Премьер-министр Ұлттық банкке 7-20-25 бағдарламасын әзірлеуді тапсырды

50

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев сейсенбідегі Үкімет отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» негізге ала отырып, 7-20-25 ипотекалық бағдарламасын орындауды бірқатар министрліктерге тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

 «Бірінші бастама — әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру. Бұл үшін Ұлттық банк арнайы ұйым құру арқылы жаңа ипотекалық 7-20-25 бағдарламасын дайындайтын болады. Оның негізгі шарты Елбасы атап көрсеткендей несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан, бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспайтын болады, несие мерзімі 25 жылға дейін. Жаңа бағдарлама көптеген қазақстандық үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді», — деді Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Премьер-министр ипотекалық жеңілдіктер беру бастамасына жауапты мекеме басшыларын атап өтті.

«Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне, Бәйтерек холдингі аталған жұмыстарға кірісуі тиіс. Жаңа ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын үй құрылысына және оған жақын салалардың жұмысына тың серпін береді. Сондықтан бұған отандық құрылыс материалдарын өндіруші компанияларды белсенді түрде тарту керек. Ипотекалық бағдарлама бойынша жауаптылар – Ұлттық банк, Үкімет тарапынан Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин», — деді Үкімет басшысы.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *