Қоғам болып жұмылатын іс

434

Әрбір мемлекеттің өз мемлекеттік тілі болатыны заңдылық. Онсыз елдің, қоғамның ортақ мақсат-мүддеге ұйысуы мүмкін емес. Тоқ етерін айтқанда, мемлекеттік тіл – кешенді мәселе. Ол қоғамның барлық саласын қамтитын болғандықтан мән-маңызы да ауқымды, өзекті мәселелері де аз емес. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің тағдыры мен баянды болашағы сол елде өмір сүріп жатқан әрбір азаматқа да тікелей қатысты. Өйткені ол баршаға ортақ ұғым, ортақ құндылық. Керек десеңіз, әрбір ел азаматының мемлекеттік тілді қаншалықты құрметтейтіні арқылы сол елдің заңын қаншалықты құрметтейтінін де аңғаруға болады. Өйткені мемлекеттік тіл заң арқылы қабылданып, заңдық негізде жүзеге асырылады. Бұл орайда біз өз мақаламызда мемлекеттік тілдің айналасындағы кейбір мәселелер төңірегінде ой қозғауды жөн көрдік. Осы ретте әлемдік тәжірибеден де мысалдар келтірдік.

Мемлекеттік тіл деген айтуға ғана оңай болып көрінгенімен, шынтуайтына келгенде ол күнделікті тынымсыз атқарылатын кешенді және жүйелі жұмыстардың қатарынан саналады. Ол тиісті заңдар мен бағдарламалар арқылы, қажырлы еңбек арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік тілдің дамуы ең бастысы адам факторына тәуелді. Оның міндет-мақсаттары заңда көрініс тауып, шынайы өмірде жүзеге аспайтын болса, көңілге қонатындай нәтиже шықпайтыны айдан анық. Демек, әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілдің өріс алып, қанат жаюына кеңінен үлес қосуы керек. Алайда бізде мемлекеттік тіл халықтық сипат ала алмай келеді. Оның негізгі себептерінің бірі – халқымыздың қазақ тілін толыққанды меңгермей келе жатқандығы, қоғамда әлі де орыс тілінің ықпалы басым б­олып тұрғаны.
Тілдің аясын кеңейту үшін тілге деген сұраныс пен қажеттілікті де тудыра білуіміз керек. Сұраныс пен қажеттілік болмаған жерде тілдің аясы ешуақытта кеңеймейді және ойдағыдай дамымайды. Мысалы, Қазақстанға жұмыс істеуге келген шетелдік азаматтың өзі ең алдымен орыс тілін үйренуге тырысады. Демек, орыс тіліне деген қажеттілік бар. Газеттерде жарияланатын қызметтік жарнамаларға да назар аударсақ, әлдебір лауазымға үміткер адамға қойылатын біліктілік талаптарының ішінде орысша, ағылшынша білу деген сияқты талаптар жүреді. Ал қазақ тілін білуі керек деген біліктілік талабы жазыла бермейді. Мемлекеттік тілімізге деген мұндай қарым-қатынаспен үлкен жетістіктерге жете алмайтынымыз түсінікті. Оны бірден айтуымыз керек. Жасырып-жабар несі бар, орыс мектебін он бір жыл бойы оқыған оқушы қазақ тілін үйренбей шығады. Қаншама жыл бойы қазақ тілі пәнін оқытуға жұмсалған қаражат желге ұшты деген сөз. Бұл мұғалімдердің кінәсі д­еуге келмес. Осы мәселені біршама зерттеген кезімізде байқадық, мұғалімдер жанын салып үйретудей-ақ үйреткісі келеді, бірақ сол мектептерде білім алып жүрген оқушылардың қазақ тілін меңгеруге деген немқұрайлылығы қылаң береді. Үлкен сыныптың балалары болса да, қазақ тіліндегі мәтіндерді 1-сыныптың оқушыларындай ежіктеп оқып отырады. Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, орыс мектептерінде қазақ тілін үйретудің әдістемесіне көңіл аударатын кез келді. Мәселе неден туындап отыр деген сауалға ден қоюымыз керек.
Мемлекеттік тіл мәселесінде ерекше ­назар аударуға тұрарлық мәселе – ол қазақ тіліндегі ісқағаздар жүргізудің сапалылығы. Осы ісқағаздар мәселесіне дұрыстап көңіл аударатын кез келген сияқты. О баста, әрине, ісқағаздар жүргізудегі басымдық қазақ тіліне берілгенімен, бәрібір де орыс тілінің көлеңкесінде қалып келе жатқандай. Неге? Өйткені қазақ тілі кеңінен қанат жаймаған аймақтарда ісқағаздар (хаттар, бұйрықтар, шешімдер, т.б.) орыс тілінде дайындалып, қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Мысалы, елімізде заң жобалары алдымен орысша жазылып, содан кейін ғана қазақшаға аударылып жатады. Тәуелсіздік тарихында қазақ тілінде дайындалған екі заңды ғана білеміз, ол – «Көші-қон туралы» және ­«Балалар құқығын қорғау» туралы Заң болды. Осы жақсы үрдісті әрі қарай жалғастыруымыз керек еді. Заң мәтіні қазақша дайындалмаған соң қазақ тіліндегі заң терминологиясының ілгері дамуына айтарлықтай кедергі келтіретіні ақиқат. Мемлекеттік тілімізді ісқағаздар ­саласында аударма тіл дәрежесінде қалдыра беру – елдігімізге сын. Мемлекеттік тіл қалай болғанда да бірінші орында тұруы керек. Оның алдына түсетін ешқандай тіл болмауы тиіс. Өйткені қазақ тілінің Ата Заңымыздағы мәртебесі тайға таңба басқандай етіп жазылған. Заңдарымыздың ең алдымен орыс тілінде жазылатынының өзі көп нәрседен хабар береді. Мұны мына бір мәселелермен түсіндіруге болады: мемлекеттік тіліміз барлық салада толыққанды күшіне енген жоқ; қазақ тілінде жазып, қазақ тілінде сөйлейтін, ресми ісқағаздарды қазақ тілінде сауатты жүргізе алатын мамандар аз; мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін қолдану деңгейі орыс тілімен салыстырғанда әлі де төмен; қазақ тіліндегі ісқағаздар жүйесі де өзінің талап дәрежесінде емес, көбінесе көзбояушылық сипатта қалып отыр (бұл тіліміздің аударма тіл деңгейінде қала беруіне бірден-бір себеп болуда); мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі күнделікті қызмет барысында қазақ тілін қолдана бермейді; ресми шаралардың өзі бастан-аяқ 100 пайыз мемлекеттік тілде өтпейді; мемлекеттік мекемелердің, министрліктердің ақпараттық ресурстарында, сайттарында қазақ тіліндегі материалдар көлемі шектеулі немесе тіпті жоқтың қасы екенін байқаймыз. Айта берсек, мұндай кемшіліктер таусылмайды.
Мемлекеттік тілінің мәртебесін көтеруге бағытталған шаралар әлемнің көптеген елдерінде нәтижелі жүзеге асырылғанын білеміз. Олардың негізі бөлігі – заңдық-­құ­қықтық тұрғыдан реттеу, азаматтық қоғам­мен жұмыс жасау, бұл мәселеге мемле­кеттік тұрғыдан назар аудару, мемлекеттік тілдің ел ішіндегі насихатына кеңінен көңіл бөлу, мәдени-рухани бағыттармен тығыз байланыс­тыру, елдегі этнос өкілдерінің қосар үлесін арттыру, тіл аясын кеңейтуге бағытталған шараларды көбірек атқарумен тығыз байланысты болды. Мысалы, Малайзия мемлекеті елдегі ағылшын тілінің үстемдік етіп келгеніне қарамастан малай тілін жоғары деңгейге көтере білді. Осы жұмысқа жекелеген азаматтар ғана емес, барлық қоғам мүшелерін жұмылдырды. Билік те, халық да ортақ мүддені жүзеге асырды. Малайзия Үкіметі барлық ұлт өкілдеріне ортақ мектептік білім берудің бірыңғай бағдарламасын ендіру ауқымын кеңейте түсті. Мемлекет рөлінің белсенділігінің арқасында малай елінің жаңа мәдениетін қалыптастыруға күш салынды. Қазіргі таңдағы қазақ тілі сияқты малай тілінің де барлық саладағы дамуы ойдағыдай болмады. Соның әсерінен тілдің қолданыс аясын практикалық тұрғыдан кеңейтуде айтарлықтай қиындықтар туындады. 1959 жылы тіл мен әдебиет кеңесі құрылып, тілдің насихатына ерекше мән берілді, малай тіліндегі әдебиеттер санын көбейтуге назар аударылды. 1970 жылға дейін Малайзия еліндегі негізгі мемлекеттік құжаттар ағылшын тілінде дайындалып келді. Бұл Малайзия Федерациясының Конституциясы, Малайзия елі туралы Актінің өзі малай тіліне аударылмаған кез болатын. Мемлекеттің ішкі ресми құжаттары бірте-бірте малай тілінде жүргізіле бастады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін берді. Әрине, тіл саясатын жүзеге асыруда қиындықтар болмай қалған жоқ. Ағылшын тілі бұл елде тамырын тереңге жібергендіктен ел билігі ағылшын тілін қолдана отырып, малай тілінің мәртебесін арттыруға күш салды. Өтпелі кезеңді еңсере білді. 1967 жылы қабылданған «Тіл туралы» Заң малай тілін мемлекеттік тіл ретінде бекітті.
Үнді мемлекеті де өз тілдерін дамытуға күш салды. Үнді тілі мемлекеттік тіл ретінде жарияланып, тілдің лексикалық құрамын байытуға ерекше мән берілді. Мысалы, Үнді Конституциясының 351-ші бабында хинди тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны үнді мәдениетін дамыту құралы ретінде пайдалану мәселелері жазылды. Сонымен қатар тіл рухын, формасын, стилін бұзбау жөнінде нақты айтылды. Кезінде кең қолданыста болмаған тілді өркендету барысында оның тазалығын, табиғатын сақтай отырып өркендету басты назарда болды. Көріп отырғанымыздай, Үнді билігі мемлекеттік тіл мәселелерінің сан қырлы тұстарын ескеріп, оны заңдық негізде бекітіп отырды.
Кезінде Түркия елі де түрік тілінің дә­режесін көтеруге қаншама күш салды. Бұл жұмысқа түріктің тілші ғалымдары, қоғам қайраткерлері, жазушылары белсене атсал­ыс-ты. Түрік тілі араб-парсы тілдерінің әсеріне қатты ұшырағандықтан түрік тілін араб-парсы элементтерінен арылту керек болды. Түрік тілін өмірге кеңінен ендірудің бірінші кезеңі 1923 жылы Түркия өзін республика ретінде жариялағаннан кейін-ақ басталып кетті. 1930 жылдарға дейін түрік тілінің жаңа мәртебесін қалыптастыруға байланысты ­шаралар аяқталды. 1924 жылы түрік тілі міндетті пән ретінде мектептік оқу бағдарламасына енгізілді. Оқыту міндетті болып келген араб, парсы тілдері орта мектептерден алынып тасталды. Бір сөзбен айтқанда, Түркия тіл саясатын жүргізудің бірнеше кезеңін жүзеге асырды. Тілдің жазу, қолдану мәселелері ­бойынша тіл мамандары көптеген талқылаулар өткізді. Кемал Ататүріктің бастамасымен 1932 жылы Түрік лингвистикалық қоғамы құрылды. Мұндағы негізгі мақсат түрік тіліне деген жаңа әдіснаманы қалыптастыра отырып, ғылым мен техника, өнер және т.б. салаларды түрік тілінде сөйлетуге ықпал ету болды. Ең басты әрі маңызды міндеттердің бірі ретінде түрік тілінің тазалығын сақтау, тілдік сапаны а­рттыру мәселелері көзделді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, тілдің өзекті мәселелерін шешуде заңның әлеуетін пайдалану ерекше әсер етеді. Өйткені заң дегеніміз жұмыстар мен іс-шараларды реттеп отырудың жолдары. Әр тілдің өзіне тән мәселелері болады. Солардың негізгі тұстары мен бағыттары заңда әбден ескеріліп отыруы тиіс. Осындай мәселелерге көңіл бөлсек, қазақ тілін өркендетуге толық негіз бар. Заң да қоғаммен бірге өсіп, жетіліп отыруы керек. Қоғамдық даму сатысы алға кетіп, заң артта қалса немесе ондағы айтылған мәселелер қоғамның бүгінгі даму талабы мен қарқынына жауап бере алмайтын болса, ол да тіл мәселелерін жүйелі шешуде айтарлықтай кедергілер келтіреді. Өзіміздің мемлекеттік тілімізді алатын болсақ, оның заңдық негіздегі тұстарын жетілдіретін кез келді. Бұл салада тілге жанашырлық танытып келе жатқан қоғам қайраткерлерінің, сарапшылардың, тіл мамандарының, аударма­шы­лардың, қоғамдық ұйым өкіл­дерінің, т.б. салада еңбек етіп жүрген, мемлекет­тік тілді қызметінде пайдаланатын азаматтардың пікірлерін тыңдау маңызды. «Мемлекеттік тіл туралы» жеке Заң қабылдау да қазақ тілінің қордаланған мәселелерін оңынан шешуге ықпал етер еді. Күні кеше Елбасы Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуі керек дегенді орынды айтты. Шынтуайтына келгенде, мемлекеттік тілдің мүддесін қорғайтын әрі соның өркен жаюына мүдделілік танытатын мемлекеттің өзі, яғни Парламент, Үкімет сияқты билік тармақтары болуы керек. Сонда ғана іс алға басады.
Мемлекеттік тілді дамытуға малай елі барша қоғам болып жұмылған сияқты біз де сондай шараларды қоғам болып, ел болып ынтымақтаса атқарсақ, алынбайтын қамал жоқ. Қоғамда бірнеше тілдердің қатар өмір сүре беруі көп мемлекеттерде кездеседі. Одан үркудің қажеті жоқ. Ең негізгі күш мемлекеттік тілге берілетін басымдықпен айқын­далуы тиіс. Еліміздегі тіл саясаты қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін де қатар алып жүруді көздейді. Ағылшын тілі – халық­ара­лық тілге айналғандықтан оны білгеннен ұтылмаймыз. Бұл жерде негізгі мәселе қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі қашанда биік тұрып, қолданыс аясы кеңейе беруі керек. Басты мәселе мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне әрбір қоғам мүшесі, өзін Қазақстан азаматымын деп есептейтін әр адам кеңінен атсалысса, құба-құп. Өйткені бұл қашанда елдік, халықтық мәселе.

Дәуіржан Төлебаев




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *