Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды

99

Президент Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев жақында ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды, — деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы ресми сапар барысында Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген келіссөз өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас қарым-қатынастар мен табысты кездесулер екі ел арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін атап өтті.  «Өзара уағдаластықтарды іске асырудың арқасында тек 2017 жылы сауда-саттық көлемі 2 есе өсіп, 374 миллион доллардан 643 миллион долларға дейін жетті. Ал 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш 6 есе артқан», — деді Елбасы.

Ресми сапар барысында екі тарап: Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім; Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін (полиэтилен өндірісі) салуға қатысты ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы меморандум; Атырау облысындағы полипропилен өндіретін зауытқа қатысу үлесін сатып алуға байланысты өзара түсіністік туралы меморандум; «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы акционерлік қоғамының 49% акцияларын сатып алудың негізгі қағидаттары туралы негіздемелік келісім; «DP World» компаниясының «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының капиталына қатысуының негізгі қағидаттары туралы негіздемелік келісім; — Дубайдағы «ЭКСПО-2020» дүниежүзілік көрмесіне қатысу туралы шарт — деген сынды бірқатар құжаттарға қол қойды.

Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян ресми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Халқымның және жеке өзімнің атынан Сізге Біріккен Араб Әмірліктерінің жеріне келгеніңіз үшін ризашылық білдіремін. Сапарыңыз сәтті болады деп сенемін. Біз бүгін бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қоямыз. Жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екенімізді айтқым келеді», — деп алғысын білдірді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *