Ақберен (эссе)

193

Кемел ойлы  кандидат

Жылдам алып тынысын,
Жырдан тауып ырысын.
Жалғыз өзі жасады,
Жүз адамның жұмысын!
(Тақырыптың тұздығы)

Ол қалың қазаққа танымал ғиб­ратты ғалым еді. Ғылымдағы та­нымалдық дегенді ойға алсақ, көз алдымызға атағынан ат үркетін академиктер шоғыры елестей бастайтыны анық. Біздің кейіпкеріміз академик түгілі ғылым докторы да болған жоқ. Бүгінде екінің біріне оп-оңай бұйырып жатқан профессор атағына да оның қолы жетпей-ақ кетті. Профессорды айтасыз, ардақты ағамыздың тіпті доцент деген атағы да болмады-ау деймін осы. Себебі оқу орнында қызмет істемейтін ғалымдарға ондай атақ берілмейтін. Соның ешқайсысына да өлерменденіп ұмтылып көрмепті. Тынымсыз тіршілікте, Абай айтқандай, ақырын жүріп, анық басты. Ұлы ақынның атап көрсеткеніндей, «Еңбегің кетпес далаға», – деп қанағат ойлап, жайлап қана жұмысын істей берді. Бірақ соған қарамастан ғылыми орта оны ерекше сыйлады. Туып-өскен жұрты төбесіне көтерді. Ол – ғылыми атақ ға­лымдықтың басты көрсеткіші емес екенін баяғыда-ақ өз ісімен дәлелдеген адам.
Халық поэзиясына қатысты мәселе қозғалғанда әдебиеттанушылар қауы­мы онымен үнемі санасты. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институ­тында әзірленген ақын-жыраулар шығар­малары жинақтарының дені Қабиболла Сыдиықұлының қолынан өтті. Әсіресе еліміздің батыс өңіріндегі жыр жүйріктері мұрасының одан асқан білгірі болған жоқ. Себебі ол жас күнінен ақындар мен жыршыларға, күйшілер мен шежірешілерге үйірсек болды. Ауыл-ауылды асықпай аралап, сөз қадірін білетін жақсылар мен жайсаңдарға жолығып, жыр жауһарларын дамылсыз таспаға түсірді.
Бұл тұста күллі қазаққа белгілі жыр жампоздарының көбісінің көзі тірі еді. Соларды арнайы іздеп барып, армансыз сырласты, жата-жастана әңгімелесті. Олар да мұның тегін жігіт емес екенін тез аңғарып, көкіректегі кенішін ақтаруға тырысты. Өз қатары жастықтың желігімен сайран салып, сауық құрып жүргенде бұл добалдай магнитофонын арқалап, белі майысып, ерінбей ел кезді. Сол тірнектеп жиған дүниелері кейін бүкіл өміріне азық болды.
Ойдан-қырдан іздеп тауып, басын құрған мол мұраны сол күйінде бірден жариялауға ұсына алмайсың. Өйткені ақындардың дәстүрлі жырлары әдетте бір-біріне өте ұқсас болады, тұтас толғамдар мен жеке жолдар шайырлардың өлеңдерінде мидай араласып, сеңдей сапырылысып жатады. Мұндайда соның бәрін ажыратып, күрішті күрмектен айыра білетін жіті көз керек. Әркімнің мұрасын өзіне қайтарып беретіндей терең таным, байыпты білік қажет. Қабекең бұл аймақтағы жыр жауһарларының текстологиясын аса шеберлікпен түзді. Алмасып кеткен әр жолына, қисайып кеткен әр әрпіне дейін жөндеп қойды. Әзірленген жинақты баспаға жолдайтын кезде ақтық сөзді айбарлы академик немесе парасатты профессор емес, күллі жұрттың ыстық ықыласына бөленген қарапайым ғылым кандидаты Қабиболла Сыдиықұлы айтатын. Дәрежесі дардай доктор атанғанымен өз саласына өмірі беделін орнықтыра алмай кеткен зерттеушілеріміз де баршылық. Ал қаймана қазақтың бәрі иеленіп жатқан кандидаттық дәрежемен-ақ ғылымдағы беделді тұлға деңгейіне көтерілген Қабекең шын мәнінде әдебиеттанудағы құбылыс болды. «Бір өзі – бір институт», «Институт ішіндегі институт», «Батыстың әдебиет энциклопедиясы» сынды өзгелерге арман болған анықтамалар көзі тірісінде-ақ оған арналып сан рет айтылды. Көз майын тауысып отырып құрастырған жүздеген жинақтарынан осы кезге дейін бірде-бір жаңсақтық кетіп көрмепті.Керісінше, Қабекеңнің қолы тимеген кейінгі кейбір кітаптардың мән-мазмұны мен сын-сипатында селкеулік пайда бола бастады.
Қазақтың рухани өмірінде ерекше орын алатын аса бағалы құндылықтар бар. Соның бірі – Мұхтар Мағауин бастырып шығарған «Алдаспан» атты ақын-жыраулар жинағы. «Алдаспан» оқырманға жол тартқан сәттен бастап ұлт өлеңін қадірлейтін әрбір жанның қолынан түспейтін қастерлі кітапқа айналды. Бір жылдан кейін Қабиболла Сыдиықұлы құрастырып шығарған «Ақберен» жинағына да елдің жаппай аңсары ауды. Бұл турасында белгілі қаламгер, әдебиет зерттеушісі Өтеген Оралбаев: «Ақжолтай «Алдаспанға» ерген «Ақберен» ұлттың өзін-өзі танудағы жаңа бір белесі болып есте қалды», – деп жазды. «Алдаспаннан» үлгі алған «Ақберен» де қазақтың намысын жаныды, санасын серпілтті. Әр үйдің табалдырығынан аттаған «Ақберен» сол шаңырақта ұлт рухын әлдилеп тұрды. Батыс аймақтағы ағайын «Ақберенді» ақбоз аттың құнынан кем көрген жоқ.
Қабекең жинақты тегіннен-тегін бұлайша атамаса керек. Ойлап қарасақ, «Ақберен» деген атау Қабекеңнің де бол­мыс-бітімін, тек-тұрпатын толық та­нынатын секілді. Ақберендей өткірлік, жинаққа енген ақын-жыраулардай сұңғылалық оның өз бойында да бар еді. Жыр маржанын дамылсыз жинап, ақ алмастай жарқыраған жақұт дүниелердің алтын қорын жасаған оны әдебиеттанудың Ақберені деуге әбден болатын-ды.
Кемел ойлы кандидат диссертация­лық жұмысын Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен сонау 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде қорғаған еді. Ғылыми еңбек «Қазақ жырларындағы халықтық дәстүр хақында» деп аталды. Бұл жұмыстың негізінде кейін «Ақын-жыраулар» атты монографиясы жарық көрді. «Ақын-жыраулар» қолдан-қолға түспейтін қазыналы кітапқа айналды. Ол ұзақ жылға ұласқан ғылыми еңбек ­жолында өз саласының майталман ­маманы ­болып қалыптасты. Батыс аймақтың әдеби мұрасын жастайынан зерттеп, қастерлі құндылықтарды шетінен бастырып шығарған соң, елдің жаппай ықыласына бөленді. Халық оны шексіз жақсы көрді. Қабекең батыс өңір мұрасына байланыс­ты титімдей дау туындаса, тура би секілді жүгініп баратын тұғырлы тұлғаның кейпіне енді. Мұнаралы Маңғыстау мен атырабы кең Атырау көпке танымал жалғыз кандидатын басқа жұрттың бес ­профессорына айырбас­тамайтын еді.
«Ақберен» мен «Ақын-жыраулардан» кейін Қабиболла ағамыз адам айтқысыз биік беделге ие болды. Маңғыстау мен Атырау оны алақанында ұстады. Оның арқасында батыстың баға жетпес мұрасы бірінен соң бірі елмен тоқтаусыз қауышып жатты.

Институт  ішіндегі институт

Ақ пейілі түрленбей,
Ақ көңілі кірленбей.
Арғы дәуір адамы,
Арамызда жүргендей…
(Тақырыптың тұздығы)

Қабекеңнің қай кезде де жолы жеңіл, қолы құтты болды. Сонау жылдары мектепте сабақ берген шәкірттерінің арасынан қазақ поэзиясының қызғыш құсы Меңдекеш Сатыбалдиев бастаған арқалы ақындар шықты. Ақын демекші, қара өлеңнің қадірін білетін Қабекеңнің өзі де жыр жолдарын келістіріп кестелей алатын. «Теңіз лебі», «Үш қиян» сияқты поэзиялық жинақтары арқылы өз оқырманын тапты, қарым-қабілетін танытты. Өр мінезді өлең өріп, ақ жауындай жыр селдеткен әдебиетші ғалым көне құндылықтардың көзін ашып, жыраулар әлеміне жол бастады.
Ардақты ағамызбен кейінірек бір ұжымда жұмыс істеудің сәті түсті. Екі ғасырдың тоғысында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институ­тының қазақ әдебиетінің тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып қабылдандым. Осы мекемені ұзақ жылдан бері тұрақты қызмет орнына айналдырған Қабиболла ағам да сонда. Ол кісі – жетекші ғылыми қызметкер. Бұл енді таза ғылыми орта. Өңкей әдебиеттанудан басқа алаңы жоқ адамдар. Көп заманды бастан өткерген сарыжағал үстелдер. Талай кісілер сан рет кіріп-шыққан еңселі емен есіктер… Бұл бөлімде қызмет істейтіндердің бәрінің есімі баршаға танымал. Соның ішінде өзіме етене жақындауы – Қабиболла ағам. Себебі мұнда келерден оншақты жыл бұрын Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұра­сы­нан кандидаттық диссертация қорғау қамы­мен жүргенімізде ағаның алдына талай барғанбыз. Ғылыми сапармен Атырау мен Маңғыстауды әр аралап қайтқан сайын ол кісіге арнайы келіп, есеп беріп, ақыл-кеңесін алып, кем-кетігімізді жөндеп кететінбіз.
Бұл – бірден-бір дұрыс жол. ­Өйт­кені еліміздің батыс аймақтарында ғұмыр кешкен ақын-жырауларды зерттеу нысанаңа айналдырдың екен, ол шаруа­ны Қабекеңмен ойласып отырып атқармасаң, айдалаға лағып кетесің. Ол сенің бейресми ғылыми жетекшің де болады, бағыт-бағдар сілтейтін кеңесшіңнің де міндетін мойнына алады, олжалап қайтқан материалдарыңды қарап беретін редак­торлығыңа да жарайды. Алда-жалда зерттеген ақыныңның мұра­сын топтап, кітап етіп бастырып шығаруды ұй­ғарсаң, одан артық текстолог таппайсың. Сенің жоғалтқан жолдарыңды, алмастырып алған шумақтарыңды, жан-жаққа шашырай қашқан нүктелерің мен үтірлеріңді әп-сәтте орындарына қояды. Соның бәрін өз жұмысы секілді ықыластанып отырып істейді. Күллі батыстың қастерлі мұрасын шашау шығармай, мұртын бұзбай, сынын кетірмей жұртшылыққа жеткізу үшін жоғары жауапкершілік арқалаған абзал аға саған ғылымдағы еңбек жолын енді ғана бастаған бала деп қарамайды. Керісінше, өзімен тең санап, бар білгенін айтып, әңгімеге жетелеп, бүкпесіз ой бөліседі.Жалғыз саған емес, күллі қазақтың баласына әкелік қамқорлық көрсетеді. Оған шексіз сенесің. Оның ақылын тыңдап, көрсеткен жолымен жүрсең, әдеби мұраны талдап-таразылап, салмақтап-саралаған кезде мүлде қателеспейтініңді сезесің.
Жыр жүйрігі Жарасқан ақынның: «Өмір бізге үйіндей әкеміздің, Жібереміз әкесін қатеңіздің!», – дегені секілді қатенің көкесін Қабиболла аға кеткен соң көрдік. Ол кісіні танып-білмеген өзгелер түгілі тәлімін көріп, тәрбиесін алған өзіміз де анда-санда мүлт кете бастадық. Сондайда ағамыз еріксіз еске түседі. Бірде атағы жер жарған диктор Әнуарбек Байжанбаев туралы телехабар жасағанымызда талантты ақын, танымал журналист Әнуарбек Дүйсенбиев: «Қазір Қазақ радиосына құдіретті бір дауыс жетпей тұр!», – деп еді. Сол кісі айтқандай, ақын-жыраулар мұрасын әзірлеушілер көп болғанымен, солардың арасында жалғыз өзі он әдебиеттанушыға татитын бір Қабекең жетпей тұрған сияқтанады.
Тәуелсіздік алған соң Мұрат ақын­ның өлеңдері алғаш жарияланған «Алқаласа әлеумет» деген жинақты құрастырып, алғы сөзін жазған сол кісі еді. Жолыққан сайын жылы сөйлеседі. Бірден үйіне шақырады. Қабекеңнің «Орбита» ықшамауданындағы шуақты пәтерінде Әдебиет және өнер институтының «филиалы» үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Мұнда да бай кітапхана, жеткілікті қолжазба қоры, ескі жазбалар мен суреттерге толы фоно-фотолаборатория бар. Сирек кітаптар мен көне құжаттар да баршылық.
Бірақ бұл «филиалдың» бас кеңсе­ден ерекшелігі, жұмыс кестесі шектеулі емес. Ағамыз кез келген сәтте үстел басына жайғасуы мүмкін. Тағы бір айыр­машылығы, Әдебиет институтында бүкіл шаруаға жүзден астам адам жұмылса, бұл жерде Қабекең жалғыз өзі күндіз-түні еңбек етеді. Директор да, оның орынбасары да, ғалым хатшы да, бөлім меңгерушісі де, бас ғылыми қызметкер де, жетекші ғылыми қызметкер де, аға ғылыми қызметкер де, кіші ғылыми қызметкер де, реставратор да – өзі. Осыдан соң оны «Бір өзі – бір институт» демей көр! Ал енді осы «филиалдың» тағы бір артықшылығы бар. Шаңырақ ішіндегі «мерейлі мекеменің» асханасы жиырма төрт сағат бойы жабылмайды.Қолының берекесі бар Гүлшат апам пісірген дәмі тіл үйіретін тағамның түр-түрі Қабекеңнің алдына да, қонақтың алдына да үздіксіз келіп жатады. Осылайша ағамыздың қызметтегі бағы мен үй ішіндегі бабы бір-бірінен кем түскен жоқ.
Ол Махамбет Өтемісұлы, Қашаған Күржіманұлы, Шынияз Шанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Насихат Сүгірұлы, Кердері Әбубәкір, Ғұмар Қараш, Сәттіғұл Жанғабылов, тағы басқа көптеген ақын­дар­дың шы­ғармаларын топтап, құрасты­рып шығаруға атсалысты. Тағылымды басылым­дарымен көпке танымал болған «Арыс» бас­пасының алғашқы дүниесі – «Бекет Ата» атты кітапты Қабекең дайындап берген болатын.
Анығын айтсақ, Қабиболла Сы­диық­ұлы әзірлеген жинақтардың тізі­мінің өзі бір кітап болар еді. Біздің тілге тиек еткеніміз – соның титімдей бір бөлігі ғана. Ол осының бәрін атқарып шығу үшін институт қабырғасында да, өз шаңырағында да дамылсыз тер төкті. Қабекеңнің қасиетті құтханасын «Институт ішіндегі институт» дейтініміз сондықтан.

«Сенен көп еңбек сіңіргені жоқ…»

Дүлдүлдерге теңесем –
Дәрежесі ересен.
Даңқы ешкімнен кем түспес, 
Доктор емес демесең…
(Тақырыптың тұздығы)

Бірде бір досымыз Алматыда канди­даттық диссертация қорғады. Ол еліміздің басқа өңірінде қызмет істейтін. Сондықтан қорғаудан кейінгі той дастарқаны біздің үйде жайылды. Сол дәуірде мұндай жетістіктерді қазіргідей мейрамханаларда дүрілдетіп атап өту аса үрдіс емес еді. Жұрт тарқайтын тұста сыртқы есіктің алды абыр-сабыр болды да кетті. Сөйтсек, сәл қызып қалған бірді-екілі ағаларымыз қайтар сәтінде басқа біреудің етігін шалыс басқан аяқтарына сұғып кетіпті. Ертерек шығып, етігін таппай есеңгірегендер өзге етікті олжалайды. Соның салдарынан біздің үйдің кіре берісінде бұрын-соңды байқалмаған елеулі етік кептелісі болып жатыр екен. Масқара болғанда, жоғалған етіктердің бірі Қабиболла Сыдиықұлыныкі болып шықты.
Қабекең академик Зейнолла Қаб­долов­пен бірге қайтуға жиналып тұрған-ды. Бірақ киейін десе, етігі жоқ, есік алдында біраз кібіртіктеп қалды. Басқа біреу болса, бар дауысымен айқайлап, жұрттың берекетін алып, байбалам салар еді. Бұл кісі өте мәдениетті адам, ешқандай сыр бермеді. Тек қана сәл жымиып, төңірегіне жайлап зер салып қояды. Оның есесіне той-томалаққа қатысқан бүкіл қазақ жастары еңкейіп еденнен етік іздеуге кірісті. Ал жоғалған аяқ киімнен әлі хабар жоқ. Сол кезде алаштың ардақтысы Зейнолла Қабдолов былай деді:
– Әй, Қабиболла, саспа, сен былай етші… Мына самсап тұрған етіктердің ең жақсысын, ең сапалысын таңдап киші. Құдай біледі, осылардың ішінде ғылымға сенен көп еңбек сіңіргені жоқ. Сондықтан табаны мықтысын, жүні қалыңын, таза былғарыдан тігілгенін таңдап киші. Таңда деймін ең тәуірін… Ең мықтысы менікі, әрине. Бірақ мен киіп қойдым ғой…
Сәлден соң бәрі де реттелді. Алғыр аспиранттар зыр жүгіріп, жаңғалақ жетекшілерінің ет қызуымен «жетектеп» кеткен етіктерін қайтарып әкелді. Алмасқан аяқ киімдердің бәрі де өз иесін тапты. Бұл оқиғаға қазір жиырма жылдан астам уақыт өтті. Кезінде кімнің етігін кім олжалап кеткені баяғыда-ақ естен шыққан. Бірақ осы көріністі зілсіз әзілмен әдемілеп ирониялаған Зекеңнің: «Құдай біледі, осылардың ішінде ғылымға сенен көп еңбек сіңіргені жоқ», – деген сөзі жадымызда жатталып қалыпты. Шынында да атақты академиктің бұлай дейтіндей жөні бар еді. Қабиболла Сыдиықұлы ғылымға өлшеусіз еңбек сіңірудің эталоны секілді болатын.
Ол алғашқы тәрбиені өз әулетінен алды. Оқыған-тоқығаны көп, толғамы мен тоқтамы мол Сыдиық ишанның баласы еді. «Әуелгіде Қарашүңгіл әулиедегі Балмұхам­мед молладан, кейін Жем бойын­да түрікмен адай Әби ахуннан оқыған менің әкем Сыдиықты 1935-1945 жылдарда тергеу орындары көп айналдырыпты. Кітаптарының бәрін киізге орап, күлдікке көміп, пәтер қабырғасын үңгіп, сонда тығып, бергі жағын сылап тастайды. Тергеушілер шақырған сайын зәре-құтымыз қалмайтын», – деп жазды кейін Қабекең. Соған қарамастан қайран әке баласын кітап-қағаздан аулақтатпаған, қайсар ұл қиындық көрген сайын ширығып, ілім-білімге ұмтыла берген.
Мұнан соң ол қарағайдай қарттары бір-бір өмір оқулығына бергісіз дала академия­сының қыр-сырына әбден қанықты. Жасынан жыр жаттады, ауыл шалдары­ның бауырынан шықпай, ерінбей-жалықпай ескінің әңгімесін тыңдады.Қай жерде сөз қадірін білетін кісі бар, соны іздеп ел кезіп кететін болды. Сондықтан қағаз-қаламды қолына ертерек алды. Қысқасы, ес біліп, етек жат­қалы көрген-баққаны ғылыми экспедиция болды. Кейін ғылыми ортаға келіп, кәсіби экспедицияның құрамына кіргенге дейін-ақ бүкіл аймақты шарлап, адам айт­қысыз мол мәлімет жинап алып еді. Аты аңызға айналған әйгілі шежіреші Алшын Меңдәлиев сияқты ардақты абыздың көзін көріп, сөзін алды. Сондай көшелі кісілердің көп қасиетін бойына сіңірді.
Жасынан қоржынына түскен дүниелер қай кезде де оның кәдесіне жарады. Абыл Тілеуұлы, Нұрым Шыр­шығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Мұрын Сеңгірбекұлы сынды жыр жампоздарының шығарма­ларын бірнеше жинаққа енгізді. Осындай баға жетпес мұралардың үнемі ғылыми айналымда болуына септігін тигізді. Қабекеңнің еңбектерінде аттары ғана аталатын, бірақ соның өзінде арнайы зерттеуге лайық тұлға екені айқын бай­қалып тұратын жергілікті ақындар мен өнерпаздар қаншама?! Сол арқылы ол кісі әдебиеттанумен айналысамын деген кейінгі ұрпаққа нақты жол нұсқап, бағдар беріп кеткен екен.
Кейінгі ұрпақ демекші, Қабиболла Сыдиықұлы жас ғалымдарды ұдайы ­назарынан тыс қалдырмады. Тұлпарларды тай күнінен танитын атбегілер секілді зерттеушілікке бейімі бар өрендерді бірден байқайтын. Ол бір мақаласында Оразмағамбет деген оқымыстының ­баласы Мұхаммедтің сонау Ираннан арнайы келіп, бір кезде қорға табыс етілген әкесінің кітаптарын көру үшін Ғылым академиясының кітапханасына барғаны ­туралы жазды. Қабекең ол кісіні кітап­хананың сирек кітаптар мен қолжазба­лар бөліміне ертіп келіпті. Одан әрі былайша баяндайды: «Залда бірер оқырман ғана отыр екен. Оның біреуі – ғылымға ынталы жас жігіт Шәмшәдин Керімов Оразмағамбет мұрасына елеңдеп, қадымша жазылған өрнек таңбаларға тесіле қарай бастады…».
Кейін сол Шәмшәдин сал-се­рілер шығармашылығы жөнінде кан­дидаттық, қазақ жұмбақтарының табиғаты ­жөнін­де докторлық диссер­тация қорғады. Қабекеңмен бірлесіп, бірнеше ғылыми ма­қала жазды, талай ақындардың жинақ­тар­ын бірге құрастырды. Қазір белгілі шы­ғыстанушы, арабтанушы, филология ғы­лымының докторы, профессор Шәм­шәдин Керім «Нұр-Мүбәрак» уни­верси­тетінің проректоры болып қызмет атқарады.
Ардақты аға, сөйтіп, биікке ұмтыл­ған­дардың бәріне тілекші болды.

«Ескерткіш боп  тұрып кетер…»

Мәртебесі асқан ұл.
Мәрт көңілі тасқан ұл.
Маңғыстау мен Атырау,
Маңдайына басқан ұл…
(Тақырыптың тұздығы)

Әр жылдарда әлеуетті әдебиетші­нің шығармашылығы туралы қа­зақтың танымал зиялылары пікірлерін білдірді. Бәрі де оның ерекше еңбекқорлығына, өз ісіне адалдығына тоқталды. Оған сонау алпысыншы жыл­дардың өзінде ғылыми жетекшісі, академик Зейнолла Қабдолов: «Қабиболла Сыдиықов – көркем әдебиетке әйтеуір факультет сол болғасын көлденең жабысқан кісі емес, өзінің күллі болмысымен әдебиет адамы», – деп лайықты баға беріпті. Тағы бір Зекең, баршаға белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев: «Қабиболла Сыдиықов – ұлтымыздың мәдениет тарихына өзі туралы да салиқалы сөз жазған ғалым» – деп, оны биікке көтерді. Көне түркі ескерткіштерін сөйлеткен көрнекті ғалым Ғұбайдолла ­Айдаров былай деп жазды: «Жолыңыз түсіп, бір жерге бара қалсаңыз, жұрт сейілдеп, демалып жүрсе, ол үнемі ізденіс үстінде. Әңгімелер тыңдайды, жазып отырады. Тапқан, естігенін ой елегінен өткізеді. Ғұмыр жетсе, іс көп, ой көп. Қаламгер ­Қаби­болла қиын да қызықты жолда». Тағы бір ерекше пікірді қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбек айтты. «Қабекең зиялы қауым­ның төлқұжаты, визасы, символы сияқты адам еді», – деді ол.
Ұзақ жыл бойы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бірге қызмет істеген әріптестерінің де айтары баршылық. Бүкіл тағдырын осы мекемемен тоғыстырған Қабекеңді ең жақсы білетін де солар. Ғылым академиясының кітап­ханасындағы сирек кітаптар мен инс­ти­туттың қолжазба қорындағы жәдігер­лік­терді түгелге жуық сүзіп шыққан ғалым қай қызметтесіне де үлгі болар еді. Қабиболла ағамен әдебиеттануға қатарлас келген, қанаттас жұмыс істеген, кейін сол инс­титуттың директоры болған акаде­мик Сейіт Қасқабасов: «Көрініп қалуға тырыспайтын, мансап қумаған жігіт еді. Әдебиеттануда өзіндік қолтаңбасы бар ғалым болды. Өткен дәуірдегі ақын-жыраулар поэзиясын зерттеу ісінде оның орны ойсырап тұр», – дейді.
Бұл ой-пікірлердің бәрі шынайы көңілден айтылғандығымен құнды. Көне дәуірден сыр ақтарып, тынымсыз еңбек еткен Қабекеңнің нағыз кейіп-келбеті, сын-сипаты осындай еді. Ол: «Атырау, Маңғыстау – көне дәуірден бері тіршілік толастамаған аймақ. Теңіз жағасы, өзен бойлары, еш уақытта елсіз болмаған. Атырау, Маңғыстау жеріне Арал, Каспий маңында болған көшпелі тайпалардың көбі ат ізін салған. Мұнда ежелгі сақтардан бастап, каспилер мен алаңдар, қыпшақтар мен оғыздар, қалмақтар мен ноғайлар болған. Соларға орай «Жеті жұрт» туралы аңыздар тараған. Бұл аймақта сол тайпалардан қалған материалдық мұралар сақталған», – деп бір толғап алып, сені ата тарихтың терең тылсымына жетелеп кетер еді. Ғалым­ның «Дала жыршылары», «Ақын-жырау­лар», «Көркемдік өрнектер», «Сарқыл­мас қазына», «Халқымен қайта табыс­қандар», «Тағылымды тұлғалар», «Елеулі есімдер», «Атамекен» сияқты әдеби-тарихи зерттеу кітаптары – шалқар шабыт пен терең танымның жемісі.
Қабекең дүние салғанда институттың барлық қызметкері тайлы-таяғымызбен ағамыздың шаңырағында жүрдік. Сонда бізді таңғалдырған нәрсе мынау еді. Осы күндері Маңғыстау мен Атыраудың ұшақтары ағамызға топырақ салуға келген адамнан босамады. «Ел екен!» дедік іштей. Қылжақбас құрдастарымыздың: «Бұл не деген ел еді, Бұл не деген жер еді. Елін, жерін көр­генде, Адай болғың келеді!», – дейтіні бекер емес екен! Сол күні батыс өңір хал­қы­ның тең жартысы Алматыда жүрген­дей көрінді. Арқа төсіне барып, енді ғана орны­ғып жатқан астаналықтар да ағылып келді.
Қалың жұрт Қабиболлла ағаны пір секілді құрметтеп, ақ жауып, арулап шығарып салды. Том-том кітап жинағанын, мол-мол мұра жиғанын білетін едік, ғасырға жететін бедел жинағанын сол жолы көрдік. Өлімнің де өнегелі, қоштасудың да қадірлі, аттаныстың да ардақты болатына көз жеткіздік. Бейіт басына жиналғандар иін тіресіп тұрды. «Бақытты ғұмыр кешкен екенсіз ғой, аға!», – дедік күбірлеп қана.
Кейінірек Құлсарыға бір барған сапарымда Қабиболла Сыдиықовқа қойыл­ған ес­керт­кішті көрдім. Жергілікті мүсінші Серік Мәтениязовтың төлтума дүниесі өте сәтті шығыпты. Ол әйгілі әдебиеттанушы­ның сыртқы кейпін ғана емес, ішкі толқынысын да қапысыз бейнелей алыпты. Ақын-жы­раулар әлемінің Ақберені маңдайы жар­қырап, алысқа көз тігіп, ойланып отыр. Сәл ойланып-толғанып алған соң, орнынан тұрып, сол баяғыдай бұрқыратып жұмысына кірісетін секілді әсер қалдырады. Осынша шы­ғармашылық шешімді бір арнаға тоғыс­тыра білгені үшін өзіміз өмірі көрмеген жылой­лық мүсіншіге алғысымызды жаудырып тұрмыз.
Қабиболла аға ерекше құрмет тұтатын Қадыр ақынның мынадай өлең жолдары бар еді:
Сияқты сол шөгіп жатқан жүкті нар,
Төмпешікке
Шыққан шөпке шық тұнар…
Бірақ, бірақ Адамға бұл дауа жоқ –
Ескерткіш боп тұрып кетер мықтылар!
Сол ескерткіш боп тұрып кеткен­дердің қатарына Қабиболла ағамыз да қосылды. Демек, мықты болғаны ғой…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *