Тастандылар тағдыры алаңдатады

622

Ұлттық тәрбиені босаңсытып алғанның әсері ме бүгінгі қоғамда тастанды балалардың саны артып отыр. Статистикалық мәліметке жүгінсек, өткен жылы республикамызда 30 баланың тастанды болғаны айтылды. Көрші отырған Оңтүстік Қазақстан облысында бір аптада үш оқиға тіркелді. Үшеуі де жаңа туған шақалақ. Оның бірі дәріхананың алдына туа салып, кіндігін кеспестен із суытса, енді бірі ала дорбаға салып, көше бойына тастап кеткен. Үшіншісі Темірланда әжетханаға туып тастап кеткен ана көп ұзамай ұсталды.

Оң жақта отырып жүкті болған соңғы ананың сәбиі шетінеп кетті. Әнебір жылы жыл жаңа басталған тұста Жамбыл облысында бірін дәретханаға тастап кетсе, енді бірін көлікте босанып, шаранасын терезеден лақтырып жіберген оқиға жаға ұстатқан еді. Ал бүгінде жаңа туған сәбиді қойып, екі мен бес жас аралығындағы бүлдіршіндерді көшеге тастап кету соңғы кезде жиілеп кеткен. Өкінішті жағдай. Көбі тұрмыстың тауқыметін тартып, балаларын асырай алмағандықтан осылай ететін көрінеді.
Бұрын мұндай сұмдықты үндінің фильмдерінен көруші едік. Енді өзімізде де болып жатыр. Осыдан 7-8 жыл бұрын ауылда бір апайымыздың есігінің алдына екі-үш апталық нәрестені табалдырығының алдына қойып кетіп, жас ана із суытқан-ды. Сол нәрестені мұғалім апай асырап алды. Алдыңғы жылы сол апай баласының сүндет тойын өткізді. Қазір шет тілдерін оқытуда. Бала да асырап алған анасына ұқсап тұр. Көрсең таңғаласың.
Бүгінде бауыр еті баласынан бас тартқан ата-аналар 50 мың халқы бар біздің ауданда да оқта-текте болса да ұшырасып қалады. Өткен жылы бір әйел алты баласынан бас тартып, интернатқа орналастырды. Ал аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында әр жыл сайын кемінде бір ата-ананы ата-аналық құқығынан ­айыру туралы іс сотқа жолданады. Өткен жылы жиырмадан жаңа асқан Бәйтерек ауылының тұрғыны Валяны ата-аналық құқығынан ­айырды. Комиссияға арыз берген туыс әпкесі. Анықталғаны ол азаматша ішкілікке салынған. Азаматтық некедегі күйеуі және Өзбекстаннан келген азамат үшеуі екі бөлмелі үйде бірге тұрып келген. Бір жасқа жақындаған нәрестесі қараусыз қалған. Әпкесі талай келіп, астын құрғатып, тамағын беріп отырған. Комиссияда әйел оның бәрін мойындады. Тұратын үйінің лас, шарбағы босаған шөлмекке толы екенін де жасырмады.
Тастанды балалардың бір бөлігін осындай ішкілікке салынған ата-аналар құраса, енді бірін ажырасқандар құрап отыр. А­удан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Айгүл Жарқынбекова бүгінгі таңда өздерінің бақылауында 67 баланың барын айтады. Оның 57-сі қамқорлықта, ал 10 бала патранатты тәрбиеге алынғандар.
– Өткен жылы екі отбасы ата-аналық құқығынан айрылды. Олардың бірінде 5, екіншісінде 1 бала бар. Соңғысы кейін түзеліп, баласын қайта алды. Бір өкініштісі, соңғы жылдары ата-аналық құқығынан айырылып жатқандар өзіміздің қазақ азаматтары. Көбі ішкілікке салынғандар. Түзелгендері де, түзелмей ескі әдетінен арылмағандары да бар. Біз үшін ата-ана құқығынан айыру оңай шаруа емес. Ешқандай мүмкіндік қалмаған жағдайда ғана осы шараны қолданамыз. Оған дейін ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен бірге бақылаймыз. Содан кейінгі орында ажырасу тұр. Жақында бір іске қатыстым. Ата-анасы ажырасып кеткен. Анасы 5 сыныпта оқитын қызын інісінің отбасына қалдырып, өзі қалада жұмыс істеп жүр. Ал әкесі қызын өзіне алғысы келеді. Бірақ оның басында баспанасы жоқ. Әрі өзі ауысымдық жұмыста істейді. 15 күн үйде, 15 күн түзде. Қызы бұрын әкесінің қолында тұрмаған. Оның тәрбиесі ертең қалай болады, білмейміз. Соттың шешімін күтеміз. Басқа амалымыз жоқ, – дейді А.Жарқынбекова.
Бұл сөздің жаны бар. Соңғы жылда ажырасу көп. Мәселен, 2016 жылы 360 жас жұбай некеге тұрса, 60 жанұя ажырасқан. 2017 жылы 295 жас жұбай некеге тұрса, ажырасқаны – 80. Ал енді ғана басталған 2018 жылы қаңтардың 15-іне дейін 8 жанұя ажырасып үлгерген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сот орындаушылардың қарауында (2017 жылы) 98 борышкердің ісі болған. Ондағы әкесіз өсіп жатқан бала саны – 169. Ал жеке сот орындаушыларда борышкер саны 300, орта есеппен 600 бала әкенің мейірімін көрмей өсіп келеді. Бұл бір ғана аудандағы мәлімет.
Қалай дегенмен де, тәрбие мәселесіне айрықша көңіл бөлетін уақыт келді.

Марат Құлибаев
Жамбыл облысы
Жуалы ауданы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *