ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР

1434

Әйгілі Орбұлақ шай­қасына биыл 375 жыл толып отыр. Осыған байланыс­ты таяу күндері Шымкент қаласында «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы Жеңістің ақиқаты және маңызы» деген атпен халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді. 
Қазақ батырларының ерлігі аңызға айналған айқастың бірі Орбұлақ шайқасы. Жоңғарларды ойсырата жеңген оқиғаның халқымыз үшін маңызы зор. Атақты Жәңгір хан 600 жасағымен жоңғарлардың қалың қолына тойтарыс берді. Айқастың үшінші күні ержүрек Жалаңтөс батыр 20 мың қолмен көмекке келеді. Сөйтіп, жау жағы бұл соғыста жеңіліс табады. 
Орбұлақ шайқасында жеңіске жетуде Жалаңтөс баһадүрдің қосқан үлесі зор. Оқырманға ұсынылып отырған мақалада батыр бабамыздың ерлік жолдары сөз болады.

Жалаңтөс батыр Орта Азия мен Қазақстан тарихында өз есімін алтын әріппен жазып кеткен әйгілі би, ел ағасы. Оның заманын сараптасақ – ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ елі тарихында елеулі оқиғалар болғанын көреміз. Шын мәнінде Қазақ мемлекетінің тасы өрге домалап тұрған еді сол заманда. Бұхар хандығына қарасты жерлердің өзінде қазақ сұлтандары мен батырлары билік жүргізді. Мысалы ­Андижан өңірін Абылай сұлтан, Жизақты ­Алшын Бекоғлы, Самарқан қаласын және уәлаятын Жалаңтөс батыр биледі. Қырғыз елі Қазақ мемлекетінің құрамында болды. Ол кезде Есім ханның сенімді серіктерінің бірі қырғыз Көкем би еді. Қазақ-қырғыз достығы мен туысқандығының іргесі де сол кезде берік қаланды. Жоңғарларға әлденеше рет соққы берілді.
Бұл даңқты кезеңде Қазақ елінің атқа мініп, шайқасқа кірмеген жылы жоқ десе де болады. Қазақ елін қорғап, шайқас үстінде мемлекетті нығайтқан халқымыздың Есім хан, Салқам Жәңгір, Жалаңтөс батыр сияқты ең жоғарғы дәрежедегі – ұлттық батырларының есімдері дәуірлеп тұрған кез еді.
Алайда тарихымызда ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында үлкен трагедиялы оқиға орын алды. 1628 жылғы қайғылы оқиға «Қатаған қырғыны» деп аталды. Сол жылы ел басқарған Еңсегей бойлы Ер Есім барлық кінәні өз мойнына алып, хан болудан бас тартып, билікті баласы Жәңгір сұлтанға берді…

Әмір, қолбасшы және би

XVII ғасырдағы Казақстан мен Орта Азия тарихында ерекше орын алатын тарихи тұлғаның бірі – Жалаңтөс батыр Сейтқұл би ұлы (1576-1656) болатын. Оның шыққан елі Кіші жүзге қарасты Әмудария мен Сырдария, яғни екі өзен аралығындағы алқапты мекендеген алты ата Әлім руының төртқара атты бөлігі.
Жалаңтөс батыр өзінің аса даңқты өмірінің ақырына дейін Самарқан қаласының әмірі болды. Оның өмірі мен қызметіндегі негізгі оқиғалар мыналар:
1612 жылы Бұхар ханы Иманқұл көп әскермен Түркістан атырабына баса-көктеп кіреді. Алдыңғы соққы қарақалпақтарға берілетін болған соң, Жалаңтөс батыр өз әскерімен көмекке жетеді. Әйгілі Жалаңтөс қолынан қаймыққан Иманқұл амалсыздан, соғысты бастай алмай, келіссөзге келеді. Алайда бұл Бұхар ханының уақытша айласы екенін түсінген Жалаңтөс батыр әскер жиып, Иманқұлды түгелдей талқандау үшін дайындала бастайды. Мұны білген Иманқұл Жалаңтөс тұрғанда өзінің Бұхар тағында отыра алмайтынын түсініп, оған Самарқан қаласын және сол төңіректегі уәлаяттарды сыйға тартады. Сөйтіп, Жалаңтөс Самарқан әмірі атанып, таққа отырады.
Артында Қытай империясы тұрған Жоңғар қалмақтарын әлденеше рет талқандағаны үшін және басқа да көптеген ерліктері ескеріліп, 1625 жылы Жалаңтөске «Аталық» деген құрметті атақ-лауазым беріледі.
1640 жылы Батур қонтайшы басқарған қалмақтардың Қазақ елі мен Орта Азияға жасаған кезекті шабуылын тойтарады. Бұл шайқасқа Жалаңтөс Самарқаннан 30 мың әскермен шыққан екен.
1643 жылы қалмақтардың Жетісу аймағына кезекті шабуылы басталады. Бұл жолы олар 50 мың әскермен лап қойған еді. Сол кездегі Қазақ хандығының бір ұлысы – Қырғыз еліне үлкен қауіп төнді. Салқам Жәңгір дұшпанды тоқтату үшін бар болғаны 600 жауынгерімен асығыс аттанады.
Тау шатқалында жаудың көп әскерін жанқиярлық ерлікпен тоқтатып тұрғанда жиырма мың әскерімен Жалаңтөс батыр келіп жетеді де, шайқас тағдырын шешеді. Осынау үлкен шайқаста Жоңғар шапқыншылары мықтап талқандалады. Кейінірек тарихшылар мұны «Орбұлақ шайқасы» деп атады. Жалаңтөстің бұл үлкен ерлігі туралы көптеген тарихшылар жазды.
Ал өмірінің соңғы күніне дейін Жалаңтөс батыр Орта Азияға қатысты барлық соғыс қимылдарына қатысып, әскер басқарып, көптеген жеңістерге жеткен, яғни түрік халықтарының тағдырында ол әрқашан шешуші рөл атқарған. Ол батыр ғана емес, баһадүр, әмір және би деген атаққа ие болған. Қазақ тарихында «би» деген атақ – ең жоғары дәреже. Себебі мұндай құрметті атаққа батырлар мен хандардың ие болуы өте сирек жағдай.

Батыр заманының  тарихын зерттеу жайлы

(Есім хан, Иманқұл хан, Тұрсын сұлтан, Абылай сұлтан, Алшын Бекоғлы би және қырғыз Көкем би тарихы баяндалады.)
Жалаңтөс батырдың өмірі мен қызметін жан-жақты түсіну үшін ол өмір сүрген XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мен Орта Азияның әлеуметтік жағдайы мен ­саяси тарихына қысқаша шолу жасайық.
XVI ғасыр мен XVII ғасырдың бірінші жартысында (яғни Жалаңтөс батыр заманында) Қазақ мемлекеті сыртқы жаулармен аянбай соғысып жатса да, көптеген түйінді мәселелері бола тұрса да, сол кездегі іргелі мемлекеттің бірі еді.
Сол кезде Орта Азия мен Қазақстан жерінде екі ғана мемлекет өмір сүрді. Олар Бұхар хандығы мен Қазақ мемлекеті болатын.
XVII ғасырдың басында дүниеден өткен тарихшы Кадырғали Жалаири Қазақ мемлекетінің іргелі ел екенін айта келіп, Тәуекел ханды (1581-1598 жж.) «Бүкіл ислам патшасы…» деп мадақтап жазған.
Әрине, мұндай жазулар сол кездегі қазақ мемлекетінің жылдан жылға нығайып бара жатқанын және Орта Азиядағы әрбір саяси жағдай қазақ ханының қатысынсыз шешілмегенін дәлелдейді. Олай дейтініміз, сол кездегі Орта Азияның көп жері Қазақ хандығының қол астында болған. Мысалы: қазіргі Қырғыз жері, Ташкент уәлаяты, Қарақалпақ елі, яғни Сыр мен Әмудария арасындағы аумақтың көп бөлігі және қалмақтардың біраз жері. Міне, дәл осындай жағдайда сол кезде Орта Азия жеріндегі ең күшті мемлекет – Бұхар хандығының тағдыры да Қазақ елімен байланыс­ты болған. Бұхар ханы Иманқұл бұл мемлекетті өзі басқарған заманда, яғни 1608-1644 жылдары, Қазақ елімен амалсыз достық қатынаста болды. Сондықтан ол Жалаңтөс батыр секілді аса беделді тұлғамен жақсы байланыс жасады. Оның Жалаңтөс батырды Самарқан қаласы мен уәлаятының әмірі етіп қою себебі: біріншіден, Қазақ хандығымен достық қатынаста болу. Екіншіден, ­саяси істерді шешу үшін, әсіресе сыртқы жаулардан қорғануда қалың әскері бар Жалаңтөс батырды пайдалану. Сол арқылы мықты Қазақ мемлекеті тарапынан ешқандай әскери әрекетті немесе шабуылды болдырмау.
Алайда Иманқұл хан, өзі қанша тәуелді болғанмен, Қазақ хандығын ыдыратып, билікті қолына алуды ойламай қалған жоқ. Осыған байла­нысты оның бірінші әрекеті Ташкент әмірі Тұрсын сұлтанды өз құрығына ілдірумен бітті.
Бұл оқиға былай басталған. Ташкент әмірі Тұрсын сұлтан Қазақ елінің аты аңызға айналған ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің туысы. Ал Ташкент уәлаяты ол кезде халық тығыз орналасқан бай өлке еді.
Иманқұл хан Тұрсынды осынау бай өлкенің әмірі Есім ханға тәуелсіз, өз алдына хан болуға азғырған. Өзімшіл Тұрсынға бұл пиғыл ұнап қалады. Еңсегей бойлы Ер Есім жоңғар шапқыншыларымен соғысып жатқанда, Тұрсын өзін Ташкенттің ханы деп жариялайды. Сондай-ақ хандық белгісі ретінде өз аты жазылған ақша да шығара бастаған. Ел шетіне келген жаумен Есім хан соғысып жатқанда, Ташкент уәлаятынан ешқандай көмек жібермей, іргесін аулақ салады. Осынау ел ішіне салынған іріткіні ушықтырмас үшін, Есім сабырлылық жасап, егесті қантөгіссіз бітіруді ойлайды. Тентек болғанмен, туыс қой, сабасына түсер деп есептесе керек. Мұны басқаша түсінген Тұрсын өз жерін ұлғайту үшін Қазақ хандығының жеріне қол сұға бастайды. Есім хан қан төкпес үшін қанша сабырлық сақтағанмен, қазақ сұлтандарының көбі бұған наразылық білдіреді. Алайда Есім хан айтқан соң, одан асып кете алмайды.
Дегенмен, сол кездегі Әндіжан әмірі – қазақ сұлтаны Абылай Тұрсын сұлтанға алғаш рет қарсы шығады. 1623 жылы Иманқұл хан оған да одақтас бола қалады. Себебі оған керегі қазақ сұлтандарының бір-бірімен қырқысқаны еді. Абылай сұлтанға Иманқұлдың қаншалықты жәрдем бергені белгісіз, әйтеуір, қолтығына су бүріккені рас.
Екі сұлтанның, яғни Абылай мен Тұрсын сұлтанның әскері сол жылы Шахрухия бекінісінің түбінде кездеседі. Алайда сұлтандар соғысқысы келгенмен, екі жақтың да әскерінің көпшілігі қазақ жауынгерлерінен құралғандықтан, олар өз туыстарымен шайқасуды ар санап, майданнан бас тартып, кері қайтады. Оның нәтижесі Иманқұл жіберген қосындарды Тұрсын сұлтанның талқандауымен аяқталады. Бұған қатты наразы болған Иманқұл Абылайды Әндіжаннан қуады. Осы жағдайларды сырттай бақылаған Есім хан тез арада көмекке келіп, Абылай сұлтанды Әндіжандағы өз орнына отырғызады. Ал Тұрсынға тиіспейді, себебі қан төгілмесін деп, сабырлылық сақтаған болуы керек. Оның үстіне, өз бауырымның тентектігі өзге жұрттың дұшпандығынан қауіпті болмас деп ойлаған.
Сондай-ақ Есім хан 1625 жылы Түркістандағы ордасына Тұрсын сұлтанды жиналысқа шақырып, билер кеңесіне қатыстырып, Жоңғар қалмақтарының шапқыншылығына қарсы күрестің жоспарын баяндайды. «Бірлік болмай, тірлік болмайды, аса қауіпті сыртқы дұшпандарымызды талқандауымыз керек, ол үшін тізе қосып, бірге аттанамыз» деп жоспар құрады.
Әрине, ішінде не жатқанын кім білсін, сыр білдірмеген Тұрсын Есім хан ұсыныстарына қарсы болмайды. Елдің бірлігін, мемлекеттің келешегін ойлаған ардагер қайраткер – Еңсегей бойлы Ер Есім Тұрсын сұлтан туралы өз қатесін кеш түсінді. Қалай болғанда да, өзі асыраған күшігі өзін қабады деп ойлаған жоқ еді. Бір тентектің бүлігінен Қазақ елінің бір бөлігі қырылатынын ол білген жоқ еді.
1627 жылы ел шетіне Жоңғар қалмақтары шабуыл жасаған кезде, бұрыннан дайындалып жүрген Есім хан көп әскермен шығысқа асығыс аттанады.
Мықты дайындықпен барған қазақ әскері жоңғарларды ойсырата жеңгені тарихтан белгілі.
Осынау үлкен соғысқа Тұрсынның өзі бармағанын және әскер жіберме­генін былай қойғанда, ол адам ойла­маған қастандық пен қанішерлік және Қазақ мемлекеті тарихында үлкен сатқындық жасайды.
Ташкент уәлаятындағы қалың қазақтың сайдың тасындай көп әскерін жібермей қалған Тұрсын сұлтан Есім ханды қалмақтан жеңіліс табады деп топшыласа керек.
Есім хан жоңғарларға қарсы жанқиярлықпен соғысып жатқанда, Тұрсын Қазақ елінің астанасы Түркістанға қалың әскермен шабуыл жасайды. Жауынгерлері алыстағы соғыста жүрген қарусыз қатын-қалашты қанға бояп, Есім ханның әйелдері мен балаларын тұтқындап, Ташкентке жөнелтеді.
Есім хан көп әскермен жоңғарларды талқандауға бара жатқанда қазіргі Қырғызстан жеріндегі Ыстықкөлдің шығыс жағында тұрған ертедегі сақ з­аманынан қалған Сантас қорғанының жанында бір күн аялдайды. Сол жерде оған Көкем би басқарған қырғыз жігіттерінің әскері келіп қосылады.
Осынау тастан үйілген Сантас қорғанының тасын алғаш рет Есім хан өз әскерінің санын анықтау үшін пайдаланады. Себебі даладан тас жинап жүруге уақыт тығыз болғандықтан, үюлі жатқан дайын тасты пайдаланған. Әрбір жауынгер бір тастан алып, басқа жерге тастап, әрі қарай жүре береді. Сонда басқа жерге үйілген тастың өзі кішігірім үйіндіге, яғни қорғанға айналған. Жауды жеңіп келе жатқанда әлгі үйілген тастан жауынгерлер бір-бірден алып бұрынғы орнына, яғни Сантас қорғанына қайтадан тастаған. Еңсегей бойлы Ер Есім сонда қалған тас­тар арқылы өзінің құр­бан болған яғни шахит, қаза тапқан жауын­герлерінің санын шамалаған екен.
Осынау оқиға ел аузында аңыз болып сақталған. 1856 жылы Ш.Уәли­ханов зерттеген осынау аңыз­дың екі нұсқасы ел аузында сақталған. Бірінші нұсқасы Есім ханға қатысты болса, екінші нұсқасында осынау Сантас оқиғасының авторы Әмір Темір дейді, яғни ол Қытайға бара жатқан жорығында әскер санын осылай анық­таған делінеді. Өз заманында Қырғыз елі тарихын терең зерттеген Ш.Уәлиханов бірінші, яғни Есім ханға қатысты аңыздың шындыққа дәл келетінін анықтап жазған еді.
Ш.Уәлиханов Әмір Темірге қатысты аңызды: «…Исторические известия совершенно противоречат этой легенде. Тамерлан действительно шел на Китай, но при самом выезде из Самарканда умер в городе Отраре…» деп анықтап, одан әрі қарай Есім ханға қатысты аңыздың дұрыстығын:
«…Дикокаменные киргизы насыпь Сантаса приписывают казахскому хану Ишиму, как памятник его победы над калмыками-зюнгарами. Это имеет более вероятия. Ишим действительно был на этих местах и действительно одержал победу над хон-тайдзием…» деп ақиқатын жазып қалдырған.
Айта кететін бір жайт – Ресей ғалымдары Есім ханға байланысты тарихи оқиғаларды осы уақытқа дейін бұрмалап келеді. Мысалы Сантас оқиғасын, яғни Есім хан ерліктерін Темірланға телитіндердің бірі В.И.Масальский.
Тұрсын сұлтан Есім ханның Түркістандағы ордасын шапқан соң, оның жоңғарлармен соғыстан қалай келетінін асыға тағатсыз күтеді. Әрине, ол қазақ ханының дұшпандармен соғыста жеңілгенін тілегені рас. Алайда оның хабаршылары Есім ханның үлкен жеңіспен қайтып келе жатқанын хабарлайды. Сонда ол қатты сасады. Келер жолда оған тұтқиылдан шабуыл жасап қазақтың батыр ханының басын алудың жоспарын құрады.
Ал Есім хан болса, өз еліндегі адам ойламаған қайғылы хабарды Сантас қорғаны жанында есіткен дейді. Ашуға булыққаны соншалық көзі қанталаған Еңсегей бойлы Ер Есім жеңіспен оралған бар әскерін атқа қондырып, асығыс Ташкентке бет алады. Сонда оған Көкем би басқарған қырғыз әскері де өз жерінде қалып қоймай Ташкентке бірге аттанады. Тұрсын сұлтан Есім ханды оны ізіне ерген көп әскермен Сайрам (кейбір деректерде Чиназ) түбінде қарсы алады. Осылай алғаш рет қазақ әскерлері бір-біріне қарсы үлкен шайқасты ­басынан кешіреді.
Қалмақты талқандап келе жатқан жеңімпаз әскерге өз бауырларымен соғысу оңай болған жоқ. Шайқастың аты – шайқас, бірі жеңсе, екіншісі жеңіледі. Есім ханнан жеңілген ­Тұр­сын Ташкентке қашады. Бұл оқи­ғаны есіт­кен басқа да қазақ сұлтандары көтеріледі.
Ташкент түбіндегі шайқаста Тұрсын әскері түгелдей талқандалады. Өзі қашып, Ташкентке тығылып, сонда өз нөкерлері осынау қанішерді түтқындап, Есім хан қолына тапсырады. Ашуға булыққан Еңсегей бойлы Ер Есім Тұрсын сынды сатқынды, яғни өзі асыраған күшігін, басын кесіп алып, Бұхар ханы Иманқұлға жөнелтеді. Бұл сәлемдеме «Жақында сенің де басың кесіледі» деген үстем хабар еді.
Қазақ еліндегі қайғылы жағдай мұнымен біткен жоқ. Көп жылғы қалмақтармен болған соғыста әбден шаршаған және оның үстіне Тұрсын сынды қанішерге қатты ашуланған Есім хан оны жақтаған әскерлерді де түгел қырып жібереді.
Негізінен Ташкент уәлаятын ертеден мекендейтін қалың елдің көп бөлігі Қатаған болатын. Қадырғали Жалаири: «Алаш мыңы үш сан, Қатаған қауымы екі сан…» деп жазған еді дәл сол оқиғадан 25 жыл бұрын. Әттең… осынау қалың ел Қатағанның азғантай бөлігі, яғни Есім хан әскері құрамына кіргендері ғана аман қалады. Ташкент уәлаятындағы Шанышқылы елі сол қалың қатағандардың бір бөлігі ғана.
Есім хан өз заманында қол астындағы қырғыз елін Көкем бидің кеңесімен билеген еді. Оның үстіне, Көкем би барлық соғыста Есімханның жанында болған. Жоңғарларды және Тұрсын сұлтанның әскерін талқандағанда, жанында сенімді серігінің бірі болған Көкем бидің құрметіне Есім хан Ташкент қаласында оған арнап үлкен мұнара тұрғызды. Осы тарихи оқиға туралы Ш.Уәлиханов: «…С киргизами отношения их (казахов) в те времена были более дружны и миролюбивы. Ишимхан (Есімхан) (живший около 1630 г.) имел в своем распоряжении родоначальника бия Кукема при помощи которого ему удалось низвергнуть Турсуна катаганского и чанчклинского. В память союза киргизов и казахов Ишим построил в Ташкенте башню, которая существует до сих пор и называется «Көкемнің көк күмбезі…» деп жазған болатын.
Сыртқы және ішкі жаулармен соғыстар, оның үстіне, бір Тұрсынның әлегінен қаншама халық қырылды, міне, осынша қанды және қайғылы оқиғалар Еңсегей бойлы Ер Есімді қажытқан еді. Ол көп ұзамай мемлекет билігін баласы Жәңгірге беріп, өзі тек кеңесші рөлін атқарады.
Есім хан талқандаған соң, қалмақтардың көп бөлігі Қазақ мемлекетінің қол астында қала берді. Сол кездегі Жоңғар мемлекетінің басшысы Хара-Хула өлген соң, оның баласы Ердене Батур қоңтайшы билікті өз қолына алады. Осынау қолбасшының мемлекет басына келуімен сол елдің бірігуі және нығаюы басталады. Ал соған сәйкес Қазақстан мен Орта Азия елдеріне Жоңғар тарапынан қауіп те күшейе түседі. 1635 жылы Жәңгір сұлтан өз қол астындағы әскерлермен (әскерінің құрамында жалғыз қазақ емес қырғыздар және қалмақтар да болған) бірге Жоңғарға қарсы жорыққа шығып, оларды көп шығынға ұшыратады. Ал келесі жылы Батур қоңтайшы қазақ еліне жорық ұйымдастырады.
1640 жылдан бастап Батур қоңтайшы Жоңғар мемлекетін бі­ріктіріп нығайта бастады және 1643 жылы қазақ еліне үлкен шабуыл жасады. Осынау Жоңғар шапқыншылығы басталғанда, қырғыз жерінің көп бөлігі жау қол астында қалды. Батур қоңтайшы сонда 50 мың әскермен баса көктеп кірген еді. Жәңгір мынау тұтқиылдан болған шабуылды есіте сала асығыс аттанады. Бұл соғыстың тағдырын Самарқаннан Жалаңтөс батыр келіп шешкені туралы талай жазылды.
Міне, біз жоғарыда қысқаша шолу жасаған қазақ елінің басындағы аса қаһарлы кезеңде, 1612 жылдан соң, Самарқан әміршісі болып Жалаңтөс батыр отырған еді. Ал ол туралы 1643 жылғы Орбұлақ шайқасына дейін жөнді жазба дерек сақталмаған. Қарауында көп әскері бар әйгілі батыр Орта Азия жеріндегі қазақ ханы қатысқан талай соғыстардан қалайша тыс қалуы мүмкін! Әрине мүмкін емес. Әсіресе Тұрсын сұлтан жасаған бүліктерді басуға Абылай сұлтан, алшын Бекоғлы би және басқалар қатысқанда, Жалаңтөс батыр қалайша қалыс қалады?! Ол осы оқиғалардың бел ортасында жүрген болуға тиісті. Тек бізге жеткен деректерде ғана айтылмаған болуы мүмкін.
Ал 1643 жылдан соңғы тарихи оқиғаларға Жалаңтөс батырдың қатысқаны туралы нақты деректер баршылық.
1644 жылы Бұхар ханы Иманқұл өледі, оның тағын Нәдір Мұхамедхан иеленеді. Сол жылы құрамына Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан кіретін Ұлы Моғол империясы мен Бұхар хандығы арасында соғыс басталады. Міне, осы үлкен соғыста Жалаңтөс батыр шешуші рөл атқарғандардың бірі. Ал сол кездегі Қазақ мемлекетінің басшысы Салқам Жәңгір көмекке жүз мың әскер шығарады. Әрине, мұндай нақты тарихи деректер Орта Азиядағы саяси жағдайлардың қазақ ханынсыз шешілмегенін көрсетеді. Оның үстіне, Бұхар ханы Иманқұл өлген соң, оның орнын басқан Нәдір Мұхамед қазақтармен достық қатынаста болуды көздеген. Себебі Ұлы Моғолмен соғыста қазақ елінің көмегінсіз Бұхар хандығын сақтау мүмкін емес еді. Қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақтардан құрылған сақадай сай көп әскерді басқарып, Нәдір Мұхамед Балх жеріне кіргенде, Жалаңтөс батыр мен алшын Бекоғлы би басқарған жүз мың әскер Әмудариядан өтіп, Ауғанстанға кіріп, Қабылға бет алады. Ұлы Моғол империясының қалың әскері ­Балхыда тұрған еді. Әскерді басқарған Ұлы Моғол­дың болашақ императоры ­Ауренжаб (1658-1707) болатын. Осынау қырғын шайқас ұзақ күнге ­созылады. Опат болған жауынгерлердің көп болғаны соншалық есебін анықтау мүмкін болмаған.
Жеңіспен оралған себепті, Қазақ мемлекетінің мерейі өсе түседі. Алайда елдің шығыс жағынан, яғни Батур қоңтайшы тарапынан жаңадан қауіп төне бастаған еді.
Осынау біз қараған кезең, яғни Жалаңтөс заманындағы Қазақ елінің мерейі сыртқы жауларын қиратумен көтерілгені белгілі.
Сонау 1643 жылғы Орбұлақ шайқасы кезінде Жалаңтөс батыр 68 жаста екен. Еңсегей бойлы Ер Есімнің де жасы үлкен еді. Ал оның баласы Жәңгір хан бар өмірін қазақ елін қорғауға бағыштап, ақыры шайқас үстінде қаза болды (1652).
Қорыта айтқанда, осынау қазақ батырларының, билері мен сұлтандарының Бұхар хандығы жерінде әмір болуы және үстемдік жүргізіп, билік құруы, әрине, Қазақ мемлекетінің күшейген, нығайған кезін көрсетеді. Көптеген зерттеушілер Бұхар хандығының әлсіреуін Жалаңтөс би, Абылай сұлтан, алшын Бекоғлы және 1643-1663 жылдардағы Хиуа ханы болған Әбілғазы сияқты жергілікті феодалдардың күшеюінен деп көрсетеді. Ал Әбілғазының өзіне таққа отыру үшін қазақ хандары көп жәрдем бергені белгілі. Мысалы, П.П.Иванов: «…Упадок политического значения аштарханидов сопровождался ростом военно-политической мощи отдельных бухарских феодалов из числа узбекской знати, к которой принадлежал, например, известный сановник (аталык) хана Абдул-Азиза (1645- 1680), бий Ялантуш (Жалаңтөс), строитель знаменитых самаркандских медресе Ширдар и Тилла- Кари. Располагая огромными средствами, получаемыми от феодальной эксплуатации зависимого населения, Ялантуш и другие подобные ему бии имели возможность содержать значительное войско и совершать походы на соседние страны, в частности в район Кабула, принадлежавшего в XVII в. Великим Моголам, и на Хорасанскую провинцию Ирана. Во время похода захватывалось множество пленных, обращаемых, как и в XVI в. в рабов…» деп жазған болатын.
Біз бұл жерде П.Ивановтың пікір­леріне біраз түсініктеме беріп өтуді жөн көрдік:
Бұхар хандығының әлсіреуіне әлде күшеюіне, әрине, Жалаңтөс сияқты белгілі тарихи тұлғалардың әсері болмай қалуы мүмкін емес.
Жалаңтөс батыр ешқашан өздігінен немесе байлық үшін Қабыл мен Хорасанға шабуыл жасаған жоқ.
Ал Ширдар мен Тилла-Кари сияқты үлкен құрылыстарды ол Қабыл жорығынан бұрын бастаған еді. Мысалы, Ширдар 1619-1635 жылдары салынған. Ал Тилла-Кари құрылысы 1646жылы басталып, 1659жылы біткен, яғни Жалаңтөс батыр қайтыс болған соң үш жылдан кейін осынау алтындаған күмбезді медресе ғимаратын салу аяқталған. Оның оңтүстікке жасаған жорықтарының бұндай ірі құрылыстарға ешқандай қатысы болмаған.

Баһадүрдің әлем  сәулет өнеріндегі орны

Жалпы айтқанда, Жалаңтөс ­батыр – Самарқан тарихындағы үш ірі түлғаның бірі. Олар: Әмір Темір, Ұлықбек, Жалаңтөс батыр. Осы үш тарихи тұлға Самарқанды көркейткен, яғни Шығыс архитектура тарихында теңдесі жоқ ғимараттарды тұрғызған жандар.
Жалаңтөс батыр, даңқты қол­басшы, би, әділ әмір болумен қа­тар, Шығыс елдері мәдени тарихында сәулет өнеріне ерекше көңіл бөлген. Оның әмірші болған кезінде Самар­қанның көркі адам танымастай құл­пырды. Оның аты Орта Азия мен Қазақ­­станның саяси тарихында ғана емес, сәулет өнері тарихында да орын алады. Мысалы, оның әйгілі Ширдар, Тилла-Кари медреселері, академик Г.А.Пугаченкованың айтуынша, «Сәулет өнерінің інжу-маржаны» ретінде адамзат тарихында белгілі орын алады.


«Ширдар», яғни «Арыстанды медресені» Жалаңтөс 1619 жылы тұрғызған екен. Осынау әсем медресе порталының ішкі қабырғасында Жалаңтөс батырға арналған парсы тілінде мақтау жазулар бар. Оның мағынасын қазақ тіліне Х.Досмұхамедұлы аударған болатын. Ол мынандай: «…Әмір қолбасшы, турашыл Жалаңтөс; оның кемелдігін жеткізе мақтайтын қызыл тіл інжу-маржан; ол тұрғызған медресенің биіктігі соншалық, оның ұшы көкке тірелген; ақылдың қыраны қанатын қанша қақса да, жылдар бойы сенің биік аспалы дарбазаңа жете алмас; оның мұнарасының ұшына ғасыр бойы ілмекті арқаны бар айлакер ұры да шыға алмас; сәулетші оның аспалы дарбазаларының тізбегін жасағанда таңғалғандықтан бармағын тістегендей (таңданыс, қызғаныш белгісі ретінде) жаңа толған айды қарпып алды; осы құрылыстың іргесін Жалаңтөс бахадұр қалағандықтан, ғимараттың тұрғызылған жылы «Жалаңтөс бахадұр жылы» деп аталады….».
Бұл мәтіннің мағынасын ­Г.А.Пуга­чен­кова орыс тілінде былай деп беріпті: «…Он соорудил такое медресе, что земля доведена им до зенита неба – это знамя взаимного их украшения. Годами не достигнет высокой вершины его портала мощью и усердием искусных крыльев орел ума. ­Веками не достигнет верха запретных его минаретов искусных акробат мысли по канату фантазии. Когда архитектор точ правильности воздвиг изгиб арки портала, небеса, приняв ее за новую луну, прикусили палец от удивления…».
Жалаңтөс батыр тұрғызған және бір теңдесі жоқ медресенің бірі – «Тилла-Кари» («Алтынмен апталған»). Әлемдік сәулет өнерінде ерекше орын алатын бұл ғимараттың құрылысы 1646 жылы басталып 1659 жылы біткен. Яғни Жалаңтөс батыр қайтыс болған соң үш жылдан кейін. Шығыс сәулетінің інжу-маржанының бірі «Тилли – Каридің» алтындалған күмбезі туралы Г.А.Пугаченкова былай дейді: «….Очень эффектен вид на мечеть со стороны двора, куда обращены аркада на тяжелых устоях и обширный айван главного здания, за которым возвышается тяжелый цилиндрический ­барабан наружного, видимо, так никогда и не возведенного купола. Внутри это помещение от уровня пола и до верхушки купола покрывают богатые ковровые узоры в технике «кундаль» с обильным применением золота в орнаменте и в тоне (отсюда название «Тилла – Кари» – «Позолоченная»).
Осындай әлем мәдениетінде ерекше орын алатын ғимараттар құрылысы Жалаңтөс батыр есімін тарих бетіне алтын әріппен жазып қалдырады.
Мақала соңында ­Х.Досмұхам­бетұлы жасаған шежірені оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Халекең бұл шежірені жарияла­ғанда, И.Қасымов деген мұғалімнен ал­ғанын ескертіп, алғыс айтыпты. Ал Қасымовтың өзі осы мәліметтерді 1920 жылы аса білгір шежіреші Молиман ақсақал Шонтаевтың аузынан жазып алған екен.
Жалпы Халекең Жалаңтөс батыр тарихын зерттей жүріп, алты ата Әлім руының үш шежіресін пайдаланыпты. Солардың бәрінде де Жалаңтөс батырдың ата-бабалары мен үрім бұтақтары бірыңғай таратылатынын айтыпты.
Осы шежіреде Жалаңтөстің үш баласы болғаны айтылса, ­М.Есләмға­лиұлы жинаған мәлімет­терде төрт баласы болғаны айтылады, яғни Раңбайдан туған немересі Құдайна­зарды төрт ұлының бірі деп көрсеткен.
Біз берген шежіреде асты сызылып қойылғандардың бірі – Ақша би өз ­заманында атақты би болған. Ал оның немересі әйгілі Әйтеке би (1700 жылы өлген) біздің тарихымызда бұрыннан белгілі тарихи тұлға.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ, 
Мадрид және Қазақ-Америка университетінің профессоры




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *