып, 15 жасында қазақ жастарының басын біріктіріп әскер жасақтап, басқыншыларға қарсы аттану тарихы сөз болады.
Кешегі бір күндері ұмытылып қалған, бірақ «Қазақфильм» киностудиясы оның есімі мен ерлігін жаңғыртқан батыр Сартай Байжанұлы «Жаужүрек мың бала» кино бейнесі арқылы біздің арамызға қайтып оралды десекте болады. Кейбір азаматтардың айтулары бойынша бұл фильмде тарихты бұрмалап, Сартай батырды 15 жасында жау қолында қаза қылды, оның ата-тегі, туған жері, т.б. туралы деректер дұрыс айтылып көрсетілмеді делінген еді. Иә, расында да осы әңгімелер ақиқат болғанымен, аталған фильм баршамыздың патриоттық сезімімізді оятып, ұлтымызға адал болып, елімізді шын сүюге шақырғаны белгілі.

Ал бұдан кейінде Сартай батырымыз туралы нақты тарихи деректерді зерттеп, оны ел игілігіне жарату қоғамымыздың басты міндеті болып қала бермек. Елге танымал тұлға­лардың, батырлардың – ең бірінші бізге шығу тегі емес, ең бастысы олардың Отанына, ұлтына жасаған еңбегі, ерлігі мен қызметі, олардың болашақ ұрпаққа қалдырған ізгі істері мен аталы сөздері маңыздырақ болуы қажет.
«Барша қазақтың әр қимылы мен іс әрекетінде – ел сүйгіштіктің айқын белгісі болмаса – Отанымызды үлкен қатер күтіп тұр» деп, Сартай атамыз осыдан III ғасыр бұрын бекерден бекер айтып кетпеген еді.
Өткен XVI ғасырда ұлт кемең­герлері бас­тамасымен Кіші жүз аумағында Әлімұлы, Байұлы, Жетіру үш тайпа одақтасқан Алшын одағы құрылды. Олардан Әлімұлы бұрыннан ата-бабалардан иеленіп келе жатқан Батыс Қазақстанның шығыс бөлігі, яғни Ырғыз, Торғай өзендері мен Шалқар көлі маңын, Кіші және Ұлы Борсық құмдары, Қарақұм, Сырдария өзенінің төменгі ағысының жағын иемденсе, Жетіру тайпасы Жайықтың ортаңғы ағысы, Қобда, Елек, Ор өзендері, Мұғалжар таулары бойларын, ал Байұлы Жайық өзенінің төменгі ағысы, Ембі, Сам құмдары, Маңғыстау түбегін жайлаған еді.
XVIII ғасырда Каспий теңізінен Алтайға дейін жайылған Қазақ даласында ұлтымыз үшін қиын-қыстау сынақ жылдары болып, ел басына «ел болу, не табанға түсіп күл болу» күні туды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан Ресей, Сібір мен Жайық казактары, Еділ қалмақтары, башқұрттар, шығыстан жоңғарлардың, алпауыт Қытай мемлекетінің, оңтүстіктен түркмендер, Орта Азиядағы Хиуа, Қоқан, Бұхара хандықтарының әскери басқыншылық және саяси қысым жасау әрекеттері күшейе түсті.
Қазақ халқына өздері туып-өскен кең-байтақ даланың әр сүйем жерін қорғап қалу жолында күреске шығуына тура келді. Сондықтан қару-жарағын шебер қолдана білетін, елді жұмылдыруға қабілетті адамдарға деген құрмет жоғары болды. Кез келген қазақ азаматы көне Сақтар мен Түркі жауынгері атағына сай, жас­тайынан ат құлағында ойнап, еліне қауіп төнгенде, бес қаруын асынып атқа қонуды басты парызым деп санайтын.
Сол кездегі қазағымыздың ру-руға бөліне, жүздік қатынасты ұлт мүддесінен жоғары қоюы салдарынан, ел арасында ынтымақ болмай, алауыздық етек алып, билік құрылымдары жолындағы ішкі саяси күрес күшейе түскен еді. Бұл соғыстар мен келіспеушіліктерден мықты Қазақ мемлекетінің экономикалық негізі әлсіреп, мемлекет тірегі болған адам шығыны көбейді. Нәтижесінде, қазақ қоғамының дамуындағы келеңсіз оқиғалар мен қайшылықтардың шырқау шегіне жеткен кезеңі Қазақстан тарихына «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен енген 1723-1726 жылдар келіп, халықтың көпшілігі шығыс пен оңтүстіктен батысқа қарай ағылып көшуге мәжбүр болды.
Ең орасаны қазақтардың бастары бірікпеуі салдарынан үш жүздің азаматтарынан құралып, кез келген уақытта әскери дайындықта тұратын тұрақты әскер құрылмады. Заман сұранысына сай зеңбірек, оқ-дәрі қолданып ататын соғыс қаруларын көптеп шығаратын арнайы орындар салынбады.
Осындай жан-жақтан жау анталаған қиын-қыстау кезеңдерде, арғы атасы Ақназар ханның оң қолы болып, Сауранды билеген Қосқұлақ бидің баласы атақты Байжан бидің отбасында тұңғыш сәби дүниеге келді. Бұл оқиға 1711 жылы, Арал теңізі мен Сыр бойындағы Әлімнің Шектісінің жақайымдар жерінде орын алды, баланың аталарына ұқсап сары болуына байланысты азан шақырылып аты «Сартай» қойылған.
Сартай бабамыз шамамен 1818 жыл­­дың қыс айында өмірден озған, бейіті қа­зір­гі Қызылорда облысы Қазалы ауданы­нан 63 шақырым жердегі Қызылқұмдағы оның діни ұстазы Қосымқожамен ­Жалаң­төс батыр ұрпағы Дәулет бақсының жанын­да орын тепкен.
Әкесі Байжан бидің даналығы: егер ұлтым болашағын ойласа, жастарды дүниеге келгеннен отбасын, елін сүйетін, жан жағын сыйлайтын адам қылып тәрбиелеуі қажет. Өйткені болашақта қазақ жерінде өмір сүретін де, оны қорғайтын да осы жастар. «Ер намысы – ел намысы», «Ел үмітін– ер ақтар, ер атағын – ел сақтар» деген сөздер жайдан жай шықпаған деп айтатын.
Байжан би Сартайдың бала кезінен ширақ, буыны қатты, атқа үйір болуына байланысты, оған «Шалқасқа» атты ақ қасқа құлынды атап, шабандоздыққа баулыған. Бұл құлын Сартаймен бірге талай шабыстардан өтіп, жауға шабар атына айналған. Сартай 6 жасқа келгенде әкесі «сен азамат болдың, болашақта елді жаудан қорғайтын нағыз батыр боласың» деген сеніммен, шеберлерге күміспен көмкерілген «ашамай» ер жасатып, қамшы өргізіп берген.
Қазіргі уақытта бұл құнды дүние, яғни «ашамай» ері батырдың ұрпақтары Көкебай, Құлназарлар қолынан өтіп, Орал қаласындағы өлкетану музейінің «Алтын орда» залында көрермендер назарына ұсынылып отыр.
Байжан би Сартайды жастайынан өмірді көрсін, айналасын біліп дербес шешім қабылдап үйренсін, аңғарғыш болсын деп жанынан тастамаған. Сауатын ашсын деген ниетпен сол кездегі білім көзі діни оқуға да оқытқан, ел арасындағы халық мүддесіне қатысты өткізілетін жиындардан қалдырмай ертіп жүріп, ой мен тіл жүйріктігіне баулыған.
Ел азаматтары Сартайдың жастайынан ересек адамдай ақылдылығына, еңбекқор, табандылығына, қарудың барлық түрін еркін қолданып, ат құлағында қас батырдай ойнайтынына таңғалып, бұл баланың болашағы зор болатынына кәміл сенген.
Әкесі Сартайға: «Балам қандай жерде де асып-тасыма, не істесең де ақылмен істе, сонда еш өкінбейсің, өзіңнен де, өзгеден де әділдікті талап ет» деп үйрететін. Ел қадірлісі Байжан би өзінің үзеңгілес досы Бүкірек батырға «Сартайымыздың қасына жас біткенді топтастырып, оларды хас батыр қылып тәрбиелеуді қолға алсақ қалай болады» дегеніне, Шыңғысхан тұқымы Бүкірек батыр «ертең Отанымызды қорғайтын осылар, оларға соғыс өнерін үйретуді өзіме аламын» деген екен.
Сол кезде Бүкірек батыр ел ­балалары Жылқыайдар, Жылқаман, ­Ашабай, Арғынбай, Тайқожа, Елемес, Аман, ­Жарас, Саурық, Қайрақтар сияқты ­бозбалалардан іріктеліп алынған шағын топты ат жаратудан бастап, садақ тарту, қылыш шабу, тау-тастан секіру, бір-бірімен күрес әдістерін қолдана жекпе-жек, топқа қарсы келу айла-әдістерін үйрету барысында, Сартайдың тапқыр, жігерлілігіне, оның қасындағы жастарды ақылмен, әділ басқару қабілетін байқап, «Жаратушым, ол тіл көзден аман болсыншы» деп дұға тілейді екен.
Сартай жас кезінен «туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», «туысы бірдің – уысы бір», «бөлінгенді бөрі жейді» деген ата-баба сөздеріне сүйеніп, ағайындарымен араласу, ел жағдайын білу ниетімен Жайық, Сағыз, Ойыл, Ор, Елек, Жем, Қарабұтақ, Тобыл өзендерін жайлайтын туыстарын аралап, ел ағаларымен ашық жүздесіп өнеге алған. «Нағашы жұртың жақсылығыңа сүйсінеді, жамандығыңа күйінеді» дегендей, Сартайдың нағашылары да тегін адамдар емес екені белгілі. Олар табын руының атақты батыры Бөкенбай мен тама Есет батыр болатын.
Сартай үзеңгілес достарымен сол кездегі ұлтымызға төнген қауіпті, елдің даму жағдайын, бабаларымыздың соғыс тәжірибелерін жетік зерттеп, ұлтын, жерін аман алып қалуы үшін, ең бірінші қазақ арасында татулық, бірлік керектігін, ­жауды толық жеңу үшін шағын топ емес, үш жүздің батырларынан құралып арнайы дайындықтан өткізілген тұрақты әскер жасақтау қажеттігін талқыға салатын.
Байжан би бұрын Тәуке хан тұсында Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің, елдің бетке ұстар азаматтарының қатысуымен өткізілген жиынында арнайы тұрақты әскер жасақтап, әрдайым дайындықта ұстау мәселесінің көпшіліктің қарсы болуына байланысты аяқталмай қалғанын еске түсірген еді.
Сондықтан Байжан би мен Бүкірек батыр және ел арыстары Сартайдың талабын толық қолдап, «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп, үш жүздің басын қосу үшін барша қазақ рулары арасынан, елім-жерім, қазағым деп жанып тұрған, өжет те тапқыр, ақылды да қайратты жастарды іріктеп алып, қол жинап жаттықтыруды жолға қойып оған аянбастан тер төгіп, бірлесе атсалысқан.
Нағыз хас батыр болатын талапты жастарды іріктеп алу көп қиындыққа соқпады. Өйткені Кіші жүз аумағында Алшын жастарымен қатар, соғыс-ашаршылық зардабынан қоныс тепкен, қамқоршыларынан, ел жұртынан айрылған Ұлы және Орта жүздердің, біріктіре жаттықтырсаң тепсе темір үзетін жас балалары аз емес еді. Бұл арнайы іріктеліп алынған балалардың ересек ­жауынгерлерден артықшылығы, олардың басты армандары жыл мезгілдеріндегі отбасы, малбасы тірліктеріне тәуелді болмай, тек «қазақ жерін жауларынан қорғап, Отанын отаршылардан азат ету» болатын.
Байжан би: «Бұл жолғы соғыс ұзақ болады. Балалар хас батырлардан тәжірибе алып, олармен бірге жорықта шынықса, ертеңгі күні әрқайсысы жүзге бергісіз жаужүрек батыр болып шығады» деген екен.
Сартай үнемі жиналған жастарға «Жаман тентек болса ел бұзады, жақсы тентек болса шеп бұзады», «Ерсіз ел – ел болмайды. Жерсіз ер – ер болмайды». «Ер – елдің баласы, жер – елдің панасы» деп оларды барлық күшін, жігерін қазақ жері мен ұлтының абыройын қорғауға жігерлендіруде болды.
Сартайдың аталарынан естіп, әскери үлгі қылып айтатын әңгімесінің бірі «Орбұлақ шайқасы» еді. 1643 жылы ­Батур қонтайшы бастаған жоңғарлардың 50 мыңдай қалың қолы қазақ даласына бет алды. Жәңгір хан қазақ даласында шашыраған рулардан әскер жиналып көмек келіп жеткенше, жаудың ­жолын бөгей тұру үшін бар болғаны 600 жауынгерімен қарсы аттанған. Ол әр шайқаста жердің географиялық орналасу ерекшелігін ескеретін. Сондықтан барлау хабарламаларына сүйене жау қолы өтетін жолдағы ең тар шатқалға ор қаздырып, жігіттерін садақтармен, білтелі мылтықтармен қаруландырып, екіге бөліп, бір бөлігін жауға бетпе-бет етіп тастардан қаланған бекініске қойып, екінші бөлігін жаудың ту сыртынан ататындай етіп жасырған. Азғана сарбаздар қанша қарсыласса да қаптаған жау оларды таптап өтері анық. Осыған орай Жәңгір хан шатқалда желдің қалай соғатынын зерттеп, жоңғарларды тау шөбі түтінімен улап, серпінін тоқтатып шабуылдаған. Аузы-басын, ешкінің майымен майлап алған қазақ жауынгерлеріне улы түтін әсер етпеген. Бір мезетте 10 мыңдай жасағынан айырылып есеңгіреген жоңғарлар кейін шегінген. Кейін Бұқара маңынан 20 мың қолымен Жалаңтөс батырда келіп жетіп, сағы сынған жоңғар жасағын ойсырата жеңген.
Сартай атамыз: «Ел тарихының ғаламат жақтарын жауыңа естірте тарат, бойлары тітіркенсін. Кем жақтарын қандасыңа көрсет, жадыңда сақта, одан ұлтың ұтылмайды» деп ата-бабалар ерліктерін мәңгі есте сақтауға шақыратын.
Сартай және оның кеңесшілері, ойраттармен шайқастың басым бөлігі таулы, шатқалды жерлерде орын алатынын ескере, жауынгерлерін жаттықтыруды – беткейлері қатты тілімделген, ойлы-қырлы, бұлағы мен шөбі мол Мұғалжар тауы мен қалың қамысы да баршылық Ырғыз өзені арасында орналастырып өткізген.
Ырғыз және Ембі өзені бойындағы кең далада Сартай және оның жігіттері жер танып, талай аңшылық жасап, жебе, сүңгі, дойыр қамшыларды қолданудың хас шеберлері де болып алды.
Бүкірек батыр да өзінің егде жасына қарамастан жаттығу кезінде балалармен бірге болып, шындап айқасатын. Жастардың жаттығуларын қарап, көмек көрсетіп, кеңес беруге келген Бөкенбай, Есет батырларға, Қосым қожа, Байжан, Бәби, Қармыс, Сырлыбай, Мыңбай билерге «Бұл жігіттердің бес қаруды сілтеулерін айтсайшы, тура айызың қанады» деп риза болатын.
Ежелден келе жатқан әскери тәсілдің бірі – алғадай. Соғыста алғадайда жеңу жалпы жауынгерлердің әскери рухын көтеретін болғандықтан, жас жауынгерлер ең бірінші барлық қару түрлерімен жекпе-жекке, кейін топ болып шабуыл жасау, қорғану тәсілдеріне үйретілді.
Сартай «жастық шақ – батырлық жасайтын шақ» деп, балаларды ерлікке, тәртіпке талпындыра, олардың арасынан нағыз мен деген жігіттерді іріктеп алып оларды онбасы, елубасы, жүзбасы қылып тағайындап, бірнеше топтарға бөліп жаттығуды нағыз соғыс тәсілдерін қолдана жүргізетін.
Жас батырларды жаттықтыру күн ұясынан шықпастан жатқан киіз үйлерінен жапа-тармағай түрегелтіп, мұп-мұздай бұлақ суына түсіруден басталып, кеш бата әскери айла-тәсілдерді қайта-қайта үйрете өзенге түсумен аяқталатын. Айлар бойы дамылсыз өткізілген жаттығулардан, жас бозбалалар едәуір есейіп, нағыз батыр­ларға айналып денелері шымырлана түсті.
Бір күні Сартай сарбаздарына «Қазір қаруларыңызды тапсырып, саба-саба қымызға тойып таң атқанша дем алыңдар, ертең жорыққа шығамыз» деген бұйрық берген еді. Сол түні шырт ұйқыға кетіп, алаңсыз жатқан әскеріне, алдын-ала төбе басына жасырылған жүздіктен құралған сарбаздарын атқа мінгізіп атой салғызып күрт шабуыл жасатты. Бірақ, түнгі жасауыл­дар жолбарыстай сақтығын көрсетіп:
– Жау, жау! Аттан! – деп айқайлап дабыл қаққан мезеттен, ұйқыдағы жігіттер топ басшылары басқаруымен шапшаң киініп, сап түзеп, жақындап келген жауларының сойылдарын дарытпауға тырысып, аттарынан аударып қоян-қолтық шайқасқа кірісе бастады. Бұған риза болған Бүкірек батыр:
– Тоқтаңдар! – деп арыстандай ақырған кезде ғана жас батырлар бұл көп жаттығудың бірі екенін түсініп, саябырсыған еді.
Уақыт өте, Сартай толық жаттығулар­дан өткен жас сарбаздарын, ел аумағын шолуға жіберіп, барлаушылық пен барым­ташылық құрып жүрген шығыста Нұра бағытындағы ойраттар мен батыстан Ембі, Жем бойындағы қалмақтар жасақтарын жоюға, олар туралы әскери мәліметтер жинауға кеңінен қолданған еді.
Нұрмағанбет Қосжанұлы жырлаған «Сартай батыр» дастанында:
Ырғыз бен Талдан өткенде
Ембіге таман жеткенде,
Құлан қуған көп аңшы,
Алыстан бұлар көреді… – деп көр­сетілгендей Сартай батыр Қазыбек бидің бастауымен барша руларды қазақтың басты жауы жоңғарлармен күреске жұ­мылдыру үшін, Ұлы жүз бен Орта жүзден жолданған жаушыларды Мұғалжар тауы маңында қарсы алып, олардың Кіші жүз арыстарымен кездесуіне жағдай жасап, сарбаздарымен қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
Сартай елін жаудан азат етуге аттанарда әр қазақ баласының бойына біткен тәрбиесі бойынша, әкесі Байжан биден бата сұраған. Әкесі оған:
Жастайыңнан шырағым,
Ақылмен топты бөгедің.
Қайырлы болсын қадамың,
Қарағым, болсын дегенің,
Осы жолы жауға аттан,
Қамдан-дағы асыға.
Жауды жалғыз жеңбесең,
Мың балаңды ал қасыңа.
Ғұмыр бойы сол достар
Қорған болар басыңа… – деп батасын бергенді.
Сақадай сай болып, әскери дайын­дық­тан өткен жас балалардан құралған «мыңдығын» жинап, ұстазы Бүкірек батыр, ақылшылары Бәби, Қармыс, Сырлыбай, Мыңбай билер болып Әбілқайыр ханның жасағына қосылған кезде Сартайдың жасы 15-тен жаңа шыққан еді.
Сартай батыр бастаған
Асылдары қостаған,
Үш жүзден жиып топтасқан
Алашым деп шыңдалған,
Қазағым – деген мың бала
Аттанды ұлы жорыққа.
Қамшысы бар білеулі,
Найзасы бар егеулі,
Саржасы бар кезеулі,
Ұрандап шыққан ұрыста
Біреуі жүзге тең еді… дегендей Сартай мен оның сапындағы «мың бала» толық шыңдалып, күштері тасып, елін қорғауға аттанған еді.
Сартай Байжанұлы 1726 жылдан бас­тап өзінің «мыңдығымен» Әбілқайыр хан бастаған қазақ қолының құрамында болып жауға есте қалардай тегеуірінді соққылардың бірін Сарысудың батыс бөлігі жағындағы Шұбартеңізде берген. Сартай «мың баласымен» жау шебіне қарай атқан оқтай ұмтылды. Жақындай келе садақтарымен оқ жаудыра, сүңгілерін атқылап, жету бойына қылыштарын кеңінен сермеп, басқыншылар басын допша домалатқан. Сартай және оның жауынгерлері Шу, Отар даласындағы, Сарысу, Есіл бойы, Балқаш көлі маңында, Ұлытау үшін Бұланты мен Білеуті өзен­де­рінің арасындағы, Қалмаққырылған және Аңырақай шайқастарына қатысып, қазақ қолының мерейін асыруға үлкен үлес қосып, талай ерліктер жасаған.
Орыс мемлекетінің тағдыры үшін Полтава, Куликово, Бородино түбіндегі шайқастары қандай маңызды болса, қазақ халқы үшін Аңырақай, Бұланты мен Білеуті түбіндегі жеңістерде сондай маңызды екенін есте сақтауымыз қажет.
Сол кездерде Ресей империясы «қазақтардың біріккен әскері» шығыстан жоңғарларды толық тықсыруынан сескеніп, бағынуын­дағы қалмақтар мен башқұрт әскерлеріне қайта жасырын бұйрық бере Кіші жүз қазақтарына айдап салып, олардың халқын қырғынға ұшырата, жерлерін жаулап ала бастады. Сондықтан Әбілқайыр хан әскерімен Кіші Жүз жерін жаудан азат ету мақсатында қайта оралып, Отанымыздың солтүстік-батыс аумағында басқыншылармен күресін үдете түсті. Тіпті Әбілқайыр хан жауын­герлерімен Еділ бойындағы орыс-казак шептерінен өтіп, Ресей қор­ғауын­­дағы қалмақ, башқұрт әскерлеріне бірнеше мәрте ойсырата соққы беруі де оның батыл қолбасшы, мықты саясаткер екенін көрсетеді.
Жоңғар, қалмақ, башқұрттар, Хиуа, Бұқара хандарын зеңбірек және басқада атыс қаруларымен жасырын қамтамасыз етіп отырған Ресей империясының, Әбілқайыр ханмен қазақ халқының толық бірігуінен қорыққаны сонша, өз айла-тәсілдерін жаңартып, қазақ рулары мен сұлтандар арасына жік салу саясатын жеделдете бастаған еді. Кеңес заманы кезінде де Ресей бұл астыртын әрекеттерін жасырып, қазақ мемлекеті тарихын бұрмалап, ұлтты әлсірету стратегиясын одан әрі жалғастырғаны баршаға белгілі.
Сартай Байжанұлы барлық ғұмы­рын Отанына арнап, ел қорғаған қолбасшыда, қарақылды қақ жарған Әлім тайпасының биі де болып, талай айқастар мен дауларды басынан өткізген, оның әулиелік қасиеті елді тамсандырған.
Ұлтымыздың әр дауды екі ауыз сөзбен шешкен беделді биі, ақын, дала данагөйі Мөңке би атамыздың өлерінде «жаназамды Байжанның баласы Сартай би шығарсын» деп өсиет айтуы тегіннен тегін емес екені белгілі.
1817 жылдың 16 тамызында Кіші және Орта орданың билерінің мәлімдеме хатында Шерғазы Айшуақұлын өздеріне хан етуді ұсынып, ол турасында дәйекті деректерді таратқан билер ішінде «мен, би Сартай Байжанұлы өзімнің мөрімді бастым» деген құжат, атамыздың 106 жасындада қайратты болып, ел тағдырына дамылсыз араласқанын көрсетеді.
Сартай Байжанұлы елін отаршылардан білек күшімен қорғап қана қоймай, халқын «жалқаулықтан, еріншектіктен, тілазарлықтан арылмаған адам өмірбақи оңбайды», «өзен жағалағанның өзегі талмайды» дей келе халқым отырықшылыққа көшіп, мал, балық шаруашылығымен қатар егіншілікпен шұғылданса, өнер, білім беру ошақтары, өндіріс орындары салынып, ұлтының салауаттанып, Қазақ елінің мықтыда, дербес мемлекет болатынын түсіндіріп, сол үшін қажырлы еңбек еткен.
Сартай батырдың өмір жолын зерттей келе, оның қазақ ұлтын біріктіруші, дамытушы бастама идеяларын, XIX ғасырдың басында патшалы Ресей империясы, кейін Кеңес үкіметі дәуіріндегі үлкен етек жайған қазақтың тілі мен мәдениеті, тарихы мен салт-дәстүрін ұмыттырмай, тәуелсіз мемлекет құруға талпынған Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып ­Дулатовтар бастаған Алаш кайраткерлері жалғастырғандай.
Қазіргі уақытта Отан үшін жан қиған талай Алаш асылдарының армандары орындалып, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып ұлттық санамыздың жаңа бастамаға жаңғыру сәтіне де жетудеміз.

Сартай жас кезінен «туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», «туысы бірдің – уысы бір», «бөлінгенді бөрі жейді» деген ата-баба сөздеріне сүйене ағайындарымен араласу, ел жағдайын білу ниетімен Жайық, Сағыз, Ойыл, Ор, Елек, Жем, Қарабұтақ, Тобыл өзендерін жайлайтын туыстарын аралап, ел ағаларымен ашық жүздесіп өнеге алған. «Нағашы жұртың жақсылығыңа сүйсінеді, жамандығыңа күйінеді» дегендей, Сартайдың нағашылары да тегін адамдар емес екені белгілі. Олар табын руының атақты батыры Бөкенбай мен тама Есет батыр болатын. 

Батырымыздың өмірі мен ерлігі ­туралы ақын Нұрмағанбет Қосжанұлының «Сартай» дастанында кеңінен айтылған еді. Бірақ ақын осы дастанын халқына дәріптеп жүргенінде ұсталып, халық жауы ретінде 1937 жылы ату жазасына кесілді. «Сартай батыр» дастаны мен оған қатысты шығармаларға тыйым салынып, жойылып, 70 жыл бойы айтылмай қалған. Бұдан, барша қазақ тайпаларын біріктіріп, дербесте қуатты мемлекет құруға шақырған Сартай Байжанұлының еңбегінің қасақана халық есінен шыға­ры­лып, ұмыттырылғаны анық көрінеді.
Әлем тарихында жас балалардың бірігіп бас қосып Отанының тәуелсіздігі, теңдігі үшін майданға аттануына қатысты оқиғалар санаулы.
1744 жылы Иранның Нәдір шахы Гүржістанға шабуыл жасағанда грузиннің жүз бозбаласы бірігіп жасақ құрып, жаумен қасық қаны қалғанша соғысып, патша сарайы алдында қаза тапқан. Тбилисиде үлкен сәулет мұражайына айналған патша сарайында осы балалар туралы толық мәліметтер жасақталып, есімдері ойылып жазылған тас құлыптастар қойылған.
1915 жылы Мұстафа Кемал ­Ата­түрік бастаған аз ғана түрік жауын­герлері «Шанаққала» деген жерде Антантаның біріккен армиясына қарсы жанкешті шайқасқа түскен, бұл шайқасқа бойлары вин­тов­каларымен бірдей 13-15 жас аралы­ғындағы жасөспірім балалар қатынасып, жаумен арыстанша арпалысқан.
Бұл мемлекеттер осы жас балалардың ұлты және мемлекеті үшін көрсеткен батырлығы мен табандылығын әлі күнге дейін мәңгі есте сақтап, есімдері өшпес үшін барлық жағдайларды жасап, олардың ерлігін келер ұрпақты елсүйгіштікке тәрбиелеуде кеңінен қолдануда.
Еліміздің тәуелсіздік алып еңсесін тіктеуі бабалар рухына деген құрметімізді бұрынғыдан да арттыра түсуі қажет. Сол уақыттардағы дамылсыз шайқастарда Сартай бастаған «мыңдықтан» 13 пен 16 жас арасындағы бес жүзден астам қазақ баласы «өлімім өзімдікі, өмірім халқымдікі» деп елінің, ұлтының азаттығы үшін өмірлерін қиған. Ал қазір халқымыз осы ел тәуелсіздігі үшін өмірін берген жас батырларын еске алып, олардың есімдерін анықтап, ардақтап жүрме екен деген ой туындайды.
Мақтанышпен айта кететін жайт, 2000 жылы мамырдың 15-ші жұлдызында Алматы облысы әкімінің бастауымен «Қазақконцерт» залында, «Ел жас­тарын патриоттық рухта тәрбиелеу» мақсатында өткізілген арнайы конкурсқа қатысқан ең таңдаулы 93 ақын мен композиторлардың ән нұсқалары ішінен іріктеліп, шешуші дауыс беруде жеңіп шыққан, сөзі Батық Мәжитұлы, әні Бейбіт Дәлденбайұлы шығарған Сартай бастаған «Мың бала» қозғалысының мына төмендегі ән тұсауы кесілген еді:
Арман қуып өсеміз, алға асамыз,
Айбынына намыстың ән қосамыз.
Мың баланың ерлігі үлгі-өнеге,
Мұрагер боп біз оған жалғасамыз.
Азаттық – ұранымыз,
Алаштың ұланымыз.
Қазақтың батырлары,
Киелі жыр-әніміз.
Қасиетті қазақтың топырағы,
Жайқалды өркен-жапырағы.
Сарбаздары Сартайдың ел қорғаған,
Бізді үнемі биікке шақырады.
Қайырмасы:
Қанат берген бабалар ойымызға,
Күн нұрының шашуы – тойымызға.
Мықты болып ержету – міндетіміз,
Мың баланың рухы бойымызда.
Қайырмасы:
…Мың бала, мың бала, мың бала!
Осы патриоттық жалынды сөздерден құралған «Мың бала» әнін елімізде мектеп табалдырығынан бастап барлық жастар жырлап жатса, ол балалардың жүрегі «елім, жерім, Қазақстан Отаным» дегенде елжіреп, нағыз елсүйгіш азаматқа айналатыны анық емес пе?
Аталған тарихи мәліметтерді жинақ­тауда атақты Нұрмағанбет Қосжанұлы­­ның «Сартай батыр» дастаны, Ә.Кекілбаев, Б.Ұзақбаев, Т.Дәрменов, З.Шүкіров, Т.Үсенов, М.Құл-Мұхаммед, Ж.Кеңесов, Б.Еңсепов, Ө.Жолымбетов, Ү.Қуаттардың, XVIII-XIX ғасырдағы Ресей империясының зерттеушілері А.Левшин, М.Вяткин, А.Тевкелевтердің деректері және т.б. көптеген құнды жинақтар мен кітаптар, тарихи-өлкетану музейіндегі құжаттар және Сартай бабамыздың қазіргі Қызылорда, Ақтөбе облысындағы ұрпақтарымен тікелей сұхбаттасуда үлкен септігін тигізді.
Осы деректерде қолданылған мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің басым бөлігі Байжан би және Сартай бабаларымыздың өз аузымен айтылып, өмірде қазірде кеңінен қолданылуда. Ғасырдан ғасыр өтсе де Байжанұлы ­Сартайдан тараған ұрпақтары қазірде елімізге адал еңбек етіп, ел тәуелсіздігін нығайтуда аянбай тер төгуде. Әсіресе ­Сартай батыр туралы нақты деректер жинауда үлкен көмегін көрсеткен Байжанұлы Сартай атамыздың Көймеден тараған ұрпағы республика көлемінде және шет мемлекеттерге танымал Еңсепов Жанарыс Жақсылықұлын дара айту қажет.
Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткізуге атсалысқан Сартай мен «мың бала» қолының өшпес ерліктерін көрсету арқылы халқымызды патриоттық-отансүйгіштік сезімге, ұлтын құрметтеуге шақыра отыра, әлем жастары бір көруге армандайтын Астанамыздың төрінде қазақ батыры Сартай Байжанұлы бастаған «Мың бала» жорығына қатысты ескерткіш орнатылып, әр облыстар мен қалаларда көрнекі жерлерден көше атау­лары беріліп, білім және тәрбие беру ошақтарында олардың ерлігі мен өмір жолдары кеңінен дәріптелуі тиіс.
Осы бағытта Қазақстан Республи­ка­­сының Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктеріне тиісті өті­ніш­тер жолданып өз қолдауларын табуда.
Сонымен қатар 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бастамасымен Сартай батыр мен «мың бала» қолының өшпес ерліктерін дәріптеуді және нақты істер атқару туралы Ақтөбе облысы және қаласы әкімдеріне Ә.Нұрпейісов, Д.Исабеков, Қ.Жұмаділов, Ө.Айтбаев, С.Досанов, Ғ.Қабышұлы, Т.Медетбеков, Е.Раушанов, Ғ.Әнес, М.Кенжебай ағаларымыз, бұлардан басқа Ақтөбе облысының көптеген беткеұстар азаматтары мен қоғамдық ұйымдары жазбаша ұсыныстар мен өтініштер білдірген еді. Қазіргі уақытта осы ұсыныстар бойын­ша ел тілегі орындалып, жастарды патриоттық тәрбиелеуде жоғарыда атап көрсетілгендей мағыналы, мәнді жұмыстар атқарылады деп күтілуде.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқан­дай, «Ұлт болашағы қыл үстінде тұрғанда, Үш жүздің халқының ауыз біріктіруінің арқасында келген жеңістің құнын нақты біліп, дұрыс бағалауымыз қажет».
Кезінде ата-бабаларымыз «қазақтың жанын сақтап қалайық» десе, енді біз «қазақтың рухы мен, намысын» сақтап қалу әр қазақстандықтың қасиетті боры­шы мен парызы екенін ұмытпауымыз керек.
Елін, жерін шын сүйген және ұлтының тарихын, салт-дәстүрін құрметтеген адам ғана ешқашанда Отанына, отбасына, қоғамға қарсы жат әрекеттерге, опасыздыққа бармайтыны белгілі. Сон­дықтан дербес Қазақ мемлекетінің жарқын болашағын және жанұясының тағдырын, алдағы бақытты өмірін ойлаған әр азамат өз тарихын ұмытпай, елі үшін жан аямай, адал қызмет етуі қажет.

Айбек АЙТБАЕВ
АҚТӨБЕ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *