КӨКПАРДЫҢ СПОРТҚА АЙНАЛУЫНА НЕ КЕДЕРГІ?

Серік ЕРҒАЛИ, 
публицист, мәдениеттанушы

Егемендіктің халқымызға берген бір құты – ұлттық ойындардың даму үдерісіне серпін бергендігі. Алайда, кез келген үдеріс белгілі бір ғылыми-логикалық сипатқа бағынбаса, күтілген нәтиже бола қоймайды. Айтқымыз келіп отырғаны – көкпар мысалында барлық ұлттық ойындардың даму үдерісінің кедергілері жайында.
Біздің ұлттық спорттық орта әлі күнге ұлттық ойын мен спортты ажыратуға құлық танытпағандықтан, адасу үстінде. Әуелі ойын дегеніміз – не, спорт дегеніміз – не деген сауалдарға тоқталайықшы.
Кең тараған жалпылама анықтама бойынша, ойын – ойлас­тырылған өнім­сіз қызмет, қайраткерлік (В.Д.Ша­дриков. 2.3. Готовность детей к обучению //Психология деятельности и способности человека.-М.:Логос, 1996. -С. 129.-320 с.), яғни, нә­­ти­жеде – қандай да бір ма­те­риалдық өнім күтуге бол­майды, бұндағы басты түрткі/мотив оның нәтижесінде емес, ойын үдерісінде (Большая советская энциклопедия, 1969-1978).Тағы бір нұсқа бойынша, ойын – қоғамдық тәжірибені қалпына келтіру мен игеруге бағытталған, нақты әрекеттерді әлеуметтік жолмен жүзеге асыру тәсілдері бекіген, (Общая психология. Учебно-методическое пособие / Под общ.ред. М. В. Гамезо. – М.: Ось-89, 2008-352с.) шартты жағдай аясындағы қызметтің/әрекеттің формасы.
Спорт – адамдардың дене немесе зерделік қабілеттерін салғастырудан тұра­тын, сондай-ақ, бұл қызметтер үдерісінде туындайтын тұлғааралық қатынастарды арнайы түрде дайындықтан өткізуден тұратын адамдардың белгілі бір ереже бойынша ұйымдастырылған қызметі, қайраткерлігі. Спорт – жарыс арқылы көрініс табатын және соған деген мақсатты түрде ширау мен жаттығу арқылы дайындықтан тұратын дене мен ақыл белсенімін көрсетуші қызмет. Спорт – денелік мәдениеттің (физкультурамен салыстырғанда, «дене шынықтыру» тіркесі мүлдем шектеулі ұғым) құрамдас бөлігі. Қысқасы, бұл – жарысу, сайысу қызметі мен соған әзірлік. Спортта адамның биік нәтижеге жету жолындағы денелік, пси­хикалық және әдеп сапалары айқын көрініс табады. Ал, ойында бұл талаптар қойыла бермейді, онда бастысы адамдардың қатысуы, әркімнің өз мүмкіндігін сарп етуге күш салуы ғана көрініс табады.
Ұлттық ойын сол ұлттың құндылығын паш етеді, танымын әйгілейді, дәстүрі мен философиясын насихаттайды. Ал, спорт адамзаттық құндылық деңгейінде қимыл мен әрекетті, адамаралық қатынасты басты нысана етеді. Спорттың өз бетімен туындайтын жолы да, ұлттық ойынның спортқа айналу жолы да бар.
Бұны айтып отыруымыз – бүгінгі ұлттық ойындардың дамуына тікелей қатысты болғандықтан. Бүгінгі таңда ұлттық ойынның қайсысын алсақ та, оның дамуы жүйесіз үдеріске ұры­нуда. Себеп – күн тәртібінде ұлттық ойындарды спортқа айналдыруды нақты мақсат етпей, оны «дамыту» деген жалпылама ұғыммен әрекетті шашыратуымызда болып отыр.
Қай ойынды да спортқа айналдыру – бізге сол ойындарды этностық сипаттан адамзаттық құндылыққа айналдыруға итермелейді. Көкпар мысалында алатын болсақ, ол ұлттық ойын ретінде тарихы бар, өзіндік сипаты мен ұлттық құндылық ретінде қалыптасқан ойын өнері, бірақ, оны қалай дамытуды қолға ала бастадық, солай алдымыздан дүниежүзілік критерийлер шықты: бауыздалған серкенің спорттық сайман болуы қабылданбады. Себебі, көкпар ойын болса, қазақ үшін ойын, ал, басқа халықтардың мойындауы үшін ол ойындық сатыдан спорттық сатыға өтуі керек еді, спорттық критерийлер іске асуы қажет еді. Ол үшін спорт талабына сәйкес, ойын­ның атрибуты спорттық реквизит бола бермейді, бұл жерде жоғарыда аталған психикалық және спорттық басқа талаптар орындалмаса, ойынды спорт өз кеңістігіне өткізбейді. Демек, көкпарды дамыту дегеніміз – оны спортқа айналдыру. Ал, ол үшін оның арнайы алаңы болуы, серкенің заман талабына сай, бауыздалған малдың мүрдесі немесе тұлыбы/муляжы емес, спорттық снаряд түріндегі сипаты болуы; көкпаршылардың зерттелген тәсіл­дер бойынша жаттығуы мен арнайы бапкерлердің әзірленуі; көкпар аттарына талап пен оларды дайындайтын зауыттың болуы секілді командалық спорт ретінде көкпар индустриясының пайда болуымен бірге жүретін ұлы үдеріс анықталуы керек еді. Бұның бәрі ғылыми-зерттеу мен зерделеуден басталғаны жөн болатын, ал, қазір біздің ұлттық ойындарды спорт тү­рінде көргісі келмейтін тұлғалардың пі­кір-пайымына аталмыш мақсат малтығып, адымы ашылмауда.
Әрине, бұл жайтты білгішсіну үшін, болмаса ақылсу үшін емес, үдерісті дұрыс жолға салу мақсатымен ортаға шығарып отырмыз. Мәселен, 2013 жылы көкпар стадионының жобасына конкурс/іріктеу жарияланбас бұрын, оған деген нақты талаптар мен кри­терийлер ғылыми жолмен анықталды ма? Жоқ. Ұлттық ойын айналасындағы аузы дуалы кісілердің пікірі ғана негіз болғаны жасырын емес. Бірақ, бұл көкпарды осы күнге жеткізген тұлғаларды ысырып тастау деген ниетімізде жоқ, ондай беделді пікір-пайымдар негізінен ғылыми-зерттеу барысында, зерттемелер сынаққа түсерде, аса құнды фактор екені аян, бірақ, шешуші ақпарат көзі емес. Дуалы ауыз – ғылыми пайым емес, пікір ғана, ал, спортқа ғылыми негіздеме, дәйек керек. Осындай тиянақты жайттардың болмауы біздің әрбір қадамымызды нәтижесіздікке ұрындырады және ылғи да дәйексіз эксперименттен көз ашпайтын боламыз. Мысалы, қазірдің өзінде «қазандық» («қазан» болса бір сәрі, ал, қырғызда «тайқазан» дейді) аталатын көкпар салынатын орын қанша адам мен аттың жарақатына себеп. Бұндай ойынға каскадерлар болмаса, спортшылардың қатысуы қатерлі. Ал, қытайлық қазақтар шаңырақ секілді баскетболдың торын қолданады екен… Бұл да, әйтеуір, қолда бар нұсқаға еліктеуден, калька іздеуден шыққан жайттар. Егер де, біз көкпарымызды тыңғылықты зерттеп, зерделесек, оны футболға да, баскетболға да еліктетпей өз орны мен тұрпатын жасар едік.
Бүгінгі көкпардағы басты кемшілік пен қателік – бұл спортқа футболдың тұжырымын таңып қойғанымыз: қарсы­ластар футболда қарсы тараптың қақпа­сына доп салып, жазаласа, көкпарда қарсы тараптың қазанына серке салып, «жазалайды». Бұл – көкпардың тарихи тұжырымына мүлдем қайшы: әдетте көкпаршы әр тарап серкені өз ауылына, өз қазанына салатын, ал, мынау мүлдем философиялық керағарлыққа ұшыратып отыр. Көкпардың философиясы бойынша тараптар Көктің несібесіне таласып, соған ие болуға ұмтылса, енді бұл несібе бүгінде қарсы тарапқа «сыйланатын» болған! Бұл не деген қайшылық?!
Енді, көкпар серкесін тұлыпқа айыр­бастау талпынысымызды алайық. Мақсатты осылай қоюдың өзі мүлдем дұрыс емес, «серкенің орнына қуыршақты/муляжды қолданғанда, көкпар ұлттық ойыннан спортқа айнала ма?» деген сауал бастан қойылуы керек еді. Әрине, ойын спортқа айналмайды. Спорт-көкпар үшін бауыздалған серкені де, оның муляжын (нәрсенің нақты пішінін беретін құймасы, жасамы, көшірмесі) да тарту міндет емес, қызық емес, оған ыңғайлы, лайықты сайман жасау мәселесі күн тәртібінде тұрған еді. Сол шешілместен әлі келеді.
Сол себепті, муляж әзірлеуге арналған конкурстың мына талаптары жөнсіз, әрі нақты емес, түсініксіз:«Пішін төмендегі талапқа сай болуы керек:
– икемді;
– жұмсақ;
– терісі жыртылмайтын мықты;
– сырт пішіні көкпар серкесінің пішінінен аумауы керек;
– салмағы 35 келі және 30, 25 келі».
Бұның орнына, яғни, муляж емес, «серке» аталатын снаряд әзірлеуге мынадай талап қойған жөн:
– пошымы – серкенікіндей болуы міндетті емес;
– пішіннің жалпы ұзындығы – 90 см, ені – 45 см, қалыңдығы – 15-25 см;
– салмағы 3 түрлі: 35 келі және 30, 25 келі;
– 4 «сирағы» болуы керек;
– серке «терісі» төзімді мығым материалдан болғаны жөн;
– материалдың мал терісінен болуы міндетті емес;
– серкеде адам денесіне бататындай не ауыртатындай әлдебір қатты детальдары болмағаны абзал;
– серке салмағы ауа ылғалын сіңі­ретіндей қосымша салмақтану мүм­кіндігі болмауы тиіс.
Әрине, мұндай сайманға қойылар талапқа ғылыми-практикалық негіздеме жасалуы керек, әйтпесе, бәрі де сәтсіз, нәтижесіз бітеді. Сондықтан, муляж пайдаға аспай, сәтсіздікке ұшырады, спорттық сайман муляждан құралмайтыны мәлім болды. Демек, көкпар спортқа айналуы үшін оған қажетті талаптарды былай қойғанда, серкенің тұлғасын көкпардан аластау керектігі туындайды. Бірақ, көкпар ұлттық ойын ретінде бұрынғыша серкені пайдаланып, ал, спорттық көкпар үшін өзіне лайық сайманды жасау жайттарын ескермей отырмыз. Қысқасы, көкпар ойын түрінде де, спорт түрінде де қатар өмір сүре алады. Дегенмен, екеуінің басын ашып, ажыратып алған мақұл.
Ойын-көкпарға дулыға керек емес, қазақы тымақ пен қазақы киімдер және серке жеткілікті, сондай-ақ, ойын-көкпар ережесін екіжақты команда ойыны ету де керек емес. Ал, спорттық көкпар үшін көкпаршыға қажет қолғаптан бастап, дулыға, арнайы етік, жейде, ат, снаряд-серке, арнайы стадион,тіпті, ойыншының аяғы ілінбейтіндей арнайы үзеңгі т.т. саймандар мен жабдықтарды мақсатты түрде қолға алу қажет болады. Әлемдік спортқа айналған кез келген ұлттық ойынды алсаңыз да, олар осы жолдан өткен. Қысқасы, біз көкпардан ойын ретінде айырылғымыз келмесе – оны серкеден ажыратпау керек, ал, спорт еткіміз келсе – спортқа тән саймандарын ғылыми түрде дәйектеп әзірлеу қажет. Ойын-көкпарды мереке көрінісі етіп қалдырып, спорт-көкпарды аттылы ата-бабамыздың адамзатқа сыйлаған құндылығы есебінде осылайша ғана дамыта аламыз.
Тағы бір мәселе, көкпар спортының әлі күнге терминдерінің қалыптаспағандығы: қазақша терминдер бөлек, қырғыздар өзінше атауларды тықпалайды. Ақырында бұл спорт емес, қазақ пен қырғыздың бәсекелестігінің көрінісі секілденіп тұрғаны жалған дей алмаймыз. Мысалы, Википедияда көкпар қырғызша кок-бору атала келіп, орыс тілінде былай анықтама беріледі: Кок-Бору/кёк-бёрю (кирг. көк-бөрү (серый волк), улак-тартыш (борьба за козла), южноалт. кöк-бöрӱ, башк. күкбүре), — древняя, известная со времён зороастризма, традиционная игра и национальный вид спорта в Кыргызской Республике и популярная конная игра среди алтайцев, башкиров и других народов Средней Азии. В русском языке для игры кок-бору и её аналога бузкаши обычно употребляется слово «козлодрание». Сөйтеді де, қазақ халқы «тағы басқаның» ішінде аталады… Жалпытүркілік құндылыққа бұлайша қарау мүлдем абырой бермейді.Мұндай «тартыстың» өзі көкпардың адамзаттық құндылыққа айналуына бірден-бір кедергі болмақ. Сол үшін Әлемдік көкпар қауымдастығын құрып, барлық мәселелерді біріге шешкен жөн.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *