Жаһандану тұсындағы діндарлықтың жалпы көріністері

54

Амангелді Айталы, 
философия ғылымдарының докторы, 
профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

Діндарлық ұғымы

Бүгінгі әлемдік – дінтану ғылым­дарында діндарлықтың әлеуметтік мә­се­лелері ең бір өткір сипат алып отыр. Бұл феноменді зерттеу АҚШ-та 1920 жылдары урбанизациялау, индустрия­ландыру, миграция және экуменизм (әлемдегі христиандардың басын қосу) қозғалысына байланысты пайда болды. Бұл зерттеулер бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі шіркеудің мәртебесіне байланысты өткір сипат алды. Бұл кезде совет билігі де діндарлықты зерттеуге бет алды, бірақ, оның мақсаты идеялық тәрбие жұмысында жаңа адам тәрбиелеу болды.
Жаңа кезең 1960-1970 жылдары басталды. Американдық ғалымдар дін­дарлықтың деңгейлері мен типологиясы төңірегінде тұжырымдарын ой елегінен өткізді. КСРО-да зерттеулердің тақырыптары, географиясы, обьек­ті­лері кеңейді.
Үшінші кезеңде діндарлық халық­аралық бағдарламаларға сәйкес, же­ке тұлға мен қоғамның құнды­лық­­­тар жүйесімен байланыстырылады. Негізгі зерттеу мәселесінің бірі – пост­коммунистік елдердегі (Ресей, Украи­на, Белоруссия, Кавказ, Орталық Азия) діндарлық деңгейі болды.
Діндарлық туралы тұжырымдар дінге көзқарас өзгеруіне байланысты нақ­ты­ланып келеді. Соңғы кезде мешітсіз, шір­кеусіз «жеке діншілдіктің» («частная религиозность») көрініс алып, діннің жеке тұлғаның, жеке отбасының ұстанымына айналып, өзінің классикалық мәнінен, өмірге маңызды мән беретін қызметінен айырылып бара жатырғанына назар аударылады.
Жаһандану мен ұлттану (этнизация) діндер алдына жаңа талаптар қойып отыр. Әлемнің дамуы тек дін, экономика, саясат, мәдениеттердің жеке ықпалымен ғана емес, өмірге басқа көзбен қарауға, бүгінгі күнге адам­дардың бірлігі, ынтымақтастығы мен ықпалдастығын саралауға жете­лейді. Діни дүниетаным қоғамдағы монополиясынан айырылып, БАҚ лезде алуан түрлі діндерді, дәстүрлерді тануға да кең жол ашты. Сонымен, соңғы он жылдарда зайырлы дінтану ілімінде діндарлық, дін жолына түсу проблемасы төңірегінде өткір пікір-таластар мен әртүрлі тұжырымдар айтылуда.
Діндар дегенді қалай түсінуге болады, оның мәні мен мазмұны қандай, шынайы діндарлық па, әлде дінге қызығушылық па, діндегі адамдарға еліктеп, көптің іс­тей­тін амал-әрекетін қайталау ма, мән-жайына терең бойламай желігу, даурығу ма деген сауалдар туатыны түсінікті. Дінді ұстанушылықтың критерийлері, белгілері төңірегінде талай ойшылдар пікір айтып келеді. Күнделікті тұрмыста да «діндар адам» деп кімді айтамыз деген сауалдар төңірегінде пікір-таластар туып жатады. Мысалы, қоғамдық пікір діни бірлестіктерді қолдауға негізінен қарсы емес, бірақ, кейде олардың меркантилизм, пайдакүнемшілдігін түсінбейді. Мысалы, қайырымдылықтың көмегімен көптеген мешіттер салынуда, жетімдерге, балалар үйіне көмек көрсетіледі, соған қарамай, сол қаржының таза еңбекпен табылатыны күмәнді. Ұрлықпен, арам жолмен табылған қаржыны пайдалану дұрыс па, әлде онан бас тарту керек пе деген сауалдар жиі айтылып жатады. Жауап өзінен өзі белгілі. «Егер, адам, тіпті, ол кінәлі болсын, енді, іс жасағысы келсе, оған неге тыйым салу керек? Ол өзі үшін емес, басқалар үшін пайдалы іс жасап отыр. Кім айта алады, осы адамдардың басқалардан күнәсі көбірек» деген уәж айтылады.
Осы мәселе төңірегіндегі көзқарастар діндарлықтың көпқырлы ой-пікір, көңіл-күй, мінез-құлықтың өзара ұштасқан кешенді де күрделі құбылыс екеніне, сенім мен әрекет, амалдың бірлігіне назар аударады.
Діндарлықты (религиозность) жеке адам мен әлеуметтік топтың сана­сының, мінез-құлқының, адамдармен қарым-қатынасының дін тұр­ғысынан қасиеттері деуге болар. Дін­дарлықтың басты белгісі – діни сенім, діни идеяны, діни ұғым, түсінік, әңгіме-хикаяларды білу, қабылдау және мойындау. Діни мінез-құлық дегеніміз діни талаптарға сай іс-әрекет. Діндарлықтың бір жағы – Жаратушыға жеке-дара құл­шылық ету, табыну болса, екінші жағы, құл­шылықтан тыс амалдар: діни бір­лестіктер мен мемлекет қа­рым-қатынасы, ғылыми ізденістер, кон­ферен­циялар, конфессияаралық диалог, миссионерлік қызмет, діни оқу орын­дарының қызметі, діни кітаптар шығару, тағы басқа қызметтер. Сонымен бірге, діннен тыс қызметтер: ғибадатханаларды күту, қызметін қам­тамасыз ету, әлеуметтік қызмет, қайы­рымдылық.
Діндарлық жеке адам мен топтың діни қасиеттерінің деңгейімен, қар­қын­дылығымен, ел арасында таралуымен, саны мен сапасымен ерекшеленеді. Осы қасиеттеріне қарай діндар адамдар мен топтарды жіктеуге, топтауға да болады. Діндарлық негізінен жеке адамдар мен топтардың тұрақты қасиеттерінің жүйесі. Сонымен бірге, діндарлық көңіл-күй ұдайы өзгеріп, бір күйден екінші күйге ауысып, күрделеніп отырады. Себебі, адамдардың ұстанатын діни бағдарлары әртүрлі: «Мен құдайға сенемін», «Мен Құдайға ізденіс жолындамын», «Мен әлі де атеистік танымдамын», «Мен өзімнің дінге деген көзқарасымды анықтай алмаймын, атеизмнен кеттім бе, дегенмен шынайы дінге оралдым деп айта алмаймын» деген сияқты жауаптар әлеуметтік зерттеулерде жиі қайталанады.
Адамдар бір нәрсеге сенеді. Ал, әлем­дік дәстүрлі дінге сенушілер өздерін пра­вослав, мұсылман деушілер, басқа да діндегілер діндарлықтың әртүрлі дең­гейін­де болуда. Біреулер діни канон­дармен өмір сүрсе, екіншілердің діни дүниетанымы айқындалмаған, үшін­ші­лері, енді, дінге ықылас танытып, діни кітаптарды оқи бастаған, сенім мен кү­діктің арасында жүргендер де бар. Тіпті, діндеміз дегендердің белгілі бөлігі мешіт, шіркеу табалдырығын аттамағандар, олар кейде салт-дәстүрлерді көпке еріп орындайды. Сырттай діндар болып, іштей атеист болып жүргендер де бар. Шынайы діндарлық ізгілік, әділдік қағидаларын басшылыққа алады. Діннің атын жамылып, күдікті жолға итермелейтіндер де жоқ емес. Олар жасанды діндарлар, экстремистік кертартпа ағымдағылар. Бұл ахуал діни сана-сезімнің динамикасын, құбылмалы сипатын көрсетеді. Сондықтан, діндарлықты асырып та, кемітіп те көрсетуге негіз бар.
Дін өмірдің барлық дерлік салаларына ықпал жасайды. Сондай-ақ, адамдардың жынысына, жасына, біліміне, өмір сүретін ортасына байланысты дінге көзқарас та біркелкі емес. Ер адамдар мен әйелдердің діндарлығы, жаратушыға табынуы, ішкі жан дүниесі ерекше. Әйелдер, мысалы, ерлерге қарағанда дінді өте нәзік сезіммен қабылдайды, әйел адам азапты, мехнатты басынан көп кешіреді: бала көтереді, босанады, бала тәрбиесінде де ананың орны бөлек. Басына үрей, жалғыздық, ренжу, қайғы түскен әйел жұбаныш, үмітті, көңіл тыныштығын құдайға сенуден табады.
Дәрігерлер мен психологтардың айтуынша, адамның қартаюы – терең де күрделі кезең, сонымен бірге ол табиғи жағдай. Кәрілік пен жалғыздық, мүгедектік, әлеу­меттік мәртебесінің төмендеуімен сый-құрметтің азаюы, дәрменсіздік пен қатар­ларының сиреуі, өлімнің жақындауы адам­ның жан дүниесіне үлкен әсер етіп, діндарлыққа икемдейді, өкіну сезімін де тудырады. Социологтар «зейнеткерлік діндарлық» деген топты әдейі бөліп айтады.
Соңғы жылдары ғылыми әдебиетте діндарлықты әртүрлі қырынан саралап, ғалымдар алуан түрлі пікірлер айтуда. Ең жиі айтылатын пікірлер: «барлық посткеңестік елдерде діндарлықтың қатты өсуі байқалады», «діндарлық дағдарысы», «діндарлық сипаты мен өсуі». Діндарлықты айқындау үшін дін­танушы ғалымдар әртүрлі ұғымдар қолданады: «халықтық діндарлық», «ішкі діндарлық», «құпия діндарлық», «жасанды діндарлық», «дүбәре дін­дарлық», «бір адамның әртүрлі дінде болушылығы», «конфессиядан тыс діндарлық», «итсизм», «агностицизм», «жаңа діндарлық».
Кейбір еңбектерде дінді қабылдауы, меңгеруіне қарай православтар мен мұсылмандарды әртүрлі деңгейлерде сипаттайды: «Діндарлар мен жартылай діндарлар», «жаңа бастаушы дін­дарлар», «шіркеу мен мешіттен тыс діншілдер», «дінде жоқтар». Бұл терминдердің астарында діни амалдар, діни дүниетаным, діни қауымдастық сияқтылар туралы пікірлер жатыр. Осыдан әдебиетте діндарлықтың әртүрлі типологиясы жасалады. Бір ғалымдар «нағыз діндар», «дәстүрлі емес діндар», «жаңа діндар», «құбылмалы діндар» десе, екіншілерінің пікірінше исламдағы «жоғары діншілдікке» жататындар – исламның парыздарын орындайтын, жұма намазын қалдырмайтын, діни мере­­келерді үнемі атап өтетіндер, «орта діншілдікке» жататындар – мешітке жұма намазына анда-санда баратын, діни салт-дәстүрлерді орындай бермейтіндер, «төменгі деңгейдегі діншілдік» иелері – мешіт­ке бармайтындар, болмаса өте сирек бара­тындар, діни салт-жоралар мен діни мерекелерге мән бермейтіндер. Басқаша айтсақ, олар мұсылмандар, бірақ, оларды дінге сенеді деп айту қиын.
«Мешітке, болмаса шіркеуге бару діндарлықтың белгісі бола алмайды» дейді бірқатар ғалымдар. Оразаны әдейі диета сақтау үшін ұстайтындар, жұма намазына таныстарымен кездесу үшін баратындар, қажылыққа туристік сапар ретінде қарайтындар бар. Сырт көзге бұл діндарлықтың белгісі болғанымен, шындығында олай емес. «Денсаулығыма байланысты ораза ұстай алмаймын», «Құранды жаттап алдым, бірақ, мазмұнын білмеймін» дейтіндер «Құранды білмеймін, білгім де келмейді» дейтіндерден гөрі дінге жақын. Сол сияқты, үнемі мешітке баратын адамдарды да діндар деу асығыс пікір. Айталық, мешіті жоқ алыстағы ауылда тұратын, бес уақыт намазын қаза етпейтін, оразасын ұстайтын, қайырымдылық жасайтын, білгенше Құран аяттарын оқитын, немерелерін тәрбиелейтін ата мен әжені, ана мен әкені діндар емес деу орынсыз.
Еуропа ғалымдары дінді ұстану­шы­лардың әртүрлі, тіпті қарама-қарсы дең­гейде болатындарын да алға тартады. Мысалы, белгілі дінтанушы еуропалық ғалым Ч.Глок діндарлықтың бес белгісін (шкала) ұсынады.
Бірінші, идеологиялық белгі: ақыр­заманға, әлемнің жаратушысы барлығына, оның тарихқа араласуына сенуі, тәубе етуі.
Екінші, интеллектуалдық белгі: сеніп қана қоймай терең діни білімді болу, кереметтерді игеру, қасиетті кітаптарды меңгеру.
Үшінші, белгі – ритуалдық белгі: салт жораларды орындау.
Төртінші, белгі – өмірлік тәжірибе, діни қағидаларды өмір жолына бейімдеу, өлім алдына адамдық бейнеңді сақтау.
Бесінші, нәтижелік белгілер: немесе этикалық, күнделікті тұрмыстағы амалдар, пенде ретінде намысы мен ұяты, көңіл-күйі, арын жұбату, басқаның көңілін табу, өсек, өтірік, жыныстық қатынастарға көзқарас және саясатқа араласуы. Дін­дарлықтың осы қырларын ол бір-бірімен терең өзара интегралдық байланыста және ықпалдастықта деп қарастырады.
Л.Н.Толстой діндарлық туралы ойын «Екі шал» атты әңгімесінде өрбітеді. Екі мұжық – Ефим мен Елисей азықтары мен қаржыларын алып, қасиетті Кұддысқа (Иерусалимге) аттанады. Жолда бір ыстық жердің үстінен өтіп бара жатып, Елисей су ішіп шөл басайын деп бір тамға кіреді, Ефим қуып жетеді ғой деген оймен жүре береді. Елисей келсе, үйде қыбыр етер жан жоқ, барлығы аштықтан әбден әлсіреп өлейін деп жатыр. Ол өзінің азығымен олармен бөліседі, енді, ол кісілерді тас­тап кетуге қимай, жолдасын қуып жетем деген ойын кейінге қалдыра береді. Сол үйдің барлық шаруасын мойнына алады, азық-түлік, жер, балаларға сүт болсын деп сиыр, шалғы орақ, ат пен арба сатып алады. Балалар ойнай бастайды, үлкендер басын көтеріп, үй-шаруасына кіріседі. Енді, Елисейдің ақшасы да азайған екен, ол үйіне тез оралады.
Ефим Құддысқа жетіп, халықпен бірге құлшылық етеді. Бір кереметі Құдай ұлы, Құтқарушының табыты қойылатын шіркеу жаққа көз салса, Елисейдің бейнесін көреді, оның қалай бұл жерге келгенін түсіне алмай, еліне қайтады. Елисеймен айырылысқан жердегі үйге келіп, ол туралы білгісі келеді. Әйел оны жақсы қарсы алып, Құдай бізді жарылқап, сіздей бір қарияны тап келтірді деп, Елисейдің барлық істеген жақсылықтарын айтады. «Ол адам ба, әлде Құдай жіберген періште ме?» – деп Ефимді таң қалдырады. Ол еліне оралып, Елисей серігін көріп, көп ойланады. «Бұл тірліктен ақыретке аттанып кеткенше әркім өз мойнындағы адамшылық қарызын төңірегіндегі жұртқа деген жанашырлығымен, һәм жақсы істер жасау арқылы ғана керектігі – Құдай тағаланың әрқилының жеке өзіне жүктеген міндет екенін, ол енді ғана пайымдаған еді», – деп түйеді Л.Н.Толстой.
Діндарлық пен имандылық ұғым­дары бір-біріне мазмұндас, мағы­налас болғанымен, түпкі мәндері үйлесе бер­мейді. Діндарлық жеке адам мен әлеу­меттік топтардың өзгеріп, күрделеніп отыратын діни қасиеттері. «Ислам» энциклопедиялық анықтамалығында «иман­­­дылық-адамның қоғамдағы, күн­делікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани рет­теу­ші қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік – кісілік белгісі» делінеді. Имандылықтың өз шарттары мен талаптары бар, ол иманнан, Алла Тағаланың өсиетіне және оның елшісі Мұхамед Пайғамбардың айтқандарына сену, имандылық, мұсылманшылық шарттарын байланыстыра қарастыру. Діндар адамдардың барлығы иманды емес, бірақ, иманды адамдардың барлығы діндар. Діндар адам іздену нәтижесінде барып, имандылыққа қол жеткізеді.
Өмірде адам талай азғырып әкететін әзәзілдің күштерінен, арбап-алдаудан, кінәдан, шарықтап өсу мен жеңілдеуден тарихтың, өмірдің қатал сынынан өтеді. Өмірдің осы қайғылы да қуанышты ке­зең­дерінде биік адамгершілікте болу, иман­дылықты сақтау зайырлы қоғамда жоғары діндарлықтың жалпы өлшемі болады.

Жаһандану тұсындағы діндарлықтың жалпы көріністері

Бүгінгі ақпараттық қоғам тұсында дәстүрлі дінмен біте қайнасқан этно­мәдени болмыс, ұлттық мәдениет, тіл, тұрмыс ыдырай бастап, ұлттық құндылықтар мен дін, ұлттық рең, дәстүр әлсіреп, ұрпақтар сабақтастығының үзілуіне қауіп төнді. Батыс ғалымы Ж.Бодрийяр бүгінгі еуропалықтардың діншілдігін «симуляция» деген сөзден шығарып, «симулякр», діншіл болып көріну, жалған, жасанды діндарлық деп бағалайды. Әрине, бұл құбылыс, әсіресе, еуропалықтарға тән, олар үшін құдай, ахирет жоқ дейді ол. Бүгінгі адамдардың діни санасы өзгеше, ол «коктейль», түрлі қосындыдан жасалған сусын сияқты, жүйеленбеген, реттелмеген, ертегі, қиял, әпсана, аңыз әңгімелер және ол әр санада әртүрлі «қоспадан» жасалған. Бірақ, ол елдерде дін өз маңызын жойған жоқ.
Белгілі ғалым Ә.Фромның XX ғасырды «бегство от свободы», «еркіндіктен құтылу» деп бағалағаны белгілі. Оны қалай түсінуге болады?
Бұл заман өз Меніңнен, жеке-дара болмысыңнан айырылып, ортаға бейімделу заманы. Бұл еркіндікте өмір сүру, игі мақсаттар қою, күш-қайратыңды соған жұмылдыруға талапсыздық. Бұл ойлау, рух саласында өз бетіңмен әрекетке қабі­летсіздік. Бүгінгі жұртшылық өз орта­сының стандарттарымен (қалып­тармен) шектелген, оның киетін киімі, ішетін тамағы, мінетін көлігі, тұратын үй-жайы барлығына бірдей. Сондықтан, көптің бірі болған адам өз ойы мен ісіне жауап беруге қабілетсіз, өркениеттің жемісінен қол үзген, әлеуметтік байланыстар оны жекешелендірген. Ол адам өркениеттің негізі – діннен де қол үзген. Сөйте тұра, ол жеке тұлға ретінде өзінің интеллектуалдық, көңіл-күй қалауын таба алған жоқ. Сонымен ол таңдау жолында: бірақ таңдау толық еркіндікке қол жеткізбейді, ізденіс оны жаңа бір тәуелділікке, бағынуға әкеледі. Ақпараттық тасқын дүниеге, ортаға деген кәнігі көзқарас қалыптастыра алмағандықтан, қоғамның құйтұрқы, оқыс жолдарына түсуі қиын емес. Мысалы, бүгінгі араб елдеріндегі исламды жамылған экстремистердің әрекеті кезінде атеизмнен, социализмнен сақтанып, ислам елдеріндегі студенттер мен мұғалімдердің санасына тек діни идеяны тықпалағанның салдарынан деп түйеді батыстық ғалымдар. Соның салдарынан араб елдері әлемдік өркениет, ғылым мен технологиядан кенже қалды.
– Бүгін, XXI ғасырда дін тағдыры енді қандай болмақ? деген сауал әлемді мазалайды. Адамзаттық келісімге келу, саяси, экономикалық және діни жанжалдарды жеңу бүгін бекер сөз болып отырған жоқ.
2010 жылы Швецияда өткен XVIII Дүниежүзілік социологиялық форумда дін мен дінге байланысты соғыс, жанжал, миграция, білім, отбасы, жастар туралы 500-ге жуық баяндамалар талқыланған. Тербеліс (турбулентность) тұсындағы дін­дарлық, оның жаңа көріністері, ислам мен христиандықтың өзгеруі, олардың санының өсуі және жаңа діни қозғалыстар туралы проблемалар терең талқыланған. Діннің қоғамды тұтастандырушы капитал, құндылық ретінде орны мойындалып, биліктің де әлеуметтік кеңістіктегі оның кызметін түсінетініне форум ерекше назар аударды.
Байырғы діндарлық өлшеммен салыс­тырғанда, еуропалық жастардың дін­дарлығы төмен, ең бастысы, дінмен тұрақты байланыстың жоқтығы. Жас­тардың діни өмірі үстіртін. «Сенің дінге көзқарасың қалай?» деген сауалға жастардың 43% «шынымды айтсам, мен не айтарымды білмеймін» депті, ал, 24% «Нақты Құдайға емес, бір құдіретті күштің барлығына сенемін», енді 12% «Құдайға да, құдіретті күшке де сенбейтіндерін» білдіріпті. Сонымен бірге жастар дінге, христиандық құндылықтар мен дәстүрлерге қарсы еместігін көрсетеді: «Мен христиан емеспін, дінді қабылдамаймын, бірақ христианша өмір сүруді қолдаймын». Осыдан келіп, Еуропа дінтанушылары заты діндар болмаса да, аты діндарлар (христиандар мен мұсылмандар) көптігіне назар аударады. Сондай-ақ Батыста «в окопах атеистов нет» деген қанатты сөз бар: қайғылы, қорқынышты жағдай туғанда жұ­бануды, күш-қайратты діннен іздейді.
Діннің азаматтық қоғамдағы орны мен ықпалы мемлекет пен діни бірлестіктердің арақатынасына байланысты. Мысалы, неміс әлеуметтанушысы Р.Норидың пі­кірінше, конституция бойынша, олардың бөлінуі азаматтық қоғамға жағымды ықпал етеді, ал діннің тәуелсіздігі оның беделін асырып, елге ықпалын өсіреді.
Жаһандану заманының айта қалар­лықтай белгісі – ақпараттық кеңістікте жаңа үлгідегі діни қауымдастықтар қалыптасып, тарай бастауы. Бұл құбылысты кибер-діндарлық (кибер-религиозность), интер­неттегі діндердің бәсекелестігі деп атайды. Интернет технологиясын пайдаланып, діни ұйымдар өз ізбасарларын көбейту үшін бәсекелестікке түсті, осыдан өзара жарыс дәстүрлі конфессиялардың жаңа заманға бейімделуіне итермелеп отыр. Католик шіркеуі интернет-технологияны өздерінің жолын қуушылардың қатарын көбейтуде, парыздарын орындауда тереңірек пайдалануды ұсынды. Технологияны игеруде жас­қаншақтық пен қорқыныш танытпауға, батылдыққа шақырады. Әлеммен және әрбір діндар адаммен екі жақты байланысты қалыптастыру үшін дін қызметкерлерінің де санасын жетілдіруді мақсат етеді. Сарап­шылардың айтуынша, интернет тек өз дінін тану үшін ғана емес, өзінің өзгеден ерекше екенін де тануға көмектеседі деп түйеді.
Батыстың кейбір дін социологтары Англиядағыдай англикан шіркеуінің, Римдегідей католик шіркеуінің АҚШ-та ешқандай діннің үстемдігінің, дін монополиясының болмағандығын, соның әсерінен діндердің бәсекелестігінің де орын алғандығын үлгі етеді. АҚШ-тағы жағдайды діни супермаркет, діни плюрализм деп, дінді экономикалық модель, маркетинг тұрғысынан саралап, қоғамда діни ағымдардың арасындағы бәсекелестік, азаматтардың таңдауы, жаңа ізбасарлардың пайда болуы бұрынғы бір діннің жолын қуушылардың заманынан басқа дінге ауысу заманы басталғанын алға тартады. Бұның заңды, үйреншікті жағдайға айналуын қолдайды. Діннің нарықтық моделі немесе діни плюрализм, ешқандай дін үстемдік етпеуін, қожайын дін болмауын, ал, мемлекеттің ешқандай дінге, діни ұйымға икемделуіне, қолдауға, болмаса дін істеріне қол сұғуға, килігуге болмайтынын ұсынады. Ал, жеке адамдар еркін нарық жағдайында өз таңдауын жасайды, бірақ ол таңдауды қоғамдық өмірдің қысымынсыз жасай алмайды. «Парадокс: бүгінгі еркін қоғамды жаппай еріксіздік жайлады, заманның оғаш құбылыстары ойда жоқта белең алды» деп қынжылады ғалымдар .
Нарықтық модельді қолдайтын, плюралистік үлгідегі діндер бүгін өз қатарын көбейту үшін коммерциялық үрдісті таңдауда. Бүгін храмдар, шіркеулер, мешіттер, діни-мәдени және туристік орталықтарға айналып, діни-ағартушы және коммерциялық қызметпен ұштастыруда. Мысалы, Ватикан бүгін ірі тартымды туристік орталыққа айналды. Бұндай орындар католик елдерінде көптеп саналады. Ватикан сәулет өнерінің тамаша үлгілерімен таныстырумен бірге, дұға оқып, католик дінінің тарихымен таныстырады, христиан символикасына сәйкес сәнді сувенирлер сатады. Қандай ниетпен, естелік үшін бе, әлде сәнді бұйым­дарды қызығып сатып алды ма, оны түсіну қиын болғанымен, бұл жерде хрис­тиан мәдениетінің ықпалы барлығы белгілі. Сондай- ақ, Польшаның Лихень қаласында жеті мың адам сиятын шіркеу кешені салынып, онда құлшылық ететін орын, дүкендер, ресторандар, қонақ үйлер, ақпараттық орталықтар, көңіл көтеретін орындар жұмыс жасайды. Бұрын Лихень қаласын поляк-католиктері білсе, ертең халықаралық туризм орталығы мен әлемдік тәубе етушілердің орнына айналады. Бұл дәстүрлі дін мен зайырлылықтың тұтастығы, олардың арасын бөлетін шекара болмайтындығын, дәстүрлі дін қызметін маркетинг әдістерімен толықтыруға болатындығын дәлелдейді деп түйеді дінтанушылар.
Жаңа діни ағымдардағы «Құдайдың қуаты өзіңде» деген ұран нарық экономикасына бейімделіп, өз күшіңе сеніп табыс табуға жетелейді. Діннің нарықтық моделі баспа ісіне зор мән берді, баспа индустриясы дамыды. Еуропа мен АҚШ-та он мыңдаған әртүрлі жас пен әлеуметтік топтарға арналған алуан түрлі тақырыпта кітап, брошюралар, мерзімді басылымдар, бизнестегі психологиялық мәселелер, бала тәрбиесі, тағы да қиындықтарды еңсерудің жолын ұсынатын әдебиеттер ұсынылды. Әрине, ол басылымдардың басты тақырыбы христиан дінін насихаттау, діндарлыққа тәрбиелеу болды. Мысалы, АҚШ-та жаңа діндерді насихаттау бас­па нарығының 10% құрады. Сондай-ақ Ұлыбританияда діни әдебиет 75%-ке өсті.
Жаһандану, ақпараттандыру ағымы ислам діні мен ислам әлемін жаңарту мәселесіне өткір мән берді. Әсіресе, бұл саланы қайта құру, ғылым мен технологиялық салаларда теологиялық тәрбие жүйесін сақтай отырып, әлемдік кеңістікке ену өте өткір проблемаға айналды. Соңғы жылдары жаңа исламдық университеттер құрылды, олардың оқу бағдарламалары бүгінгі заман талаптарына қарай икемделген. Жалпы, ислам әлемін, оның ішінде білім саласын реформалауда үш бағыт қалыптасып отыр. Бірінші бағытты секуляристер деуге болады. Олар жоғары оқу орындарын, діни оқу орындарынан басқасын, теологтар бақылауынан шығару. Бұл бүгін Орталық Азия елдеріндегі білім жүйесіне жақын. Екінші ағымды традиционистер деп атайды. Бұл жолды ұстанатындар ислам өркениетінің ұлылығына негізделініп, білімді мұ­сылман наным-сенім негізінде өз білім мен ғылым саласындағы ерекше бағытын айқындауды көздейді. Білімнің әр саласы, оның ішінде, жаратылыстану ғылымы да ислам ғылымына (акида) негізделіп, үйлесіп, ой елегінен өткізіп барып, бүгінгі заман талабына бейімделуі керек.
Үшінші ағым – ислам модернистері – секуляристерді, жалпы секуляризмді сынға алып, «ислам діні мен бүгінгі жаратылыстану мен әлеуметтік ғылымдар арасында ешқандай қайшылық жоқ» дейді. Сондықтан, ислам мәдени құн­дылықтары мен өркениеті және жаратылыстану ғылымын білім саласында тең ұстауға болады деген пікірді қолдайды. Мәселе, исламға жаңаша амал, тәсіл таба білу және білімді де исламға ыңғайлауды басты міндет деп санауда болып отыр. Ғылым мен дінде ешқандай ұлттық шекара болуы мүмкін емес, себебі, Құранда білім – Алла қол­дайтын игілік, байлық, даналық.
ХХ ғ. басында ресейлік мұсылмандар арасында дүниеге келген жәдитшілердің (жаңашылдар) идеяларын Қырымнан Түркістан мен Сібірге дейінгі өлкеде мұсылман интеллектуалдарының дидак­тикалық жаңа әдіске (метод) негізделген реформаларын, мектеп бағдарламаларын жаңартуды, ұлдар мен қыздарды бірге оқытуды және басқа да бастамаларды қолдады. Мұсылман жамағаттарының арасында үлкен пікір-талас тудырған бұл экспериментті 1917 жылғы революция тоқтатты. Бұл тәжірибе бүгін де мұсылман елдерін қызықтырады. Қазіргі жаһандану мен ақпараттық заманда жас ұрпаққа мәдени, діни, ұлттық негізінен қол үздірмей, уақыт талабына икемдеп білім беру мұсылман мемлекеттері үшін басты мәселе болып отыр. Бұл талап тек ислам елдері үшін ғана емес, Батыстағы мұсылман қауымдастықтары үшін де, АҚШ, Канада, Ұлыбританиядағы мұсылман эмигранттардың екінші және үшінші ұрпақтары үшін де өткір, себебі, оларға батыстық мәдениетке сіңісу қаупі төнді.
Соңғы кездері әлемде «гетеро­док­салық» діндарлықтың көріністері кеңінен тарауда (гетеро-басқа, докса-пікір, сенім). Бұл термин дәстүрлі діндерге балама басқа сенімдегі діндарлық деген ойды білдіреді, көптеген діни топтар мен олардың дүниетаным жүйесін қамтиды, ал, ғылыми пікірталастарда олар «эзотерикалық» ағым, «Нью Эйдж» және басқа да аттармен аталады. Зерттеушілердің басым көпшілігі оларды дәстүрлі емес діндарлық, әлемдік діндер дүниетанымы шеңберінен тыс және жаратылыстану ғылымына да жат, бірақ ертеден келе жатырған идеологиялық оппозициядағы ағым деп есептейді.
Гетеродоксалды-діни көзқарас сенімнің мынандай элементтеріне негізделген: жоғары күшке табыну (Құдай, әйтеуір, бір құдіретті күш); адамның амал-әрекетін таразылайтын жоғары әділеттілік; ғы­лыммен түсіндіруге болмайтын бола­шақты болжай алатын жеке адамдар; адамзат бүгін жалпы дағдарыстың алдында тұр; сиқырлы ритуал (мысалы, сиқырлау, дуалау, бал ашу, көз тию) арқылы басқа адамдардың өміріне ықпал ету; емшілік, бақсылық, бүгінгі медицина емдей алмайтын ауруды емдеу; адам өлгеннен кейін адамның жанының тәнінен бөлек өмір сүретіні; жұлдыздардың кестесіне қарай адам тағдырын болжау; періштелерге, жын, шайтан, перілерге сену; адамның жолының болу, болмауы табиғаттан тыс ғажайып күштерге байланысты; телепатия (басқа адамдардың ойын, көңіл-күйін алыстан сезіну); бойтұмарда ерекше құпия күш барлығы; кейбір елдердің үкіметінде ғажайып қабілет және басқа планетамен байланыста болатын адамдар туралы ақпарат бар, бірақ оларды құпияда ұстайды. Жерге басқа планета тұрғындарының келіп-кеткені және тағы басқалар.
Батыс елдеріндегі гетеродоксалдық діндарлықтың ең бір жиі көрінісі – дәс­түрлі емес еммен сауығу. Франция хал­қының шамамен 13% өмірінде бір рет болса да астрологқа барып, болашағы туралы болжамдар алады. Германия халқының 11% емшілер мен экстрасенстерге емделеді және олардың жартысынан астамы оның пайдасын көрген. Австрияда ем алғандардың 76% оны пайдалы деп есептейді. Ресейде сауалға қатысқандардың 22% емшілер мен экстрасенстерге барып, олардың жартысынан астамы емді қолдаған. Гетеродоксалды-діни мазмұндағы әдебиеттерді ресей­ліктердің 35% оқиды.
Ғылыми әдебиетте дәстүрлі діндердің ықпалы азайғанда, олардың орнын гетеродоксалдық діндарлық толтырады деп есептейді. Сондықтан дәстүрлі діндер мен гетеродоксалдық-діни көзқарас бір-бірімен қарама-қарсы болғанымен, діни санасы әлі орнықпаған ортада олар бір-бірімен араласып, бытысып жатыр, көп адамдар қарама-қарсылыққа қарамастан, екі дүниетанымды қатар мойындайды. Бұл жерде таң қалатын ештеңе жоқ, адам психикасында логика тұрғысынан үйлеспейтіндер жетерлік.
Әрине, дәстүрлі діндер діннен шығуды қолдамайды, себебі, ол қалыпты жағдайдан, адамгершілік қағидалардан аттауға, отбасылық, ұлтаралық жанжалдарға әкелуі мүмкін. Бүгін қоғамда дәстүрлі діннен алшақ, шынайы діннен гөрі, теріс діндер деп айтуға лайық культтер, күмәнді діни ұйымдар пайда болды. Олар қоғамды тұрақтандырып, өмірге жаңа мән, мазмұн бергеннен гөрі, қоғамның тұтастығын ыдыратуға, дәстүрлі діндерге бәсекелестік туғызып, қоғамды тұрақсыздандыруға итермелейді. Әртүрлі діни ағымдардың қаптауы, бір діннің әр салаға бөлінуі жеке адамдарды оларға тәуелді етіп, дәстүрлі діннен алыстата береді.
Бүгін, XXI ғасырда, дін тағдыры енді қандай болмақ? деген сауал мазалайды. Адамзаттың келісімге келуі, саяси, экономикалық және діни жанжалдарды жеңу бүгін бекер сөз болып отырған жоқ.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *