Аман Төлеев Кемерово облысының депутаты болды

205

Кемерово облысының бұрынғы губернаторы, 73 жастағы Аман Төлеев облыстың халық депутаттары кеңесінің мандатын алды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі lenta.ru сайтына сілтеме жасап.

 «Бүгін Кемерово облысының сайлау комиссиясының отырысы өтті. Халық депутаттары кеңесінің бос мандатына бірыңғай тізімнен кандидатура беру туралы мәселе қаралды. «Единая Россия» партиясының Кемерово аймақтық филиалы Төлеев Амангелді Молдағазыұлына бос депутаттық мандатты беру туралы шешім қабылдады», — деді сайлау комиссиясының өкілі.

Комиссия өкілі, Төлеев 2013 жылы облыстық кеңес депутаттарын сайлау үшін «Единая Россия» партиясы ұсынған бірыңғай кандидаттар тізімін басқарғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Төлеевке 2016 жылы отставкаға кеткен депутат Ван Вай-Ченнің бос мандаты берілді. Енді облыстық кеңес Төлеевке депутат куәлігін береді. Содан соң ол комитеттердің біріне кіруі тиіс.

1997 жылдан бері Кемерово облысының басшысы болған Аман Төлеев 2018 жылдың 1 сәуірінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге Кемероводағы «Қысқы шие» сауда орталығындағы ірі өрттен кейін отставкаға кету туралы өтініш білдірді.

Естеріңізге сала кетсек қайғылы жағдайдан 64 адам қаза болып, 79 адам жарақат алды.

Путин Төлеевтің отставкаға кетуін қабылдап, 57 жастағы Сергей Цивилевті облыс басшысы етіп тағайындайды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *