Тарихи атаулар тағылымы

242

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әр сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар» деп жазған болатын.

Иә, шын мәнінде қазақтың даласындағы жер-су атаулары ­тарихтан терең сыр шертіп, өткен замандар, сол кездегі жағдайлар, сол аймақта тіршілік кешкен кісілер, әртүрлі оқиғалардан мол хабар береді. Әрбір жер-су атауының мәнін білген сайын, сана көкжиегің де кеңейіп, туған жеріңе деген құрметің де едәуір арта түскендей боласың.
Қазақ халқы атам заманнан бері өздері туып-өскен жеріне келісті, орайлы атау тауып, қоя білген. Ата­мекеніндегі әрбір мекен мен жерге, өзен мен көлге, қыр мен қыратқа, тауы мен шоқысына берілген атаулары дәлдігімен, бейнелілігімен есте сақталады.
Көп жағдайларда жер-су атаулары біршама аңыздармен, ертегілік сипатты әңгімелермен астасып жатады. Кейде тілімізде кездесіп отыратын атауларда тілімізге түсініксіздеу ұғымдардың да ұшырасатыны бар. Оларға таңдануға болмайды. ­Се­бебі қазақ халқы жүздеген жылдар бойы небір түрлі тарихтардың шыр­ғалаңын бастан кешірді. Міне, осындай жайттардың барлығы жер-су атауларына өзінің өшпес ізін қалдырды.
Осы орайда Жамбыл облысы Сарысу ауданының шеңберінде жатқан Қаратау алабындағы белгілі жер-су атауларының тарихына ­назар аударсақ.
Қарт Қаратау таулары өз қой­науын­да талай сыр, талай ­тарихты бүгіп жатыр. Сонау қазақ ­тарихында қасіретке толы 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қайғылы оқиғалары осы өңірде терең із қалдырған. Сол заманның ащы шын­­дығын Қаратау жоталарын­ан, алабы мен ойпаңында жиі жолы­ғатын тас қорымдардан, обалардан көруге болады. Жоңғарларға қарсы күреске де біріккен қазақ жауынгерлерінің қалың тобы осы өңірден аттанады. Соңғы шыққан «Қазақстан тарихының» 3-томының 145-бетінде: «1730 жылы жазға салым қазақ жасақтары өз аттарын Мойынқұм құмдарында, Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінің аңғарларында тыңай­тып алып, Хантау, Аңырақай тау­лары өңіріне шықты» деп жазылған.
Міне, осындағы Бүркітті, Шабақты өзендері, Мойынқұмның үлкен бөлігі Сарысу ауданының аумағында орналасқан. Ал біздің тілге тиек етпек әңгімеміз де осы төңіректен өрбиді. Бұған жоғарыдағы аты аталған Шабақты мен Бүркітті, сондай-ақ Үшбас алабы палеолит, неолит дәуірінде өмір сүрген адамдардың тұрақты мекені болғандығы да тарихтан мәлім.
Ел мен жер атауларының ұрпақ­тар­ды тәрбиелеудегі рөлі туралы айтқанда, ауызға ең бірінші ілінетін атаулардың бірі – Талас өзенінің солтүстігінде орналасқан Досбол елді мекені. Бұл атаудың қойылу тарихына тоқталатын болсақ, ол өткен ғасырдың орта шамасында туып, 1938-39 жылдар шамасында дүниеден өткен Досбол Көркембайұлы деген кісі­нің есімімен байланысты. ­Досбол жергілікті халық арасында ең алғаш рет диқандық кәсіпті шебер меңгерген азамат.

Бидай, тары, арпа, шай егіп, халыққа қамқор бола білген. Оның Талас өзеніне салған көпірі қазіргі жаңа көпір салынғанға дейін халық игілігіне жарады. 1932-33 жылдардағы алапат ашаршылық кезінде Досбол қарапайым халыққа, аштықтан шұбырып, титықтап келе жатқан адамдарға көп көмектескен. Оның сол кезде өзі жасап, пайдаланған келісі мен диірмені сол ауылдағы немересінің қолында сақтаулы тұр. Қазақстан ­Республикасы Ғылым академиясының академик ғалымдары М.Иманқұлов, Б.Ропот, В.Боровскийдің жазған «Талас өңірін суландыру» атты кітабында Досбол есімі кеңінен аталып өтеді. Бұл елді мекенге Досбол есімін берген халықтың өзі. 1992 жылғы 31 желтоқсанда сол ауылдағы мектепке де Досбол Көркембайұлы есімі берілді. ­Досбол есімі болашақ жас ұрпақтарға алдағы уақытта да қайырымдылық пен ізгіліктің, үлкен еңбексүйгіштіктің жарқын үлгісі, өнегесі болып қала береді.
Енді аты елгі кеңінен мәлім, Қаратау алабындағы фосфор кенінің қазыналы орталығына айналған Жаңатас қаласы туралы сөз қозғайық.
Жаңатас қаласы Сарысу ауданының орталығы болып саналады. Қала бұрынғы аудан орталығы Саудакенттен 25 шақырым, облыс орталығы ­Тараздан 186 км шақырым қашықтықта орналасқан. Іргетасы Бүркітті өзенінің бойындағы Көксу, кейіннен Бүркітті атанған елді мекеннің негізінде қаланған. 1969 жылы Бүркітті жұмысшы поселкасы «Жаңатас» атын иеленіп, аудандық бағыныстағы қала мәртебесін алады. 1971 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президумының Жарлығымен Жаңатас облыстық дәрежедегі қалалар категориясына ­ауыстырылды. Қаланың «Жаңатас» атын иеленуі «Жаңатас» кенішінің ашылуымен байланысты болған. 1939 жылы қазан айында көрнекті геологтар, кейіннен КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттары болған П.Безруков пен Б.Гиммельфарб Көсегенің Көкжоны аймағынан фосфорға аса бай кенішті ашады. Сонда жаңа кенішке ат берген кезде П.Безруков ­«Новый камень» деген ат қоюды ұсынады. Ал оның әріптесі Б.Гиммельфарб: «Біз қазақ халқының өте бейбіт, меймандос, қонақжай халық екенін сан мәрте көрдік. Менің пікірімде, «Новый камень» деген сөздің қазақша атауын алғанымыз өте дұрыс болар еді» деген ой тастайды. ­Сонда П.Безруков өзімен бірге сонау Соль-Илецк қаласынан бірге жүріп келе жатқан әрі атшысы, әрі көмекшісі Тәшім Байғожиновтан әлгі сөздің қазақшасын сұрайды. Ол: «Жаңа тас» деп жауап береді. Сөйтіп, картаға жаңа кен орны орыс транскрипциясымен «Джанатас» болып түседі. Кейіннен қала атауы осындай бұрмаланған күйде, тек бір ғана әрпі өзгеріп, «Джанатас» күйінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне бекуге барады. Қаратау қаласының орыс тілді партия басшысы П.Качесов әріптестерінің ескертпелеріне мән бермейді. Ал сол кездегі Қаратау қалалық атқару комитетінің төрағасы Сағи Жабасов шырылдап жүріп, ҚКСР ЖК Президиумының хатшысы ­Бижамал Рамазановаға жол тауып кіріп, осы қателіктің түзетілуіне барынша күш салады. Сөйтіп, «Жаңатас» атауының ұлттық тілімізде жатық аталуы үшін де сол кезде недәуір күрес жүргендігінен оқыр­мандарымыздың хабардар болғаны жөн.
Міне, осы бір ғана мысалдан, бір әріп үшін отқа да, суға да түскен ұлтжанды, сер­гек сезімді, таза патриот Сағи Жабасов сын­ды азаматтарымыздың ісі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Осы Жаңатас қаласының солтүстігінде 25 шақырымдай жерде Сарысу ауданының бұрынғы орталығы Саудакент ауылы бар. Ол Шабақты өзенінің жағасына орна­ласқан, халық аузында «Күлтөбе» аталып кеткен жер – көне қала Саудакенттің орны. Ол орта ғасырларда Жібек жолы бойын­­дағы сауда және қолөнер орталы­ғына айналған ірі қалалардың бірі болған. Кеңестік дәуірдегі аты – Байқадам. Ежелгі, көне деректерде, яғни Х ғасырда Сугул­хан атымен, ХІІІ ғасырда Сулхан деген атпен мәлім болған. Енді бір деректерде Сугулкент деп те аталып жүр.
1947-1948 жылдары академиктер Әлкей Марғұлан мен А.Бернштамның экспедициясы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Саудакент қаласы кезінде 11 мұнарлы дуалмен қоршалған болатын. Қоршалған аудан көлемі 230х160 метр. Қазба жұмысы кезінде жоғарғы сапада дайындалған құмыралар, тегенелер, табақшалар, т.б. заттар табылды. Аса жоғары сапада дайындалған бояулармен сырланған бұйымдардың сынықтары әлі күнге дейін кездеседі.
1219 жылдары моңғол шапқыншы­лығында қиратылып, XIV ғасырдан бастап қайта жандана бастады.
Міне, бұл көне қаланың Ұлы Жібек жолы бойында орналасқаны, кезінде оның қайнаған тіршілік ордасы болғандығын жас ұрпақ терең түйсіне білсе, нұр үстіне нұр. Өздерін сол дәуірде өмір сүрген ұрпақ­тармен кіндіктес, қандас екенін ұғына білгені абзал.
Шу өңірінде өзенмен арна арқылы байланысып жатқан Байдың көлі деп аталатын көл бар. Көл неге бұлай аталды деген сауал өз-өзінен туындайтындығы ақиқат.
Көлдің бұлай аталуын тама руының Молдас әулетінен шыққан ­Жидебай бай­дың атымен байланыстырады. ­Шапы­рашты байы Бұралқының Шу бойын­дағы қыстауына бір жылдары Арқадан Жи­дебайдың жылқылары ығып келеді. Көктем шыға іздеп келгенде, жылқылары дін аман. Ізгі ниетті Бұралқы сырттан келген көп жылқыға ешкімді тиістірмейді. Сыртқа шашау шығармай, қоғамдап ұстайды. Жи­де­бай бұған риза болып, екеуі төс түйіс­тіріп, дос болады. Кейін құдандалы болып, Бұралқының баласына қыз береді. Сонда өзге өріске қоныс аударған Бұралқы осы көл маңын Жидебайға киіт есебінде берген дейді.
Міне, осы кішігірім мысалдың аста­рында қаншама ой жатыр. Қолға түс­кенді құлқынына қылғытатын, оңтайы, орайы келгенді омақастыратындардан бойын мүлде аулақ салған Бұралқының кіршіксіз адалдығы, кісілігі кімді де болса сүйсіндіргендей. Міне, еш оқуды тауыспай-ақ, шетелде білім алмай-ақ, сауатты болмай-ақ, кісіліктің кілтін бекем ұстап, туын көкке көтерген Бұралқыдай жанның рухы ерекше биік болғанына еріксіз көз жеткізесің.
Туған жердің қадір-қасиеті оның шежірелі тарихы туралы аңызға, алуан түрлі әңгімелерге арқау болған жайттар да мол. Мысалы, Ақтоғай ауылынан 8 шақырымдай жерде қарт Қаратаудың Үлкен Ақтау жотасының солтүстік шығы­сында табиғи ортада пайда болған ғажайып көркем көл бар. Көлме деп аталады.
1930-40 жылдары маңында бірнеше шағын колхоздар болған. Жаңатас қаласы қарқын алып дамығанда, Көлме мүлдем сарқылып қалды. Қазір біртіндеп қалпына келе бастады. Ұзындығы 2 шақырымдай. Ертедегі су деңгейінің іздері жақпарлы жартастарда өте жақсы сақталған. ­Те­реңдігі 18-20 метрдей болған. Ыстының Тілік аталығынан шыққан Алуаш деген қария Көлменің үш рет тартылып, үш рет толғанын көрдім дейді екен. 1934-35 жыл­дары сол Көлме көлі кемерінен асып, Бүгіл өзеніне құйған. Сол көлдің суын пайдаланып, халық егін де еккен. Осы күнге дейін арық-атыздардың сорабы жақсы сақталған. Байжансай руднигінен келген орыстар осы көлден талай рет балық аулаған. Аңыз бойынша, жаз айларында осы көлден түнге қарай айға шағылған жалы күмістей төгілген екі жылқы жағаға жайылып, таң қылаңыта көлге қайта түсіп кетеді екен. Көз жасындаай мөлдіреген көркем көлді халық әнге де қосқан. Осы көл жағасында дүниеге келген көрнекті композитор, жазушы Илья Жақанов «Көгілдір Көлме» атты әдемі ән шығарды.
Алыстан аңсап,
Жағаңды аңсап,
Келгенде жатсың дір етпей…
Толқышы, Көлме,
Толқиын мен де,
Дариға-ай, жастық кезімдей, – деп тебіренуінің өзі қандай жарасымды.
Туған жердің сан алуан қайталанбас әсем көріністері сезімтал жүректі жандарды тәрбиелейтіні тарихтан белгілі. Сұлу Көкше өңірінің перзенттері Ақан сері мен Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардың сезімге толы сырлы әндері мен өлеңдерінің жүрек қойнауынан төгіліп шығуына сол қоршаған ортаның орасан ықпалы болғандығы ақи­қат. Яғни сұлу, көркем табиғаттың адам­ның эстетикалық, көркемдік сезімін ұштай­тындығын естен еш шығаруға болмайды.
Қазақта «кие» деген қастерлі ұғым бар. Сондай-ақ «Кие кеткен жерден ие кетеді» деген мазмұны терең мәтел де ел есінде. Қазақы наным-сенім бойынша, өзен, көл, орман, тоғай, тау, алуан түрлі жануарлардың, аңдардың қорғаушы пірі, яғни олардың ерекше тылсым күшке ие болатын қасиеті бар деп есептеледі. Мысалы, әлгіндегі Ақтоғай ауылының солтүстік-шығысында Қаратал әулие бұлағы бар. Сол бұлақ сырт көркі ғажап, биік құзар жартастың қуысынан бұрқырай атқылап шығып жатыр. Арынды суы малта тасты арнамен Бүркітті өзеніне құлай ағады.
Міне, бұлақтың сылдыры дейсіз бе, сыңғыры дейсіз бе, осы бұлақтың үнінен табасыз. Өзен табанынан 35-40 метрдей биікке орналасқан бұлақтың айналасы қос адамның құшағына әрең сыятын, қазақ қастерлі санайтын қара тораңғы ағаштарға толы. Қазақ халқы бұл ағашты «Дала падишасы» деп ерекше кие тұтқан. Оны отын ретінде отқа жағуға тыйым салған. Өйткені ол ағаштың қабығына пышақ тисе, сол жерден қызғылт түсті сөл бөлінеді. Оның түсі қанға ұқсас. Сондықтан да тораңғының киесі ұрады деген тыйым сөзді ұрпақтар с­анасына сіңірген. Ал сол бұлақ басындағы сыңси өскен, діңдері жуан-жуан ағаштың жасы жетіп, түбі шіріп құлағандарына да ел осы күнге дейін еш тиіспейді. Әрі бұлақты, әрі тораңғыны қастер тұтар халық бұлақ басындағы ағаштарға, тіпті сол құлағандарына дейін қастер тұтып, оларға алуан түсті әлем шүберектер байлап тастаған. Бұл да ұлтымыздың өнеге тұтар ізгі қасиеті десек қателеспейміз.
Көптеген зерттеулерде жер атауларына танымдық тұрғыдан баға беру басым жатады. Бірақ сол таным астарынан тәрбиелік, ұлағат боларлық астарлы сыр ұшығын іздеген де ізгі тірлік. Мысалы, Саудакент ауылының оңтүстік-шығыс бетінде Қыршабақты мен Ойшабақты өзендері тоғысатын тұста Бестоғай деген көркем жер бар. Қос өзеннің тоғысар тұсындағы қалың шілік, үйеңкі, қаратал өскен жер ертеден Бестоғай атанған. Кеңес Одағы кезінде мұнда пионер лагері болған еді. Ал бұл жерді бұрын Ыстының Тілік тайпасынан шыққан Жомарт, Нарт, Қаспақ, Сабата, Сәрсек деген кісілері қоныс е­ткен. Олар өздерінің еңбекқорлығымен, диқаншылығымен аттары шыққан. Сол Шабақтының батыс қанатын гүлденген алапқа айналдырған. Қандас, рулас, туыс бауырларын диқаншылық кәсіпке баулыған. Шымқаладан, Тараздан, тіпті сонау Тәшкеннен сан алуан жеміс ағаш­тарын әкеліп отырғызған.
Жүйектей еккен қаратал, сәмбі тал, үйеңкі, бозша терек, тораңғылар еккен егіндеріне, арпа, бидайларына жел өтінен қорғар қалқан болған. Олар өнімдерін саудаға шығарып, кәсіптерінің нәсібін, несібесін көрген.
Сол ағаштардың қураған бұтақтарын кесіп, отын қылып, кемтар адамдарға берген. Астық бастырып, өнім жиналғанда, дәстүр бойынша, кеусен таратып, садақа түрінде сый жасаған. Олардың көпке қамқорлығы ел аузындағы әңгімелерде сақталған.
Содан жұрт сол бесеудің отырған қоныстарын ерекшелеп Жомарттоғай, Нарттоғай, Қаспақтоғай, Сабататоғай, Сәрсектоғай атандырған. Алайда уақыт өте келе бұл атаулар жиынтық ұғымға айналып, Бестоғай атанды.
Міне, осыдан бір жарым ғасырдай бұрын өмір сүрген жандардың еңбекқор­лы­ғы, Жер-анаға деген құрметі, сонымен бірге бүгінгі тілмен айтқанда, экологиялық сауаттылығы, табиғатты аялай білуі жас ұрпақтар үшін үлгі болады.
Қашанда туған жер, туған ел жалпы адамзат баласы үшін қымбат болатын­дығы ақиқат. Туып-өскен жерге деген ұлы сағыныштың шынайы көрінісін ұлты­мыздың тұғырлы тұлғасы, аты аңызға айналған даңқты актер, сарысулық Асанәлі Әшімовтің тебіреніске толы пайым-толғамына бір сәт ой жүгіртейікші.
«Әркім де өз туған жерін мақтан етеді. Шаң-тозаңы ұшып, соры көтеріліп, тұзы шығып жатса да, мен үшін одан өткен қасиетті мекен жоқ. Қазақстанның қай түкпірі де өз отаның ғой, бірақ кіндік кесіп, кір жуған жердің орны бөлек екен. Кім де болсын, ең алдымен, өз туған жерінің қадірін білмей тұрып, барша қазақтың да қадіріне жете алмайды. Отан – отбасынан басталады. Отбасы деген ұғымға кең мағынада қарасақ, ол туған жер, өскен орта болып шықпай ма? ­Демек, Отанға деген сүйіспеншілігің туған жерден, оны аялаудан басталады» деген тебіреністі сөзі кімге де болса, ой салатыны ақиқат.

Пернебай Дүйсенбин,
Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі
Жамбыл облысы
Жаңатас қаласы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *