«Ұлттық өнерді ұлық еткен шебер»

745

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде суретші, домбыра жасаудың шебері ретінде қазақ өнерінің тарихында елеулі орын алған шебер Жақсылық Оспановқа арналған «Ұлттық өнерді ұлық еткен шебер» атты еске алу кеші өтті.

Аталған кешке өнер қайраткерлері мен шебердің туған-туыстары және үзеңгілес жолдастары қатысты.

Жақсылық Оспанов 1957 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Алматы көркем-сурет училищесін, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің көркем-сурет графика факультетін бітірген. 1992 жылы өткен І Республикалық «Үкілі домбыра» атты домбыра аспабын жасаушы шеберлердің байқау-бәйгесінде Бас жүлдені жеңіп алған. 1995 жылы Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі атанды.

Ж.Оспановтың музыкалық аспаптарын музей сахнасында жаңа қырынан көрсету – шебердің өнерін қайта жаңғырту, келешекке сақталуына ықпал жасау, насихатталуына үлес қосу деп білеміз. 1992 жылы өткен І Республикалық «Үкілі домбыра» атты домбыра аспабын жасаушы шеберлердің байқау-бәйгесіне жасаған домбырасы – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа тапсырылды. 1997 жылы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Қандай қырғын майданда да, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда да қазақтың қасынан домбыра қалған жоқ, қалмайды да. Өйткені, домбыраның бойына қазақтың барша қасиеті жинақталған: ыстыққа да, суыққа да төзімді, сөйлесе шешен, кейде мұңды, кейде өршіл, даңғарадай академиялық концерт залында, қоңыраудай қараша үйде де өз үнін, қасиетін жоғалтпайтын әмбебап аспап» деген болатын.

Шебер кішігірім шеберханасында жалғыз жұмыс істеген. Бөлменің ортасында қарапайым құрылғылары мен жұмыс үстелі ғана болған. Алғашында шебер домбыраны тұтас ағаштан жасаса, кейіннен шанағын құрама етіп жасауды үйренген. Оған домбыра жасауды ешкім үйретпеген, өзі үйренген екен. Алғаш үлгі ретінде 60 жылдары жасалған Романенконың домбырасын алған.

Жақсылық Оспанов өзі жасаған алғашқы домбырасын Қаршыға Ахмедияровқа сыйға береді. Осы кезден бастап екеуінің арасында достық қарым-қатынас орнайды. Қаршыға Ахмедияров өз сөзінде шебер жайында былай деген екен – «Бұл кісі құрметке лайық адам. Оның аспаптарымен біздің музыкантар әлемнің түкпір-түкпірін шарлап жүр. Ал ол болса атақ та, марапаттау да алмаған. Мемлекет Жақсылық Оспанов секілді жандарға көмектесуі тиіс. Алматы жеке шеберхана ретінде екі бөлмелі ғимарат берсе, ол кісі бір бөлмесінде ағашын кептіріп, бір бөлмесінде домбырасын жасар еді. Тіптен Алматы қаласының әкімінің қолында Жақсылық Оспановтың қолынан шыққан домбыра бар. Ол өзі ешқашан ештеңе сұрамайды, өзінде барды қанағат тұтатын адам» деп айтып кеткен болатын. Бұл орындаушының шеберге берген асқақ бағасы еді.

Қазіргі уақытта оның қолымен жасалған қазақ ұлтының музыкалық аспаптары: ҚР Халық артистері А.Есқалиев, А.Қоразбаев, «Дарын» сыйлығының лауреаттары – Б.Тілеухан, А.Үлкенбаева т.б. қазақ ұлтының жанашырлары мен өнер иелерінің қолында.

Айтулы кешті күйші Мұрат Әбуғазы жүргізді. Шара барысында шебер Сұлтан Мұсаев кеш иесі жайында естелік-сырларымен бөлісіп, қызықты жайттарды айтып берді. Асыл мұрамыз насихатталатын бұл еске алу шығармашылық кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік стипендия иегері, Тұңғыш Президент Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты Н.Әшіров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Жүдебаев, ҚР Мәдениет қайраткері, «Дарын» сыйлығының иегері М.Нукеев, Мәдениет саласының үздігі Р.Баймұхатов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты А.Қойшыбаевтар өнер көрсетті. Олардың орындауында Уәли Бекеновтың «Жеңгем сүйер», Мұраттың төкпесі, халық күйі «Ақсақ құлан», Абылдың күйі «Абыл», Қуаныш Жұмағалидің авторлық «Ақжелең» күйі сазды кештің көркін келтірді.

Кеш соңында Жақсылық Оспановтың жұбайы Ғазиза апайымыз келген қонақтар мен музей ұжымына өзінің ризашылығы мен алғысын білдірді.

Қуаныш КҮЛЕШ,

                                               Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ғылыми қызметкері

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *