«Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары»

723

2018 жылдың 3 сәуірінде Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп, халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесін ашады.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының негізгі мақсаты шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады. Көрмеде ҚР Ұлттық музейі қорынан VII-ІІІ ғасырларға жататын алтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылады.
Көрменің негізгі экспонаты — 1969 жылы Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан белгілі археолог Кемал Ақышев басқарған археологиялық экспедиция тапқан «Алтын адам». Көсемнің костюмі мен бас киімінің барлық әшекейлері киімге тігілген ретімен өзгеріссіз сақталған. Барлық әшекейлер өнер туындысы және скифтік-сібірлік аң стильінің ескерткіштеріне жатады. Бүгінде «Алтын адам» бүкіл әлемге танымал және Қазақстан Республикасының символы болып саналады. Археологтар «Алтын адамның» жерлеу камерасынан барлығы 4800 әшекей тапқан. Бұл бұрын-соңды табылған қорғандар ішіндегі Мысыр перғауыны Тутанхамонның қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер табылған қорған болып саналады. Сол сияқты көрмеде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың ортасына дейінгі уақытқа жататын күмістен жасалған әйелдер әшекейлері таныстырылады.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының маршрутына ТМД, Азия, Еуропа және Америка елдері кіреді. Жүзеге асыру мерзімі: 2018-2021 жылдар.
Сонымен қатар 2018 жылы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» Халықаралық көрме жобасы Әзірбайжан Республикасының Ұлттық музейінде (Баку қ. Әзірбайжан), Шэньси провинциясы Тарихи музейінде Сиянь қ. ҚХР), Гданьск Ұлттық музейінде (Гданьск қ. Польша) және Корея Ұлттық музейінде (Сеул қ. Корея) өткізіледі.
2019 жылы аталмыш көрмені Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания және Түркия мемлекеттерінің музейлерінде өткізу жоспарланып отыр.
2020 жылы АҚШ, Италия, Австрия, Франция және Германия музейлерінде өткізу жоспарланған.
3 сәуірде сағат 17:00-де ұйымдастырлып жатқан көрме негізінде ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Л.В.Кочетов, т.ғ.д., профессор З.С.Самашев, ҚР Ұлттық музейі ғылыми хатшысы, т.ғ.к. З.К.Сураганова, Бүкілресейлік халықтық және сәндік-қолданбалы өнер музейінің директоры Е.В.Титова және Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің археология кафедрасының меңгерушісі т.ғ.д., профессор А.Р. Канторович сынды екі жақты тұлғалардың қатсуымен пресс-конференция өткізу жоспарлануда.
«Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі 2018 жылдың 13 мамырына дейін жалғасады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *