Мұнай-газ саласы ұлттық экономиканың оған артқан үмітін ақтай ма?!

164

Бұрынғы КСРО, кейiнгi ТМД ауқымында негiзiнен мұнай және газ өндiрумен шұғылданатын 4 ел бар. Олар – Ресей, Қазақстан, Әзер­байжан және Түрiкпенстан. Бұлар­дың iшiнде Қазақстаннан бас­қа үшеуi мұнай не газ өндiруден әзiрше кеңес заманындағы көрсет­кiштерiне қайтып көтерiле алмай отыр.

Бұлардың қатарына Өзбекстанды да қосуға болар едi. Бiрақ бұл елдiң экспорттық мүмкiндiктерi де, өндiрiстiк мүмкiндiктерi де тым шектеулi. Оның мұнайы бұрын өзiне де жетпейтiн. Тәуелсiздiк алғаннан бергi уақыт iшiнде Өзбекстан өзiн-өзi осы шикiзатпен қамтамасыз ету биiгiнен көрiнуге қол жеткiздi. Ал газ жағынан алғандағы Өзбекстанның жағдайы, әрине, бiршама артық. Ол оны да алыс шетелге сата алмағанмен, айналасындағы Түрiк­пен­станнан басқа 3 елдi – Қыр­ғыз­станды, Қазақстанды және Тәжiк­станды – әзiрше өзiне тәуелдi етiп ұстап отыр. Осының арқасында ол газ қорының үлкендiгi жағынан Ресей түгiлi Түрiкпенстанмен де бәсекелесе алмайтын болғанына қара­мас­тан, оны өндiру жағынан ТМД-да кейде екiн­шi орынды иемденiп жүрді.
Ал әлемде Өзбекстан осы көр­сеткiш бойынша алғашқы он бес мемлекеттiң қата­рынан табылады. Бұл ел өз газын 52 кенiштен өндiрiп алып отыр. Оның iшiндегi Шуртан, Газли, Памук және Хаузак сияқты ең iрi 12-сі бүкіл өнімнің 95 процентiн бередi.
Ал Қазақстанның жағдайы бас­қа­ша. Ол өзiнiң газға қатысты Өзбек­станға тәуелдi болуынан арыла алмай отыр. Қарашығанақ сияқты ғаламат газ кенiшi бар ел үшiн бұл келiссiз жайт болып табылады. Бұндай жағдай Қазақстанның газ өндiрудi кеңес заманындағымен са­лыс­тырғанда бiршама арттыр­ға­ны­на қарамастан орын алып отыр. Мәселен, 1985 жылы республикамыз 5,5 млрд. текшеметр газ өндірген болатын. Ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 18,5 млрд. текшеметрге жетті.
Мұнайдың жағдайы болса бiзде басқаша қалыптасты. 1992 жылдан былай қарай бұ­рын­ғы кеңес респуб­ликаларының, кейiнгi ТМД елдерiнiң барлығында да экономи­калық көрсеткiштердiң құлдырай бастағаны белгiлi. Бұл үрдiстiң мұнай-газ өндiру саласына да тiкелей әсерi болды. Мәселен, Ресейде мұнай шикiзатын өндiру көрсеткiшi 2 есеге жуық қысқарды. Сөйтiп, ол «әлемдегi нөмiрi 1 өндiрушi» атағынан айрылды. Бiрақ бұл жерде бiр нәрсенi атап айтып кеткен жөн.
Өндiру көрсеткiшiнiң тұтыну көрсеткi­шiне тiкелей байланысты болатыны белгiлi. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ресейдегi мұнай өндiрiсi көлемiнiң азаюы негiзiнен iшкi нарықтың есебiнен болып отыр­ғанын аңғарамыз. Ал сыртқы нарыққа келетiн болсақ, онда барынша көп мұнай шығаруға Ресей мұнай компаниялары тырысып ба­ғып жатыр.
Ал, кеңес заманында жылына 80 млрд. текшеметр газ өндiрiп отырған Түрiкпен­стан­ның кейiнгi көрсеткiшi 20 миллиардқа да жетпей қалыпты. Түрiкпен елiндегi осындай риясыз жағдай Ресейдiң өз газ нарығына (рыногына) орта­азиялық шикiзаттың келуiне бiр­талай шектеулер қоюына байланысты қалыптасқан. Ал «Рейтер» агенттiгiнiң мәлiметi бойынша, Түрiк­пенстандағы газ өндiру көр­сеткiшi 90-ыншы жылдардың басынан 2000 жылдардың басына дейiн 7 есе қысқарған. Яғни шамамен 90 миллиардтай текшеметрден тура 13 миллиард текшеметрге дейiн кемiген. Бірақ кейінгі онжылдық барысында Түрікпенстандағы өнім көрсеткіші қайтадан өсіп, 50-60 миллиард текшеметр деңгейіне дейін жетті.
Қалай дегенде де Түрiкпен­стан­­ның газ өнеркәсiбiнiң қазiргi таңда бұрынғы күйіне жете алмай отырғаны хақ. Ал бұл елдiң экономикалық даму тұрғысынан алғанда осы саладан басқа артар үмiтi жоқ екенi ешбiр құпия емес. Дегенмен, әу баста мемлекет тарапынан халыққа берiлген уәде осы уақытқа дейiн күшiн жойған жоқ. Елдегi әрбiр отбасына шектеулi бiр мөлшерде газ бен электр жарығы тегiннен-тегiн берiледi. Басқаша айтқанда, өнiдiрiлiп шығарылған түрiкпен газы сыртқа шығар үлкен жол таба алмаған соң, негiзiнен iшкi қажетке жарап жатты.
Сонымен, энергиялық шикiзат шығара­тын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiн­дегi өндiрiстiк көр­сеткiштерi ең керi кеткен ел – Түрiк­пенстан.
Каспийдiң тура арғы бетiнде орналасқан Әзербайжанның жағ­дайы оныкiне қарағанда әлде­қай­да жақ­сы. Бұл негiзiнен мұнайлы ел екенi белгiлi. Бiрақ бұл да салыс­тыр­малы түрдегi ғана жетiстiк. Мәселен, 2003 пен 2004 жылдардағы жылдық көрсеткiш 15-16 млн. тонна төңiрегiнде болды. Немесе тәуліктік көрсеткішпен есептегенде 310-330 мың баррель аралығында болды. Бірақ 2005 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры салынып бітіп, 2006 жылдан бастап ол шикізат тасымалдауға кіріскен соң, Әзербайжанда мұнай өндірудің көлемі күрт ұлғая бастады.
2012 жылғы көрсеткіш 46,395 млн. тонна болды. Әрине, бұл 1985 жыл­ғы көрсеткiшпен — 13,142 млн. тон­на – салыстырғанда әлдеқайда көп.
Ендi Қазақстанға келейiк. Бiз­дiң ел 1997 жылдың өзiнде-ақ өзiнiң мұнай өндiру тарихындағы ең үздiк көрсеткiштерiне жақын бар­ды. Бұл әлгi энергиялық шикi­зат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi ең үздiк көрсеткiш. Қалған үш елдiң — Ресейдiң, Әзербайжанның, Түрiк­пен­станның – ауылы бұндай жетiстiктен ол кезде алыста болған. Қазақстанның көрсеткiшi айналасы үш жылдың iшiнде, яғни 1994 жылдан 1997 жылға дейiн 20,2 млн. тоннадан 25,7 млн. тоннаға дейiн өстi. Таза өсiм — 5 млн. тонна. Келесi 1998 жылы мұнайдың әлемдiк бағасының күрт түсiп кетуiне байланысты осы шикiзатты өндiру көрсеткiшiн әрi қарай өсiрудiң қисыны болмады. Ал 1999 жылдың көктемiнен бастап әлгi баға бiрнеше жыл құлдыраудан кейiн қайта өсе бастады. Демек, мұнайды халықаралық пиясаға шығару жолдары тарапынан жаңа кесел пайда болмаса, Қазақстанның жуық арада мұнай өндiру жағынан жыл сайын бiр рекордтан екiншi рекордқа қол жеткiзе беруi мүмкiн. Бiрiншi рекорд сол 1999 жыл болды. Онда Қазақстанның өнiмi бұрын-соңды болып көрмеген 30 млн. тоннаға дейiн жеттi. 2000 жылғы көрсеткiш 35 млн. болса, 2001 жылы – 40 млн. тоннаға, 2002 жылы – 47 млн. тоннаға, 2003 жылы – 54 млн. тоннаға, 2004 жылы 60 млн. тоннаға жеттi. 2010-2013 жылдар барысында орташа көрсеткiш 75 млн. тоннадан асып отырды.
Бiрақ бiзде де мұнайды ел iшiнде өңдеу, яғни өз еңбегiмiзбен одан дайын өнiмдер шығару барған сайын азайып бара жатыр. Мәселен, Қазақстанның зауыттары 1990 жылы — 17,8 млн., 1991 жылы — 18,0 млн. тонна мұнай шикiзатын өңдеп, одан дайын тауар шығарды. Бұл көрсеткiш 1994 жылы – 11,7 млн., 1997 жылы – 9,2 млн. тоннаға дейiн түсiп кеттi. 1998-2005 ж.ж. аралығында тұтыну осы деңгейде қалды. 2013 жылғы ішкі мұнай өңдеу көлемі 14,3 млн. тоннаны құрады.
Осы жерде бір айта кететін нәрсе мынау. Қазақстанда тұтынылатын көлемнің жартысына жуығы өзiмiзде өндiрiлетiн мұнайдың есебiнен. Қалғаны Ресей сияқты көршi елдерден әкелiнетiн мұнай өнiмдерiнiң есебiнен. Басқаша айтқанда, өзiмiз мұнайды көп өндiргенмен, оның қызығын да, жақсылығын да былай қойғанда, сол шикiзаттың өзiне зар болып отырмыз. Қазіргі уақытта бензиннің бір литрі бағасының 157 теңгеге жеткені соның дәлелі болса керек. Бір қызығы, қымбатшылық ең алдымен сол мұнай өңдейтін зауыттары бар жерде байқалады.
Мәселен, Қазақстан мұнайының астанасы – Атырау облысын жеке алып қарайтын болсақ, оны энергия шикiзатына байлығы жағынан iшкi нарықтағы ағыл-тегiл мұнайы ауыз суынан арзан Парсы шығанағы елдерiмен салыстыруға болады. Бiр айырмашылығы – аты­рау­лықтар үшiн ауыз суы да, мұнай да тапшы. Жарайды, қазақ деген төзiмдi, көнбiс халық қой. Бұған да төзер, көнер. Әйтеуiр, жалпы жағдай сол мұнайдың үйде қалмай, сыртқа кеткенiнен түзелсе бопты.
Сонымен, елдегi әлеуметтiк-эко­­номикалық жағдайдың бұрын­дары бiршама қиындап кетуiне орай ата­латын негiзгi себептiң – мұнай баға­сының арзан­дауы­ның – күшi 1999 жылы-ақ қайтты. Сонда ендi елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағ­­дайы аз да болса жақсара ма деп кү­­ту­ге бола ма? Мен бұл жерде қағаз жүзiн­дегi емес, ел iшiнде күтулi игi өз­ге­рiстердi айтамын.
Мұнай қымбаттай бастағаннан бергi он жеті жылдай уақыт iшiнде мұнайдың әлемдiк бағасы да, Қа­зақстанның оны халықаралық на­рыққа шығару көрсеткiшi де бiраз өстi. Өткен жылы елімізде 86,2 млн. тонна мұнай өндірілген екен. Биылғы көрсеткіш те аз болмайтын болса керек. Бұған мұнай бағасының қайтадан өсіп, 70 доллар деңгейіне жақындауы өз септігін тигізетін сияқты.
Бірақ елдегі әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдай әлі де болса бір­шама күрделі болып тұр. Қымбат­шылық белең алып барады. Ал жұрттың табысының соншалықты тез өсуі байқалмайды. Алайда, Қа­зақстанның мұнай саласы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағ­дай­дың дұрыстап оңалуына септігін тигізе алады деген үміт жоқ болмаса керек.

Қайрат ӘМІРЕЕВ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *