Даулы мәселелерді шешудегі заңнаманың тиімділігі

Елімізде тұрақты негізде Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингісі, атап айтсақ, «Даулы мәселелерді шешуде заңнаманың тиімділігі» индикаторы бойынша Қазақстанның позициясын жақсарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасындағы аралық соттар мен төрешілердің шешімдеріне шағым түсіруге және оны орындауға қатысты істер мен материалдарды қарастырудың сот тәжірибесіне талдау негізінен аралық соттар шешімдерінің күшін жою бойынша келіп түскен талап арыздарды соттардың қанағаттандыратынын (99%- дан астамы) көрсетті. Бұл өз кезегінде аталған институт шешімдерінің сапасы орташа дәрежеде екендігін дәлелдейді.

Қазақстандағы институционалдық реформалар Жоғарыда айтылғандардың негізінде төреліктегі даулардың оңтайлы шешілуін арттыру үшін елімізде «Төрелік туралы» Заң (бұдан әрі – Заң) қабылданды. Бұл заң жалпы қабылданған халықаралық стандарттарға сәйкес төрелікті дамытуға бағытталған. 2014 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті бесінші шақырылымы төртінші сессиясының ашылуында Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев төрелік туралы бірыңғай заң әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Ведомстволық бағыныстылық даулардың қандай да бір шектеусіз бір акт шеңберінде төреліктің қызметін реттейтін мұндай әдіс-тәсілдер алыс шет елдердің заңнама тәжірибесінде де кездеседі. Десек те жақын шет елдер мен ТМД елдерінің жекелеген заңнама актілерінде төрелік және аралық соттардың қызметі нормативтік актілермен реттеледі. Қазақстанға қатысты заң нормалары көрсеткендей, халықаралық элементтің болуына қарамастан, дауларды қарастыратын бірыңғай ин- ститут ретінде төреліктің қызметін құқықтық реттеу тәсілі таңдалған. Бұған қоса, Заңда төреліктің ережелері аралық соттардың шектеулерін алу арқылы теңестірілген. Мәселен, ҚР-ның «Аралық соттар туралы» Заңында (күшін жойған) қарастырылған аралық сот шешімінің күшін жоюдың негіздемесі ретінде заңдылық қағидаты алынып тасталды. Аталған қағидатқа сәйкес олардың заңдылығы тұрғысынан құзыретті сотқа аралық соттың шешімдерін қайта қарау жөнінде өкілеттіліктер берілді. Мұндай тәжірибе халықаралық стандарттарға қайшы келеді. Мәселен, 1958 жылы Нью-Йорк қаласында жасалған шетелдік төрелік шешімдерді тану және атқару туралы, сондай-ақ 1961 жылғы Сыртқы сауда төрелігі туралы Еуропа Конвенцияларына сәйкес төреліктің шешімдері түпкілікті болып табылады және мемлекеттік соттардың іс жүзінде мұндай шешімдерді қайта қарау міндетіне кірмейді. Осыған орай төреліктің шешімі бұқаралық тәртіпте (аталған шешімді тану және жүзеге асыруды мойындайтын елдің құқықтық жүйесіндегі негізгі қағидаттарымен) даулар мен қайшылықтарды қарастырудың процессуалдық тәртібін сақтамау себебінен күшін жоюы мүмкін.

Сонымен бірге Төрелік палата туралы заңда тараптардың төреліктің шешіміне келіспеушілігі туындаған жағдайда төрешілерді (төрешіні) тағайындау және олардың өкілеттігін тоқтату міндеттері соттың міндетіне берілген. Бұл ереже дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде төреліктің қызметін күшейтуге және мемлекеттік соттардың жүктемесін азайтуға бағытталған. Осыған орай заңда талап арызды қамтамасыз ету, айғақтарды алуға қолдау көрсету, төрелік шешімдердің күшін жою, сондай-ақ оларды тану және мәжбүрлеп орындату бөлігінде соттың төрелік іс қарауға қатысуы шектелген.

Заң даулы мәселелерді шешуде заңнаманың тиімділігін арттыруға бағытталған. Ал бұл халықаралық аренада елдің оң имиджін қалыптастыруға және қолайлы инвестициялық климат құруға жол ашады.

 А.ҚҰЛЖАНОВА

                            Алматы қаласы Жетісу аудандық әділет басқармасының бас маманы, заңтану магистрі




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *