Тимур Құлыбаев: Жаппай туризмді дамытуда заманауи шешімдер керек

51

«Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысына қатысты.

Жиынды ашқан Тимур Құлыбаев бизнесті қолдаудағы Ұлттық палата мен Үкіметтің бірлесіп атқарған жемісті жұмысын атап өтті.
«Үкімет отандық кәсіпкерліктің дамуына аса назар аударуда. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселесі де талқылануда. Аталған бағытқа мемлекеттен қаржы бөлінбек. Біз бұл қолдауды оқыту бағдарламалары және қаржылық ресурстармен күшейтуіміз керек. Бұл үдеріс сәтті әрі тиімді өтеді деп ойлаймын», – деді Тимур Құлыбаев.
Жиын барысында Ұлттық палата мен Маңғыстау облысы әкімдігінің жұмыс нәтижесі талқыланды. Дәл осы өңірде «Атамекен» бірнеше бастаманы қолға алып, жүзеге асырған болатын.
«Кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бастау» пилоттық жобасы» осы жерден басталды. Осы өңірден «Атамекен» жанынан шағын несиелеу ұйымдарын енгізуді қолға алдық. Бүгінде осы бағытта жақсы нәтиже мен алғашқы жемістерді көріп отырмыз. Осы ретте шағын несиелеу ұйымдарына қай­тарым ағымы коммерциялық банктермен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Шағын бизнесті шағын не­сие­лендіру бастамасын ERG, «Алмэкс», «Қазақмыс» сынды ірі бизнес қолдаған болатын. Бүгінгі нәтиже көңіл қуантады. Осы жемісті тәжіри­бе ел ауқымына таралды, қазір шағын несиелеу барлық өңірлерде де жүргі­зілуде», – деді Тимур Құлыбаев.
«Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төр­ағасының айтуынша, Мемлекет басшысы «Бастау» жобасы бойынша нәтижемен танысып, жоба қатысушыларына шағын несие беру үшін қосымша қаржы бөлуді тапсырды. Тимур Құлыбаев бұл үдеріс бірнеше жылда елдегі кәсіпкерліктің өсуіне айтарлықтай серпін беретінін айтты.
«Әрине, адамдар бизнесті бастамай тұрып, кәсіпкерлік негізде­ріне оқытуымыз керек. «Бастау» бағдарла­масынан басқа «Атамекен» бастамасымен орта білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына кәсіп­керлік және бизнес негіздерін үйре­тетін арнайы пән әзірленді. Осылайша бұл бастама арқылы мектеп жасынан бастап мамандықты дұрыс таңдап, жастардың бизнеске жаппай тартылуына себептігін тигіземіз», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
Жиын барысында «Атамекен» басшысы Маңғыстау облысының турис­тік әлеуеті жоғары екенін айтып, осы мүмкіндікті бизнес тиімді пайдалануы керек екенін назарға салды. Төралқа төрағасы жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, Туризмнің өңірлік картасын әзірлеуді және әсем табиғаты мен тарихи орындары бар өңірді ел ішінде де, шетелге де белсенді насихаттауды ұсынды.
«Ақтау – Қазақстанның ең көрік­ті қалаларының бірі. Бұл артық­шы­лықты өңір игілігіне пайдалану керек. Жаппай туризмді дамытуда заманауи шешімдер қажет. Егер бұл үдеріске тарихшылар, этнографтар, мәде­ниет­танушылар, маркетологтар, дизайнерлерді тартса, онда ту­ризмді сапалы әрі тиімді жүргізуге болады. Осылайша нақты жұмыс істей­тін жаппай туризмді дамытамыз. Тамақ­тандыру орындары, қызмет көр­сету сервисі мен логистиканың сапалы әрі жоғары деңгейін қамтамасыз ету керек. Бизнес осы бағытта белсенді болуы жөн – бұл аса тиімді әрі тартымды кәсіп. Бәріміз осы жұмысқа ат салысайық, әкімдік те бұл бағытты қолдап отыр», – деп ұсынды Төралқа төрағасы.
Тимур Құлыбаев Елбасының өңір­­­дегі шағын және орта бизнестен тү­сетін салықтың бір бөлігін жергі­лікті жерде қалдыру туралы тапсырмасын еске салды. Бұл әкімдіктер мен барлық мемлекеттік органдардың кә­сіпкерлікті дамытуда ынтасын арттыратыны сөзсіз.
«Жергілікті бюджеттер толықты­ры­лады және осы қаражатты өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, об­лыстардың инвестициялық әлеуе­тін арттыруға жұмсауға болады», – деді «Атамекен» басшысы.
Осы ретте Тимур Құлыбаев адамдар өмірі мен денсаулығына қатысты қауіп­сіздік пен бизнестің жауап­кер­­шілігі аса маңызды екенін айта келе, көпқабатты үйлердегі лифт қыз­метінің осалдығы, кеше ғана Ақтөбе қаласындағы болған қайғылы жағ­дайды мысалға келтірді.
«Адам денсаулығына қатысты сұрақтарда қатаң бақылау болуы шарт. Өзін-өзі реттеу үдерісі дамуы керек. Құрылыс қауымдастықтары нақты нормативтік базаны әзірлеп, құрылыс сапасына бақылау жүргізуі жөн. Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша қоғамдастықтар да бақылау жүргізгені орынды, бірақ, өкінішке қарай бізде ондай белсенді қоғамдар жоқ. Сақтандырудың нақты механизмі керек, ол да әзірге жұмыс істемейді. «Атамекен» сақтандыруды енгізуді айтуда. Кемеровода болған жағдайдан соң өрт қауіпсіздігін күшейтуді қайта қолға алдық. Бизнестің өрт қызметіне деген шағымы көп. Ұлттық палата бұл органдардың бизнеске қатты қысым жасамауын қамтамасыз етуде тырысып жатыр, дегенмен бұл салада бақылау болуы шарт. «Атамекен» бизнесін адал жүргізетін кә­сіп­керлерді, заң мен нормативтерді ұстанатын бизнесті қолдайтынын на­зарға саламын», – деді Тимур Құлыбаев.

Әлия КЕМЕЛБЕКОВА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *