ТӨРТ КҮН ЖӘНЕ ТӨРТ БАУ КҮРІШ

596

Тапсырма бергелі бүгін төртінші күн. Аманат артып отырған анау-мынау емес, облыстық Кеңес атқару комитеті. Бүкіл ішкі істер соның қолында. Ішкі істер не істеймін десе де еркінде. Әсіресе, тапсырманы орындамады деп сылтау айтқандар сақтанбаса болмайды.
Екеуі де Құдайға қараған қарапайым жандар. Бірі – кетпен шапқан диқан да, бірі – жеткіншектерге тәлім үйреткен, кеудесінде Ленин ордені бар жас мұғалім. Сауат ашу мектебін көрмеген адамға әріп үйрену оңай ма? Бір жетіден соң ол Алматыға аттанады, Жоғары Кеңес депутаты ретінде сессия қабылдаған қаулы-қарарларға қол қояды. Сонда ең болмаса аты-жөнін шимайлап тастайтын сауаты болу керек. Бұл – социализм адамының сипаты, социалистік қоғамда сауатсыздық әлдеқашан жойылған.
Ол күн бата әбден сүлдесі құрып келеді. Сырдариядан сағасын алар Шиелі арнасын қазу басталды. Сәбит Мұқанов жазған роман «Сырдария» болса, содан бастау алған арнаның ең үлкені – Шиелі арнасы. Қазу ортан беліне жетіп қалды. Осы бесжылдықта бітіру керек. Кетпенші Ыбырай болса, топырақты бірден жағаға атады, жұрт сияқты орта жолда зембілге салып, бір жұмысты екі жұмыс қып әуреге түспейді. Өзі түскі асқа да кеш келіп, ерте кетеді. Кетпен шапқысы келеді де тұрады. Арқасы мен қолтығы терлегенде бәрін ұмытып, тек қайың сапты кетпен мен иісі мұрын жарған боз топырақты көреді. Жағалауға жетіп жатқан бұл лақтырған топырақ біреуге жақса, біреуге жақпайды екен. Үстінен ақ қағазды аямай боздатып тұрып арыз жазыпты. Онда колхоз бастық, өзінің інісі Боқайдың Сыздығы істемеген нәрсені істеді деп, көлденең тартып көрсетіпті. «Інісі ағасын көтермелеп жүр. Одан асқан кетпенші жоқ па» деп, қазақы қызғаныш өзекті өртепті. Соған қарны ашады, адамдардың қараулығына тек қайың сапты кетпеннің омырауынан топырақ саулаған ойық тесігі куә болса деп ойлайды.
Арна жағалап біреу жүрді. Ол – Новосібір Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп келген жас агроном, облыстық өкіл Әнес Алтынбеков еді. Арыз «кейіпкерін» екі күн болды, сырттай бақылады. Үшінші күні аудандық партия комитетіне барып, «Егер Ыбырай Жақаевтың еңбегін елемей арызға сенсек, онда партия алдында алданғанымыз» деп расын айтты. Сөйтіп, арыз жабылды. Бірақ, оны диқан білмеуші еді.
Мына бір жас мұғалім кешке үйде күтіп отырады. Қонаққа «кет» дей алмайсың, «Ыбеке, Социалистік Еңбек Ерісіз, Жоғары Кеңестің депутатысыз, үкімет адамысыз, жақында Алматыда сессия болғанда қаулы-қарарға қол қоясыз. Сталин жолдас осыны талап етеді», – деді түсінсін деп төтесінен тартып. «Өткен жолы кеудеме Алтын жұлдыз тақты. Жарайды, еңбектің елеуі шығар. Енді бар тірлікті тастап, мені депутат қылмай-ақ қойса болмай ма?» Бұл ішінде қалған қоламта, сөзге жоқ басы ішіндегісін сыртқа шығара қоймайды. Сағаттар бойы, ол тәулікке ұласып, бір апта қақиып, үп етсе көбелек ұшпас кең үйде отырады да қояды. «Қарсы емессіздер ме?» десе, жұрт жапатармағай қол көтереді. Қалыс қалып жатқан ешкім жоқ. Бәрі орысша. «Ең болмаса өз елің – өлең төсегіңде біз сияқтылар түсініп, қол көтерер бір ауыз сөз өз тіліңде болса ғой» деп, көкірегі күмбір ете қалды. Ол да көкіректі тесіп шыға алмай қалған бір арман.
Өзі әу бастан сабаққа жоқ. Әкесі әлгі ел билеп жүрген інісі Сыздық екеуін төте оқуға беріп еді, бұл шыдамай, санасына бір әріп те сіңірмей қайтып келді. Ол болса бітіріп, кейін кеңестің оқуын оқыды. Бұл әуелі тары, сосын күріш егіп, әйтеуір кетпен мен топырақтың алдында еңбегі адал болды. Сөйтіп жүргенде социалистік жарыс деген шығып, онда да алдына жан салмады, енді мынау шыбынның ызыңы естілмес кең үйде мең-зең боп мүлгіп отыр…
Ыбеке, бүгін төртінші күн. Сіз екі күннен кейін жол жүресіз. Сонда құжаттарға өз атыңыз бен әкеңіздің атын шимайлап қол қоюыңыз керек. Бізді бақылап отырған адамдар бар.
Жас мұғалімнің үркектеген сыңайы көзінен көрініп тұр. Оқығандар мен оқымағандарды үркітіп тастаған заман лебі көкіректе мұздай қатып тұрғаны сезіледі.
…Атынан түсіп, жуынып-шәйініп, маңдайы мен қолтығын дарияның таза суымен сылай сипап, екі-үш кесе шәй ішті де, жас мұғалімді де аяп, бүгін бар зейінімен сабаққа кірісті.
Әкемнен де ұят болды-ау, – деді тұқымында бар әпенделікпен.
Мұғалім мырс ете қалды.
Ыбеке, алдыңызда үш бау күріш қатар тұр дейік. Бір бауды ортасынан көлденең қойсаңыз «Ж» болады. Бұл «Жақаев» деген пәмиленің бас әрпі. Арғы жағын ата жаптан бастау алған арықтың суы сияқты шимайлай салыңыз.
Диқан қолына сия қаламды алды да, сояудай-сояудай ірі саусақтарымен жіңішке қаламды буындыра ұстап, ақ қағазға дәл осылай шимайлай салды. Төртінші күні саудыраған күріш бауымен жазылған «Ж» әрпін санасына бірден сіңіріп алды. Осылай «Жақаев» деген қолтаңба қағазға түсті. Ол әлемге әйгілі есім боп мәңгіге жазылып қалды.
Жас мұғалім арқасын кеңге салды. Диқан болса күрішпен көмкерілген әкесінің атын ешқашан ұмытпастай боп есте сақтады.
Бұл – қылышынан қаны тамған, дәуірге Сталин иелік еткен 1949 жыл еді.
Жас мұғалім кейін маған қайын ата атанған, энциклопедиялық ғалым, Ленин орденінің иегері Қосман Жұматаев болатын. Ыбырай атамнан осыны сұрағанда: «Бәрі Қосман құданың арқасы ғой» деп күбір ете қалды. Сол дәуірде адамның зәресін ұшырған төрт күнді әлдекімдер әліге дейін айтып жүр.
Төрт бау күріш диқан мұражайында сақтаулы тұр.

Қуандық БОҚАЙҰЛЫ




One thought on “ТӨРТ КҮН ЖӘНЕ ТӨРТ БАУ КҮРІШ

  1. Жанболат

    Төрт күн түгілі үш жүз алпыс бес күнді мәнсіз өткізіп жүрміз ғой. Тары, күріш егіп топырақ алдында адал болған еңбек адамын ойласақ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *