Наурыз әлем елдерінде

257

“Көктемгі жаңару” немесе күн мен түннің теңелу мерекесі адамзат тарихында ежелгі заманда пайда болды. Ол алғашқы жазбаларда Наурыз, Навруз, Новруз Байрам деп аталады. Мейрам тамыры сонау Ахеменид империясынан бастау алады деген болжам бар. Мерекенің атауы қасиетті «Авеста» жазбаларында да жазылған.

2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мерекесі БҰҰ-ның шешімімен адамзаттың материалды емес құндылықтарының Репрезентативті тізіміне енгізілді. 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні болып белгіленді.

Наурыздың тойлануы әр елде әрқалай болғанымен, оның мағынасы бір: көктемгі жаңару күнін қарсы алу, денсаулық пен амандықты білдіреді. Наурыз қарсаңында үйлер тазартылып, ескі заттар қоқысқа лақтырылады. Мереке күні кешірім сұралып, тілектер айтылады, мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі, мол дастархан жайылады.

Елімізде наурыз мерекесінің маңызы жылдан-жылға артып, мемлекеттік деңгейде аталып өтеді. Қала көшелерінде киіз үйлер тігіліп, ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылады. Әр шаңырақта наурыз көже таратылады.

Өзбекстан елі Навруз мейрамын жыл сайын 21 наурызда атап өтеді. Ұлттық киім киген жұрт ән айтып, би билейді, бір-біріне ыстық ықыластарын білдіреді. Негізгі тағам сумаляктан бөлек, туграма-палау, халим тағамдары пісіріледі. Адамдар дәл осы күні садақа мен сыйлық таратып, мол сауапқа кенелуге тырысады. Өзбек дәстүрінің тағы бір ерекшелігі – мереке бикесі Бахор-ханум мен диқаншы – Дехкан-бобо, Жерді бейнелейтін адам – Момоер таңдалады.

Қырғыз халқы Нооруз мейрамын Бішкек алаңында қарсы алады. Бұл күні алаңда ән-бимен қатар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Дастарханға сумаляк пен кеже қойылады. Әдетте, сумалякты адамдар бірлесіп дайындайды.

Тәжік елінің Навруз мерекесінде алау басты нышан болып саналады. От пен алау шипалық, тазарту қасиеттеріне ие деген сенімге сай, ойындар мен жарыстар, түрлі өнер көрсетілімдерінде от пайдаланылады. Самбуси самсасы, сабси, яғни көкөністер мен бидай өскіндері мерекелік дастарханның көркі болып саналады.

Қытайда Нурызды Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының этникалық ұйғыр, қазақ, өзбек дұңған халықтары тойлайды. Мерекенің негізгі түстері:

қара, ақ, қызыл, сары және жасыл. Олар от, су, ағаш, металл, жер нышандары. Дәстүрлі тағам – 7 түрлі қоспадан әзірленген ботқа.

Түркияда Невруз күні дастарханның негізгі көркі – боялған жұмыртқа, бидай өскіндері, шамдар мен сумаляк тағамы.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *