«Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» үндеуі Алматы облысының активінде талқыланды

746

Бүгін Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен Елбасы Н. Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуіне орай актив жиыны өтті. Оған селекторлық режимде аудан-қалалардың басшылығы да қатысты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Баяндамашының айтуынша, Президенттің баспананы қолжетімді етуге бағытталған «7-20-25» бағдарламасы өңірдегі тұрғын үй құрылысына жаңа қарқын бермек. Биылғы жылы облыста пайдалануға берілетін тұрғын үйлер көлемін 1 млн. шаршы метрге жеткізу көзделуде. Бұл орайда екінші деңгейлі банктер несиелік тұрғын үй құрылысына белсенді түрде тартылуы тиіс. Ал екінші бастамада айтылған жалақысы төмен азаматтар үшін салық мөлшерін азайту жалдамалы жұмыскерлердің, оның ішінде әлеуметтік, қызмет көрсету саласында еңбек ететін және техникалық персоналдың жалақысының өсуіне ықпал ететін болады. Ал мемлекеттік гранттардың санын арттыру және білімгерлерді жатақханамен қамту туралы бастама бойынша да алда атқарылар жұмыс ауқымды.

Сонымен қатар өз сөзінде облыс әкімі Елбасының «Шағын несие беруді көбейту» туралы бастамасына да тоқталып өтті. «2017 жылы 4,3 миллиард теңгенің 840 шағын несиесі берілді. Қаражаттың жетпеуінен 3148 адам шағын несие ала алмады. Елбасының бастамасында қосымша 20 миллиард теңге бөлу мәселесі көтерілді. Біз өз кезегінде, осы қаражатты пайдалана отырып, шағын несие алуға ниет білдірген көптеген тұрғындарды қамти аламыз», — деді А. Баталов.

Талдықорған қаласында қалаішілік газдандыру жүйесінің бірінші кезегінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Қазір екінші, үшінші кезектің құрылысы басталды. Сондай-ақ Қапшағай қаласында абоненттерді көгілдір отын жүйесіне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде Текелі қаласына дейін газ құбырын тарту және «Бақанас», «Сарыөзек» және «Үштөбе» АГТС құрылыстары жүруде.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *