Протез-аяқтың ізі

Суретте: ақын Хамит Ерғалиев пен механизатор Жадыра Таспамбетова

Сегізінші сыныпты бітірген жылым. Көрші «Ақтоған» учаскесінде мектепті тәмамдаған бетте комбайн тізгінін қолына ұстаған өндірдей қыз Жадыра Таспамбетова тосын апатқа ұшырап, аяғын кестірді. Бірақ, қайтпады, сынбады. «Обал болды-ау!» деген аяр көңілдердің белінен бір-ақ аттап, протез-аяқпен трактор рөліне отырып, еркекке тән ерліктің үлгісін көрсетті. «Еңбектің Мересьеві» деген атқа ие болды. Еркек атаулыға имене қарайтын өткен ғасырдың 70-жылдарындағы қарапайым ауыл қызы темірдің тілін тауып, аз уақытта ауызға ілікті.
Тақырып алда жүреді ғой. Сонда «Ақсақ қыз туралы аңыз» деген очерк жазбақшы боп, екі сынып жоғары оқыған Жадыраны іздеп, «Ақтоғанға» барып едім.
Әке-шешеден ерте айырылып, бір үйдің тауқыметі мойнына түскен он жетідегі қыз: «Енді бір есепшілік курсті бітірсем…» деп көз жасын сығып алды. Бұл – инеліктей қыз жанының ине ұшындағы бір сәттік босаңсуы болатын. Сөз оған қуат берді. Мен «Қыз құрбым»-ды жазып, жанын жебедім. Мұрат Күлімбетов «Жоқ, мен ораламын»-ды жазып, қыз намысын қайрады. Ауылға келген Хамит Ерғалиев пен Қуандық Шаңғытбаев Жадыраның қайсарлығына тәнті боп, Хамаң «Қыз-қисса» дастанын жазды. Сөз көгершін көңілді биікке алып ұшты. Ыбырай Жақаевтың батасын алып, көктемде трактормен Жер-Ананы баптады, күзде комбайнмен алтын дәнге орақ салды. Комсомол сыйлығын алып, 25 жасында Еңбек Ері атанды, социалистік құрылыстың үлгі тұтар мақтанышына айналды.
Көптен кездеспеп едім, Қызылорданың 150 жылдық тойында бетпе-бет жүздестім. Елбасы сыйлаған төрт бөлмелі пәтеріне қонаққа шақырды.
– Мен көңілім қаяу жанмын ғой, — деді баяу ғана. – Аяғым сыздап жүр. Жастардың аяқ-қолы сау боп, менен де алға озса екен.
– Бүгінгі жастар «Болашақпен» білім алып, бүкіл әлемді аузына қаратады.
– Лайым, солай болса екен, — деді ол. – Ауылдың деңгейінде қалып қоймаса екен.
Бұл – өзімнен екі жас үлкен Жадырамен ақтық жүздесуім, бір кездегі қыз құрбыммен ақырғы тілдесуім екен. Көкектің үші күні, күн бата, Сыр өңіріндегі Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов інім жайсыз хабар жеткізді.
– Жадырадан айырылып қалдық…
Жалғанға елу жеті жыл қонақ болған ол – қыз құрбым боп мәңгі көз алдымда қалды.
Жадыраның жолы – өнеге.
Протез-аяғының ізі қалған топырақ үзеңгілестер үшін де, буырқанған болашақ үшін де сырлы шежіре.

Қуандық Боқайұлы.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *