Халыққа діннің дәстүрлі қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін жұмыс жүргізу қажет – Нұрлан Ермекбаев

197

Халыққа діннің дәстүрлі қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін Құран мен хадистерге негізделген білікті ғұламалар мен имамдарды жұмылдырып, жұмыс жасау қажет. Бұл туралы Дін істер және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

 «Қазақстан көп этникалық сан түрлі конфессия өкілдерінен тұратын, бейбіт өмір сүретін, білім мен ғылымға деген ұмтылысы бар жер. Бүгінгі форум Еуразия кеңістігіндегі ислам өркениетінің бүгіні мен болашағын жаңа бір белеске көтеріп, тың рухани серпін алуына негіз болады деген сенімдеміз», — деді министр Астанада өтіп жатқан Еуразия мұсылман ғұламаларының форумында.

Осы орайда Нұрлан Ермекбаев қазақ жеріндегі исламның даму тарихына тоқталды.

«Тарихтың дамуы барысында ислам біздің даламызда өмір сүрген, халықтардың көбі қабылдаған негізгі дін болды. Ол үнемі рухани дәстүрлермен сабақтастықта дамыды. Бабаларымыз сан ғасырлық ескерткіштер мен тарихи жәдігерлердің бай рухани мәдениетінің мұрагері атанды. Олар ислам дінін татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні екенін әрдайым өз ісімен көрсетіп кетті», — деді ол.

Сонымен қатар, министр бабаларымыз қалдырған діни ілімнің негізгі қағидаларын сақтап, халыққа діннің дәстүрлі қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.

«Біз үшін бұл мұраны сақтап қалу, өте маңызды. Халыққа діннің дәстүрлі қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін Құран мен хадистерге негізделген білікті ғұламалар мен имамдарды жұмылдырып, бізге жеткен бай мұраларымызды қайта жаңғырту үшін жұмыс жасау керек деп санаймыз», — деді Нұрлан Ермекбаев.

Сондай-ақ, ведомство басшысы діннің қандай құндылықтарға негізделетінін хабарлады.

«Діннен ең алдымен рухани, моральдық, этикалық құндылықтарды алуымыз керек. Адамның жүрегін тек мейірімділік, ізгілік арқылы ғана баурап алуға болады. Қазақстанның этносаралық, дінаралық келісімінің үлгісін бүгінгі күні әлем елдері мойындады. Еуразия жүрегінде орналасқан Астана діндер арасындағы өзара түсінік пен диалогтың жаһандық алаңына айналды. Қасиетті құранда жақсылық жасағанның жақсылығы еселенеді деп жазылған. Ислам дінінің сенімі мен этикалық нормалары Құранда айтылғандай, адамды бірлікке, бейбітсүйгіштікке қайырымдылық пен төзімділікке үйретеді», — деп түйіндеді сөзін министр.

Айта кетейік, бүгін Астанада алғаш рет Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтуде. Халықаралық форумға Еуропа мен Орталық Азияның 21 елінен 35-тен астам делегаттары қатысуда.

Шараны ұйымдастырушы – Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы. Форумда «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжаты қабылданып, шараға қатысушылардың қарары жарияланатын болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *