Дубайдағы «ЭКСПО-2020» көрмесінің ең үлкен павильоны Қазақстанға тиесілі

50

Біріккен Араб Әмірліктері Дубайдағы ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысу үшін қазақстандық павильонның құрылысына ең үлкен жер телімінің бірін ұсынды. Бұл туралы ҚР-ның БАӘ-дегі төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

 «Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі мен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық ком­паниясының келіссөздер тобының жемісті жұмыстардың нәтижесі ретінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың сапары барысында Қазақстанның ЭКСПО-2020 дүниежүзілік көрмесіне қатысуы тура­лы келісімшартқа қол қойылды. Со­ның арқасында Әмірліктер тарабы қазақстандық павильонды құру үшін БАӘ, Монако, Швейцария және Люксембург павильондарының жанында ор­на­ласқан жалпы көлемі 3420 шаршы метр құрайтын ең ауқымды жер телімін берді», — деді ҚР-ның БАӘ-дегі төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф.

Дипломаттың пайымынша, аталған көрме сәтті өт­кі­зілді деп болжауға болады. Себебі көрменің бас­талуына екі жыл бұрын 150 мемлекет ресми қатысуын растаған, сондай-ақ 38 мемлекет қатысу туралы келісімшартқа қол қойған.

«Қа­зақстан аталған шараға қатысу мә­се­лесіне зор мән береді және оның Ас­танада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тәсілдемесін сәтті біріктіретін «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» атты тақырыбын қолдайды. БАӘ қазақстандық саяхатшылар үшін демалатын танымал ел болып­ саналады. Әрине, 2018 жылғы 10 нау­рыз­дан бастап қазақстандықтардың Әмір­ліктерге визасыз кіру тәртібі алдағы уа­қытта туризм айналымы мен іскерлік бай­ланыстардың кеңеюіне жол ашады және ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысуға серпін береді», — деді Қайрат Лама Шариф.

Естеріңізге сала кетейік, дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі Дубайда 2020 жылдың 20 қазаны мен 10 сәуір аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар шамамен 25 млн келушілер болады деген үмітте. Экспо кешенінің жалпы ауданы 438 га, оның ішінде 150 га жер көрме аумағы болса, қалған бөлігінде жерүсті метро, «Dubai South Mall» сауда орталығы, тұрғын үй, логистикалық және қонақүй нысандары орналасады.




One thought on “Дубайдағы «ЭКСПО-2020» көрмесінің ең үлкен павильоны Қазақстанға тиесілі

  1. Жанболат

    Визасыз режим енгізілсе Дубайға баратын туристерге жақсы мүмкіндік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *