Әмеңгерлік

Қазақта түрлі ырым-жоралғы, ежелден келе жатқан дәстүрлеріміз жеткілікті. Соның бірі – әмеңгерлік. Халқымызда әмеңгерліктің қалай сақталғандығына тоқтала кетелік. Бізде «Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деген мақалға айналған нақыл бар. Мұның негізгі мәні күйеуі өлген жеңгені ағасының мұрагері есебінде қайнысы алады немесе күйеуі өлген келінін қайнағасы алады деген сөз.

Мұра есебінде тек әйел ғана емес, онымен бірге бала-шағасы, мал-мүлкі де өлген адамның ең жақын мұрагеріне тиеді. Ағалы-інілі адамдар бірінің баласын бірі әрдайым балам дейді. Көп жағдайда ағасына інісінің баласы бала, ал інісіне ағасының баласы іні ретінде есептеледі. Сондықтан әкесі өмірден өткен жас балаларға жетімдік керсетпеу үшін, әсіресе олардың жас шешесі бөтен елге кетіп, мал-мүлікті бөтенге олжа, жас балаларды жат бауыр етпеу үшін жесірді ешқайда жібермей, жақын әмеңгері иемденуге тырысатын. Жесір әйелге күйеуінің барлық туыстары, яғни күйеуінің бірге туған ағасы, інісі, ағасының баласы, немере-шөбере туыстары, тіпті аталас жақындары әмеңгерлік етуге құқы бар.
Әдеби деректерде қазақ арасындағы әмеңгерлік туралы ең алғашқы мәлімет қапитан И.Андреевтің еңбегінде кездеседі. Онда «Өлген күйеуінің жылын өткізген соң, әйел күйеуінің бірге туған аға-інілерінің біріне немесе басқа жақын туыстарына тұрмысқа шығады» делінген. Бұдан гөрі толығырақ дерек 1824 жылы қазақтың әдеттік құқы жайында Омбының уақытша комитеті жинаған материалдарда бар. Бұл құжатта баласыз қалған жесір, ең алдымен, күйеуінің ағасына тұрмысқа шығуы керек. Ал жесір қайнысына шыққысы келсе, оған қарсылық жасалмайды, бірақ жеңге алған інісі ағасына жолы деп 9 бас мал беретін болған. Жесір тұрмысқа шыққысы келмесе, оған ешкім зорлық жасамайды. Бірақ бөтен біреумен байланыспауын қатал бақылайды. Егер жесір басқа біреуге тұрмысқа шыққысы келсе, оған тыйым салмағанмен, мал-мүліктен ештеңе бермеумен ғана шектелмей, оның болашақ күйеуінен толық қалыңмал алады.
Баласыз қалған жесірдің күйеуінің туған немере, шөбере туыстарына өз еркімен шығатындығын және мұңдай әмеңгерлер болмаған күнде бөтен біреуге шығуына да қарсылықтың болмайтынын 1846 жылы Кіші жүз ішінен этнографиялық деректер жинаған ұлық Д.Андре баян еткен. XIX ғасыр ортасыңда Кіші жүз қазақтарының арасындағы әмеңгерлік құқық жайындағы деректерде жесір әйел, ең алдымен, күйеуімен егіз туған сыңарына шығуға міндетті де, ондай болмаған күнде жоғарыдағыдай туыстық жақындығына қарай шыға­тындығын Ф.Лазаревский келтірген. Сондай-ақ қазақтың әмеңгерлік құқы туралы егжей-тегжейлі деректерді Л.Баллюзек, П.Е.Маковецкий, И.Аничковтың еңбектерінен де кездестіруге болады. Балалары ер жетіп қалған жесір әйел бұдан былай тұрмысқа шықпай, өлген күйеуінің түтінін түтетіп, балаларын бағып отырам десе, оған ешбір әмеңгер өктемдік ете алмайтын. Қайта ел болып рақметін айтып, барлық туыстары мүмкіндігінше қамқорлық көрсететін. Әмеңгерлік әдетімен ерге шыққан әйелдер көпшілік жағдайда жаңа күйеуінің екінші, не үшінші әйелі болатын. Кейде біреуі баласын қимай, енді бірі мал-мүлкін, түскен жерін қимай немесе өз бетімен басқа жол таппай, жылай-жылай айтқанға көніп, күндесінің күңі болуға өз келісімін беретін. Мұндай жағдай көбінесе ауқатты шаруалар мен байлар арасында кездесетін.
Осы тұста ерекше назар аударар­лық жайт, әмеңгерлік ғұрпы ұлты­мыздың қаймақтары саналатын талай тарланбоздардың тағдырына да тікелей қатысты. Деректерге жүгінсек, Құнанбай өзінен кейінгі інісі Құтпамбет (Құлмұханбет) қаза болған соң, оның атастырған қалыңдығы Ұлжанмен отасқан. Тарқатып айтсақ, інісі жастай бақилық болып, Ұлжан «қыздай жесір» қалыпты. Құнанбай Күңкеден кейінгі екінші әйелі қылып, текті жердің қызы Ұлжанды тоқалдыққа келіндей алған. Осы ­некеден Абай дүниеге келген. Кейін Абайдың өзі де інісі Оспанның әйеліне әмеңгерлікпен үйленген. «Қыз Жібек» жырында да әмеңгерлік ғұрпының көрінісін көреміз. Жасынан өнер қонған ерекше қабілетті ­дарын иесі, қазақтың күйші қызы Дина Нұрпейісова да 19 жасқа толғанда Нұрпейіс Мақатұлына тұрмысқа шығады. Сол жылдары құжат аларда оның фамилиясы Нұрпейісова болып тіркеліп кетеді. Қазақтың дәстүрімен атасының атын атай алмаған жас келін өз тегі ретінде күйеуінің атын жаздырған екен. 1885 жылы Динаның аяғы ауыр кезде Нұрпейіс дүниеден өтті. Қазақтың әмеңгерлік дәстүрі бойын­ша ол күйеуінің кіші інісі Нұралыға тұрмысқа шыққан.
Бұрындары әмеңгерліктен бас тартқандар сирек десек, бүгінде оған келісетіндер кездеспейді. Содан да ­болар, бұл дәстүрдің қоғамдағы орны ойсырап тұр. Есесіне, әкесіз жетімдер мен өгейдің қорлығын көргендер еселенуде. Қазіргі уақытта әмеңгерлік кешегі тарихтың бір жұр­нағы ғана болып, заман ағымына сай жалғасын үзген. Бірақ бабаларымыз жесірі мен жетімін жылатпаған халық бол­ғандықтан, осындай салт-дәс­түрдің болғанын біліп жүргеніміз абзал.

Ә.ТАСТАНОВА,
тарихшы
ШЫМКЕНТ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *