Әдептен аттау – әдетке айналды…

82

Әдеп – мәдениеттіліктің белгісі. Ол адамға ғана тән ұғым. Олай болса, біз осы әдепті қалай сақтап жүрміз деген мәселе туындайды. Әрбір жеке тұлғаның бойындағы адами қасиеттері оның жүріс-тұрысынан, бойындағы ізеттілігінен, сөйлеген сөзінен, қоғамда өзін-өзі ұстауынан байқалатыны заңдылық. Бірақ адамның бәрі осы өлшемдерге сай ма?
Уақыт өзгеріп, қоғам жаңарған сайын, адамның рухани жан дүниесі де белгілі бір дәрежеде өзгерістерге ұшырайды. Бұрынғы құндылықтарды жаңа құндылықтар алмастырады. Алайда ғасырлар бойы күллі адамзат баласына өлшем болып келе жатқан мәңгілік құндылықтарды бүгінгідей өзгермелі заманның өтпелі дүниелерімен салыстыруға болмайтыны анық.

Ортаға салғалы отырған тақырыбы­мыздың тұздығы да – осы, яғни адам баласымен заманалар бойы мәңгі жасасып келе жатқан – әдеп мәселесі. Бұл тақырыпқа арнайы бет бұрып отырғанымыз да жайдан-жай емес. Себебі әдеп сақтау, мәдениеттілік шекарасынан асып кетпеу бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Өйткені қазіргі адамдардың күнделікті өмірдегі пендешілік қылықтарын көріп еріксіз осындай тұжырымға келесің. Ал оның түпкі жағында қоғам талаптарымен санаспау тәрізді дүниелер тағы бар. Өзімшілдікке салыну, жеке бастың ғана қамын күйттеу, әдептілікті аттап өту әдетке айналып барады.
Мұның бәрін жіпке тізгендей ­са­намалап жату мүмкін емес, ­десек те солардың ішінде әдеп пен мәде­ниеттілік мәселелеріне қатысты тұс­тарына тоқталсақ. Мысалы, өзіңіз өмір сүріп жатқан қоғамға, қоршаған ортаға, тұрып жатқан үйіңіздің ауласы мен көшеңіздің тазалығына, қоғамдық көліктегі қарапайым жолау­шы­лық мәдениетке бір сәт назар салсаңыз, көзге көрінетін кемшіліктердің бар­лығы адамның мәдениетіне қатысты сан түрлі сауалдарды алға тартады.
«Театр – киім ілгіштен басталады» деген сөзді қоғамға, өзімізді қоршаған ортаға қатысты қолданып көретін болсақ, біздің қоғаммен етене араласуымыз үйден сыртқа қарай аттап шыққан бірінші қадамымыздан бас­талады.
Лифтіге кіріп қоқысқа толы қал­таның аяқ астында жатқанын немесе тиісті жерге жеткізілмегенін көріп жағаңды ұстайсың. Зерделеп қарасақ, бұл басқа емес, осы қоғамда өзімізбен қатар өмір сүріп жүрген тағы бір қоғам мүшесінің жасаған қылығы болып шығады.
Айта берсек, мұндай көріністер көп. Бір-екеуін өзіңіз де мысал ретінде келтіре аларыңыз анық. Турасын айтқанда, бәрі де айналып келгенде адамның қолымен жасалып жатыр. ­Демек, кінәласақ – өзімізді, кінә артсақ – тағы өзімізге артуымыз керек. Мұнда ғылым тілімен айтқанда көп факторлар бар. Оның біріншісі – әр адамның жастайынан алған тәрбиесі, көргені мен білгені, естігені мен түйгені, оқыған-тоқығаны, өскен-өнген ортасы, өзінің жеке ақыл-парасаты мен ой-өрісі байланысты болары хақ.
Қазіргі адамдардың көбіне-көп қоғамдық тазалыққа селқос қарауы жиілеп барады. Кейбіреулер үшін еден жуған бір шелек суды көшеге төге салу түкке тұрмайды. Ал айналаға одан келетін зиян қаншама екенін ескере бермейді. Қарап тұрсақ, даланы орынсыз ластау, жерге түкіру, темекі тұқылын көрінген жерге тастай салу сынды кемшіліктер аз емес.
Сонда деймін-ау, әр адам өз әре­кетіне өзі саналы түрде жауап беріп, өз-өзіне есеп берсе ғой, шіркін. Осы жасап жатқаным дұрыс па, қоғамдық тәртіпке, әдепке жата ма деп бір сәт ойланса етті. Сірә, ойланбайтын сияқты. Бәлкім, ондайлар үшін бәрі де дұрыс сияқты қабылданатын болар. Не істемек керек? Үйдегі, отбасындағы тәлім-тәрбиенің олқы соғып тұрғаны ма? Жалпы бүгінгі қоғам тәрбие, әдеп, мәдениет деген асыл құндылықтарды керек етпейтіндей. Ақша, байлық, дүние алдыңғы орынға шыққанда, мұндай құндылықтардың мүлде ескерусіз қалып жататыны өкінішті. Бірақ, дегенмен, әдеп пен мәдениет болмаса, адам баласы өзінінің адамдық қалпынан айырылатынын естен шығар­мауға тиіспіз. Дүниенің бәрі мұндай асыл ұғымдарды тәрк етсе, не болмақ? Сондықтан мықтап ойлануы­мыз керек.
ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз. Не керектің бәрі бар. Бұрынғыдай қиыншылықтар да артта қалды. Ал бірақ мәдениетіміз, әдебіміз, тәрбиеміз жаңа заманға неге сай емес? Өркениетті елдер дәрежесіне жету үшін әлі де талай жұмыстарды атқаруымыз керек екені түсінікті. Ең алдымен, әр адам өзінің адами сапасын өсіруге, кісілік мәдениетін көтеруге қадам жасаса дейсің. Технология, ғылым қанша жерден дамыса да, керісінше, адамның ішкі мәдениеті, әдептілігі олқы соғып тұрса бәрі бекершілік.
Біз қоғам болып, ел болып қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау дегенді жиі айтамыз. Ал бірақ шынайы өмірге келгенде осы айтылғандардың барлығы дерлік сақтала бермейтіні өкінішті. Бұл орайда қоғамдағы кейбір адамдардың тек өздерін ғана ойлауы, «өзіме ғана жақсы болса» деген ұстаныммен өмір сүруі қапаландырады. Өзімшілдік жаппай белең алған кезде қоғамның ортақ құндылықтары да аяқ асты етіледі. Өйткені әр адам айналасының гүлденуін емес, өз өмірінің ғана ыңғайлылығын көксейді. Қоғамның мүшесі ретінде қоғамдағы ортақ құндылықтарға жауапкершілікпен қарамайтын болсақ, кім болғанымыз? Елдің жарқын болашағын қалыптас­тыру осындайдан басталмай ма?
Кейде таңғаласың, жаяу жүргін­шілер өзінің заңды жолымен өтіп бара жатқанда көліктегілер «тезірек өтсейші» дегендей белгі беріп, асықтырады. Тез өте қоймаса, тіл тигізіп кетіп жатады. Автобус жүргізушілері де жолаушыларға құрметпен қарауды біле бермейді. Жоғары жылдамдықпен жүйткіп, оқыс тоқтап, оқыс бұрылады… Осындай түрлі келеңсіздіктерді көргеніңде бізде адамды адам ретінде бағалау кемшін соғып жатқанына көзің жетеді.
Өкініштісі сол, қоғамда өмір сүре жүріп өздері жасап алған «бөлек әлемде» ғұмыр кешіп жатқандар аз емес. Ондай адамдар үшін қоғамдық тазалықты сақтау не, табиғатты аялау не, бұл жағына басын қатырып жүргенін байқамайсың.
Бір таңғалатыным, біздің қоғамда кейбір адамдар нені жасауға болады, нені жасауға болмайды деген шек-шекараны да білмейтін тәрізді. Әр нәрсенің өз жөн-жосығы, реті болады ғой. Осыны ескеріп, елеп жатқандар аз. Мысалы, кейбіреулер көлік жөндеуге арналған арнайы орындар бола тұра, көліктерінің құрал-жабдықтарын шашып тастап, тұрғын үй ауласында жөндеп жатады. Әлбетте, жөндеу жұмыстары жасалғаннан кейін ол жерге қара май төгіледі, айнала тағы да ластанады. Мұны жасаған адам осы әрекеті арқылы қоршаған ортаға зиянын тигізіп, ол жерге сіңген қара май күннің ыстығымен ауаға тарап адамдар денсаулығына қауіп төндіріп жатқанын ойлай бермейді. ­Немесе тағы біреуі сабынды көпіршітіп, көлік жуады. Айналасының бәрі кір сумен ластап кете барады… Міне, бұл жеке бастың ғана қамын ойлап, айналадағы көпшіліктің талап-тілегімен санаспаудың нәтижесі.
Мәселені шешудің бірден-бір жолы, жоғарыда айтқанымыздай, әр адамның қоғамның ортақ құндылықтары мен игіліктеріне қатысты жауапкершілігін арттыру. Қоғамдағы ортақ игіліктерге мәдениеттілік көзқарас таныту. Ластамау, бұзбау, қиратпау, т.б. Бір нәрсені түземесең де, зияныңды тигізбе, бүлдірме деген ұғымды басшылыққа алу. Бірақ мұндай қағиданы елеп, ескеріп жатқандарды көп көрмейсің.
Қорыта айтқанда, қоршаған ортаны қорғау әр адамның өзінен, ішкі мәдениетінен басталады. Сырттан келіп ешкім де біз үшін мәдениетті қалыптастырып бермесі анық. Ал бізде әдептен аттау – әдетке айналып барады. Қалыпты жағдай тәрізді қабылданатын болды. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» демекші, үйде, отбасында, одан қалса мектепте, жоғары оқу орындарында тәрбиелік шараларына жіті мән бергеніміз дұрыс. Еліміз өркендесін, гүлденсін десек осындай мәселелерге ерекше ден қоюымыз керек.

Дәуіржан Төлебаев




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *