Әлеуметтік желі балалар үшін қауіпті

163

Жақында мектепте ата-аналар жиналысы болды. Онда әлеуметтік желілердің балаларға қауіптілігі туралы сөз қозғалып, ұстаз бен ата-ана болып осы мәселені талқыладық. Жиналған ата-аналардың көбі балаларын әлеуметтік желілерде отырудан бас тартқыза алмай жүргендіктерін және осыған орай, ата-ана мен бала арасында жиі түсініспеушіліктердің орын алатынын айтып, шағымданды. Ұялы телефондар мен әлеуметтік желілерге қатысты ата-аналардың пікірі екіге бөлінді. Олардың бірі «Балама ғаламторға, әлеуметтік желілерге кіруге тыйым саламын, телефон алып бермеймін» десе, енді бірі «Қазір заман басқа. Балам ешкімнен кем қалмауы керек. Сондықтан ұялы телефон алып бердім. Ғаламторға кіруге рұқсат беремін. Бұл заман талабы ғой»  дейді.

Осы екі пікір де негізсіз емес. Бір жағынан ғаламтордың пайдасы зор. Бала жетіледі, дамиды, өзіне керекті пайдалы мағлұматтарды іздейді, өзіне деген сенімі артады. Ал екінші жағынан, баланың бос уақыты текке кетеді. Өйткені ол ғаламторда көп уақытын өткізе бастайды. Сабақ, үй тапсырмасы жайына қалып, өзін «селфиге» түсіреді, сабаққа деген ынтасы азаяды, қызығушылығы ғаламтормен шектеле бастайды.

Расында да, бүгінгі таңда балалар түгілі, ересек адамдардың өздері де көп уақыттарын телефон экранына телмірумен сарп етеді. Қазір өмірімізді ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Қызықты ақпараттар, қажетті мағлұматтар, жаңа танысулар…. Осының барлығы ғаламторда бар. Тіпті үйге берілген тапсырмаларды да ғаламтордың көмегімен орындауға болады.

Ғаламтордың дамуы әлеуметтік желілердің артуына әкелді. Онда адамдар бір-бірімен танысып, аралас-құралас болып, өміріндегі жаңалықтарымен бөліседі. Әлеуметтік желі  әр отбасының «серігі» деп айтуға болады. Өйткені әлеуметтік желіде отыру «сәнді», әрі бос уақытты өткізудің бір түрі. Ата-ана баласының қатарынан қалмауын қалайды. Сөйтіп, көңілін қалдырмай,  сұрағанын алып беруге тырысады. Ұялы телефон  бір жағынан қажеттілік болса, екінші жағынан әр баланың арманы мен қалауы. Ұялы телефоны бар бала міндетті түрле әлеуметтік желілерге кіреді. «Инстаграм», «Фэйсбук», «В контакте»  деген сияқты желілер қазір жасөспірімдер арасында «трендте».

Ұялы телефон ұстаған баланың әлеуметтік желілерге қызығатыны белгілі. Сондықтан ата-аналар сақтық танытып, баланың қандай желіге кіріп, кіммен сөйлескенін бақылап отырса, немесе баламен осы тақырыпқа жиі әңгіме қозғаса құба-құп. «Тыйым салынған жеміс тәтті болады» деп орыс мақалында айтылғандай, балаға мүлдем тыйым салу арқылы ата-ана оны өтірік айтуға итермелеп, жасырын, яғни фейк  есім арқылы тіркелуіне жол береді. Соңғы уақытта әлемде жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстар осы әлеуметтік желілер арқылы өрбіген, дейді мамандар.

Ғаламтордағы «зиянды» желілер баланы өзіне қастандық жасауға, яғни қол жұмсауға, наша қолдануға итермелеуі әбден мүмкін. Солардың бірі  әрі ең қауіптісі  «Синий кит» ойыны  дүрбелең туғызды. Атауы әдемі ойын балалар мен жасөспірімдерді қол жұмсауға итермелейді. 50 күннен тұратын ойын балаға әр күнге тапсырма береді. Оның шарты бойынша, соңғы күн баланың қол жұмсауымен аяқталуы тиіс. 2015-2016 жылдар аралығында көрші елдерде жүзден аса бала  квест ойынының құрбаны болды.

Тәрбие беру әдісі ата-аналарда әр түрлі болғанымен, олар бала өмірі мен қауіпсіздігін бір сәтке де естен шығармай, әр кез қырағылық танытқандары жөн. Психолог мамандар баланың мінез-құлқы мен тәртібіндегі өзгерістерге қатты мән берілуі қажет дейді. «Бұл бәле менің отбасымды теріс айналып өтеді»  деп ойлау қателік дейді олар.  Жасөспірімдік шаққа аяқ басқанда  ата-ана жауапкершілігі артуы абзал. Себебі бұл жаста балалар еліктегіш, әрі әсершіл бола бастайды. Оның өзгелердің қолындағы ойыншығына айналуы да әбден мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желілердің пайдасы да, зияны да қатар жүретінін ескеру – қажеттілік.

Үміт Жұмаділова




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *