«Павлодар» АЭА: Болашаққа байсалды жоспар

74

Ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент еліміздегі барлық экономикалық аймақтардың жұмыстарына тексеру жүргізілетінін айтып, олардың тиімділігін саралауды тапсырды. Елбасы сынынан кейін осы аймақтарды қатарға қосу бағытында нендей шаралар қолға алынуда? Жуырда «Павлодар» АЭА дамытудың келешегі «Самұрық-Қазына» қоры төрағасының орынбасары Алик Айдарбаевтың өңірге іссапары кезінде талқыланған еді.

Жалпы, арнайы экономикалық аймақтарды құру арқылы инвестиция тарту, өңір экономикасының өсімін арттыру мақсаты көзделген болатын. Бүгінгі таңда Қазақстанда 11 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істесе, олардың аумағында барлығы 165 жоба іске қосылған, 13 мың жұмыс орны құрылған. АЭА жобаларына тартылған инвестиция көлемі 787 млрд теңгені құрайды. Арнайы аймақтарды құруға 283 млрд теңге бөлінсе, алдағы жылдары оларға 188 млрд теңге салу жоспарлануда. Алайда осындай қомақты қолдауларға қарамастан, экономикалық аймақтардың өсім көрсететін салаға айналуы әлі де қиынға соғып отыр. Қазірге дейін аталмыш аймақтардың барлығы бірдей өз тиімділігін дәлелдей алған жоқ.
АЭА-лардың ішінде жұмысы біршама алға жылжып, жандана бастаған аймақтың бірі – мұнай-химия саласын дамытуға бағытталған «Павлодар» экономикалық аймағы екендігі мәлім. Бастапқыда мемлекеттен бөлінген қаражат тиісінше игерілмей, инфрақұрылымды уақытылы жүргізу ісі біраз ақсағанымен, бүгінде аумақтағы ауан бір қалыпқа түсе бастаған. Бұл жаңа кәсіпорындардың ашылуынан, сәтті жобалардың көбеюінен байқалуда. Аймақта алюминий және химиялық кластер құру ісі табысты жүріп, мемлекет құйған қаражат жеке инвестиция есебінен қайтуда. Сонымен қатар алдағы жылдарда жалпы инвестиция көлемі 150 млрд теңгені құрайтын тағы 20 өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр.
Осылайша, бүгінде «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы инвестиция тартудың тиімді ортасына айналуда. Облысқа жұмыс сапарымен келген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев аймақты аралап, онда атқарылып жатқан мол істерге куә болды. Ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге өңірдегі жетекші кәсіпорындардың жұмысына көз жүгіртті. Облыс орталығында арнайы экономикалық аймақты дамыту мәселесі жөніндегі жиынға қатысты. Өңірге сапарын Екібастұз қаласынан бастаған А.Айдарбаев жергілікті ГРЭС-1, ГРЭС-2 станцияларында, «Энергоспецстрой» ЖШС, «Greenhouse KZ» ЖШС-де болып, олардың жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар Павлодарда «Нефтехим LTD» ЖШС-не барды. Арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындарды аралап көрген «Самұрық-Қазына» АҚ төрағасының орынбасарына жүзеге асырылып жатқан жобалар, болашақта қолға алынатын бастамалар туралы баяндалды. Осылардың қатарында – «Каустик» АҚ екінші кезегін іске қосып, қуатын 40 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отырғандығы айтылды.
Тоқтала кететін жайт, осы тектес жобалар Жамбыл облысында да жүзеге асырылмақшы. Алайда олардың жобалық құны павлодарлық кәсіпорындар ұсынып отырған жобаларға қарағанда бірнеше есе артық екен. Мәселен, Жамбыл облысында жаңа химиялық зауыт салуға 150-200 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат қажет болса, «Каустик» АҚ-ның екінші кезегін құру үшін 30 млн АҚШ доллары жұмсалады. Глифосат туралы айтсақ, гербицидтің бұл түрі бойынша еліміздің оңтүстік аймағында жаңа өндіріс орнын ашуға 150 млн АҚШ доллары шығындалмақ. Ал он жылдан астам уақыт бойы ел нарығында төселген «АгроХимПрогресс» ЖШС бұл өндіріске дайын инфра­құрылымды пайдалана отырып, тек 20 млн АҚШ долларын жұм­сайды. Бұған қоса, өндіріске қажетті шикізаттар да Павлодарда шығарылады. Яғни, аталған серіктестіктің аз шығынмен сапалы да бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын мүмкіндігі бар. Осы ретте «Самұрық-Қазына» АҚ төрағасының орынбасары қазынадан қыруар қаржы жұмсап, жаңа өндіріс орнын ашқаннан гөрі, жұмыс істеп тұрған қолда бар кәсіпорындардың қуатын арттыру әлдеқайда тиімді болатынын баса айтты.
– Қазіргі күні әзірленіп жат­қан «Самұрық-Қазына» қоры­ның жаңа даму стратегиясына сәйкес, елде бар өндірістерді дамытуға басымдық беріледі. Отандық өндірушілер арасында артық бәсеке тудырмау керек. Павлодар облысының арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыруға жоспарланған жобаларды еліміздің басқа өңірлерінде де қолға алу мәселесін мұқият саралаған жөн. Бұл ретте маңыздысы, бюджет қаржысын жаңа өндіріс орнын ашуға емес, қазіргі кезде тиімді жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды дамытуға жұмсаған дұрыс, – деді Алик Айдарбаев.
Өз кезегінде облыс әкімі Болат Бақауов экономикалық аймақта тек химиялық және мұнай-хи­миялық өндірістерді ғана емес, алюминий кластерін де дамытуға күш салынатынын атап өтті.
– 2025 жылға дейін «Павлодар» арнайы экономикалық ай­мағында 20 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Мұн­дағы инвестиция көлемі 150 млрд теңгені құрамақ. Аталған кә­сіп­орындар шикізат ретінде 150 мың тонна алғашқы алюминий тұ­тынатын болады. Ал биыл Польша елінің «Группа Кети» компаниясы алюминий профильдерін шығаратын кәсіпорынды жобалау жұмыстарын бастайды. Мұндағы инвестиция көлемі 28 млрд теңгеге жетпек, – деді аймақ басшысы.
Әкім атап өткендей, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы еліміз бойынша үздіктер қатарында. АЭА-ға салынған қазына қаржысы инвестиция ретінде еселеніп қайтуда. Алайда қазіргі таңда экономикалық аймаққа тартылған инженерлік коммуникация 17 процент кө­лемінде ғана. Сондықтан да бұл мәселеде «Самұрық-Қазына» қо­ры өкілдерінің қолдауы қажет.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *