КӨКТЕМ АРУЫ – ҚЫЗҒАЛДАҚ

157

Туған жеріміздің табиғаты жылдың әр мезгілінде ғажап қой.  Табиғат-Ана бұл өңірге бар мейірімін төгіп, байлығы мен сұлулығын жарқырата жайып салғандай. Әсіресе көктем күшіне еніп, күн шуағы молынан төккен мамыр айында қазақ даласы қызыл-жасыл кілемдей түрленіп, ерекше сұлулыққа бөленеді. Бұл даламызға керемет көрік беретін қызғалдақтар гүл ашатын кез. Қызыл, сары, ақ, алқызыл – алуан түсті нәзік күлтелері самал желмен дірілдей құлпырған көктем аруы қызғалдақтың атауы туралы аңыз да көп. Гүлге деген құмарлық пен тамсанудан туған аңыз-әңгімелер жағынан басқа ешбір гүл онымен таласа алмайды. Халқымыз көктемнің ерке гүліндей ару қыздарын қызғалдаққа теңейтіні де тегін  емес. Қызғалдақтың нәзік гүлдері қаншалықты тез солса, қыз-ғұмыр да сондай қысқа. Дүркіреп шығып жерімізге керемет көрік сыйлайтын, табиғаттың құдіретіне бас игізетін осынау сүйікті гүліміз жайында белгілі ғалым, Экология және тұрақты даму институтының директоры Құралай Кәрібаеваны сөзге тартқан едік. 

– Бағзы заманнан қазақ даласында жайқалып өскен қызғалдақ бүгінде Голландия мен Нидерланды елдерінің ұлттық символы саналады. Бұл елдер бүкіл дүниежүзіне мәдени қызғалдақ сұрыптарын экспорттаумен аты да шықты. Қызғалдаққа деген осыншама құмарлықтың сыры неде? Жалпы қызғалдақ қандай гүл?
– Сәндік өсімдіктер арасында түрлі-түсті бояуы мен нәзік пішіні жағынан ешбір гүл қызғалдаққа тең келмейді. Ерте көктемде қар астынан жарып шығатын бәй­шешектен кейін табиғатта алғаш гүлдейтін өсімдіктердің бірі. Оның маңыздылығы да сонда. Біздің жерімізде өсетін жабайы қызғалдақтар қазіргі тюльпан атты мәдени өсімдіктің атасы. Яғни қызғалдақтың отаны – Қазақстан. Бұған археологиялық зерттеулердің нәтижелері, халық мәдениетінің ежелгі үлгілері куә. Мысалы, Жетісу жеріндегі сақ қорғандарынан қызғалдақ гүлі өрнектелген алтын тіліктер табылған. Қолөнер бұйымдарында да гүл пішіндес ою-өрнектер жеткілікті.
Кезінде Ұлы Жібек жолы арқылы саудагерлер Орта Азия мен қазақ жерінен қызғалдақтың пиязшықтарын Түркияға жеткізген. XV-XVІI ғасырларда ол Германия, Ұлыбритания, Голландия елдеріне таралды. Тіпті олар «қызғалдақ безгегімен» ауырып, гүл өсіруді ұлт­тық деңгейге көтерді. Голландық сұрыптаушылар қызғалдақтың жүздеген түрін шығарып, бүкіл Еуропада қызғалдақ саудасын қыздырды. Қазір де шетел ғалымдары селекциялық жолмен мәдени сұрыптарын алып жатыр. Бірақ олар бізге – қызғалдақтың отанына қайта-қайта келуге мәжбүр. Себебі әрбір мәдени сұрып 2-3 жыл, ары кеткенде 5 жыл ғана өзінің жаңа алынған кездегі қасиеттерін сақтайды. Енді қайтадан жаңа сұрып алу үшін оның табиғи атасы керек. Голландық, нидерландылық селекционер ғалымдардың Қазақстанға көңіл бөліп отырғаны содан. Бұл оның әсемдігіне ғана емес, құрамындағы денсаулыққа пайдалы, маңызды элементтерге де байланысты. Ертеректе қатты ауырған адамға қызғалдақтың тұқымын суға қайнатып ішкізіп емдеген.
Атақты ойшыл Омар Хайям «Қызғалдақ ­раушан гүліне тең» деген екен. Парсы ақынының бұл сөзі дәл айтылған, себебі бүкіл сәндік өсімдіктердің арасында бұған тең келетін өсімдік жоқ. Мұны ғалымдар да мойындаған, ал ақындар қызғалдақ туралы керемет өлеңдер жазған. Қазақ өзінің өрімдей болып өсіп келе жатқан жас қыздарын қызғалдаққа балайды. Қызына да, қызғалдаққа да ерекше қамқорлықпен қараған бірден бір халық қазақтар.
– Бала кезімізде мамыр айында ауылдан Алматыға дейінгі тау бөктерінде қаулап өскен алқызыл гүлдер жайқалып, жайнап тұратын. Бірақ соңғы жылдары бұл көркем көрініске де селкеу түсті. Әсем гүлдер әр жерден бір бой көрсететін болды. Бұл экологияның әсері ме, жоқ әлде гүлдер эрозияға ұшырап жатыр ма?
– Табиғаттағы кез келген өсімдіктің өз өсу мезгілі бар. Ол тамыр жайып, көктеп, гүлдегеннен кейін келесі өсімдікке орын береді. Әдемі гүлдеріне жан-жақтан келіп қонатын аралар балшырынын алып тозаңдандырса, топырақтағы бөлігі микроорганизмдер жүйесінің қалыпты дамуына жағдай жасайды. Пиязшықтары тереңдегі суды тартып, дала мен шөлді аймақтағы тамыры қысқа шөптерге өзінің септігін тигізеді. Алайда қазіргі кезде тек тиімді пайдаланбағандықтан ғана емес, соған қоса климаттың өзгеруіне байланысты қызғалдақтардың түрі де, қасиеті де жұтаңда­нып барады. Бұрынғыдай кілемдей құлпырған қызғалдақты қыр­ларды аз көреміз. Ең өкініш­тісі, табиғи қызғал­дақтан түрі өзгеше, гүл күлтелері кішірейген арамшөп сияқты түрлері қаулап келе жатыр. Бұлай кете берсе табиғатымыздың сұлулығы мен тепе-теңдігі жойылып кету қаупі бар.
Біз өз елімізден әкетілген гүлдің мәдени сұрыптарын қаншама қаржы шығарып сатып аламыз. Ал егер соны сақтап, өзіміздің ғалымдар мәдени сұрыптар алатын болса сол пайда өзімізде қалар еді. Бұл тек қаржылық жағы, ал енді табиғи өсімдіктер мен мәдени өсімдік арасындағы байланысты бұзып алмай сақтай білу одан анағұрлым маңызды. Оның үстіне біздің Қазақстанның аумағы қызғалдақтың өсуіне бағзы заманнан бері қолайлы. Бүгін біз соны жойып алатын болсақ, болашақ ұрпағымыз қызғалдақтың тек суретін тамашалап отыруы әбден мүмкін. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымының тікелей тапсырмасымен халықаралық ұйымдар мәдени өсімдіктердің ата тегі – табиғи қызғалдақтарды, табиғи алмаларды, бидайларды, дәрілік шөптерді зерттеу­ге қаржы бөліп, әр елдің өзіне тән өсімдіктер жүйесін сақтап қалуға назар аударып отыр.
Біз жас қызды қызғалдаққа балаймыз, екеуі де сондай нәзік, жаны сұлу көркем жаратылыс. «Қыз қонақ» деп санаған қазақ халқы қыздарын кішкентайынан ерекше мәпелеп, аялап өсіреді. Бойжеткен соң өзінің жарын тауып, бір елге келін болады. Батыр да, ақын да, ғалым да анадан туады. Ғылымда генетикалық түрде болашақ ұрпағының сапасы аналық генге тығыз байланыс­ты екені дәлелденген. Сол себепті қазақ қызын еркелетіп өсірген, төрге отырғызған, дұрыс тәрбие берген. Ол болашақ ұрпақтың, тұтас бір рудың анасы болады, бойындағы тазалық пен сұлулықты ұрпағына береді. Сол сияқты біз жабайы қызғалдақтарды дұрыс сақтасақ, одан алынатын мәдени түрлер де әдемі болады. Осыны терең түсінген голландиялықтар өз тюльпандарының Қазақстан қызғалдағынан алынған мәдени түр екенін мойындады. Қазақ жері мен еліне құрмет ретінде олар жыл ­сайын Астана қаласына мыңнан астам гүлдің пиязшығын тегін береді. Ақорда мен Бәйтеректің айналасына әсемдік беріп тұрған осы гүлдер.
– Қызғалдақтар еліміздің бүкіл аймағында өсе ме және олардың барлығы Қызыл кітапқа енген бе?
– Иә, бұл гүлдер Қазақстанның барлық дерлік аймағында өседі, оның әрбір жердің ерекшелігіне лайық бейімделген түрлері бар. Тау беткейлерінде, орман белдеуінде керемет көп. Тіпті шөлді аймақта да сол жерге бейімделген гүлдер өседі. Ғалымдардың есебі бойынша қазіргі Қазақстан жерінде қызғалдақтың 34 түрі белгілі, оның 18-і сирек кездесетін түрге жатады және Қызыл кітапқа енгізілген. Бүкіл селекция ғылымының дамуын­да осындай өсімдіктердің маңызы зор. Олардан суыққа төзімді немесе шөлге, тұздануға шыдайтын, бейімделген сұрыптарын алады. Өйткені ол қасиеттер жабайы қызғалдақтың атасының генінде бар, оны ары қарай дамыту, пайдалану адамның қолында.
Қызғалдақтың таралу аймақ­тарында бір түрдің басқа түрге алмасуы жиі байқалады. Мәселен, қызыл, сары, ақ қызғалдақтар бір-біріне керемет үйлесіп, кілемдей құлпыра көздің жауын алады. Бір ерекшелігі, табиғи жағдайда өсетін бұл гүлдер жаңа гибрид алуға өте ыңғайлы. Қазақстан табиғатының құндылығы сонда – оның әсемдігі, топырақ жүйесі, жалпы экологиялық кешені барлығы тұтастай бізге Жаратушының берген байлығы. Біз осы байлығымызды тиімді қорғай отырып болашақ ұрпақ үшін сақтауымыз керек.
Қызғалдақтар тамыр жүйесі, жемісі, гүлінің құрылысы, ірілігі мен ұсақтығы тәрізді қасиеттері бойынша жіктеледі. Әрқайсысының өз ерек­шелігі бар. Бұл гүлдердің көпшілігі оларды алғаш зерттеп, таныстырған ғалымдардың есімін иеленген. Мысалы, Островский, ­Кауфман, Шренк қызғалдағы дейміз. Өткен ғасырларда өмір сүрген ғалымдардың есімі осылай тарихта қалды.
Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлетінін атап айтқым келеді. Елбасының Жарлығымен Алатау бөктерінен 410 мың гектар жерді бөліп, ұлттық саябақ ашқызды. Себебі табиғи өсім­діктердің көпшілігі сол аумақта сақталған. Сондай-ақ эколог-ғалымдарымыздың халықаралық жиындарға қатысып, түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруына үлкен қолдау көрсетіп отырады. Нагоя хаттамасына да өз Жарлығымен қол қойып, мүшелікке өттік. 2015 жылы Голландияда алынған жаңа сұрыпқа Президент Назарбаев есімі берілді. Еш уақытта ешбір ел басшысының есімі гүлге берілген емес. Голландықтар бірінші болып Қазақстанға, Елбасыға осылай құрмет көрсетті. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа кететін үлгі-өнеге.
– Құралай Нұқақызы, өзіңіз айтқандай мәдени сұрыптар табиғи гүлден алынады. Ал енді сол жаңа сұрыптар өзінің табиғатына тән қасиетін, әдемілігін, нәзіктігін дәл қайталап бере ала ма?
– Бұл мүмкін емес. Ешкім табиғатты дәл сол қалпында қайталай алмайды. Жоғарыда голландықтардың қайта-қайта біздің елімізге келетінін айтып өттім. Сұрыптың ортаға бейімделуі, суыққа төзімділігі әлсін-әлі жаңартып отыруды талап етеді. Мәселен, Астанаға арналған түрді Шымкентте егіп көріңіз, өспейді. Сол жердегі температура, топырақ құрамы, су, т.б. жағдайға бейімделген сұрып керек. Оның үстіне қазір климаттың өзгеруіне байланысты сұрыптың тұрақтылығы мен төзімділігі бәсеңдеуде.
Бұрынғы қызғалдақ, алма өсетін алқап қазір басқа мақсатта пайдаланылып, өсімдіктің өсу заңдылығына нұқсан келуде. Табиғи ортасы бұзылса, олардың бүкіл қасиеті жойылады. Көбінесе адамдар табиғат аясына шыққанда гүлді тамырымен жұлып алады. Бұл да зиян. Біз, ғалымдар көп емеспіз, елдің бәріне түсіндіруге шамамыз жете бермейді. Сондықтан қоғамдық ұйымдар, оқу орындары селқос қарамай, табиғатты қорғауға белсенді атсалысуға тиіс. Қызғалдақ өте нәзік болған соң пиязшығымен бірге жұлынып кетеді, оны абайлап кесіп алу керек. Табиғи өсімдіктер, топырақ жүйесі бәрі бір-бірімен бауыр сияқты, үйлесімде өмір сүреді.Тіпті жауын құртының өзі жер қатып сор боп қалса жойылып кетеді. Көпшілік осыны ескере бермейді. Жалпы адамдардың табиғатқа көзқарасы өзгермей табиғатты қорғау мүмкін емес.
– Өсімдіктер дүниесін сақтау­дың жолы көп. Осы орайда Жапония­дағы сакураның гүлдегенін тамашалау сияқты дәстүрді неге ұйымдастырмаймыз?
– Сұрағыңыз орынды. Біз ғалым ретінде осындай мәселелерді басшы органдардың алдына қоямыз, ұсыныс береміз. Бірақ оны тек Үкімет іске асырады. Табиғатты қорғау күні, орман күні деген сияқты қызғалдақ күнін де бүкіл халық болып атап өтуге әбден болады. Сонда экологиялық мәдениет те қалыптасады.
Айналаға жанашырлықпен қарасақ, табиғаттың әсемдігі сақталады, ал әсем табиғатта дені сау, әсем ұл-қыздар өседі. Сондықтан табиғат пен адамды өзара байланыста қарауымыз керек. Адам табиғаттың қожайыны емес, оның бір бөлшегі ғана. Өзара үйлесімде өмір сүрген кезде ғана адамзат ғұмыры ұзақ болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен 
Дина Имамбаева




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *