ҚазҰУ-да Наурыз тойы тойланды

386

 

Ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің жаршысына айналған Ұлыстың ұлы күні¬ – Наурыз мейрамын тойлауды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғашқылардың бірі болып бастады. Жыл сайын ҚазҰУ қалашығының ұйымдастыруымен өтетін «Әз-Наурыз» мерекесі ерекше сән-салтанатымен Наурыз тойының шымылдығын ашты.
Самарқанның көк тасы еріп, барша тіршілік атаулы ұйқысынан оянатын жаңару мен жаңғыру кезеңі атанған Наурыз мейрамы – университет қалашығы студенттері асыға күтетін ерекше мереке. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында өткен мерекеге ҚазҰУ басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Мерекелік шара ақсақалдың ақ батасымен ашылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Алқалы жиында сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Біздің халық үшін ең қастерлі ұғым ол – тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің ғұмырын баянды болуы білімді әрі жігерлі жастардың қолында. Еліміздің Мәңгілік елге айналуы – Елбасымыздың басты мақсаттарының бірі. Ал мәңгілік елдің ұлттық құндылықтары да мәңгі болатыны ақиқат. Сондай ұлттық құндылықтарымыздың бірі – бүгін тойланып жатқан Наурыз мейрамы. Ұлыстың ұлы күні еліміз бен жеріміз үшін ырыс пен берекенің, бақыт пен тұрақтылықтың, жаңару мен жаңғырудың бастауы болғай», – деп, ақжарма тілегін білдірді.
Мерекеге жиналған қауым киіз үй төріне жайғасып, берекелі дастарханнан дәм татты. Ұлттық ойындар ойнатылып, қазақ эстрадасының жас жұлдыздары әуелете ән шырқады. Той үстінде ұлттық салт-дәстүріміздің бірі ретінде «Тұсаукесер» рәсімі де көрініс тапты. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов жас сәбиге ақ тілегін айтып, тұсауын кесті. Сонымен қатар студенттер арасында қол күресі, гір тасын көтеру, қазақша күрес сияқты ұлттық ойындар ойнатылды.
Сондай-ақ мерекеде шетелдік студенттер де өздерінің ұлттық киімдерін киіп, жайылған ақ дастарханнан, соның ішінде наурыз көжеден алғаш рет дәм татып жатты. Жапония елінен келген бүгінгі таңда ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті, шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында білім алып жатқан Такуро Оучи былай дейді: «Мен Наурыз мерекесінің парсы халықтарына кең тарағанын білетінмін. Ал мейрамның қалай тойланатынына алғаш рет куә болып тұрмын. Маған Наурыз мейрамы өте қатты ұнады, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлердің біразымен танысып шықтым. Бүгін ұлттық тағам Наурыз көжеден алғаш рет дәм таттым. Дәмі ерекше екен». Жақсылық пен ізгіліктің бастауы болған Наурыз мейрамы барша қазақстандықтардың өміріне жаңа тыныс әкеліп, шуақты нұрына бөлегей.

Перизат Жарылқасынова




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *