ҚАНЫШ ІЗІ сайрап жатыр

Елбасы Жезқазғанда болғанда. Оң жақта Т.Әбдірахманов

Биыл қара шаңырақ аталатын Қарсақбай топырағында ең алғаш сары алтындай сары мыс алынғанына 90 жыл толғалы отыр.
Қарсақбайдың ұлт өмірінде алар орны ерекше. Дәл осы жерде қара қазандай қайнаған өндіріспен, яғни мыс өндірумен білек түре айналысқан қазақ жұмысшылары қалыптасты.
Таяуда кезінде Қарсақбайдағы, одан соң Жезқазғандағы мыс өндіретін зауытқа басшылық жасаған, КСРО-ның Құрметті металлургі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Төлеген Мұсаұлы Әбдірахмановпен жолығудың сәті түскен еді. Әңгіме өзегі – өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарындағы Қарсақбай зауытының тыныс – тіршілігі болды.

– Бәрі кеше ғана сияқты еді. Зауыттың қырық жылдығын атап өткенде мен кәсіпорын директоры едім. Сонда мерейтойға Мәскеудің өзінен, одақтың Түсті металлургия министрі В.Березаның өзі келді. Еліміздегі көптеген өндіріс орындарынан өкілдер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарға құрмет көрсетілді. Содан бері де жарты ғасырлық өмір өткені ғой… Уақыт деген, шіркін…
– Сіздің еңбек жолдарыңыз Қарсақбайдан басталған жоқ па еді?
– Иә. Алматының тау-кен – металлургия институтын бітіргеннен кейін еңбек жолым Қарсақбай мыс зауытынан басталды. Ол күнді ұмыту мүмкін емес. 1955 жылдың 11 тамызы болатын. Алғашқы кезде қатардағы жұмысшылардың бірі болдым.
Қарсақбай поселкесінің халқы жақсы адамдар екен. Жатырқамай қарсы алды. Соның арқасында жергі­лікті жерге тез сіңісіп кеттік.
Еңбекке баулығандардың бәрі тәжірибелі, өз істерінің майталмандары еді. Олардың қатарында аға мыс бақылаушылар Жолдасбек Сыздықов, Әбутәліп Оразаев, Сәкен Телқоңыров, Сәмет Жакеев және тағы басқалар бар.
Зауыттағы ең негізгі цех – металлургия цехы. Цех бастығы Дана Қошқарбаев. Дәкеңнің де, ауысым шеберлері мен учаске башыларының да арнайы білімдері болмағанымен еңбекте шыңдалған азаматтар болатын.
Бірлі-жарым Шымкенттің техникумын (металлургия) бітіріп келген мамандар болды. Негізінде тиісті оқу орнын бітіріп, арнайы мамандық алған жастардың зауытқа келген кезеңі 1954-1956 жылдар. Олардың қатарында Төлеш Ермағамбетов, Темірхан Ысқақов, Қуанышбек Бексұлтанов, Қайырбек Рысбеков, Нығымет ­Ильясов, Жанайдар Жабағин, Шакуар Оразбеков, Қадыр Мәткенов, Мырқы Ақпамбетов, Науан Бұқабаевтар бар.
Кейінде оқу бітіріп, мамандық алып зауытқа келгендер болды. Олар әр өңірден келген жастар. Соған қарамастан сыйластығымыз күшті болды. Жергілікті тұрғындардың жақсылығы ғой, қай үйге барсақ та құшақ жая қарсы алып, қонақ етіп, ақыл-кеңестерін айтып, жылылық танытатын.
Мамандар өздерінің біліктіліктеріне орай тапсырылған жұмысты ойдағыдай атқарып, абырой-беделге ие болды. Олар кәсіпорынның технологиясына көптеген жаңалықтар енгізді, өндіріс көлемін арттыруға ықпал етті.
Қарсақбайда шыңдалған ­мамандар мен жұмысшылар кейін Жезқазған мыс қорыту зауытының дамуына ерекше үлес қосты. Олардың қатарында Н.Ильясов, Қ.Бексұлтанов, Қ.Рысбеков, Ш.Оразбеков, М.Ақпамбетов, В.Лавецкий, М.Ли және т.б. маман – инженерлер болды. Ал жұмысшыларға келсек аға конверторшы С.Елемесов, балқытушы Қ.Отарбаев, цех жұмыскерлері, ағайынды Игібаевтар, Қ.Әбішев, Б.Науанов, О.Мейрамов есімдерін мақтанышпен айтуға болады.
Сұлтан Елемесов Жезқазған мыс зауытының ең алғашқы мысын өндірген азамат. Ол кәсіби тәжірибесі Балқаш, Орал зауыттарынан көмекке келген мамандарға қарағанда жоғары екендігін дәлелдеді. Зейнеткерлікке шыққанша кәсіпорында еңбек етті.
Ол уақытта тәлімгерлердің жастармен тәжірибелерін бөлісуі қалыптасқан дәстүр. Қарсақбай зауытына алғаш келгенде аңғарғаным сонау 1928 жылы жұмысқа қабылданған Өсербай Үдербаев, Мұзафар Жүсіпов, Ыбырай Құлжанов, Хамзе Байзақов, Байқос Мәмбетов, Қозыкен Жанпейісов, ағайынды Ниязовтар еңбекке жаңа араласқан жастарды қамқорлықтарына алып жүретін.
Қарсақбай зауытының мыс қорыту технологиясы кейіннен іске қосылған Орал, Балқаш зауыттарына негіз болып қаланды. Өте бай саналатын 55-60 пайыз мысы бар штейнді конвертерге қорытып, таза мыс алу технологиясы елімізде ең алғаш Қарақбай зауытында игерілді.
Қарсақбай, кейін Жезқазғанда мыс қорыту өндірісінің дамуында ұлы ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың еңбегі орасан.
Ол 1929 жылдан 1941 жылға дейін геологиялық барлау жұмысымен айналысты. Осы жылдары, яғни он екі жыл Қанекең Қарсақбай поселкесінде қызмет етті. Барлау нәтежесінде мыстың мол қоры бар екендігі дәлел­деніп, кейін үлкен комбинат бой көтерді.
Алғашында шағын зауыт болған­дықтан мыс өнімі аздау болды. Ұлы Отан соғысы басталғанда қару-жарақтың қажеттігі туғаны белгілі. Ол үшін мыс қажет болатын. Нәтижесінде шикізат өндірудің көлемі артты. Осы кезде уақыттың өзі қосымша тағы мыс балқыту пешін салуды талап етті. 1943 жылы шикізат өндіретін өндіріс орны, мыс қорыту зауыты, Байқоңыр көмір шахталары қосылып, Жезқазған комбинаты ұйымдастырылды.
– Ел басына ауыр күн туғанда қар­сақ­байлықтар да Ұлы жеңісті жақындатуға лайықты үлес қосты. Осы туралы не айтар едіңіз?
– Соғыс жылдары ерен еңбегі үшін Жезқазған комбинатына Бүкілодақтық мемлекеттік Қорғаныс комитетінің туы 16 рет тапсырылды. Бұл табыста Қарсақбай зауытының үлесі ерекше.
Отан қорғау кезінде қарсақбай­лықтар да жаумен аянбай шайқасты. Олар Қ.Мырзатов, Т.Секеманов, К.Мамахов, И.Сумицкий, ­А.Про­копьев және т.б. Бұл кісілермен зауытта бірге қызмет еттік.
Соғыстан кейін де өндіріс өнімін арттыру үшін көп жұмыс атқарылды. Сол кезде Жезқазғандағы байыту ­фабрикасы іске қосылған еді. Мұның өзі мысқа өте бай концентратты молынан өндіруді талап етті.
Қарсақбай поселкесі қаладан шалғай жерде орналасқан. Елді мекеннің әлеуметтік жағынан шешілуге тиіс өзекті мәселелері болды. Жезқазған комбинатының басшылығы мұны түсініп, барынша қолғабыс жасады. 1957 жылдан бастап әлеуметтік нысандар салына бастады. Олар: тұрғын үйлер, мектеп, балалар бақшасы, наубайхана, монша, спорт залы, су құбыры мен су тазалайтын қондырғы…
Қарсақбай зауытында еңбек еткен мамандар арасынан кейін өндіріс қайраткерлері түлеп ұшты. Мысалы, И.Стригин КСРО түсті металлургия министрінің бірінші орынбасары, П.Матюшин Балқаш кен-металлургия комбинатының директоры, Ю.Победоносцев комбинаттың бас инженері қызметтерін атқарды.
Қарсақбай еңбеккерлерінің бір қасиеті – жұмысқа берілген жандар еді. Қандай тапсырманы болсын орындауға дайын тұратын. Реніш танытуды білмейтін. Бір жылы қатты боран болып, темір жолды қар басып қалды. Зауытқа шикізатты жеткізу қиындады. Боран бір айға дейін созылды. Сол уақытта түнде жұмыс істеген кісілер күндіз қар күреуге шығатын. Кешке қайтадан кәсіпорынға оралып, жұмыстарын жалғастырады. Бірде-біреуі «Жұмыстан шаршап шықтық. Қар күреуге жағдайымыз жоқ» демейтін. Осындай түсіністік нәтижесінде зауыт қалыпты жұмыс істеп тұрды.
– Сіздің Қарсақбайда Қаныш ­Сәт­баев­тың мұражайын ашуға ұйтқы бол­ғаныңызды білеміз…
– Қаныш ағамызды, оның ат­қарған істерін еске алып жүру үшін Қарсақбайда Қанекеңнің мұражайын аштық. Мұражай ғалымның кезінде отбасымен тұрған үйінде ұйым­дас­тырылды. Мұражай ашылар алдында Қаныш ағамыздың қызы Ханиса арнайы келді. Үйдің ішін, терезелерді жуып, сүртіп: «Әкем тұрған қасиетті шаңырақ қой» деп жанын сала қолғабыс жасады. Қажетті заттарды Алматыдан жеткізіп беруге көмектесті.
– Бір әңгімеңізде Қанекеңнің Қарсақбайға келгенін айтып едіңіз…
– Қаныш ағаны 1958 жылы, ол кісі Қарсақбайға келіп, зауытты аралағанда көрдім. Ағамыз тұлғалы, еңселі, ірі адам екен. Даусының өзінен жылылық, жанашырлық лебі байқалатын. Кездескен адамдардан олардың хал-жағдайларын сұрайды. «Алаңсыз жұмыс істей беріңдер. Өзім сырттай қадағалап жүремін. Көмегімді көрсетемін» деді кетер алдында.
Жезқазғанда жаңа мыс қорыту ­зауыты салынғаннан кейін ел ішінде «Қарсақбай зауыты жабылады екен» деген сөз тарады. Бұл сөздің жаны бар еді. Жезқазғанда жаңа зауыт бой көтеретіндіктен Қарсақбайдағы зауыттың ғұмыры көпке бармайтынын ішіміз сезді. Дегенмен, кәсіпорынның тоқтап қалмауына, жұмысын жалғастыра беруіне сол кездегі еліміздің Түсті металлургия министрінің орынбасары Сауық Тәкежановтың көмегі болды. Зауытты жаптырмауда Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәкен Төрегелдин мен ­зауыт директоры Қадыр Мәткенов зор еңбек сіңірді. Олар аталған мәселе бойын­ша республикамыздың басшысы Д.Қонаевтың қабылдауында болып, жағдайдың ойдағыдай шешілуіне қол жеткізді.
Қарсақбайда он сегіз жыл тұрғанда тұрғындармен туыс-ағайындай араласып кеттік. Адам өз бағасын, құнын көшер кезде байқайтындай. Жезқазғанға қоныс аударарда поселкенің үлкен-кішісі болып сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Өзіміз де әбден бауыр басып қалған, алыс жолға шыққанда қайта оралғанша асығатын қара шаңырақ – Қарсақбайымызды қимай бара жаттық.
Қарсақбай – еліміз үшін қасиетті мекен. Кезінде осындағы ФЗО-да Ұлы Отан соғысы жылдарында жалынды мақалаларымен көзге түскен Баубек Бұлқышев оқыды. Атақты ақынымыз Әбділда Тәжібаев Қарсақбайда тұрып, газет шығарды… Мұндай жарқын мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан да бұл жердегі тарихи орындарды ерекше қамқорлыққа алуға тиістіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Нұрперзент Домбай




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *