Қазақ телевизиясы — қазақ зиялы қауымының рухани, мәдени ошағы болды — Ерлан Қарин

379

Қазақ телевизиясы — қазақ зиялы қауымының рухани, мәдени ошағы болды. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Ерлан Қарин Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz

Ел тұрғындарын қазақ телевизиясының 60 жылдығымен құттықтаған Е.Қарин осыдан 60 жыл бұрын қазақ телевизиясының негізі қаланып, алғашқы отандық хабарлар эфирге шыға бастағандығын айтады.

«1958 жылы 8 наурызда алғашқы рет эфир сынақ ретінде таратылды, ал 16 наурызда эфир тұрақты түрде таратыла бастады. Қазақ телевизиясының 60 жылдық даму тариxында халқымыздың рухани, мәдени, қоғамдық құндылықтарының дамуына, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына қосқан үлесі өлшеусіз, маңызы ерекше. Әр қазақтың төрінен орын алған көгілдір экраннан сан түрлі құнды дүниелер жарық көріп, қалың көрерменге жол тартты»,-деп жазды ол.

Сондай-ақ Е.Қарин қазақ телевизиясы — қазақ зиялы қауымының рухани, мәдени ошағы болғандығын айтады. Осы қара шаңырақта әр жылдары еңбек еткен зиялы қауым көптеген жас мамандарды тәрбиелеп, болашаққа бағыт беріп, жол сілтеді, отандық телевизия мектебінің қалыптасуына атсалысты. Ұлттық арна әр кезеңде заман ағымына сай өзгеріп, болашаққа қанат қағып келеді.

«Біз әдеттегідей, «Алтын қорда» сақталған телебағдарламалар мен телевизия ардагерлері жайлы бағдарламаларды көрсетуді жалғастырамыз. Онда белгілі күйші және термеші, қазақ теледидарының режиссері Мұрат Кәримуллин жайлы «Жарқын бейне», қазақтың алғашқы дикторы Зұлқия Жұматова жайлы «Келбет» деген хабарлар көрсетілді. 10 наурызда, 08:20-да және 11 наурыз, 11:25-те қазақ телевизиясының ардагерлері қатысқан «Дара жол», 10 наурыз күні 16:35-те қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған арнайы хабар, ал 11 наурызда, 17:25-те белгілі журналист Бейбіт Құсанбектің «Өмір-өзен» бағдарламаларын тамашалай аласыздар!  Кешегі күн — бүгінгі тарих демекші, кезінде ел мүддесі үшін атсалысқан ардагерлерімізді ұмытпау — біздің парызымыз!»,-дейді Басқарма төрағасы.

Ал, 16 наурызда «Qazaqstan» Ұлттық арнасы қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай, телевизия ардагерлеріне арнап салтанатты жиын өткізбек.

«Алдағы уақытта Ұлттық арнаны бұдан да биік асулар күтіп тұр. «Qazaqstan» ұжымы талай белестерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жететініне сенімдіміз! Баршаңызды Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтоймен құттықтаймыз!»,-делінген Е.Қариннің жазбасында.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *