Бала болашағы үздік бағамен өлшене ме?

1

Балаларының  бақытты болғанын әр ата-ананың сөзсіз,  қалайтыны анық. Кейде бұл ниет тым басым  болып, ата-аналар бала тәрбиесінде үлкен қателіктерге жол беретінін байқамай қалады. Солардың ең бастысы  – баладан мектепте тек беске оқуын талап ету. Арамызда «баланың болашағы үздік  бағаға  тікелей байланысты, немесе оқу жылын тек беспен бітіргенде ғана жазғы демалыста көлге баруы мүмкін» дейтін ата-аналар аз емес.

Баладан белгілі-бір нәрсе талап еткен кезде ата-ана оның балаға қажет пе, әлде  өзіне қажет пе деген сұрақты қою қажет. Кез-келген әке мен ана күнделіктегі бағаның емес, алынып жатқан білімнің маңызды екендігін ішкі түйсігімен түсінеді. Бірақ түптеп келгенде, баладан тек жақсы бағаны талап етіп, ұрысады, шектейді, бақылайды. Мұндай тәрбие баланың жүйкесін зақымдап, отбасындағы сенімді «өлтіреді».

Отбасы мәселелерімен айланысатын психолог мамандар ата-ананың үйде баламен қарым-қатынаста мектеп мәселелерін мүлдем қозғамауға кеңес береді. Олардың пікірінше, баланың оқуы ол баланың жеке басының ісі. Одан да баламен жалпы өмір туралы, оның өмірге көзқарасы жайында көбірек әңгімелескен маңыздырақ. Бала  өзіне қай саланың, немесе пәннің қызықты екендігін зердесімен сезініп, сол бағытта алға қарай жылжуы керек. Ең қауіптісі – кезінде тек беспен оқыған ананың немесе әкенің өмірде өз жолын таба алмағандығында екен. Өзі қаламаған мамандықта білім алып, ары қарай  ұнамайтын салада жұмыс жасайтын ата-ана, балаларын беспен оқыса ғана белгілі-бір жетістіктерге жетеді деп болжайды. Сөйтіп өз көзқарастарына өздері қайшы келеді. Бала үшін ата-ананың кезінде қандай бағаға оқығандығы емес, дәл қазіргі кездегі үлгісі, бет-бейнесі, жеткен жетістіктері маңызды.  Қарап көріңізші, өзіңізбен бірге оқыған сыныптастарыңыздың арасында тек беспен оқыған үздіктер ғана өмірден өз орнын тауып, биік белестерге жетті ме?..  Мектепті бестік бағамен бітіріп, ішкілікке салынған, немесе отбасын асырап, жеткізе алмай,  күні-түні ауыр жұмыстарда тер төгіп жүрген «үздіктер» әрбір ортада бар.  Мектепті төмен бағаға  әрең тәмамдап, атақты спортшы, белгілі кәсіпкер, тіпті саясаткер, өнер майталманы атанғандар да  қоғамда жетіп артылады.

ҰБТ-да лайықты балл жинай алмаған, немесе емтиханды ойдағыдай тапсырмаған балалардың өзіне қол жұмсаған жағдайлар туралы жиі еститіндігіміз бекер емес. Осыны әр ата-ана терең ұғынуы қажет.  Әр емтиханның алдында қобалжып, төмен баға алып қалудан қорқа беретін баланың жүйкесі ерте ме, кеш пе сыр беретіндігі ақиқат.  Ал өсе келе күйзелістер тек ұлғая түсіп, ата-ана үмітін ақтай алмаймын деген үрей бала өсіп, ер жеткен кезде де оның санасында мықтап бекіп, өзіне деген сенімсіздікті қалыптастырады. Баладан  мінсіз болуды талап етіп, жаны қаламаған пәндерді күштеп оқыту одан болашақта керісінше, өзіне деген сенімін жоғалтқан, әлсіз тұлғаны қалыптастырады.  Ал егер оқушыдан баға сұрамай, оны қандай пән көбірек қызықтыратынын анықтап, табиғи дарынын ары қарай жетілдірсеңіз балаңыз болашақта қалаған биігіне ұмтылып, табысты тұлғаға айналады, арманына сүрінбей жететін болады.

Әр бала дара мінезге  ие жеке тұлға. Ол беске оқыса да, екіге оқыса да, жеке қасиеттерін түсініп, оны «екіліктерге»  қарамастан  жақсы көру, әрдайым көмектесу және ең бастысы – сенім арту әр ата-ананың  парызы. Сонда ғана бала әке-шешеге сенім артады. Бала әке-шешеден қорықпауы керек. Ең маңыздысы – осы.

Ата-анаға сеніммен қарап, қамқорлығын сезінген бала болашақ үлкен өмірге нық сеніммен қадам басады!

Үміт Жұмаділова




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *