«Ерікті» елге танытып еді

769

1923 жылы 1 сәуірде өмірге келген «Ерiк» газетi, 1924 жылғы 18 тамыздан бастап «Жұмыскер тiлi», 1932 жылғы 15 сәуірден «Ленин жолы», 1933 жылдың 15 қыркүйегінен «Социалды құрылыс», 1963 жылдың 1 мамырынан бастап «Коммунистiк еңбек», 1990 жылдың 30 маусымынан бастап «Атырау» деп аталды. Айта кетейік биыл «Атырау» газетінің 95 жылдық мерейтойы.  Алғаш осы газетiмiздiң төл тарихын зерттеген көрнектi жазушы-драматург, журналист Берiк Қорқытов болатын. Оның алғашқы ғылыми зерттеу мақаласы 1951 жылы 1 сәуiр күнi «Социалистiк құрылыс» газетiнде «Ерiк» – облыс жұртшылығының ана тiлiндегi тұңғыш газетi» деген атпен жарық көрдi. Оның осы еңбегiн Х.Бекхожин «Қазақ баспасөзiнiң даму жолдары (1860-1930)» атты ғылыми еңбегiнде пайдаланды. 

Араға 52 жыл салып, Берiк Қорқытов «Жылнама «Ерiктен» басталады» деген атпен «Атырау» газетiнiң тарихына орай екi бөлiмдi кiтап жазды. («Арыс» баспасы, Алматы. 2003 жыл). Бұл кiтап «Атырау» газетiнiң 80 жылдығына орай осы газеттiң шығу тарихы туралы жазылған. «Деректер не дейдi?» деген бiрiншi бөлiмде алғашқы «Ерiк» газетi, оның алғашқы белсендi авторлары С.Жанұзақов, ақын Д.Тiлегенов, айтулы ақын А.Тоқмағанбетовтің атақты «Мұнай бер!» өлеңiнiң қалай жазылғаны, Ұлы Отан соғысы жылдарында алғашқы ақындар айтысы қалай ұйымдастырылып, өткенi жайында, т.б. айтылады. Екiншi «Атырау сарбаздары» бөлiмiнде автордың редакцияға қалай келгенi, жұмыстас болған қаламгерлерi С.Сауырғалиев,О.Әжiғалиев, Т.Амандосов, Қ.Сасықов, С.Хайдаров, Х.Рахимов, Б.Матвеев, Ж.Жантурин, М.Сатыбалдиев жөнiнде баяндалған. Берiк ағамыздың «Ерiк» газетiн қалай кездестіргені жөнiнде өзiн сөйлетсек: «…1950 жылы желтоқсан айында диплом жұмысын жазу мақсатында, Мәскеуде В.И.Ленин атындағы кiтапханада болып,қазақ баспасөзiнiң каталогын қарап отырғанымда, «Киргизский орган Гурьевского укома РКП (б) и Гурисполкома газета «ЭРК» (Свобода) деген газет атына тап болдым. Менi алаңдатқан «Киргизский орган Гурьевского…» деген атау болды. Не де болса көрейiн деп, өз тақырыбым «Қызыл Қазақстанды» былай қойып, дереу тапсырыс бердiм. Бiр сағаттай уақыт өткенде көлемi осы күнгi аудандық газеттермен шамалас сартап болған екi беттiк «Ерiк» газетiнiң тiгiндiсi алдымда жатты. Араб әрпiмен басылған, маңдайшасына «Гурьев уездiк ортақшыл табы мен уисполкомның «Ерiк» газетасы» деп жазылыпты. Жерден жетi қоян тапқандай қуанып, құныға оқуға кiрiстiм. «Социалистiк құрылыстан» бұрын туған топырағымызда мынадай газеттiң болғанын бiлiп, көргенiңде әрi өзге емес бiреу емес, өзiң тауып отырғаныңда, қалай қуанбассың? Мен үшiн бұл «Жаңа Америка» ашқандай болды». Бiрiншi беттiң бас жағында «Бүтiн жер жүзi еңбекшiлерi, бiрiгiңдер!», «Пролетарий всех стран, соединяйтесь!» деген ұран тұрды. Гурьев уездiк ортақшыл табы мен уисполкомның қазақ тiлiнде жұмасына бiр шығатын «Ерiк» газетасы. Жазылу бәсi бiр айға 6 сом, үш айға 18 сом, жекелеп 1 сом 50 тиын. Киргизский орган Гурьвского укома РКП(б) и Гурисполкома, газета «ЭРК» (Свобода), адрес: г. Гурьев, уком РКП(б)номер №1. Жексенбi, 1 сәуiр, 1923 жыл, Воскресенье, 1 ­апреля, 1923 года» деп жазылған. «Ерiк» газетiнiң алғашқы санында Т.Өтеулиевтiң«Тiрлiк осымен табылады» деген бас мақаласы, М.Кариевтiң «Ерiкке» деген лебiздерi, «Еңбекшiлер ұраны», М.Шөкеевтiң «Қазақтың шаруажайынан», Дүйсеновтің «Ескiнi ұмытпаған мұғалiм» деген мақалалары жарияланған.
Өлкемiздегi «Ерiк» газетiнiң не бәрi 50 нөмiрi, соңғы саны 1924 жылы 12 тамызда шыққан. РКП(б) уездiк комитетiнiң 1924 жылғы 18 тамыздағы бюро мәжiлiсiнде әдейi мәселе қаралып, «Ерiк» газетiнiң атын «Жұмыскер тiлi» деп өзгерту жөнiнде қаулы алынады. Зерттеуші Б.Қорқытов ағамыз осы «Жұмыскер тiлiнiң» де парақтарын ­аударып, бiрнеше құнды материалдарды жарыққа шығарды. Газетке әр жылдары қол қойып, редактор болған абзал ағалар өмiрiнен деректер келтiредi. Газеттiң заман ағымына сәйкес аты да өзгерiп отырғанына кеңiрек орын бердi. 1968 жылы газеттiң атын өзгерткенде екi пiкiр болғандығын ардагер ағамыз еске алады. Бiрақ сол кезде редактор болған Х.Нұрмұхамедов газет атын «Коммунизмге бет алды, коммунизм құрамыз. Сондықтан «газетiмiздiң атын «Коммунистiк еңбек» деп атайық» десе, Берiк ағамыз тұрып: «Ол жалпылама атақ, газеттiң аты қай жерде шығатынын бiлдiрiп тұруы керек, мына көршiмiздiң «Прикаспийская коммуна» аталуы дұрыс, атына қарап Гурьевте шығатынын айтпай бiлуге болады, сондықтан газеттiң атын не «Жайық таңы», не «Атырау айнасы» деп өзгертелiк» дейдi. Бiрақ редакторды жақтаушылар басым болды да, обком осы ұсынысты қабылдады. Әйтсе де, өмiр өз дегенiн жасап, елiмiз тәуелсiздiкке көшкеннен кейiн газет те Бекең ағамыз айтқан «Атырау» атағын иелендi.
Сондай-ақ Б.Қорқытовтың газеттiң тарихында ерлiкке пара-пар тағы бiр еңбегiн атап өтсек орынды болар едi. Бұл сонау 1966 жылға дейiн газеттiң маңдайшасына «Шығуына 31 жыл» деп жазылып жүрген болатын. Бұл жайт Бекеңдi қатты толғандырған. Сонда шығуына 31 жыл болғанда 1935 жылға дейiн Гурьевте ана тiлiнде газет болмаған ба деген заңды сұрақ туады. Оған кiм сенедi? Сөйтiп, Берiк ағамыз Мәскеу қаласына барып «Ерiктiң» 50 ­саны, «Жұмыскер тiлiнiң» 360 саны, «Ленин жолының» 172 саны шыққандығын анықтайды. Осылайша, осы құнды деректер негiзiнде облыстық партия комитетiнiң шешiмiмен газеттiң маңдайшасына «1923 жылғы 1 сәуiрден бастап шығады» деп жазылып, сол күннен бастап газеттiң саны да өзгередi.
Жазушы-драматург, журналист Б.Қорқытов туралы осы облыстық газетте ұзақ жыл редактор болған Қ.Қуанышбайұлы өзiнiң «Газет және уақыт» атты кiтабында былай деп жазады: «Тек соңғы жарты ғасырда ғана облыстық газет өз тарихын құрастыра бастады. Соның өзiнде де ғылыми ауқымды емес, газеттiң өз қызметкерлерiнiң iзденiстерi арқылы бiраз мәлiмет жиналды. Осы орайда ардагер ағаларымыз Берiк Қорқытов пен Шөпенғали Дәуеновтың есiмдерiн арнайы атаған жөн».
…19 жасар студент Б.Қорқытов 1947 жылы Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының директоры І.Кеңесбаев пен қол жазбалар бөлімінің меңгерушісі Ә.Қоңыратбаев жолдамасы мен Гурьевке келіп, ел ішінен ақын Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын жинайды. Оның ұлы Дәулетқалимен де кездесіп, біраз өлеңдерін жазып алады. Күзде Алматыға барып тапсырған бұл құнды еңбегін барша әдебиет танушылар әлі күнге пайдалану үстінде.
Жалпы жазушы-драматург, журналист, марқұм Берік Қорқытовтың артында бiраз әдеби бай мұра қалды. Оны екшелеп, зерттеп оқырман қауымға ұсынуды қасында бiрге жүрген үзеңгiлес аға буын ардагер ағаларымыз бен өзi баулыған iзбасар шәкiрттерi еншiсiне қалдырдық. Марқұм Б.Қорқытов дүниеден озғанда жазушылар Ә.Кекіл­баев пен Ф.Оңғарсынованың «Жайықтай жайсаң, Атыраудай дарқан азамат еді-ау» деп көңіл айтқанда былай деген: «Көзін баспасөзде ашқан қаламгер туған елімен өлкесіндегі болып жатқан жақсылықтардың жаршысы еді. Тек ұнамды істер мен жағымды жаңалықтар төңірегінде ғана қалам тербейтін.
Көргені – көл, естігені – мұхит еді. Оның бәрін айтып, жазып тауыса алмай кетті».
Қорыта келгенде, облыстық «Атырау» газетiнiң негiзiн қалаған «Ерiк» газетiн тұңғыш зерттеген жазушы, драматург-журналист Берік Қорқытовтың есімін бүгінгі жас ұрпақ ұмытпауы тиіс.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ, Х.Досмұхамедов атындағы 
Атырау мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері, тарих 
ғылымының кандидаты




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *