Ене мен келін: таусылмайтын тақырып

177

«Ана тілі»  басылымында «Келінге ене мектебі керек» мақаласы жарық көрген еді. Осыған орай, газеттің ғаламтордағы сайтына оқырмандардан түрлі пікірлер келді.

Қазақ халқы үшін отбасы жарасымдылығы, оның ішінде ене мен келін сыйластығы қашанда ерекше болып саналып келген.  Күйеуінің отбасына келген келін сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығуға тырысқан. Енесі келініне білмегенін үйретіп, қызындай көрген. Егер күйеуінің інілері бар болса, біраз уақыт өткен соң балалы болған  жастарға ата-енесі еншілерін беріп, отау тігіп, бөлек шығарған. Енші беру – ата-ананың балаларына малын, мүлкін, ыдыс-аяғын бөліп беруі. Осылайша жас жұбайлар жеке шаңырақ көтеріп, бөлек шығатын болған.  Кей жағдайда ата-аналары балаларының еншілерін алдын-ала бөліп қоятын болған. Бұл ата-анасы мезгілсіз дүниеден өтсе, балалар арасында мал-мүлік бөлінгенде дау-дамай шықпай, бауырлар татулығы үшін жасалған.

Келіндер өзіне жүктелген шаруаларды міндет деп қабылдамаған. Олар адал ниетімен, ақ пейілімен жолдасының ата-анасын, туған туыстарын күткен, сәлем салған, орамал таққан. Өйткені қазақ қыздарын кішкентайларынан  аналары осылай тәрбиелеген. «Қыз – қонақ», «қыз бала – жатжұрттық» деп, қыздарының құлағына құйып отырған. Ал қазіргі заманауи келіндер қандай? Оларды тәрбиелейтін аналар мен енелері ше?..  Қазір келіндер мен енелер заманға сай өзгерген деп айтсақ, қателеспейтін сияқтымыз.  Төмендегі пікірлер ене мен келін арасындағы мәселелердің сан алуандығын көрсетеді.

Сәния, келін

Мен келін болып түскен шаңырақ оңтүстіктің адамдары болғандықтан, келінге деген көқзарас қатал. Яғни келін өз ойын білдіріп, өзіндік көзқарасымен емес, сол отбасының көзқарасымен өмір сүруге міндетті. Ол бәрінен ерте тұрып, бәрінен кеш жататын адам. Мен кіші келін болғандықтан, маған жүктелген міндеттер көп. Үлкен келіндерге көзқарас басқа. Яғни олар өз үй-жайлары бар, бала-шағасын өздері асырап, өздері оқытып жатыр деп қабылданады. Олар келін емес, қонақ болып кеткен…

Айдана, келін

Менің келін болғаныма бес жыл болды. Ата-енем қаланың адамдары. Ата-енеммен өз әке-шешемдей қарым-қатынастамыз. Өмірлік серігім үйдің жалғыз ұлы. Енем мені өз қызындай қабылдады. Ұлын қалай өбектесе, мені де кеудеден итермей, бар жақсылығын аямайды. Біз балалы болған соң, маған деген ақ пейілдері арта түсті. Енем үнемі « Менің ұрпағымды жалғастырып, немерелерімді дүниеге әкелген адам» деп отырады. Біз басынан тіл табысып кеттік. Енемнің маған деген ілтипатын көріп, мен де соны қайтаруға тырысамын. Біздің бөлек шығуымызға қарсы болмайтындарын айтты. Бірақ біз бөлек шыққымыз келмейтінімізді айттық. Осындай жарасымды отбасы болып отырған жайымыз бар.

Жадыра, келін

Енем адуынды, бірбеткей кісі. Тек өз айтқанын істетіп, өз пікірімен ғана жүреді.  Басында күйеуім бірге тұрамыз дегенде келіскен едім. Бірақ енем жиі тиісіп, «тырнақтың ішінен кір іздегенде», ұрыс шығарып, екеуміздің  арамызға жиі түскенде бөлек тұрғым  келді. Мен ерке өскен, үйдің жалғыз қызы болғандықтан, анам да басында ескерткен. «Енеңнің мінезі сұмдық екен» деп.  Оның көңілінен шығуға қанша тырысқаныммен, жақтырмаған күйі қалды. Қайын інім үйленген соң, бөлек шығып кеттік. Қазір жолдасыммен  тату-тәтті отбасымыз. Балаларымызды  ата-әжесіне жиі жіберіп тұрамыз. Жұрт  келінге мін таққыш болып кеткен. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені енеге де көп нәрсе байланысты.

Шапағат, ене

Менің, Аллаға шүкір, төрт ұлым бар. Төртеуі де үйленген. Төрт келінім төрт түрлі. Бірінің мінезі ауыр, томаға тұйық,  бірі ашық-жарқын, енді бірі көңілшек.Ұлдарымның таңдауын қабылдап, ақ батамды бердім. Оларға қарсы келіп, пәленшенің қызын ал деген емеспін. Ертеңгі күні ұлдарым мені кінәламасын, қателессе де, сүйген жарларымен қосылсын деп ойладым. Келіндеріме басынан жақсы ене боламын деп өзіме серт бердім. Өйткені олар да біреудің мәпелеп өсірген қыздары. Мен ұлдарыма жақсылық тілесем, олардың әке-шешелері де жаман болсын демейді. Маған жақсы құда-құдағилар кезікті. Кішілері жасымды сыйлап, кішірейіп тұрады. Сондықтан да келіндеріме кешіріммен қарадым. Менің ойымша, құдалардың арасы жақсы болса, балалар да жақсы сыйласады. Ене кішірейсе, келін қайда барсын? Құрбыларым маған таң қалады, «Ене деуге келмейсің» деп. Енемін деп, күшейіп, «ақырып» отырғаннан не пайда? Ұлдарымның бақыты үшін, келіндеріммен сыйласа білемін.

Нұрбану, ене

Менің бір ұлым, екі қызым бар. Ұлымды жақсы тәрбиелеуге тырыстық. Жалғыз ұл болған соң, әкесі қатты еркелетті. Содан ба деймін, ұлым момын, бостау болып өсті. Жақсы білім алды, жұмысы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлымыз үйленетін болып, болашақ келінімізбен таныстырды. Аса ұнатпасам да, ұлымның көңіліне қарап, келінімізді үйге әкелдік.  Келініміз орысша тәрбие көрген, ойын бетіңе айта салатын, ерке екен. Баламыздың жұмысына, айлығына көңілі толмай, «Алға ұмтылмайсың, еркектік мінезің жоқ» деп жиі жанжал шығарды. Балалы болған соң күшейе түсті. Бөлек тұрғым келеді дей берген соң, екеуін бөлек жібердік…

Қарлығаш, ене

Ұлым мен келінім бөлек тұрады. Осы ұлым үйдің кенжесі болғандықтан, үлкен ұлдарды бөлек шығардық. Кішіміз үйленеді, бізбен бірге тұрады деп ойладық. Баламыз сыныптасына үйленді. Келініміз пысық болып көрінетін. Екеуі үйленген соң, келініміздің шынайы бейнесін көрдік.  Үйде көңілсіз жүретін. Біздің келімді-кетімді адамдарымыз бар. Қонақ күтуден шаршайтын шығар деп үндемедік. Шешесі «Қызым алдына мақсат қойып еді, дегеніне жетті, көлік аламын деді, алды, тон киемін деді – киді. Енді тек бір арманы орындалмай тұр. Үйі жоқ», дегенде аңтарылып қалдық. Араларына құдағи жиі түсті. Келінім қит етсе, үйіне кетіп қалатын. «Шаршадым, ауырдым, сағындым» деген сылтаулармен төркініне апталап кететін. Шешесіне жиі қоңырау шалып, жылайтын да отыратын. Аяғы ауыр болған соң, көңіл-күйі сондай, босанған соң, басылар деп араласпауға тырыстық. Немереміз туылған соң, араға төрт ай салып, келініміз жүктерін жинап,  «мен  мынандай жерде тұра алмаймын»  деп кетіп қалды. Мұнысын түсінбедік. Қарапайым отбасынан шыққан бала. Бізді неге менсінбеді екен деп әлі күнге ойлаймыз. Балам артынан бармаймын дегенімен, араларында бала болған соң, обалына қалмайық деп оны да жібердік. Қазір ұлым солармен бірге тұрады.  Енесі үй салып жатыр…

Осындай  пікірлер ене мен келін тақырыбының  ешқашан таусылмайтынын айқындайды.  Ене де, келін де жақсылыққа ұмтылса, ене ұлының, ал келін күйеуінің бақытын ойласа, арада түсініспеушілік орын алмайтын еді. Қазіргі келіндердің көп бөлігі кішіреюді білмейді, ал кейбір енелер келіндерін жау көреді. Жастарға демеу болып, үлгілі отбасы болуға септігін тигізетіндер –  ата-аналар. Құдалар қас болса, балаларына зиян. Қазіргі тойларда ата-ене «Келінімізді қызымыздай көреміз» деп айтып жатады. Осы пікірмен келіспейтін едім. Өйткені келіннің қызыңдай болмайтыны ақиқат, өмірдің заңдылығы. Келіннің орны бөлек, қыздың орны бір басқа. Келін өз орнын, қыз өз орнын білуі керек. Сонда отбасыда ешқандай кикілжің орын алмайды. Келін күйеуінің шаңырағына  келген соң отбасының жақсылығын асырып, жамандығын жасыратын адам.  Ол келіндік міндеттерін абыроймен атқарса, үлкендердің батасын алып, отағасының ризашылығына бөленетіні анық. Қазір адамдардың арасында «Келін келді. Қолым ұзарды. Тілім қысқарды» деген сияқты әзілдер көп айтылады. Бұл әзілдің астарында терең мағына жатыр. Келін мен ене сыйластығы ойдағыдай болса, отбасы берекесі артып, бірлігі нығаяды. Отбасы – шағын мемлекет.  Ендеше, шағын мемлекеттегі міндеттерді отбасы мүшелері абыроймен атқара білсе, оның іргетасы берік, шаңырағы биік болмақ. Әрдайым  келіндер абыройлы, қыздар инабатты, ұлдар ұлағатты болсын!

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *