Қазақстанда жаңа «Жомарт жүрек» сыйлығы тағайындалады

501

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жыл сайын «Жомарт жүрек» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін ұйымдастыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.

«Азаматтық жауапкершілікті жоғары қоятын қазақстандықтарды қоғамдық ынталандыру аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлер мен жергілікті қауымдастықтар дамуына үлес қосқан азаматтар марапатқа лайықты.  Сондықтан, туған жерінің дамуына өз өмірін және табысының бір бөлігін арнаған азаматтарды мадақтау үшін Азаматтық қоғам істері комитетіне «Жомарт Жүрек» салтанатын ұйымдастыруды тапсырамын» — деді Нұрлан Ермекбаев министріліктің алқасының кеңейтілген отырысында.

Н. Ермекбаевтың айтуынша, министрлік қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша «Атамекен» шағын бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Шағын бағдарлама жергілікті қауымдастықтың өзекті мәселелерін шешу үшін азаматтардың, ҮЕҰ-дың, еріктілердің, меценаттар мен бизнес-құрылымдардың және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Шағын бағдарлама шеңберінде «Әлеуметтік бастамалар картасы» және «Жомарт жүрек» жобалары жүзеге асырылады. 2017 жылы «Атамекен» шағын бағдарламасы аясында жалпы құны 43 млрд 530 млн теңгені құрайтын 1197 жоба аяқталған.

«Бұл жобалар аясында елімізге «халықтық» инвестициялар түрінде ауқымды көмектер жасалды. Азаматтар, негізінен кәсіпкерлер әлеуметтік нысандар салуға, оларды реконструкциялауға және қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз етуге қаражат сала бастады», — деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *